Медбикелер – мерейлі мамандық иелері

12 мамыр – медбикелердің халықаралық мейрамы

12 мамыр – халықаралық мейірбикелер күні. Бұл айтулы датаны дүниежүзілік деңгейде атап өту бастамасы өткен ғасырдың бел ортасында көтерілген еді. 1963 жылы медбикелер күні ресми түрде аталып өтетін мерекелердің қатарына қосылды. Ал 1974 жылы мамырдың 12-сі нақты тойланатын күн ретінде бекітілді. Өйткені бұл күні мейірбикелер қызметінің негізін салған Флоренс Найтинге туған. Ол өткен ғасырдың бас кезінде консервативті ағылшындардың медицинасына өзгертулер енгізіп, мейірбикелер қызметін қалыптастыруға сеп болған жан.

medic-563423_1920.jpg

Мейірбике мамандығы – алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін әлеуетті мүмкіндігі орасан қызметтің бірі. Қазіргі денсаулық саласындағы маңызды мәселелердің бірі ретінде жоғары білікті медбике мамандарын дайындау екенін айтуға болады. Ол маманға медициналық білім мен біліктіліктен бөлек, ойлау, ұйымдастырушылық қабілет, белсенділік мен мобильділік қажет етіледі.

2-3 жыл бұрын бүкіл Қазақстан батыс өңірінің медициналық қызметкері Елена Шушлебинаның ерлігіне қол соққан еді. 30 жастағы медбике жол бойында толғағы келген әйелді босандырып, ана мен баланың өмірін аман алып қалған болатын. Елена 2018 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарының бірі болды.

Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, жан-жақты, күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсететін жандар. Қазіргі уақытта медбикелердің ісін модернизациялау жұмыстарының қарқыны жоғары. Бүгінгі медбикелерді тек дәрігер айтқанының орындаушысы ғана деп түсінуге болмайды. Олардың міндеті – адамдарды, отбасыларды, халықты психикалық, физикалық, әлеуметтік потенциалын жүзеге асыруға үйретіп, дағдыландыру.

Бүгінге мереке қарсаңында біз бірнеше медициналық орталықтарда қызмет ететін медбикелермен тілдескен едік.

852e9143-d9c0-483e-92b2-d230ad0b9642.jpg

Соның бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы «Медикер» медицина орталығының медбикесі Айткүл Бимағанбетова.

– Мен Астана медицина университетінің колледжін аяқтағанмын. Алғаш жұмысқа санитар болып тұрған едім. Өз сертификатымды алған соң, травматология бөліміне медбике болып орналастым. Енді қызметіме кіріскен уақытта, қаладағы құрылыс нысандарының бірінде істейтін жігіттің үстіне қабырға құлап кетіп, біздің бөлімнен бір-ақ шыққан еді. Барлық дәрігерлер мен сондағы медицина қызметкерлерінің күш салуының арқасында ол науқас аяқтан тұрып, қатарға қосылды. Сол сияқты өзім жәрдемдескен ешбір науқасты ұмытпаймын. Медбикелік ісі өз қызығы мен қиындығы бар жұмыс. Дәрігердің иығында қандай жауапкершілік болса, бізге де жүктелген міндеттер сондай, – дейді Айткүл Айтжанқызы.

Мебдикелік істің басты философиясы адам өмірін сақтау, жеке тұлғаның құқығы мен абыройын сыйлай отырып, қызмет көрсету. Яғни, олар науқастың күтіміне қарап, ұйымдастырып, емделушіге бар ықыласымен қызмет көрсететін жандар. Медбикелер, медициналық топтың белсенді әрі белді мүшесі, кеңесшісі десе де болатындай.

c836a783-a350-4e75-96c0-35baec3837fe.jpg

Бибінұр Гапирова Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы аурухананың перзентхана бөлімінде қызмет етеді. Оның жұмыс өтілі 15 жылды құрайды.

– Ақтөбедегі медицина колледжін тәмамдағам. Қазіргі жұмысым жаңа туған балаларға күтім жасаумен тығыз байланысты. Алғашында осы бөлімге жұмысқа тұрам деп күткен жоқпын. Сол кездегі алты айлық тәжірибеден өткізетін биржа арқылы келген едім. Басында акушер болып істедім. Әрине, жас маманға әрі енді қызметін бастаған тәжірибесіз акушерге үрейлену, қобалжу тән. Одан кейін үйрене бастадым. Жаңа туған нәрестелерді қолыңа алу, олардың өмірге келгендеріне бір септігіңді тигізу шынымен де зор қуаныш екен. Осылай екі жыл істеп жүріп, медбикелікке ауыстым. Мен секілді жас маманға барынша қолдау көрсетіп, демеп, бар білгенін үйретіп, көмегін аямаған сол кездегі Перзентхана бөлімінің бөлім меңгерушісі Ақжібек Асановаға алғысым шексіз. Медицина – білім мен тәжірибені қатар қоятын күрделі сала. Сол себепті, білікті дәрігерлердің ақыл-кеңесі әрбір жас медицина қызметкеріне ауадай қажет деп есептеймін.

Расымен де, медбике – денсаулық сақтау саласының негізгі қозғалтқыш күші. Емделушіге психологиялық тұрғыдан демеу көрсетіп, мейірімділік танытып, тезірек айығуына жәрдемші болады. Олар қызмет барысында ұйымдастырушылық, ғылыми-зерттеушілік, оқытушылық секілді қағидаларды басшылыққа ала отырып, жұмыс істейді.

Зағипа Мамекова саналы ғұмырын медбикелік іске арнаған жан. Ол Жамбыл облысы Жуалы ауданының орталық ауруханасының терапия бөлімінде 42 жыл жұмыс істеген.

– Бұл бөлімге кардиологиялық науқастар, созылмалы дерті бар жандар, неврологиялық аурулар, гастроэнтеритті сырқаттар, асфикциялық науқастар келіп түсетін. Әрине, күн-түн демей, оларға уақытылы екпе салып, дәрілерін беріп, психологиялық демеу көрсететін біздер болдық. Мінез-құлықтары әртүрлі жандар келіп түседі. Әрқайсысымен тіл табысып, дәрігер белгілеген ем-домды жүргізіп, барынша жағдайын жасау оңай шаруа емес. Десе де, қызметіңе берілсең, кез келген қиындыққа қарсы тұрасың. Жемісті жұмыс өтілінен кейін, 2016 жылы зейнетке шықтым.

Емделушіні қабылдағаннан, оның аяқтан тұрғанға дейінгі өміріне жауапты мейірбикелердің еңбегі қашанда жоғары бағаға лайық. Республикалық диагностикалық орталықтың күрделі соматикалық бөлімшесінде қызмет ететін Жамиля Ахметованың медбикелік жұмыс өтілі 28 жылға жетіп қалды. Ол Қарағандыдағы медициналық институтқа төрт рет құжат тапсырып, байқаудан өте алмай қалған екен. Медицина қызметкері боламын деген арманның жетегінде жүрген оның жолы болады. Себебі, сол жылы мединститутта медбике ісі факультеті ашылады. Осы мамандықты тәмамдап шыққан жас маманның еңбек жолы қалалық ауруханадан басталған. Сосын туберкулезге қарсы диспансерде еңбек етеді.

– Шетелде науқастарға дәрігер емес, медбикелер толық тексеруден өткізіп, диагноз қоя алады. Назарбаев университетінің медицина мектебін аяқтаған біздер сияқты мамандарды сондайға үйретті. Яғни, біз ультрадыбыстық зерттеуден өзіміз өткізіп, диагноз қойып, талдап, таразылай аламыз, – дейді ол.

Екі жыл медицина қызметкерлерін оқытатын мектептегі модульдің қаншалықты сәтті екені тәжірибеде сыналып жатыр. Бұл бүгінгі медицина саласына кәдімгідей оң өзгерістер әкелетін қадам екені анық.

ea68af96-d622-475e-a49c-4cb221d966f1.jpg

Парида Шыназбекова Ташкент облысы Шыршық қаласындағы медицина училищесін тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын сол қалада бастайды. Қазір Қазақстан Республикасы Іс басқармасының Медициналық орталығындағы офтальмология бөлімінде медбике болып жұмыс жасайды.

– Мен көп жерде қызмет еттім. Оның ішінде Маңғыстау облыстық онкология диспансері, кейін Батыс Қазақстан облысы онкология диспансері, Тараз қалалық емханасының хирургия бөлімі және Алматы қаласындағы кордиологиялық институтың емханалары бар. Жұмысымның қиын кезеңдері онкологиялық диспансерлерде өтті дер едім. Маңғыстау облыстық диспансерде бас дәрігер Қайыржан Мұратовтан үйренгенім көп болды. Ол кезде дәрігермен оталарға қатысып жүрдім. Медицианлық қызметтің барлық қиындығын бастан кешірдім десем де болады. Сол сияқты химиятерапия кезінде науқастарға кері реакция беретін сәттер жиі кездеседі. Ондайда дәрігер келгенше, алғашқы көмек көрсетіп үлгеруің керек. Ең қиыны, науқастардың көз алдыңда қайтыс болғаны шығар... – дейді Парида Өтегенқызы.

Жүгі ауыр салада қалтқысыз қызмет етіп, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игі қызмет жасап жүрген медбике ісі қашанда сый-құрметке лайықты деп білеміз. Себебі, әрбір жанға медициналық көмек көрсетуде дәрігермен қатар, медбикенің атқарар рөлі зор. Ол маман иелері денсаулық сақтау ісінің ажырамас бір бөлігі. Ендеше, денсаулық жаршысына айналған, адам өміріне арашашы, науқасқа ем сыйлаушы жандарды келіп жеткен төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Гиппократ антын қабылдап, міндетін мінсіз атқарушы медбикелердің мәртебесі үстем болсын.

(Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан және pixabay.com сайтынан алынды)

Ұқсас материалдар