Жаңалықтар

Сау жүрек – салауатты өмір кепілі

Жoғаpы сaнaтты кapдиoлoг,  дәpiгep-фyнкциoнaлиcт Мереке Мұстафинадан  кеңес
Сау жүрек – салауатты өмір кепілі
05.03.2019 10:54 8191

Жүрек-қан тамыр ауруы бүгінгі күнде әлемдік індеттің сипатын алған. Соңғы көрсеткіштер бойынша жыл сайын дүние жүзінде 18 миллион адам дәл осы ағзаның осалдығынан ажал құшады екен. Әрине, әр дерттің алдын алып, онымен сауатты күресе білсе,  ол көрсеткішті төмендетуге мүмкіндік бар. Сонымен, жүрек-қан тамыр ауруларына бейім адамдар тобы қандай? Алдын алу үшін қандай шаралар қолдану керек? Осы және өзге де сұрақтар бойынша 15 жылдық еңбек өтілі бар кардиолог Мереке Мұстафинадан кеңес аламыз.

Қазақ ұлттық медицина университеті, кардиология мамандығы бойынша білім алған ол теорияны тәжірибеде ұштастыру үшін 3 курста жүріп-ақ№2 Алматы қалалық балалар ауруханасында мейірбике боп қызмет ете бастайды. Тек ем алушылар ғана емес, оның көмегіне тастанды және мүгедек балалар да жүгінген еді.  Оған қоса жас маман Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер, ауған соғысы мен Чернобль апатында зардап шегушілермен он жылға жуық жұмыс жасады.

Жүрек ауруларының жас ерекшеліктері

Жүрек-қан тамыр ауруларының бірнеше түрлері бар. Олар адамның әр түрлі жас кезеңінде мазалап жатады.  Мәселен, туа біткен ақаулар атына сәйкес ана құрсағында  эмбриональды даму бұзылыстарынан пайда болағандықтан, нәрестелерде кездеседі. Оның себептері ретінде экзогенді, яғни сыртқы факторлардың, жүкті анаға вирустар мен мен инфекцияның (қызылша, энетровирустар),  жүктіліктің бастапқы  айларында дәрі-дәрмектерді шамадан тыс қабылдауының және ішімдік пен темекінің зияндылығы айтылады. Ал жастарда жиі кездесетін ауру – жүрек ырғағының бұзылысы. Оны спортпен айналысқанда бұлшық етті өсіру мен денеге эстетикалық әдемілік беру мақсатында артық мөлшерде пайдаланылған анаболикалық заттар, зиянды энергетикалық сусындар мен құрамында зиянды майлары көп фасфуд өнімдері тудырады. 

Жүрек ауруына бейім адамдар тобы

Жүрек аруларына бейім адамдар, яғни негізгі қауіп-қатер тобы бар. Олардың қатарына  жасы 45-тен асқан ер адамдар, менопаузадағы әйел адамдар, темекі шегу, тұқым қуалаушылық, семіздікке ұшырағандар, липид алмасуының бұзылыстары бар кісілер (кейде генетикалық болуы мүмкін) қант диабетіне шалдыққандар жатады. Оған қосымша ретінде стресстік жағдайларға жиі түскен және дәнекер тінінің  жүйелі ауруларымен сырқаттанатын науқастарды кіргізуге болады.

Қазір жиі кездесетін жүрек ауруы

Көп кездесуші деп ишемиялық ауруларды айтуға негіз бар.  Ол өлімнің жетекші себептерінің біріне айналған. Бұл дертке шалдықтырушы коронар тамырының атеросклерозы. Оның кесірінен коронарлы тамырларының қабырғалары қатайып, процесс басында майлардан тұратын түйіншектер пайда болады.  Бұл қан тамырларының тарылуына алып келеді. Тиісінше, тарылған тамыр жүрекке оттек пен қанды өз мөлшерінде жеткізе алмай қиналады. Оның алғашқы белгілеріне демігу, шаршау, әлсіреу және жүрек пен кеуде тұсының ауырсынуын жатқызамыз. Осындай жайсыздық белгілері туындаған адам дереу дәрігерге көрінуі керек. Оны дәл уақытында анықтаса, емдеу шаралары жеңіл өтеді. Диета ұстап, зиянды әрекеттен арылып, тағайындалған препараттарды уақтылы қабылдаса жеткілікті. Ал күрделі түріне хирургиялық жол көмекке келеді.

Жүрек-қан тамырларының жағдайын білу үшін жасалатын анализдер

Ең бірінші, кардиолог науқастың хал-жағдайын сұрап, физикалық тексеріс жасайды. Содан кейін алғашқы әдістер жасалынады: жалпы қан анализі, биохимиялық анализ, липид және белок алмасу, электролиттердің деңгейін білу.

Егер жедел немесе созылмалы жүрек жетіспеушілігі білінсе, тез арада косымша зерттеу әдістерін жасау міндеттеледі.

Электрокардиограмма – жүректің электірлік белсенділігін графикалық тіркеу. Бұл әдіспен жүректің анатомиялық орналасуы, жүрек камераларының ұлғайуы, жүрек ырғағының және өткізгіштігінің бұзылыстарын, ишемияның, электролиттік өзгерістерді, токсикалық дәрілердің  және де басқа аулардың  жүрекке әсерін көруге болады. Сол секілді электрокардиограмманы жүктемеге беру және дәрілердің әсерімен тест жасау әдістері бар. Тәуліктік электрокардиография (жүрек-қан тамырларын ультрадыбыс арқылы зерттеу) жасауға Холтер ЭКГ, тәуліктік артериалық қысымды өлшеу аппараттарынан өту кіреді.

Тағы да жүрекке компьютерлік томография мен көрсеткіштерге коронарография жасауды қосуға болады. Бұл зерттеулер біздің ағзамыздың моторын толық тексерістен өткізіп, кем-кетігін анық көрсетіп береді. Осы арқылы кей аурулардың да алдын алуға болады.

Артық салмақтың жүрекке қаупі қандай?

Семіздік – мультифакторлы ауру. Оның негізгі себептері: аз қозғалу, көп әрі дұрыс тамақтанбау, қосымша созылмалы ішкі секреция бездерінің аурулары мен генетикалық бейімділік. Салмақ индесінің 30-дан жоғарылап кеткені осы проблемаға нұсқайды. Семіздіктің кесірінен басқа да көптеген дерттер белең алып, соңы өліммен аяқталуы ғажап емес. 1988 жылы семіздіктің патогенезін ескере отырып, метаболикалық синдром термині енгізілген еді.  Дәл осы синдром миокард инфарктысына, басқа да жүрек-қан тамыр ауруларына, диабеттің екінші типіне, бүйрек сырқатына шалдықтырады.

Жедел коронарлы синдром дегеніміз не? Келер қауіп қаншалық?

Жедел коронарлы синдром – жедел миокард инфарктісіне және тұрақсыз стенокардияға күдік тудыратын симптом не клиникалық белгілердің жиынтығы. Ол белгілерге мыналар кіреді: кеуде тұсы немесе жүректің қысып ауыруы, стенокардияның әдеттегі ұстамасымен салыстырғанда күштірек, яғни он бес минуттан да көп сақталады, ауырсыну сол немесе оң қолға, мойынға, төменгі иекке беріледі. Бұл мазасыздықты басу үшін пайдаланылған нитраттардан ешқандай пайда болмауы мүмкін, әсер еткен күннің өзінде араға біраз минут салып ауырлық сезімі қайтадан шығып жатады.

Сол сияқты жедел коронарлы синдромды үш тәуліктің ішінде анықтауға мүмкіндік бар. Оны нақтылаудың осынша уақытқа созылуы электрокардиографиядағы өзгерістер мен клиникалық көріністерге байланысты. Жедел коронарлы синдром кейде өлімге алып баруы ықтимал. Сол себепті, оны анықтаған бойда белгіленген іс-шаралар қолдану қажет. Әр минут бағалы болғандықтан, науқасты коронарография жасау орталығына тезірек жеткізіп, ал олар қашықта орналасқан болса тромбты еріту дәрілерін қолдану керек.

Науқас ілгеріде айтып кеткен ауырсынуды сезінсе, бірден жедел жәрдем шақыртқаны жақсы.

Жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алу үшін...

...бірнеше шаралар қолдану керек:

– Біріншіден, шылымнан түбегейлі бас тартқан абзал, ал алкогольды белгіленген мөлшерден асырмау керек немесе тіптен рационыңыздан шығарыңыз;

– Дұрыс тамақтанудың ережелерін түзіп, соны бұзбауға тырысу қажет;

– Майлы, қуырылған тамақтардың мөлшерін азайтып, түзды тәулігіне 4 гр. асырмаған дұрыс. Сол секілді калийі көп (құрма, өрік,  теңіз қырыққабаты) тағамдарды жиі пайдаланып, сарыуызды мейлінше аз қолдану керек.

– Әрине, көкөніс пен жеміс-жидектердің күнделікті тамақ рационына қосуды ұмытпаңыз.

– Физикалық белсенділікті арттырып, салауатты өмір салтына көшіп, бастысы семіздіктен сақтаныңыз;

– Қандағы холестерин құрамын бақылауда ұстап, жиі тексеріп отыру қажет.

Бұл көрсетілген шаралардың барлығы әр жанның өзіне байланысты. Кез келген адам аурудың алдын ала алады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға