Жаңалықтар

Иммунитет деген не және оның төмендеуінің себептері

Иммунитет қалай жұмыс жасайды? 
Иммунитет деген не және оның төмендеуінің себептері
28.06.2020 18:34 32732

Көп жағдайда ауырған адамға қарап, «иммунитеті төмен болған» деп айтып жатамыз. Қазір де ел ішін еркін аралаған тәжді вирустан қорғану үшін отбасымызбен иммунитетімізді көтеруге кірісіп кеттік. Байқап қарасаңыз, дәріханаларда дәрумендер мен иммун күшейткіш дәрі-дәрмектерді сатып алып жатқанадардың қарасы көп. Әсіресе, желілік маркетинг өкілдері тағамға биологиялық қоспа ретінде ұсынылатын (БАД) дәрумендік заттарын иммунитетті көтереді деп мақтайды. Вирустан қорыққан халық удай ақшаға иммун күшейткіш дәрі алып ішуде.

Сонымен, бірінші кезекте иммунитетке қатысты мәселенің ақ-қарасын ажыратып көрелік.

Біздің иммундық жүйеміз бірнеше ағзаларадан тұрады:  миндалиндер мен аденоидтер, айыр без (тимус), лимфалық түйіндер, талақ, соқыршек, ішектегі Пейе пластиналары, жілік майы. Бұлардың барлығы біздің басты қорғаныш клеткаларымыз - лимфоциттерді түзіп, жинайды. Ағзаға инфекция түскен уақытта, лимфоциттер оларға қарсы антиденелер түзе бастайды.

Лимфоциттердің иммундық жадысы бар. Егер бұған дейін кездескен микроб, вирус ағзаға қайта түссе, лимфоциттер оған қарсы антиденені көбірек өндіріп, вирустан тез «құтылады».

Иммунитет деген не және оның төмендеуінің себептері

Адамның иммундық жүйесінде әлсіздіктің пайда болуы

Біздің иммундық жүйеміздің басты қарсыластары, бұл:

-        суық тиу және инфекциялық аурулар. Ол бір тұйық шеңбер іспетті – адам қаншалықты жиі суық тигізсе, соншалықты көбірек оның иммунитеті зардап шегеді, ағзаның иммундық жүйесі қаншалықты нашар болса, адам соғұрлым жиі инфекция жұқтырады;

-        маусымдық дәрумен жетіспеушілігі;

-        күйзеліс. Мықты эмоционалды және психикалық қысым кезінде адреналин, кортизол секілді күйзеліс гормондарының ғана емес, «әлсіздік гормоны» - ацетилхолиннің түзілуі артады. Бұл адамның ағза жүйесін әлсіздендіреді;

-        қатаң диетаның салдарынан ақуыз, май, көмірсутегі үйлесімділігінің бұзылуы;

-        алкоголь мен темекіні шамадан тыс пайдалану;

-        антибиотиктерді сауатсыз, жөнсіз қабылдау.  

Иммунитетті арттырудың жолдары

-        А және Е дәрумендері синтезделетін каротиндер – тимус жасушаларының ең мықты қорғанышы. Ол қай органда көбірек шоғырланса, оның микроағзамен күресуі де нәтижелірек болады. Талақ қорғаныш денелерін өндіреді, сондықтан ол да зиянды заттарадан  А, Е секілді дәрумендер антитотықтырғыштар арқылы қорғалуы тиіс. А дәруменінің негізі сәбіз, асжапырақ, итмұрын жидектерінде, ал Е дәрумені өсімдік майында бар. Жалпы, күніне 2 үлкен қасықпен зәйтүн майын ішіп тұрған дұрыс.  

1.    Қызанақ шырынын күнделікті ішу ағзаның барлық жасушаларында каротиннің түзілуін арттырады. Ал Е дәруменінің жетіспеушлігін оңай қалпына келтіруге болады. Ол үшін күнделікті салатқа қосып немесе сол күйінде бір үлкен қасық өсімдік майын тұтыну керек.

2.    Цитрусты жемістер мен алманы көбірек жеу керек (олардың құрамында С дәрумені мен темір бар).

3.    Иммунитетті нығайтуға цинк (тазартылмаған дәнде, сыра ашытқысында (пивной дрож) көп) селен (астық нанында, сиыр, күркетауық еттерінде, сарымсақта бар) пайдалы.

4.     Сондай-ақ, үйде ауаға эфир майларын сеуіп тұрыңыз. Эфир майы шырышты қабықтың жағдайын жақсартып, ылғалдандырады, әрі инммунитетті көтереді.  

5.    Күн сайын 30-40 минут жаяу жүру керек. Бұл жүрек-қан тамырларын және иммундық жүйені белсендендіруге қажетті уақыт.

Иммунитет деген не және оның төмендеуінің себептері

Иммундық жүйеге салынатын салмақты азайтыңыз

Бұл аурудың алдын алудың тағы бір жолы. Айналаңыздағылардың бәрі ауырып жатса, тек иммунитетті көтеріп қана қоймай, инфекция жұқтырушылармен байланысты шектеу қажет. Организмге түсетін бактерия мен вирустардың көлемі аз болған сайын, иммунитеттің оны жеңуіне де оңай болады. Ол үшін:

-        адамдар көп шоғырланған жерелерге бармаңыз. Кездескенде 1,5 метр қашықтықты сақтаңыз. Қол алып амандаспаңыз, амандасу кезінде бетінен сүйіп құшақтамаңыз;

-        ауру адамның түкірігі бетіңізге шашырамас үшін, қоғамдық орындарда, дүкендерде бетперде киіп жүріңіз;

-        далаға шығар алдында киімдеріңізге микроб, вирусқа қарсы эфир майларын (жалбыз, эвкалипт, арша жидегі) сеуіп алыңыз. Бұл сіз дем алатын ауаны залалсыздандырады.

-        қолдарыңызды домофон, лифт түймешелерін, есік тұтқасы, телефон ұстағаннан кейін антисептикпен сүртіңіз. Үйден тыс жерлерде жүрген уақытта қолыңызды жумай бетіңізді ұстамаңыз;

-        үй ішін әрбір 3-4 сағат сайын желдетіп тұрыңыз. Шаңды сүртіп, ауаны ылғалдандырыңыз;

-        қолыңызды үйге келгеннен кейін мұқият жуыңыз. Кілт, сөмкеңізді сүртуді ұмытпаңыз. Егер көзілдірік кисеңіз, оны да сабынмен жуу керек.

 

Иммунн күшейткіш дәрілер организмді әлісірете ме?

 

Біз кез-келген дерттің сырын иммунитеттің әлсіреуінен іздейміз. Сөйтіп дәріханалардан иммунитетті күшейтетін түрлі дәрілер аламыз. Шын мәнінде, организмнің иммундық жүйесінің жауап бере алмауы күрделі жағдайларада ғана – ота, имплантация, агрессиялық антибиотиктерден кейін ғана болады. Басқа кезде ағзадағы антиденелер бактерия, вирустармен өздігімен күресуі керек.

Қазір негізінде интерферондар бар, иммундық зат алмасуға ықпал ететін түрлі дәрі-дәрмектер ішіп жатады. Алайда, иммунологтар дәрілік иммун күшейткіштер не тіпті пайдасыз, не оның ауырлау түрін ауру көрсеткіштері болғанда ғана, мәселен иммунтапшылығы болғанда ғана қолдану керек дейді. Кез-келген жөнсіз пайдаланылған күшейткіш, керісінше, ағзаны әлсіретуге алып келеді. Егер үнемі дәрі-дәрмек арқылы лейкоцит өндірісін қамшылай берсе, оны сырттан көмек күтіп отыруға «үйретіп» аламыз.

Ал сергіп, жалпы тонусты көтергіңіз келсе, табиғи адаптогендерді пайдаланған дұрыс. Бұл – адамшөпте (женьшень), қытай серменесінде (китайский лимонник), алқызыл семізотта (родиола розовая) бар, олар иммун жүйесіне кедергісін келктірмей, зат алмасу ферменттерін, вегетативті және эндокринді жүйе жұмысын белсендендіреді.

«Иммундық статусқа тест» тапсыру

Бүгінде халықтың дені «иммундық статусқа тест» тапсыруды «модаға» айналдырған. Шын мәнінде, иммундық статусты бір тестпен анықтау мүмкін емес. Иммундық статус иммундық реттеудде ауыр ауытқушылықтар болған кезде ғана маңызға ие болады. Яғни иммунжетіспеушілігінде.
Кей адамдардың жиі суық тиіп ауыруы иммунитеттің нашарлығынан ғана емес, аллергиядан да болуы мүмкін.

Оны анықтау үшін Е иммунды глобулинге қан тапсырып, тері сынамасын алу керек.

Иммунитет деген не және оның төмендеуінің себептері

 

Түрдің бозаруы мен шаршаңқылық қайдан пайда болады

Әлсіздіктің, сылбырлықтың, бозарыңқылықтың, жиі суық тигізудің себебі - шала емделудің салдарынан организмде қалған инфекцияның немесе жасырын аллергияның кесірінен болуы мүмкін. 

Сондай-ақ, соңғы зерттеулерге сүйенсек, созылмалы шаршаңқылық синдромының 50 пайызы герпес тобының вирустары арқылы қоздырылады-мыс. Герпес-вирус организмде оның қалыпты жұмысына кедергі келтірмей ұйықтап жатады (олардың ұясы – жұлынның жүйке түйіндері). Алайда, ЖРВИ (жедел респираторлық-вирустық инфекциялары) немесе тұмау кезінде герпес-вирустар бірден бас көтереді. Сөйтіп «иммунитеттің түсуі» байқалады, себебі, бұл уақытта адам өзінен-өзі шаршап, бір нәрсеге зейін аудара алмай, ашуланшақ болады, ұйқысы бұзылып, басы жиі ауырады.

Инфекцияның себебін нақты білу үшін жалпы және вирусқа қан сараптамаларын тапсыру керек.  Егер вирус бар екені анықталса, вирусқа қарсы дәрі-дәрмек қабылдау керек (мәселен, негізінде ацикловир бар препараттар, ол герпес вирусына қарсы белсенді дәрі). 

Назар аударыңыз! Бұл материалдағы мәліметтер тек қана ақпараттық танымдық мақсатты көздейді. Мұнда айтылғандар кәсіби дәрігер-маманның консультациясын алмастыра алмайды. Ол диагностика немесе емдеу емес. Өзін-өзін емдеу денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері көріне бастағаннан дәрігерге көрінуіңізді сұранамыз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға