Жаңалықтар

Дерт дендегендердің күтетін уақыты аз...

Нұр-Сұлтандағы жаңа хоспис қандай қиындықтарға тап болды?  
Дерт дендегендердің күтетін уақыты аз...
18.10.2019 18:45 5656

Біздің қоғамда ауыр дертке шалдыққан науқастардың көңілін сұрап, бабын жасау әлі де бар. Тіпті, «қанша күн өмірі қалды» деп көңіліне де келмеуге тырысып жатамыз. Бұл орынды да. Ал жақыны жоқтар емі жоқ ауруға тап болса қайтеді? Азапты дертпен бетпе-бет келгенде қолдаудың, физикалық көмектің қажеттігі айтпаса да түсінікті. Бүгінде қиын сәтте қолдауға зәру болған қаншама науқас өз керуетінде жан тапсырып жатыр. Олардың жан азабы мен арпалысы жайында айтудың өзі қорқынышты. Десе де, жақыныңыздың немесе бейтаныс адамның көз алдыңызда жан тапсырып жатқанын көріп пе едіңіз? Лайым көрсетпесін. Ал көргендер болса, шарасыздық дегенді олардан артық түсінетін адам жоқ. Өйткені, адамнан жан шығу оңай емес. Әлемдегі ең сұмдық та, азапты нәрсе сол сәт. Ал ауыр дертке шалдыққандарға көмек көрсететін хоспистардың қызметі осындай мәселелердің алдын-алу. Бірақ біреулер үшін бұл мәселе еместей...

(Фотода: Хоспистің сыртқы қасбеті)

Елордада ашылғанына небәрі 3 ай болған онкологиялық хосписке мемлекеттен қолдау қажет. Емі жоқ ауруға шалдыққандарға медициналық һәм әлеуметтік көмек көрсететін мекеме осы уақытқа дейін 49 науқасқа қызмет жасаған. Егер жергілікті денсаулық сақтау басқармасы қолдау білдірсе дертіне дауа таппағандар осы жерге келіп тұрақтай алады. Әсіресе, қараусыз қалып, үй күтіміне зәру болған жандар мен ауруы жанына батқан азаматтар орталыққа еш кезексіз жатқызылады. Осы орайда, Еl.kz интернет-жобасы ЖШС-ның құзырындағы мекеменің жұмысы, ондағы қызмет көрсету сапасы мен орталықтың неліктен 230-ға тарта орны бола тұра, небәрі 7 адамға көмек көрсетіп отырғанын біліп қайтты.

Елімізде онкологиялық ауруларға шалдыққандар 180 мыңнан асып барады. Ал былтырғы көрсеткіш 14 мың адамның емі жоқ аурудан ажал құшқанын көрсетіп отыр. Әзірге медицина аталмыш дертке душар болғандардың өміріне араша түсе алмай келеді. Десе де, ақхалаттылар аурудың алғашқы сатысында сырқаттан құлан таза айығуға болады дейді. Сондықтан денсаулыққа аса мән берген жөн. Түшкіре қалса дәрігердің қарауына жүгінетін дамыған елдерде онкологиялық ауруларды ерте сатыда емдеу біздегі көрсеткіштерден 3 есе артық. Бұған онкологиялық дәрі-дәрмектің қалтаға қолайсыздығы мен қажетті құралдардың жетіспеушілігі, арнайы маманданған кадрлардың тапшылығы да әсер етіп отырғаны жасырын емес. Тағы бір мәселе, онкологиялық ауруға шалдыққандарға медициналық көмектің дұрыс көрсетілмеуі. Емхана мен аурухана арасында сенделіп қалатын науқастардың сырқатын асқындырып алатын жағдайлары да жиі болады. Міне, осындай себептерден дерті дендеп кеткендер үй күтіміне жіберіледі, ал науқасты бағып-қағатын жақындары болмаса хосписке жатқызылады. Ал тағдырдың жазуымен ауыр дертке тап болғандарға демеу болатын орталық тамыздан бері мемлекеттен бір тиын да алмастан науқастарға тегін қызмет көрсетіп келген. Алдағы екі айда хоспис қызметкерлерінің жалақысы мен үлкен ғимараттың жалға алу құны өтелмей қалса, науқастар бұрынғыдай қиын жағдайға тап болуы мүмкін.

Хоспис Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының тікелей ұсынысымен ашылған. Бұл жерде науқастар дәрігерлер тағайындаған дәрі-дәрмектерді өздері әкеледі. Ал біздің медбикелер дәрілерді егіп береді. Арнайы таблеткалар берілген болса, науқасқа уақытылы ішкізіп отыруға міндеттенеміз. Мұнда өздігінен дәретханаға шыға алмайтын пациенттер де бар. Оларға арнайы көмектесетін қызметкерлер қарастырылған. Жалпы, біздің орталыққа онкологиялық аурудың соңғы стадиясындағы адамдар келіп жатады. Олардың жүріп-тұруы, өздігінен дәрілерді қабылдау мүмкіндіктері жоқ. Үйде науқастың бабын жасайтын адамдар аз. Тіпті, болмауы мүмкін. Бұл отбасы мүшелерінің опасыздығы немесе ауру адамға жасалған қиянат деп түсінбеген жөн. Барлық адамның жұмысы бар. Нарық заманында ақша табу керек. Өмір сүру керек. Ауру адамға қарауға уақыт тапшы болса, емханалардан жолдама алып, хосписке әкелулеріне болады. Негізі, мекеме бір мезетте 230 адамға лайықталған. Бірақ тиісті қаражаттың қаралмауына байланысты хосписке 10-шақты адамды ғана жатқыза аламыз. Себебі, олардың 4 мезгіл ас-ауқаты мен хоспис қызметкерлерінің жалақысы, үлкен аумақты алып жатқан орталық ғимаратының жалға алу құны өтелмей тұр, - деді орталық дәрігері Ренат Байтаков.

(Фотода: Орталық дәрігері Ренат Байтаков)

Расында, бұрын қонақүй болған ғимарат бүгінде хосписке айналып, қаңырап тұр. Соңғы үлгідегі жиһаздармен жабдықталған орталық шипажайдан кем емес. Кең бөлмелер мен жайлы керует, бөлмелердегі үлкен теледидар мен заманауи техникалар науқастарға ыңғайлы орта қалыптастырады.

Мұндағы қызметкерлер пациенттерге ерекше күтім жасайды. Біз мұндай орталықтарға науқастарды жатқызуға ұяламыз. Елдің сөзінен, ауру адамның назынан қорқамыз. Бұл біздің қазақы тәрбиемізден. Бұл дұрыс та шығар?! Бірақ осында жолдасым ем алып жатыр. Инсульт алып, қозғалысы қиындап кетті. Алғашында өзім бақтым. Бірақ өзім де біршама жасқа келген адаммын. Маған қарайтын бір адам керек. Содан екі апта бұрын осы жерге алып келдім. Қызметкерлердің науқастарды жиіркенбей жуындырып, әжетханаға шығаратынына ырзамын. Мұны көрмесе де, науқас адам сезеді. Өзін масылмын деген ойдан арылады. Осы аз ғана уақытта жолдасымның жағдайы дұрысталғандай көрінеді. Осы хосписті ашқан адамдарға алғысым шексіз, - дейді емделушінің туысы (атын атамауды өтінді).

Ешбір адам онкологиялық аурудан сақтандырылмаған. Бұл факт. Себебі, аурудың туындау себебі нақты дәлелденбеген. Ол дипрессиядан да, мүмкін өмірдегі түрлі келеңсіздіктен болған шоктан да пайда болып жатады. Айта кету керек, хоспис азапты өлімді жеңілдету орны ғана емес, науқастарға қол ұшын созу орталығы деп түсінген жөн.

Қазір қоғамда хоспис деген адамдардың қиналып жантәсілім етпеуі үшін қызмет жасайды деген түсінік қалыптасқан. Расында, бұл рас. Мұнда ешбір үміті жоқ жандар келеді. Орталыққа келгеннен кейін 3-4 күн ішінде қайтыс болатын адамдар болады. Мұны жасырмаймыз. Бірақ біздің орталықта да кәсіби білікті мамандар жұмыс істейді. Біз науқастардың ұзақ әрі медициналық тексерісте болуын үнемі қадағалаймыз. Науқастың жағдайының жақсаруы үшін тер төгеміз. Кейде науқастардың анализдерін тапсыру кезінде оны емдеуге болатыны анықталып жатады. Ондай кезде біздер де өз тарапымыздан әрекет етуге тырысамыз. Емхана мен ауруханаға жолдама жіберіп, қайта қаралып, емделуін ұсынамыз, - дейді мекеме дәрігері.

Аталмыш мекемеге жолдамамен келетіндердің 90 %-і онкологиялық ауруға ұшырасқандар болса, қалғандары инсульт, бауыр циррозына шалдыққандар. Мұнан бөлек, омыртқадағы жүйке талшықтары жұмысына зақым келген 18 жастағы азамат та 3 айдан бері ем алып жатыр.

Біз жолдамамен келген адамдардың барлығын қабылдаймыз. Және оларға көмек қанша уақытқа қажет болса, соншама уақыт осында болады. Егер науқасты емдеу мүмкін болса ауруханаларға жолдама жібереміз Айта кету керек, серіктестік қызметін ақылы негізде алуға да болады. Егер науқас бір бөлмеде жалғыз өзі жатуды қаласа күніне 10 000 теңге төлеп емделе алады. Алайда көрсетілетін қызмет бірдей, - деді Р.Тастамбекұлы.

Бір ғана Нұр-Сұлтанда ғана емес, еліміздің барлық аймағында науқастарды ауруханамен қамту мәселесі жолға қойылмаған. Ал емханалардағы кезектен көз сүрінеді. Мұндай келеңсіздіктер онсыз да күйі кеткен азаматтардың жүйкесін жұқартып, сырқатын сыздата түсетіні анық. Сондықтан, астанада ашылған алғашқы әрі әзірге жалғыз хосписке жергілікті атқамінерлер назар аудармаса бұл мәселелердің шешілетін күні алыс. Ал ауыр дерттен азап шеккендердің күтетін уақыты жоқ...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға