Жаңалықтар

Тегін медициналық көмек алудың жаңа тетіктері

Қандай медициналық көмекке жүгінуге болады?
Тегін медициналық көмек алудың жаңа тетіктері
28.04.2018 10:10 6254

Бүгін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделі» мен «ҚР онкологиялық аурулармен күрес бойынша 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» жобаларын таныстырды.

Ведомоство өкілдері 2018 жылғы 1 жартыжылдыққа қорытынды жасап, жыл соңына дейін қойылған тапсырмалардың орындалу барысын сөз еткен Алқа отырысын селекторлық режимде өткізді.

Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, маңызды жиынға Алқа және Қоғамдық кеңес мүшелері, ҚР ДСМ құрылымдық бөлімшелерінің, ведомстволарының, облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармаларының, ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары қатысты.

Мамандар «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделі» мен «ҚР онкологиялық аурулармен күрес бойынша 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» жобаларын таныстыру арқылы медицинадағы бірнеше маңызды мәселелерге тоқталды.

Сала мамандары онкологиялық аурулар, жіті миокард инфаркті және жіті инсульт, жарақат кезінде медициналық көмек көрсетудің 2017 жылдың және 2018 жылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша ықпалдастырылған моделін енгізудің үйлестіру кеңесі қызметінің қорытындысын қарастырды.

Еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарова «ҚР онкологиялық аурулармен күрес бойынша 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарының» негізгі міндеттері ретінде: онкологиялық аурулардың алдын алу және тәуекел факторларын басқару, онкологиялық аурулардың жоғары сапалы ерте диагностикасын жасау, онкологиялық көмек көрсетудің кіріктірілген моделін енгізу, онкологиялық көмекті цифрландыруды дамыту және кадрлық әлеуетін және ғылымды дамыту кіретінін атап өтті.

Ақ халаттылардың айтуынша, қатерлі ісік аурулармен күрес бойынша кешенді жоспар шеңберінде онкологиялық аурулардың алдын алу, қауіп-қатер факторлары туралы халықты көбірек құлағдар ету бойынша іс-шаралар жоспарланған.

«Онкологияның алдын-алу үшін әуелі жоғары сапалы ерте диагностика ПЭТ орталықтарын ашу, ядролық диагностиканы, жеке молекулярлық-генетикалық тестілеу жүйесінің дамуына телепатология және телеконсультацияны енгізу керек», – дейді ҚР бас онкологы Диляра Қайдарова.

Диляра Қайдарованың пікірінше онкологиялық көмекті көрсетудің интеграцияланған моделі нормативтік-құқықтық базаны және қаржыландыру тетіктерін жетілдіру арқылы әрі жаңартылған сәулелік терапияны енгізу, онкологиялық ауруларды емдеуде инновациялық емдеу әдістерін енгізу, сүйек кемігін трансплантациялау қажеттілігін қамтамасыз ету, оңалту және паллиативтік көмекті енгізу, онкологиялық көмекті цифрландыру және барлық медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы іске асуы тиіс.

Мамандардың айтуынша, қатерлі ісікке көрсетілетін көмек 3 деңгейде жүзеге асады. Олар: мультидисциплинарлы көзқарас көп бейінді клиникалардың жағдайында, жеке меншік медициналық ұйымдардың қатысуы принципы бойынша көрсетілетін болады.

Ал, «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін» таныстыру барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ атқарушы директоры Серік Тәңірбергенов: «Халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы ала алады», - деді.

Серік Тәңірбергеновтің пікірінше, еліміздің денсаулық сақтау жүйесі бірқатар жалпы әлемдік үрдістер ықпалында дамып келеді. Болжам бойынша 2025 жылы медициналық қызметтерді аса қарқынды тұтынушылар қатарына қарттар мен балалар енуі мүмкін, сондай-ақ халықтың жас ерекшелігі  құрамы өзгеруі мүмкін. Десе де, ақ халаттыларды алаңдатып отырған келесі бір мәселе – халықты мүгедектікке және өлім-жітімге әкелетін созылмалы инфекциялық емес аурулардың (жүрек-қан тамырлары жүйесі, тыныс алу, онкологиялық аурулар және т. б.) қаупі әлі де жоғары күйде қалуы өзекті болып отыр.

Мамандар берген дерекке сенсек, 2017 жылдың қорытындысына сай, профилактикалық іс-шаралардың әлі де жеткіліксіздігі, зиянды факторлардың төмен тиімділігі, сондай-ақ созылмалы ауруларын өзін-өзі бақылау дағдыларының болмауына байланысты шұғыл стационарлық көмекке мұқтаж жандардың деңгейі әлі де жоғары күйінде қалып отыр (68% 2,9 млн).   Стационарлық көмек алатын тұтынушылардың 46% экономикалық тұрғыдан енжар халық болса, оның ішінде: балалар – 13%; мүгедектер - 5%; зейнеткерлер -15%. Мамандардың айтуынша, осы санаттағы қауымға  стационарлық көмек қаражатының 47% тиесілі екен.

Сала мамандары осы мәселелелер ескере отырып, медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесін ұсынды. Ол: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры сондай-ақ өзге де қаржыландыру көздері.

Мәселен, ең төменгі әлеуметтік стандарт – Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шұғыл көмекке мұқтаж және кезек күттірмейтін жағдайларда, сондай-ақ ауруларды бақылау ӘРБІР АДАМ үшін маңызды деген жүйе бойынша жүгіне алады. Бұл – барлық санаттағы азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тең дәрежеде қол жеткізуіне жағдай жасайды. Мәселен, төтенше жағдайлар кезінде қажет ететін медициналық көмек, кезек күттірмей медициналық араласу; диагностика және емдеу, әлеуметтік-маңызды аурулардың негізгі созылмалы жұқпалы емес ауруларға бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейінде; қоршаған орта үшін қауіпті жіті инфекциялық ауруға шалдыққандар жүгіне алады.

Жаңа модель бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүйесі сақтандырылған азаматтарға кепілдік береді. Ол: ӘР АДАМНЫҢ өмір сүру сапасын жақсартатын медициналық көмек, БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫҢ негізін қалайтын көмек. Олардың қатарына қымбат тұратын зертханалық және диагностикалық қызмет көрсету, аурулар кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі қамтылмаған амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, кең стационарды алмастыратын медициналық көмек, жоспарлы стационарлық көмекті қоспағанда, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту кіреді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға