Жаңалықтар

Иммунитетті көтеретін 5 фактор

Қаныққан майларға бай, әсіресе, фаст-фуд өнімдері иммунитетті төмендетеді
Иммунитетті көтеретін 5 фактор
23.12.2019 13:20 39695

Қыс мезгілінде иммунитетті көтеру өзекті мәселеге айналып отыр.  Бұл кезеңде адамдар иммунитетінің қорғаныс қабілеті төмендеп, түрлі инфекциялардың қоздырғыштарын қабылдауы жиілейді. Сол үшін адам ағзасында дәрумендер жеткілікті болып, өзінің түрлі ауруларға деген қорғанысын арттыру шаралын білгені дұрыс. Осыған байланысты, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығынын Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Гүлмира Асқарқызын сөзге тартқан едік.

Иммунитет латынның іm-munіtas  (арылу, құтылу, босап шығу) сөзінен шыққан.  Иммунитет – организмнің зиянды немесе бүлдіруші әсерлерге қарсы тұру қабілеті мен оларды қабылдамаушылық қасиеті. Иммунитет құбылысын жан-жақты зерттеуде И.И. Мечников, Л.Пастер және тағы басқа да зерттеуші-ғалымдардың сіңірген еңбегінің маңызы зор. 

Иммунитеттің түрлері

Иммунитет – адам ағзасының қоршаған ортада кездесетін әртүрлі бөгде заттарға қарсы тұру және қабылдамау қабілеті. Иммунитеттің түрлері: туа біткен иммунитет, яғни ген арқылы берілетін немесе анадан балаға берілетін иммунитет. Кейіннен пайда болған иммунитет белгілі бір инфекциялық аурумен ауырғаннан кейін пайда болатын табиғи иммунитет және адамдарда белгілі бір инфекциялық аурулардан сақтау мақсатында егу арқылы пайда болатын иммунитет.

Қазіргі қыс мезгілінде адам ағзасында дәрумендердің жетіспеушілігі және күн көзі түсуінің ұзақтығының азаюымен байланысты. Сондай-ақ, ауа-райы температурасының төмендеуі де адам ағзасы үшін қолайсыз әсер етеді.

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (ҚДСҰО) Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Гүлмира Утепованың пікірінше:

Қыс мезгілінде иммунитетті төмендетіп алмау үшін басты назарда болуы қажет: біріншіден тамақтану рационына жақсы көңіл бөлу, таза ауада көп серуендеу, белсенді демалыс түрлері көп болуы қажет және әртүрлі эмоционалдық күйзелістерден аулақ болу, уақытылы ұйықтап күн тәртібін сақтау, созылмалы аурулардан толық емделу, ағзада инфекция көздері болып саналатын ошақтардан сауығу (ауыз қуысы ауруларын емдеу), ауыз қуысы гигиенасын сақтау қажет. Сонымен қатар, жабық бөлмеде адамдардың ұзақ уақыт болуы да түрлі ауа-тамшы арқылы таралатын инфекциялардың тез жұғуына әсерін тигізеді.

Екпе егуді күз айларында алу қажет

«Тұмауға қарсы вакцинация - инфекциялардан сақтанудың ең тиімді әдісі. Екпе егуді жылдың қыркүйек, қазан айларында, яғни эпидемиялогиялық маусым басталғанға дейін алу қажет. Вакцинаны шығаруда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен (ДДСҰ) анықталған тұмау вирусының айналымдағы штаммдары қолданылады. Сонымен қатар, вакцина тұмау вирусының бірнеше түрінен қорғап, иммунитет қалыптастырады және жыл сайын екпе егілген жағдайда адамда тұмаудың көптеген түрлеріне қарсы толық иммунитет пайда бола бастайды» - дейді бас маман.

Тұмаумен ауырғаннан кейінгі иммунитет, екпе арқылы жасалған иммунитетке қарағанда тұрақты болады. Дегенмен, тұмауға қарсы егу қыс мезгілінде сырқаттанушылық деңгейін едәуір төмендететінін атап өткен жөн.

 

Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Гүлмира Утепова мынадай  кеңесімен бөлісті:

«Тұмау ауруының алдын алуда тұмауға қарсы екпе жасатуға және балаларға бекітілген күнтізбеге сәйкес инфекциялық ауруларға қарсы егулерді уақытылы жасату (медициналық қарсы көрсетілім болмаған жағдайда) қажет».

Балалардың иммунитетін көтеру жоғарыда айтылған қағидаларға ұқсас. Дұрыс тамақтану, дәрумендер қолдану, уақытылы дәрігердің кеңесі бойынша екпелерді жасату және күн тәртібінің сақталуын қадағалау қажет.

Қазіргі таңда техниканың дамыған кезеңінде балалардың әртүрлі гаджеттерді қолдануы олардың тірек-қимыл жүйесіне салмақ түсіруі, жүйке жүйесіне әсер етуімен қоса қозғалыстың азаюына, олардың денсаулыққа жағымсыз әсерлері (электромагниттік сәулелену), сондай-ақ физикалық белсенділіктің жоқтығы, таза ауада көп болмауы мен көп уақытын жабық бөлмеде өткізуі – өкінішке орай кері әсер етеді.   

Иммундық жүйе төмендеуіне әсер ететін факторлар

Қазіргі таңда иммундық жүйенің төмендеп кетуіне немесе жалпы адамдардың денсаулығына зиянды себебін тигізіп отырған факторлар бар:

1. Дене қозғалысының аздығы. Бұл балалармен бірге ересек адамдарға тән өзекті мәселе. Мектептерде, жоғарғы оқу орындарында дене шынықтыру пәндерінің сапалы өткізілуі, сабақ кестелерінің гигиеналық талаптарға сәйкес дұрыс жасалуы, әрбір ата-ана баланың күн тәртібін қадағалауы (гаджеттерді қолдануын шектеу) қажет.

2. Азық-түліктің сапасы. Халық тарапынан азық-түлік сапасына деген талап жоғары болуы тиіс. Күнделікті қолданыстағы азық-түлікті өндіру кезінде қойылатын талаптар Кедендік одақтың (КО) шешімімен бекітілген Техникалық регламенттерде көрсетілген. Сондықтан өндіруші тарапынан өндірістік бақылау жүргізіліп, тұрғындар үшін таңбалау жасалады.

3. Қоршаған ортаның зиянды факторлары қазіргі таңда урбанизация, қалалық жерлерде көліктің көбеюі, өндірістік шығарындылар, ауаның ластануы, азық-түлік сақтайтын пластикалық ыдыстардың тұрмыста көп пайдалануы денсаулыққа әсерін тигізетін қосымша факторлар болып есептеледі.

«Бұл мәселелерде де әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, басқа адамның да денсаулығына зиянын тигізбеу қажеттілігін түсінуі қажет. Аталған зиянды факторлардың денсаулыққа әсерін азайту мен халықтың денсаулығын жақсартып, сырқаттанушылықты төмендетуде көптеген жұмыстар жасалынуда. Соның бірі 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы әзірленіп бекітілуде. Бағдарламада салауатты өмір салтын ұстану және профилактикалық іс-шараларға ерекше көңіл бөлінген» - дейді А.Утепова.

Иммунитетті көтеру үшін...

С дәруменін қабылдау. С дәрумені барлық көкөністер мен жемістерде болады. Жалпы ағзаға қажет барлық дәруменді тиімді әрі мөлшерімен қабылдаған жөн. Дегенмен қыс мезгілінде олар қолжетімді болмағандықтан С дәруменін дәріханалардан сатып алып қажетті тәуліктік мөлшерін толтыруға болады немесе табиғи түрде жеміс-жидек қосылған (итмұрын, қарақат, шырғанақ) шәйлар, көк шөптер, тұздалған қырыққабат, цитрусты өнімдер, бұрыш, пияз және сарымсақты көбірек тұтыну қажет.

Дұрыс тамақтану. Жоғарыда аталған тағамдардан басқа, қысқы уақытта рационға міндетті түрде асқабақ қосу керек. Оның құрамында темір, А, В, С, Е, D, Р, Т дәрумендерінің, каротин және микроэлементтердің мөлшері көп. Мүкжидек, шәңгіш және жалбыз табиғи антибиотик болып саналады. Олардан сусындар дайындап ішу денсаулыққа өте пайдалы. Кепкен жемістерден дайындалған сусындар да дәрумендерге бай. Сондай-ақ, мейіз, жаңғақтардан жасалған қоспалар, теңіз өнімдері, зәйтүн майы, бөдене жұмыртқасы, лимон және бал (аллергия болмаған жағдайда) қосылған шәй ағзаның қорғаныс қабілетін арттырады.

Иммунитетті көтеретін шөптер. Иммунитетті шөптерден жасалған түрлі тұнбалар мен қайнатпалардың көмегімен, сондай-ақ жылы ванналар қабылдау арқылы көтеруге болады. Бірақ аллергиялық реакциялардың болмауын жіті бақылау қажет. Бұлар күңгірт қызылкүрең, ошаған, тіршілік тамыры, шайқурай, сарбұрау және жөке ағашының гүлдері.

Иммунитетті көтеретін сусындар. Иммунитетті көтеру үшін жеміс-жидек қосылған шәйларды пайдаланумен қатар зімбір, таңқурай қосылған сусындар және жаңа сығылған сәбіз шырынын айтуға болады. Қазіргі таңда адамдар судың ағза үшін өте маңыздылығын және салмағына қарай орташа күніне кем дегенде 1,5-2 литр су ішу қажеттілігі туралы жақсы біледі.

Сондай-ақ, асқазан-ішек ауруларын емдеу мен иммуниттетті көтеруге ұлттық сусындарымыздың, әсіресе қымыз, шұбат, саумалдың пайдасы өте зор. Бұл сусындар тек зат алмасу процесін жақсартып қана қоймай, түрлі ауруларға ем болып саналады. Бұл ұлттық сусындарды қолданар алдында созылмалы және аллергиялық реакциясы бар адамдар дәрігермен кеңесіп алғаны жөн.

Дене қозғалысымен айналысу. Таза ауада, көшеде серуендеу. Ал үнемі кеңседе жұмыс жасайтындар үшін жұмыс орнында үзілістерде дене шынықтыру жаттығуларымен айналысқаны дұрыс.

 

Су - ағза үшін ең қажетті қоректік зат.

Су - ағзаның барлық мүшелерінің дұрыс жұмыс істеуі үшін минералдарды, дәрумендерді және басқа да қажетті заттарды ерітуші, қоректік заттарды жасушаларға жеткізіп, зат алмасу процесінің қалдықтарын бүйрекке ағзадан сыртқа шығару үшін жеткізуші болып саналады. Су - ағзаның температурасын реттейді. Соның әсерінен ас қорыту жақсарып, оңай қорытылады, адамның дене қызуы мен қан айналымы жақсарады. Сондай-ақ, жасушаларға қоректік заттар мен оттегінің түсуі және токсиндердің шығарылуы  жақсарады.

Қаныққан майларға бай бар өнімдерді тұтынуды шектеу қажет

Маманның пікірінше, жалпы адамның иммунитеті тікелей дұрыс тамақтануы мен өмір сүру салтына байланысты екенін атап өттік. Енді дұрыс тамақтану принциптеріне тоқталсақ... Толыққанды, түрлендірілген ас құрамы әр адамның жеке ерекшеліктеріне (жасы, жынысы, өмір сүру салты, физикалық белсенділік дәрежесі), мәдени контекстке, тамақтанудағы дәстүрлеріне және жергілікті өнімдерге байланысты болады. Дегенмен, негізгі дұрыс тамақтану қағидалары бірдей. Ересек адам үшін рационда міндетті түрде:

- Көкөністер, жемістер, бұршақ (мысалы: жасымық) жаңғақ және тұтас дақылдар (өңделмеген жүгері, сұлы, тары және тазартылмаған күріш) болуы қажет. Жемістер мен көкөністердің үлесі күніне кемінде 400 грамм.   

- Бос қанттар мөлшері салмағы қалыпты жағдайдағы, күніне 2000 каллорий тұтынатын адам үшін 50 грамм (немесе 12 шәй қасық). Бос қанттар – бұл тағамға немесе сусынға өндірушімен, аспазбен немесе тұтынушымен қосылатын қант, балда, шырындарда және олардың концентраттарында болатын қанттар.

- Майлар тұтынылатын энергияның 30%-нан кем болуы қажет. Әсіресе қанықпаған майларға (балық, жаңғақ, авокадо, сондай-ақ күнбағыс, соя, рапсы және зәйтүн майы) бай өнімдерді тұтыну қажет. Қаныққан майларға бай (майлы ет, сары май, пальма және кокос майлары, кілегей, ірімшік) өнімдерді, трансмайлардың барлық түрін, оның ішінде өндірістік қаптамадағы трансмайлары (мұздатылған пицца, бәліштер, печеньелер, вафли, бутербродтар) бар өнімдерді тұтынуды шектеу қажет.

- Тұздың мөлшері 5 граммнан аспауы қажет (1 шәй қасық), яғни тұз йодталған болуы керек. Сондықтан, дұрыс тамақтануды қалыптастыруға адамның жеке қалауынан басқа әлеуметтік және экономикалық факторлар да әсер етеді. Сондықтан, дұрыс азық-түлік ортасын қалыптастастыруға барлық мүдделі тараптармен, секторлар қатысады.

Қарттар уақытылы дәрігерлік тексерулерден өтіп тұруы тиіс

Қарт адамдардың иммундық жүйесінің қызметі жасы ұлғайған сайын төмендеп, қарт адамдар инфекциялық аурулармен жиі ауырып, созылмалы ауруларға да жиі ұрынып жатады. Ғылымда бұл адам ағзасында бөгде жасушаларды анықтап табатын, жоятын лимфоциттердің бөлінуінің төмендеуімен түсіндіріледі. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, гигиеналық талаптарды сақтау, жыл сайынға сауықтыру ем-шараларын қабылдау арқылы қарт адамдарда иммунитетті күшейтіп отыру қажет. Сондай-ақ, кешенді препараттарды, оның ішінде дәрумендер мен минералдары бар препараттар қабылдауға, уақытылы дәрігерлік тексерулерден өтіп тұруға кеңес береміз, - дейді Гүлмира Асқарқызы.

Биологиялық активті қоспалар

Биологиялық активті қоспалар (БАД) -  тағам құрамын байыту немесе аурудың алдын алу мақсатында құрамына қосылатын немесе бөлек қабылдауға арналған табиғи заттардың компоненті. Құрамына кіретін компоненттеріне байланысты БАД-тың түрлері өте көп. БАД-тың қауіпсіздігі өндіру кезінде қолданылған шикізаттар мен материалдардың қауіпсіздігімен, яғни олардың химиялық және биологиялық сипаттамасын (токсинді элементтері, пестицидтер, микотоксиндер, антибиотиктер, радионуклидтер, тағам қоспалары) тексеру, әрбір анықталған тәуекелдің адам ағзасына әсері мен салдарын, композициялық құрамының дұрыс таңдалуы, рұқсат етілген тұтыну және әсер ету мөлшерінің дұрыс жасалуына талдау арқылы анықталады. БАД-тың өсімдік тектес құрамнан жасалған, зерттеуден өткізілген түрлері иммундық жүйенің жұмысын жақсартуға бағытталған жағдайда, әрине, иммундық жүйеге оң әсері болады, - дейді бас маман Г.Асқарқызы.

 

Иммунитеттің қалыптасуына тұтас жүйе ретінде бүкіл организм қатысады. Өйткені оның қорғану механизмі бір-біріне байланысты, әрі нейрогуморалды реттеу жағдайында әрекет ететіндіктен денсаулығымызға қатты мән бергеніміз жөн.

Денсаулығыңыз жақсы, иммунитетіңіз мықты болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға