Абай көзқарасы – ел дамуының темірқазығы

09.01.2020 662

Тіл жанашырлары пікір білдірді


Биыл қазақтың бас ақыны Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Осынау айтулы дата мемлекеттік деңгейде кеңінен аталып өтілмек. Ұлы ақынның құрметіне орай ұйымдастырылатын мәдени-әдеби, қоғамдық шаралардың маңыздылығын арттыру үшін комиссия құрылып, қызу дайындық басталып кеткен. Бұл жөнінде бүгін ғана «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазды. Мемлекет басшысы біртуар тұлғаның орамды ойлары мен идеяларын назарға алып, ел дамуында ақын көзқарастарының маңыздылығына тоқталған. Сондай-ақ, қоғамдағы күйіп тұрған түйткілдер турасында жазған. Осы ретте, Президент мақаласына қатысты мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы мен ақын Ұларбек Дәлейұлы өз ойларын ортаға салды. 

«Ел үшін ең қорқыныштысы – енжарлық»

Оразкүл Асанғазы, Мемлекет және қоғам қайраткері:

– Тәртіп пен тәрбие – егіз ұғым. Қазақ қоғамы қашанда мұны қаперде ұстаған. Өйткені ел бірлігі тәрбиеден өрбиді. Ұлтымыз кішіпейілділікті кемшілік емес, кісіліктің белгісі деп санаған. Сондықтан болар, әр қазақтың бойында кішіпейілділік қасиеті, үлкенге ізет, кішіге құрмет сезімі бар. Бұл тұрғыда ұлтымыздың ұтқан тұсы көп. Оған тарих та, бүгінгі қоғам да куә. Құты қашқан қаншама елдің туы құлағанын көріп келеміз. Арандатушылық пен алауыздыққа төтеп бере алмай, жүндей түтілген елдер саясаттың тұтқынына айналып, жұтылып жатыр. Ал тәуелсіздік жылдарынан бастап бейбітшілікті бағыт етіп алған халқымыздың бағындырған белесі де, алған асуы да көп. Абай атамыздың «Асыл адам – айнымас» деген тәмсілі де осы сөзімді қуаттай түседі. Атымыз адам болған соң, қай кезде де адам болып қалу – парыз. Бұл билікке де, бұқараға да қарата айтылған ақыл, міндет! Мемлекет басшысы ұлы ақынның осындай орамды ойлары мен үзік сырларына ерекше екпін берген. Хәкімнің әрбір сөзінің мән-мағынасын, оның көреген ойларының бүгінгі қазақ қоғамының басынан өткеріп жатқанын дәл ұқтырады. Әсіресе, «Мемлекет ісінің мүдделесі» турасында айтқан ойлары оқырман қауымға ерекше ой салды деген ойдамын.

(Суретте: Оразкүл Асанғазықызы)

Президент «Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау - баршаға ортақ міндет» деп кесіп айтты. Бұл шенділердің заңды белден басуына, қарашаның ақты да, қараны да қаралай беруіне болмайтынын ұқтырады. Ел үшін ең қорқыныштысы енжарлық екенін де ойға салады. Мемлекет ісіне азаматтық қоғам өз ойы мен көзқарасын білдіріп, ел дамуына үздіксіз атсалысып отыру қажеттігі де айтылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік басындағы азаматтар қоғамдық маңызы бар жайттарға байланысты шешім шығарған уақытта халықтың ұсыныс-пікірлерін назарға алу керектігін ескертті. Бұл халық ойының әрқашан маңызды екенін білдіреді әрі жұртшылыққа зор жауапкершілік жүктейді. Абай ұсынған ашық қоғам құрудың алғышарты да осыны көксейді. Негізі, хан мен қараны жақындататын жалғыз дүние - ол ортақ мәміле. Осы ретте, Президент ұлы ақынның «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» деген сөзін негізге алады. Сондай-ақ, құрғақ сөз емес, Абай идеяларының негізінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын да алға тартқан.

Президент мақаласында «Толық адам» түсінігі айтылады. Бұл - әлеуметтік жауапкершілікті арттырудың тетігі. Әлем елдері жаңалық көрген бұл термин - қазаққа өткен ғасырдан бастап сіңісті ұғым. Әрқашан жаңашылдық пен жақсылыққа ұмтылатын мұндай адамдар елдің де еңсесін көтеруге септігін тигізері сөзсіз. Сол үшін билік ауысып, басшылық орындарына жастар келетіндіктен, оларды Абай идеяларымен тәрбиелеу маңызды. Әсіресе, жастардың бойында елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дамыту қолға алынуы керектігіне басымдық берілген. Өйткені оның ойлары өркениетті мемлекеттің идеяларымен мағыналас. Абайдың бұл тұжырымдамасын ғалымдар қайта зерттеп, мән-мағынасын аша түсу қажеттігі де сөз болған. Бұл тапсырма қоғамның кез-келген саласында дамудың жаңа, тың әдісін ойлап табуға септігін тигізеді. Сонымен бірге мақалада қазақтың бас ақынының отыз үшінші қара сөзінен «мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген сөзі келтіріледі. Ойшылдың ойы қорадаға төрт түлікпен шектеліп қалмағаны анық. Бұл ретте, қара жердегі қазынада түгесіледі, кәсіпті игеру қажеттігі сөз болғаны анық. Расымен, шағын және орта бизнесті дамыту егемендіктің алғашқы күнінен-ақ маңыздылығын жойған емес. Мұны да Абайдың көзқарастарынан анық байқауға болады.

Жалпы, Елбасы, Президент жолдаулары мен мақалаларында қазақ тілінің мәселесін жан-жақты көтереді. Нақты тапсырмалар жүктейді. Бұл жолы да мемлекет басшысы аталған жайтқа назар аудартып, күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселеге екпін берген. Ал оны ұлы ақынның идеясымен қуаттауы мемлекеттік тілдің мерейін көтерді. Мақалада Абайдың жиырма бесінші қара сөзінен «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» деген ойы келтіріледі. Расында, көп тіл білген адамның таным көкжиегі, пайым-парасаты, білімі жоғары болатыны сөзсіз. Алайда Президент ағылшын тілін меңгерудің алдында қазақстандықтардың ана тілінде тіл қатысып, білім алу керектігін айтуы қазақ қоғамының еңсесін тіктегендей күйде қалдырды. «Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз» деп қазақтілді жастарға зор сенім артуының өзі ана тілінің өрісін кеңейтудің  озық үлгісі іспетті.

Мақалада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылатын қоғамдық-мәдени шаралардың маңыздылығына да ерекше мән берілген. Бас ақынның құрметіне өтетін жиындар даңғазалық емес, халықтың рухани баюына септігін тигізері анық. 

 

«Ескірмейтін есті сөз»

Ұларбек Дәлейұлы, ақын: 

– Абай әлемді, өмір ағысын, тіпті нарықты қазақтан ерте таныды, түсінді, ой түйді. Келешек мал баққанның емес, өнер-білім тапқандікі екенін ерте аңғарды. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім», - деп өкінішін білдіріп, жастардың білім алуын, жаңаны тануын құп көретіндігін ашып айтады. Сол Абай заманындағы білімге деген қажеттілік бүгін де еселенбесе күшін жоймады. Бұл ғасыр «білімдінің күні жарық, білімсіздің күні ғаріп» дегенге саятынын баршамыз да анық көріп жүрміз. Сондықтан Абай философиясы ескірмейтін есті ой дер едім.

(Суретте: ақын Ұларбек Дәлейұлы)

Абай өз ғасырының мативаторы болды. Қазіргі сөзін сан миллионға сатып жүрген көп мативатордың айтқан ойын Абай ғасыр бұрын «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өлең жолдарына бір-ақ сыйғызған еді. Бұл Абай философиясының ескірмейтіндігінің екінші көрінісі.

Абай адамзатты не құтқаратындығын да ертеден білді. Көп саясаткер ойлаған экономика, қаржы, қару емес адамды адамгершілік пен мейірімнің ғана сақтап қалатындығын ескертті десек те болады. Ол: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады. Тап осы өлең жолдары мақаладан да көрініс табады. Бұл да біздің биліктің диктаторлықты емес, дара, дана жолмен басқаруға ниетті екендігін байқатады. Міне әлемдік қарым-қатынас шиеленісіп, адамзаттың қорқынышы үдей түскен заматта Абай сөзін әлемге таныта алсақ, бейбіт күннің бетін қара бұлт торламаған болар ма еді? Адамзаттың арашасы болар жылы жүрек идеясы Абай философиясының мәңгілік екендігін тағы да дәлелдейді.

Тобықтай сөздің түйіні, мақалада қазақтың маңдайына біткен дара тұлға болмысын халыққа кеңінен танытып, әлемге айшықтауды көздейді. Себебі, Абайды қазақтың бірегей бренді етер күн туды. Әлем халқы Еуропаның аңыз тұлғаларынан бөлек, түрікті Мевланамен, қырғызды Манаспен таниды. Ал Абай философиясы, Абай шығармасы кімнен кем еді?..

Кеш те болса, Абайды ұлықтап, жаһан жұртына паш етуді қолға алып, қолдау тауып жатқаны ұлт болып бойымызды тіктегендігіміздің белгісі деп білемін. Бұған дейін біз қай тұлғаны дәріптеп, атын аспанға шығаруға атсалысқан едік? Міне, Алаш туының асқақтайтын, атының аспандайтын күні туды деген осы болар?! Ақын болған соң, эмоцияға салып, әсірелеп те отырған болармын, дегенмен, бұл мақала жүрегінде, қанында «қазақ» деген лүпілі бар әр азаматқа әсер етті деген ойдамын. Себебі Отанды, ұлтты сүю тек атаулы датада ту алып, арнау оқумен шектелмейді, ол оның барын, нәрін, негізін, яғни дәстүрі мен тілін, тамырына біткен әдебиетін шексіз қастерлеуден, құрметтеуден туады. Мен барша қазақстандықтарды ұлттық іске ұйысып, халықтық істен қалыс қалмауға шақырамын. Себебі бұл біздің баба жолына, дала заңына деген ізетіміз.