Жаңалықтар

Қатерлі ісікті алғашқы кезеңдерінде анықтаудың 5 жолы

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде...
Қатерлі ісікті алғашқы кезеңдерінде анықтаудың 5 жолы
29.11.2018 18:01 11218

Рак әлемдегі өлім-жітімнің басты себептерінің бірі. 2018 жылы осы дерттің салдарының 9,6 млн адам көз жұмған. Яғни, бұл ауру әлемдегі әрбір алтыншы ажалға себепкер. Бұл сырқаттың 70%-ы әлеуметтік ахуалы орташа немесе нашар елдерде кездеседі. Біздің елде дәл қазір рак дертіне шалдыққандар саны 171 мың адамды құрайды. Соңғы он жылда қатерлі ісіктің пайда болуы 9,5%-ға өскенімен, өлім көрсеткіші 28,5%-ға төмендеп отыр.

Егер алғашқы сатысында қатерлі ісік белгілерін байқаса, айығып кету көрсеткіші жоғары екенін білесіз бе?

Ол үшін айнаға қарап, салмаққа жиі көңіл аудару қажет.

1. Аса мұқияттылықпен өзіңді тексеру

Ісіктердің ішіндегі ең агрессиялы қатерлі меланомалар болып есептеледі. Меланомалар қарапайым қал сияқты көрінгенімен, мұқият қараса ажыратуға болады. Сондықтан, денені жиі тексеріп, пигментті дақтарға көңіл бөлген дұрыс. Соның арқасында тері рагын ерте кезеңінде байқап, шара қолданса, айығып кету мүмкіндігі өте жоғары.

Тері рагын қалай тексеру керек?

Душ не ванна қабылдаған соң, жарық жақсы түсетін бөлмеде өзіңізге мұқият қараңыз.

1. Шешініп, бойыңыз толық көрінетін (кішісі де жарай береді) айнаның алдына келіңіз. Бетіңіздегі, денеңіздегі, мойныңыздағы, барлық қалдарды тексеріп шығыңыз. Әйелдерге көкірегінің астындағы теріні де қарап шыққан абзал. Саусақтардың арасын да ұмыт қалдырмаңыз.

2. Отырып, аяғыңызға толық тексеру жүргізіңіз. Қолыңызға кішкене айна алып, саныңыздың артына көз жүгіртіңіз. Аяқ башпайларының араларын да мұқият қарап шығыңыз.

3. Сол айна арқылы бөксеңізді қараңыз, жыныс мүшелерінде де тері рагы кездесуі мүмкін.

4. Арқаңызды асықпай қараңыз, әрбір қара нүктеге назар аударыңыз.

Онкологиялық осындай тексерісті айына бір рет жүргізіңіз. Сонда теріңізді толық бақылауда ұстайсыз.

(Мұндай алгоритмді америкалық онкология қоғамы ұсынады)

Неге назар аударуыңыз керек?

•  Диаметрі 6 мм-ден үлкен қал немесе дақтар;
•  Кедір-бұдыр, шеті көмескі жаңа түзілістер;
•  Түсі басқа, мәселен қызыл немесе ақшыл-қара қал мен дақтар;
•  Терінің бетінде пайда болған күдікті түзілістер.

Онкологиялық тері аурулары әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан, қышыған, су бөлінген, қанаған, қабыршықтанған нәрсенің барлығын дәрігерге көрсетіңіз.

2. Салмақты тексеру

Көптеген онкологиялық аурулар бастапқыда еш симптомыз дамиды. Рак бар, бірақ оны сезіп-білу қиынның қиыны. Себебі, ауырсыну немесе тағы басқа симптомдарды байқау мүмкін емес. Ал көз үйренген сырқаттарға көбіміз назар аудара бермейміз. Әлсіздікті сезінсек болды дәрігерге жүгірмей, жұмыстан уақытша демалыс аламыз емес пе?

Онкологиялық аурулардың бір себебі – тамақтану мен өмір салтын өзгертпей-ақ, салмақтың жоғалуы. Біле білсек, өңеш, өкпе, асқазан, ұйқы безі обырлары осы арқылы белгі береді.

Әрине, салмақ тек қатерлі ісіктің кесірінен төмендемеуі мүмкін. Сол үшін қалыпты салмағыңызды біліп, килограммдарыңыз қайда, қалай кетіп жатқанынан хабардар болып тұру керек.

3. Генетикалық анализ жасау

Рактың көп түріне бейімділік атадан балаға беріліп жатады. Генетикалық тестілеу қауіптің қай тұстан келетінін білуге көмегін тигізеді. Егер отбасыда бұған дейін онкологиялық ауруға шалдыққан жан болса, тестілеуден өтуге тура келеді.

Мәселен, сүт бездерінің рагының дамуына BRCA1 және BRCA2 гендерінің мутациясы әсер етеді. Егер адамнан осы белгілер байқалса, оның денсаулығына қауіптің болуы мүмкіндігінен хабардар етеді.

Геннің «жақсы болмауы» – ол нақты ауру дегенді білдірмейді. Ол денсауылыққа аса мән беріп, сақтанып жүру керектігін білдіретін дабыл деп қабылдаған жөн.

4. Маммографиядан өту

Маммогарфия – бұл сүт бездерін рентген сәулелері арқылы тексеру. Әйелдерге 40-45 жастан кейін жиі тексерістен өту міндеті жүктеледі. Ал 50 жастан асқандарға жылына бір немесе екі жылды араға салып, тексерілу керек. Ол жасқа дейін тексерілудің пайдасы жоқ, кейде зиян болып жатады.  Себебі, жалған ақпарат беріп, басқа түрлі операцияларға жол сілтеуі ғажап емес.  

Өздігінше омырауын қысып тексеру зиян!

Мамандар өзін-өзі тексергендер рактың алғашқы кезеңінде ешқалай көмекке келмейтіндігін айтады. Керісінше, пайда болған басқа түзілісті қатерлі ісік деп қабылдап, уайымдауға алып келеді дейді (десе де, асқынған кезінде болса да өзі байқап, дәрігерге жүгірген оқиғалар кездескен).

Ер адамдарда да көкірек рагы аз болса да кездеседі екен. Сол себепті, кез келген жағымсыз симптомдарға: ауырсыну, қатаю, омырау ұшынан бөлінген су, пішінінің өзгеруіне көңіл бөлген дұрыс.

5. Қанша шылым шегетінін санау

Өкпенің қатерлі ісігі ең кең таралған онкологиялық сырқаттың түрі болып отыр. Оған шалдығатындардың басым көпшілігі темекі тартатындар. Тіпті, 15 жыл бұрын шылым шегуді қойып кеткен адамда да өкпе обыры пайда болуы мүкмін. Өкпе рагының дамуының алғышарты – шегетін темекіні санақтан өткізу.

Ауырып қалу қаупін білу үшін шылым шегетін адамның индексі есептеледі. Мысалы, күнделікті тартатын темекі санын, пайдаланып келе жатқан жылға көбейтіп, 20-ға бөлу қажет. Жауабы 25-тен көп болған жанның дертке шалдығу қатері жоғарылап бара жатыр деген сөз. Міндетті түрде, қосымша тексерістен өту керек!

Айтпақшы, өкпе рагын білу үшін флюография ешқандай көмекке келе алмайды, оның орнына компьютерлік томографиядан өту қажет.

Не істеуге болмайды?

1. Өзіне диагноз қою. Интернеттен түрлі симптомдарын оқып шығып, қорытынды жасауға болмайды. Біздің мақсатымыз – қауіптің алдын алу. Ал диагнозды онколог мамандардың өздері қояды.

2. Онкомаркерге қан тапсыру. Бұл аналзиздер қатерлі ісік белгісі кездескен жандар үшін керек, ал дені сау адамдар тапсырса, жалған көрсеткіш шығуы мүмкін. Онкомаркер арқылы емделу динамикасын қадағалайды. Мұндай зерттемелер үшін қайта-қайта қан тапсырылады. Бір реттік анализ ешқандай пайдалы ақпарат бермейді.

3. Себепсіз МРТ, УДЗ тексерістен жасау. Бұл зерттемелерді диагноз белгілі болғаннан соң ғана белгілейді. Дені сау адамды тексеру орынсыз: егер оны белгілеп жатса, дәрігердің нені қарау керегін толық білмей тұрғаны.

Қосымша ақпарат

•  Қатерлі ісік дертінен қайтыс болғандардың әрбір үшіншісінде мына белгілер кездеседі: дене салмағы индексінің жоғары болуы, жеміс-жидек пен көкөністі аз пайдалану, физикалық белсенділіктің төмен болуы, табак пен алкогольді пайдалану.
•  Табак пайдалану рак дамуының ең басты факторларының бірі. Әлемдегі рак өлімінің 22 %-ы осы темекіден келеді. 
•  Ахуалы нашар мемелекеттердегі 25% ракқа түрткі болатындар инфекция мен папиллома вирусы. 
•  Рактың алдын ала алмаудың басты себебі - диагностиканың қолжетімсіздігі. Лайықты медициналық қызмет көрсете алатынын жоғары кірісті мемлекеттердің 90%-ы мәлімдесе, кірісі төмен елдердің 30 % ғана осындай мүмкіндіктері барын айтқан.
•  Рактың экономикалық эффектісі жыл өткен сайын өсіп барады. 2010 жылы рактың жылдық залалы 1,16 трлн АҚШ долларын құраған.

Жоқ жерден ауру іздемеңіз. Қатерлі ісік дертін алғашқы кезеңдерінде анықтауға әбден болады, алайда ұзақ іздеймін деп асқындырып та алмау қажет!

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға