Ұлы Жеңіс – ұмытылмақ емес

Жеңістің жалауы желбірегеніне биыл 75 жыл

9 мамыр – Ұлы Жеңіс мейрамы. Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыстың бүкіл ауыртпалығын бастан өткерген, елі мен жері үшін от кешкен, сұрапыл соғыстың майданында батылдық пен ерліктің өлшеусіз ерлігін көрсеткен, Жеңістің жалауын желбіреткен осы күн Ұлы Отан соғысы ардагерлері үшін ерекше мереке саналады. Сол майданның қанға бөккен даласында фашисттермен болған шайқаста жеңіске жеткенімізге биыл 75 жыл толып отыр.

Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыстың аяқталғанына осынша уақыт өтсе де, күллі елдің жадында ұмытылмайтындай ізін қалдырып кетті. Тура бес жылға жалғасқан қанмайданға көптеген қазақстандықтар да қатысты. Статистикалық деректерге сүйенсек, майданға 1 млн 200 мыңдай жауынгер аттанған. Соғысқа арнайы 50-ге жуық әскери бөлімше мен 20-ға жуық атқыштар дивизиясы жасақталған болатын. Өкінішке қарай солардың жартысына жуығы майданнан қайтып оралмады. Ал 100 мыңнан аса азамат із-түссіз жоғалып кетті.

Соғыс жылдарында көрсеткен ерліктері үшін 600 мыңнан аса жерлесіміз жауынгерлік медальдармен марапатталды. Ленинград, Ржев, Мәскеу, Кавказ, Курск, Сталинград түбінде және өзге де аймақтарда батыл ерліктің ерекше үлгісін көрсеткендердің арасында Кеңес Одағының батыры атанғандар да баршылық. Сол марапатты алғандар қатарында Құдайберген Сұрағанов, Сабыр Рахымов, Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Иван Павлов, Леонид Беда, Сергей Луганский, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және т.б. бар.

Бүкіл халықтың басына туған отты жылдар кезеңінде майдандағы жауынгерлер мен тылдағы еңбеккерлер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жеңіс үшін қолдан келгеннің барлығын жасады. Сол сұрапыл соғысқа 19 жасында аттанғандардың бірі – батыс-қазақстандық Лидия Игнатьевна Губанова.

2018-08-08.jpg

Ардагер 1923 жылы 3 тамызда бұрынғы Көкшетау облысы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Бес жасынан бастап Батыс Қазақстан облысында өмір сүріп келеді. Орал қаласындағы №6 мектептің 9-сыныбында оқып жүргенде яғни 1942 жылы наурыз айында ол өз еркімен майданға аттанады. Бірақ оны радиомамандығы бойынша білім алуға Мәскеу қаласындағы мектепке жібереді. Радист атағын алған соң қазан айында Қазандағы әскери бөлімге жол тартады. Мұнда ол маршал Коневтің басқаруымен дала майданында 57-ші гвардиялық Красноград атқыштар дивизиясында болады.

Ол алғаш рет Сталинград майдан даласында 1942 жылдың желтоқсан айында болды. Арада көп уақыт өтпей Лидия Губанованың дивизиясын Бірінші Украин майданына жібереді. Кейін поляк жерінде және Курск түбіндегі шайқастарға да қатысады. Кейіпкеріміз соғыс жылдары радиостанцияда радист болып қызмет етіп, дивизиямен тығыз байланыста болу міндетін атқарған. Ардагер соғыстың аяқталғаны туралы қуанышты хабар Чехословакияда жүргенде жеткенін айтады.

Осы орайда айта кетерлігі, ардагер майданда өзінің махаббатын жолықтырады. Өкінішке қарай сүйген жігіті қайтыс болып, құрсағындағы сәбиімен елге оралған екен. Сүйген жігітінің артына қалған жалғыз тұяқ оның алдағы өмірінің мәні мен қызығына айналады.

Сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен ардагер ерлігі үшін кеудесіне көптеген медальдар тақты. Олардың қатарында «Қызыл жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және т.б. бар. Ардагер соғыстан кейін де бойындағы бар қажыр-қайратын туған еліне адал қызмет етуге арнаған.

– Соғыстан оралған соң кешкі мектепке оқуға түстім. Оқумен қатар өзімнің еңбек жолымды бастадым. 1946-1947 жылдары Орал радиосында жұмыс істедім. Сол жылы шекесі торсықтай ұлды босандым. 1948 жылдан 1951 жылға дейін Бөрілі ауданында мәдениет бөлімін басқардым. Орталық балалар кітапханасының меңгерушісі қызметін атқардым. Ал 1958 жылы Мәскеу мәдениет институтына сырттай оқуға түсіп, оны 1961 жылы бітіріп шықтым.

2017-05-03-10.jpg

Біздің кейіпкеріміз өмірінің 50 жылдан астам уақытын мәдениет саласында қызмет етуге жұмсаған. Оның шамамен 30 жылын Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының Н.Крупская атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына арнады. Осы қызмет орнынан зейнеткерлікке шыққан екен. Сонымен қоса, Лидия Игнатьевна мәдениет саласында қызмет етіп жүріп халық қалаулылары қалалық кеңесінің 4 шақырылымдағы депутаты әрі облыстық мәдениет кеңесі президиумының мүшесі болды.

Көп жылғы адал еңбегі үшін оған 1971 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағы берілген болатын. Ардагер Н.Крупская медалімен марапатталған. Оның салтанатты табыстау рәсімі Мәскеу қаласында өткен екен. Сонымен қатар, қызмет еткен саласы бойынша алған марапаттарының қатарында «КСРО мәдениетінің үздігі» төсбелгісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, Халық депутаттары облыстық кеңесінің үш Құрмет грамотасымен марапатталған.

– Мен қарттарды әрқашан құрметтейтін басшыларға ризамын. Соғыстың ауыр күндері алыс тарих беттерінде қалды. Мұндай заман ешқашан болмасын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Өскелең ұрпақтың өмірінде тек бейбітшілік болғанын шын жүректен тілеймін, - деп жылы лебізін білдірді Лидия Игнатьевна.

Бүгінде соғыс ардагері Лидия Губанова – «Орал қаласының құрметті азаматы». Жасы 97-ге келген әжейдің үш немересі мен алты шөбересі бар. Олардың біреуі қазіргі таңда Прага қаласында жұмыс істейді екен. Сөз арасында «Бүгінгі таңда менің немерем кезінде мен жаулардан азат еткен Чехия аумағында тұрып жатыр» деп күліп жауап берген болатын.

– Сіздер оқуда болсын, жұмыста болсын, үнемі байсалды әрі жауапкершіл адам болыңыздар. Өйткені елдің әл-ауқаты, оның болашағы өскелең ұрпақ, сіздердің қолдарыңызда екенін естен шығармағайсыздар. Жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысының қатысушыларының қатары азайып бара жатыр. Сіздер соғыстың қасіреттері мен қантөгісті бастан кешірмеулеріңіз қажет. Әлемге жанашырлықпен қарап, қамқорлық жасаңыздар. Бастысы халықтың достығы мен бірлігін сақтауды еш ұмытпаңыздар. Болашақта ата-ана болғанда Кеңес халқының ерлігі мен батылдығын, тарихын құрметтейтін ұрпақ тәрбиелейтіндеріңізге сенімдімін, - деп сөзін түйіндеді соғыс ардагері.

Митрохина-Губанова.jpg

Қазіргі кезде Орал қаласында Лидия Губанова сынды 95 жастағы Алевтина Митрохина есімді соғыс ардагері де тұрады. Саратов облысының тумасы бала кезінен мұғалім болуды армандаған. Сол себепті 1941 жылы мектепте сегіз жылдық білім алған соң Саратов педагогикалық техникумына оқуға құжат тапсырмақшы болады.

– 22 маусым яғни жексенбі күні біз қыздармен суға түсіп келе жатқанда алаңға жиналған бір топ адамды көрдік. Жандарына жақындап барғанда бүгін таңғы сағат шамамен төрттерде соғыс басталғанын айтты. Тіпті ешқандай хабар берместен фашисттік басқыншылар біздің жерге басып кірген екен. Әлі күнге дейін есімде, осы хабарды естіген бойда қыздардың көздері жасқа толды, ал ер азаматтар бірден майданға бару үшін тура аудандық әскери комиссиартқа кеткен болатын. Сол кезде жасымыз шамамен 16-17-лерде болды. Біздер соғыс тез арада аяқталып, бейбіт күнге ораламыз деп ойладық. Алайда барлығы біз ойлағандай болмады. Тіпті Саратовқа оқуға түсіп, мұғалім болу ойым кейінге қалып, мектепке қайта оралдым. Мұнда тоғызыншы сыныпты аяқтап, әскери госпитальде медбике болып жұмысқа орналастым.

IMG_3642.JPG

1941 жылдың қараша айында госпиталь басшылығы 16 жастағы Алевтина Митрохинаны Қызыл Крест ұйымдастырған соғыс уақытындағы жеделдетілген оқу курстарына жібереді. Сол кезден бастап күндіз госпитальде қызмет етсе, кешкілік курста сабақ оқып жүріпті. Ал 1942 жылы оларды Сталинград майданына аттандырған екен.

– Палласовка станциясында мен соғыстың не екенін өз көзіммен көрдім. Жан-жақтан бомбалар атылып жатқан уақытта біз Еділден өттік. Расын айтсам, өте қорқынышты болды. 1942 жылы 23 тамызда қаланы немістер үлкен ұрыспен алу мақсатында әуеден жаппай атқылау басталды. Соның салдарынан түк көрінбеді. Жалпы өте ауыр жағдайды бастан өткердік.

Тарих беттерінде ауыр соғыстың бірі ретінде қалған Сталинград шайқасы шамамен алты жарым айға созылды.

– Әлі күнге дейін есімде... Жарақат алғандардың бірі қолсыз, ендібіреулері аяқсыз жерге құлап жатты. Тіпті арасында бір ауыз сөзге келместен қаза болып жатқандар да болды. Біздер, яғни медбикелер жарақат алғандарды зембілдерге салып, шамамыз келгенше шұғыл әрі тез көмек көрсетіп жаттық. Сол мезетте маған бұл соғыс бітпейтіндей көрінді. Бұл сұрапыл кезең ұзаққа созылды. Сталинград шайқасы тек 1943 жылдың 2 ақпанында аяқталды ғой...

Бұл шайқастан кейін Алевтина Тимофеевна болған әскери бөлім Ростов, Донск, Одесса, Молдавия, Югославия аймақтарын азат етуге және Ясса-Кишинев, Фокшан әскери операцияларына қатысты.

– Жеңіс күнін Будапеште қарсы алдық. 9 мамыр таңертеңгілік біздің окошканы үй иесі қағып: «Гитлер өлді. Соғыс аяқталды» деп қуанышты хабарды жеткізді. Хабарды естіген бойда бәріміздің қуаныштан жүзіміз бал-бұл жанып, көзімізден жас ақты. Сол уақытта біз осы күнге жетпеген қатарластарымызды еске алдық. Адамдар бір-бірлерімен құшақтасып, құттықтай бастады. Бұл әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен бірден үй-ішіме «Қымбаттыларым, бұйырса мен аман-есен елге ораламын» деп хат жазып жібердім. Бастысы бұдан былай қантөгіс пен азап болмайтына риза болдық.

Алевтина Тимофеевна соғыстан 1945 жылдың қараша айында өзінің сүйген жігіті Леонид Митрохинмен бірге Орал қаласына оралады. Ал келесі жылдың көктемінде болашақ жарының әке-шешесі және отбасымен танысу үшін олар Красноярск қаласына жол тартады.

– Мұнда жұбайымның үш бауырымен таныстым. Леонид – үйінің кенжесі яғни төртінші баласы. Үйінде үш бауыры да майданда соғысқан. Тек Василий есімді ағасы Курск шайқасында қаза тауыпты. Оларда қонақ болып, арада бірнеше күн өткен соң қайта Оралға келдік.

Шамамен үш жылдай Алевтина Митрохина Батыс Қазақстан облысы жер бөлімінің кадрлар бөлімінде қызмет еткен. Кейіннен акушер мектебінде лаборант болып жұмысқа тұрады. Көп уақыт өтпей қысқа мерзімді курстан өткен әрі майданда болған мейірбикелерге орта медициналық білім беру туралы Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысы шығады. Акушер мектебінде білімін аяқтағаннан кейін осында «Науқастарға күтім жасау» және «Клиникаға дейінгі хирургия тәжірибесі» атты пәндерден сабақ беретін оқытушы болып қызмет орналасады.

Митрохина Алевтина Тимофеевна.jpg

Жемістің еңбегінің арқасында соғыс ардагері «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Көптеген жылдар бойғы ерен еңбегі үшін арнайы төсбелгілермен марапатталған. Сонымен қоса, екі мәрте Орал қалалық кеңесінің депутаты болып сайланады. Одан бөлек, басқа да қоғамдық жұмыстар жүргізген екен.

Жарты ғасырға жуық бірге өмір сүрген жолдасы (өкінішке қарай марқұм болып кеткен) екеуі үш қыз бағып-қағып өсіріпті. Олардың ішінде Валентина және Надежда есімді қос қыздары анасының жолын қуып, бүгінде медицина саласында қызмет етеді. Ал Лидия есімді қызы ауылшаруашылығы институтын тәмамдапты. Бүгінде ардагер әжейдің төрт немересі мен жеті шөбересі бар. Қазіргі кезде немересі Алексей Копкин мен оның келіншегі Светлана да тіс дәрігері болып жұмыс істейді.

Алевтина Митрохина – «Фронтовик» әйелдер әскери клубының төрайымы. Ардагер әрқашан майдан даласында бірге қызметтес болған, қайтыс болған әріптестерін еске алып тұратындығын айтады. Сонымен қоса, бос уақытында майдандастарының ерлігі жайында өлең жазумен айналысады. Тіпті өлеңдер жинағы жарыққа шыққан екен.

Барша соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері және қазақстандықтар! Сіздерді 9 мамыр Жеңіс мейрамымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір тілейміз.

(Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу: