«Атамыздың ерлігі – ұрпаққа өнеге»

Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуқабыл Төребековтің мағыналы ғұмыры


Биыл сан мыңдаған адамзатқа қуаныш пен үміт отын жаққан күнге, жеңіс туының желбірегеніне 75 жыл толғалы отыр. Сол қанды қырғыннан алыстаған сайын зеңбіректердің дүрсілі мен ауаны тілгілеген оқтың, әуе шабуылдарының, жан түршіктірер үні тарих қатпарында қалып барады. Бірақ ерлер есімі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінде елімізде азаттықтың ақ таңы атуы үшін қасықтай қаны мен жұдырықтай жүрегін қиып беруге дайын болған санаулы ғана ардагерлеріміз қалды. Солардың бірі Жамбыл облысының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері – Тілеуқабыл Төребекұлы Төребеков. Жеңіс мерекесі қарсаңында батыр ақсақал туралы толық білу үшін қарияның немересі Ернияз Төребековпен әңгімелескен болатынбыз.

4e51c100-da2a-4c80-8305-b096f8b872f1.jpg

Ұлы Отан соғысы туралы сөз қозғалғанда, ең бірінші ойымызға еліміздің қаһарман перзенттері мен жазушы Бауыржан Момышұлы түседі. Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы өзінің жазбаларында жеңістің бізге арзанға түспегенін, ел дегенде еңіреген ерлеріміз бен қан майданда құрбан болған батырларымыздың аз болмағандығын, сұм соғыстың кесірінен қаншама жан қиындық көріп, азап шеккенін өз шығармаларында жазып кеткен болатын. Сонымен бірге батыр ағамыз қаншама есіл ерлердің, ержүрек батырлардың қыршын кеткендігін көзімен көргендігі туралы соғыстың даңқты қолбасшысы, әскери жауынгер ретінде сарбаздардың елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін ерекше бағалай білген. Оның қатардағы жауынгерлер жайында айтқан нақылға бергісіз сөздері халықтың есінде мәңгіге қала бермек.

d1194240-8c44-49e2-81d3-1825365fa342.jpg

Сол батыр Бауыржан Момышұлы дүниеге келген топырақта ардагер Тілеуқабыл Төребеков те 1925 жылы туылды. Қарияның кіндік қаны тамған жері Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Айша бибі ауылы еді. Биылғы жылдың сәуір айында ақсақал 95 жасқа толды. Ұлы Отан соғысы жылдарында қария Кеңес әскерінің қатарында милитаристік Жапониямен соғысқан. Ержүрек майдангер Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылдары Кеңес әскеріне шақырту алған. Тілеуқабыл Төребеков 1945 жылы Қиыр Шығыс майданында соғысып, соғыстың қиындығын көріп, оттың ортасында жүріп, қиян-кескі қан майданда 1950 жылы қытайдың Чанчунь қаласында әскери қызметін өтегеннен кейін босатылады. Барлығымызға белгілі тарихта Қиыр Шығыстағы майдан КСРО-мен соғыстың соңғы ошағы Жапонияға қарсы басталған ұрыс еді. Ол соғыста әскери бөлімдер арасында қазақстандық құрамалар да болғаны белгілі.Солардың ішінде Тілеуқабыл ақсақал да болып, соғыстан елге аман оралды.

02abc1c7-ce7c-465f-8ace-aedaef61e32f.jpg

Бүгінде ол – Жамбыл облысы мен Тараз қаласының құрметті азаматы. Ұлы Отан соғысының ардагері – соғыстан кейінгі жылдарын өзі туып-өскен өңірдің дамуына арнаған адам. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының көмекшісі, бөлім меңгерушісі, Жамбыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы және Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде болған.

– Әуелі біздің атамыздың анасы, Жұмагүл әжеміз туралы айта кетейін. Ол кісі 1930 жылдары коллективтік жұмыстар құрыла бастағаннан Ақкөл шаруашылығында жұмыс істеп, 1940 жылдары қызылша өсіру звеносын басқарып, үлкен табысқа, биік абыройға ие болған азаматша. Совет одағында Укринада Мария Демченко, Қазақстанда Өтепбергенов Жақсыбек тағы да басқа атақты қызылшашылардың қатарында болса, біздің әжеміз де қызылшаның гектарынан 500 центнерден өнім алған. Жұмагүл әже 1939 Оңтүстік Қазақстаннан бөлініп, жаңадан құрылған Жамбыл облысының бірінші шақырылған облыстық кеңестің депутаты болып сайланған. Сол жылы Мәскеуде бірінші ашылған көрмеге де қатысқан, – деді батырдың немересі Ернияз Төребеков.

Ардагер Тілеуқабыл Төребековтің анасы Жұмагүл 1941-1945 соғыс жылдары көрсеткен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Еңбек ардагерінің ұрпағы Тілеуқабыл ақсақал да бүгінде ұл-қыздарымен, немере-шөберелерімен халқына ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, көпке үлгі болып отыр.

814a53c5-0838-4b25-8d7e-60d81a843dc0.jpg

– Ал Атам Тілеуқабыл – 16 жасынан бастап, үлкен өмірдің ауыр еңбегіне араласып, тылдағы қауырт бейнеттің бел ортасында жүрген азамат. Мал фермасының есепшісі болған. Жасы 18-ге толмай жатып, қара шинель киіп майданға аттаныпты. Апамыз Разия Мүсіралиева – тылда еңбек еткен ардагер. Кейінірек мектепте 45 жыл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен балаларға білім берген ардақты ұстаз. Ол кісі осыдан 3 жыл бұрын дүниеден өтті. Атам мен апам 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол алты баласынан 6 немересі, 9 шөбересі бар. Атам бүгінде ауылдағы қарашаңырақта немере-шөберелерінің ортасында. Жанында бір ұлы мен екі қызы бірге тұрады, – деді Ернияз Төребеков.

Ұлы Отан соғысының ардагері Алматы жоғарғы партия мектебінде білімін шыңдап, өзі туып-өскен облыстағы тамақ өнеркәсіп қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетінде басқарушы қызметін атқарған. Тек партиялық қызмет ғана емес, ақсақал 1987 жылы ұстаздыққа бет бұрып, Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің директоры болып та жұмыс істепті.

– Атамыз құрметті еңбек демалысына шыққанан соң да қоғамдық өмірге белсене араласты. Облыстық атқару комитетінде кеңесші болды. 1993 жылдан 2015 жылға дейін облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы міндеттерін атқарып, ел егемендігінің қалыптасуына сүбелі үлесін қосып келді. Атаның ерен еңбегі әрқашан халық арасында зор қолдау тауып,бүгінгі күнге дейін ерекше еленіп келеді. Сонымен қатар Тілеуқабыл атам он жыл бойы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланған азамат, – деді қарияның немересі Ернияз.

b68590b6-fe53-4226-882a-e20053b51aa7.jpg

Бүгінде Жамбыл облысында Тілеуқабыл Төребекұлын білмейтін адам кемде-кем. 95 жастағы қария әлі де тың, өткен күндерін, соғыс жылдарын жиі еске алып отырады. Қарт үнемі балаларына бейбіт күннің оңай жолмен келмегенін жақындарының ойына салып отырады екен.

– Осы жылы сәуір айында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев атамыз Тілеуқабыл Төребековтң 95 жасқа толуымен құттықтады. Және облыс әкімі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады. Құттықтауда Президентіміз менің атам сияқты тұлғалардың өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып табылатындығы жөнінде айтылған. Ал облыс әкімі атамыздың Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін, оның ұйымдастырушылық қабілетін бағалайтынын айтып, алғыс білдірді. Атам үшін ол күн ерекше қуанышты күндердің бірі болды, – деді Ернияз Төребеков.

2b8fff35-7761-49b1-b670-2de23007e166 (1).jpg

Жастық шағы сұм соғыстың ортасында өткен қария бүгінгі бейбіт заманның қадірін жақсы біледі. Қаншама жылдар өтсе де ақсақал бүкіл халық көрген азапты күндер әлі де жадында сақталғанын айтып отырады.

– Менің атам – өте мықты адам. Ол – адал, мейірімді әрі ерік-жігері күшті азамат. Біз, балалары, немерелері мен шөберелері, осындай кісінің ұрпағы болғанымызды мақтанышпен айтып жүреміз. Атамыз бізге үнемі ақ батасын беріп, ел тыныштығын тілеп отырады.Оның әрбір ісі мен сөзіне қарап біздер есейдік. Айтқан кеңестері, өмірлік тәлім-тәрбиесі, берген мейірімі мен махаббаты, қаталдығы біздің өмір жолымызда үлкен жетістікке жетуімізге көп септігін тигізді. Атам мен басқа да соғыс ардагерлеріне жеңісті күндер үшін шексіз алғысымды білдіремін,– деді қарияның немересі.

e9840751-8e33-4275-9129-ab85006f672c.jpg

Тілеуқабыл ақсақал Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Даңқ, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Ұлы жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай Жамбыл облысындағы әр Ұлы Отан соғысының ардагеріне 1 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілетіндігі жөнінде жақын күндері мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген азаматтар мен мүгедектерге 100 мың теңгеден берілетіндігі жөнінде айтылған болатын. Жамбыл облысындағы ондай адамдардың саны – 1989. Жеңіс мерекесі қарсаңында тыл ардагерлері де елеусіз қалмайды. Алты айдан артық Ұлы отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен ардагерлерге 50 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бүгінде Жамбыл облысында 4742 тыл ардагері бар. Сонымен бірге әлеуметтік көмекті Ұлы отан соғысының жесірлері мен соғыста жараланған батырлардың жарлары да алатын болады. Бүгінде Жамбыл облысында 57 Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедектері тұрып жатыр. Жылдан жылға батыр ардагерлеріміздің саны сиреп келеді.2018 жылы облыста 118 ардагер болса, 2019 жылы 76 соғыс ардагері Жеңіс күнін тойлаған.

Жамбыл облысының халық саны Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы 400 мың адамды құраған. Соның ішінде майданға 100 сарбаз аттанған. Сол ержүрек ерлердің ішінде 39 жамбылдық азамат Кеңес Одағының батыры атағын алса, 9 батыр «Даңқ» орденімен марапатталған.

4302e2c2-6024-4055-963b-35ec9a203a13.jpg

Бүгінде мемлекетіміз өзінің әлеуметтік саясатын жүзеге асыру барысында енді еліміздегі соғыс ардагерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларға берілетін жеңілдіктер бір заң аясында реттейтін болады. Бұл туралы Парламент мәжілісінің отырысында депутаттар ардагерлерге қатысты заң жобасын бірауыздан мақұлдаған болатын. Бұл құжат қолданыстағы заңнамаға сәйкес ардагерлерге берілетін барлық жеңілдіктер мен кепілдіктерді біріктіреді. Заң бойынша ардагерлер әлеуметтік бес санат бойынша қорғалатын болады.Онда Ұлы отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілгендер үшін жеке мәртебе белгіленеді. Бұдан басқа Ауғаныстағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілерді, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерін орындаған әскерилерді басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарында болған азаматтарды соғыс ардагерлерінің дәрбес санатына жатқызу да ұсынылған болатын.Бұл жаңа заң жобасы мемлекеттің халықтың алдында толық әлеуметтік міндеттемелерін орындағандығының дәлелі болып табылады.

Сөз соңында айтарымыз, Тілеуқабыл Төребековтың мағынаға толы ғұмырындағы ерен еңбегі көпке үлгі болып қала бермек. Ардагер батырларымыз еліміздің іргелі ел болып қалыптасып, тәуелсіздік алуымызға, бүгінде өркениетті елдер қатарына қосылуымызға себепкер болды. Соғыс ардагерлерінің орны өскелең ұрпақ үшін қашанда ерекше. Отанын оттан қорғап, жеңіс деп жанын шүберекке түйген боздақтарымыздың ерлігі, қар жастандырып, мұз төсендірген сұрапыл соғыстағы батырлығы ел сүйіспеншілігіне әбден лайық. Ал біз соғыс ардагерлерімен әрқашан мақтанамыз.

(Суреттер: Ұлы Отан соғысы ардагерінің жеке мұрағатынан алынды)