Жаңалықтар

Анасы сәбиімен бірге ұйықтаған дұрыс па?

Ана мен бала
22.10.2015 06:13 7138

Үлкендердің әңгімесіне құлақ түріп, өткенге оралатын болсақ бұрын баланы бесікке бөлейміз бе, бөлемейміз бе деген сұрақ болмаған. Бала өмірге келген бойда, қазақтың салт-дәстүріне сай барлық жөн-жоралғылар жасалып, баланы бесікке салған. Заман өзгеріп, уақыт талабы түрленген сайын сәбидің күтімі туралы талай сұрақтар пайда болды. Бүгінгі таңда медицина мамандары мен үлкен әжелеріміздің пікірі екіге жарылып, бөпені бесікке бөлеген дұрыс немесе дұрыс емес деген ұсыныстар айтылып жүр. Сәбиді бесікке бөлемегендіктен бала анасының қасына ұйықтаған дұрыс па әлде бұрыс па деген сұрақ туады.

Ата-аналар баланы бесікке бөлемеген жағдайда, сәбиге арналған бөлек төсек алады. Бірақ, кейде балалар мазасызданып, жылағандықтан кейбір ата-аналар бөпені қойнына алып жатуды әдетке айналдырады. Баланың үлкендердің қасында жатқаны дұрыс па деген сауалды пайымдап көрейік.

Анасы сәбиімен бірге ұйықтаған дұрыс па? 

Осы мәселе туралы «Мама клуб» сайты педиатр дәрігерлер бөпесін қасына алып жататын ата-аналарды қолдайтынын жазады. Бірге ұйықтаған кезде анасы мен сәби бір-біріне өте жақын жатады, солайша «терісі теріге тиіп», «тактильді» байланыс орнайды. Бұндай байланыс балаға өте қажет. Өмірінің алғашқы айларында анасы сәби үшін өзін тамақтандырып, жуындырып, күтіп-бағатын адам ғана емес. Кішкентай тіршілік иесінің бойына қорғаныш сезімін сыйлайтын жалғыз адам – анасы. Бірге ұйықтау кезінде сәби құрсақтағы жайлы өміріне оралғандай болады – жылы, тыныш, анасының жүрек соғысы естіледі. Бұндай жағдайда бала тез әрі жеңіл дамиды.

Бірге ұйықтау – кездейсоқ болатын сәби өлімі синдромының алдын алуға көмектеседі. Сәбидің тыныс алуының кенеттен тоқтап қалуын медицинада солай атайды. Анасының қасында ұйықтаған бөбекте тыныс алу орталығындағы асқынулар қатерін азайтатын жылдам ұйқы сатысы басым болады. Ұйқының жылдам сатысы кезінде баланың миы өсіп, терең ұйқы сатысына қарағанда қарқынды дамиды.

Анасы сәбиімен бірге ұйықтаған дұрыс па?

Бірге ұйықтау ана сүтінің көбеюіне ықпал етеді. «Сүттің келуіне» жауапты пролактин гормоны сәбиге жақын жатқан ана ағзасында көп өндіріледі. Түнгі кезеңде ол тіпті жақсы жұмыс істейді. Сондықтан, баланы түнде емізу өте маңызды.

Баланы тыныштандырып, тамақтандыру үшін анасы түнде төсектен жиі тұрмайды, оның ұйқысы жақсы қанады. Ұйқысы қанған, сергек әйел сәбиіне де жеткілікті көңіл бөліп, қамқорлық жасай алады.

Баланы неше жасынан бөлек жатуға үйрткен жөн?

Дәрігерлер бөбекті емшек сүтінен суалтқан бетте жеке төсекке жатқызбауға кеңес береді екен. Себебі, бала қосымша күйзеліске ұшырауы мүмкін. Баланың ұйқысы қанбай, мазасыздана ма? Онда бөлек ұйықтауға көшуге әлі ерте. Бес-алты жастағы балалардың өзі жеке ұйықтауға дайын бола бермейді.

Мамандардың пікірінше, балаға жеке төсек әперетін уақыт жеткенін білдіретін белгілер мынандай:

Балаңыздың жасы екіден асты.

Емшек сүтімен қоректендіру аяқталды.

Бала өзі ұйықтай алады.

Бала ата-анаға бұрынғыдай тәуелді емес.

Бір төсекте жату ата-анасына да, баласына да қолайсыз, төсек тарлық етеді.

Ата-анасымен бірге ұйықтап жүрген балақайды жеке жатқызудың сынақтан өткен әдістері бар.

1-әдіс: Баланы біртіндеп бөлек жатуға үйрету. Әу бастан баланы бөлек ұйықтатуды жоспарлаған ата-аналарға құба-құп. Сәби өмірге келген күннен бастап өз төсегі бар, бірақ әлдебір жағдайларға байланысты бірге ұйықтау тиімді болып шықты. Бала төсегінің бір жақ қабырғасын түсіріп, оны өз төсегіңізге қосып қойыңыз. Бала ұйықтар алдында оны өз төсегінде тамақтандырыңыз, ұйықтап қалған соң өзіңіз алыстау жатыңыз. Бастапқы кездерде бала әдеттегісінен ерте оянуы мүмкін. Оған жақындап, емізіп, құшақтап қойсаңыз болғаны. Уақыт өте келе бөбектің ұйықтап қалуы үшін анасының қолын созып, сипауы жеткілікті болады. Бұл кезеңде баланың төсегін алыстатуға да болады. Бұдан кейін оны жеке бөлмеге ауыстырасыз.

2-әдіс: Бөбекті тездетіп бөлек шығару. Баланың жасы үштен асса және емшек сүтінен суалғанына талай уақыт өтсе, осы әдісті байқап көруге болады. Бұл жастағы балалар өзін ересек сезінгенді қатты ұнатады. Соны пайдаланыңыз! Міндетті түрде баланы алдын ала дайындап, оның жақында өз төсегіне жатып ұйықтайтынын ескертіңіз. Төсек таңдауға баланың өзін тартып, оның сүйікті мультфильм қаһармандары бейнеленген төсек жабдықтарын сатып алыңыз. Оның бәріне мүмкіндік болмаса, балақайға тосынсый жасап, оның жаңа төсегі тұрған бөлмесіне шарлар іліп, әсемдеп, сүйікті тағамын әперіңіз. Бұндай мерекеден соң бүлдіршін қыңқылды қойып, жаңа бөлмесіне қуана көшуге тиіс.

Анасы сәбиімен бірге ұйықтаған дұрыс па?

Пайдалы кеңестер

Егер бала ұйықтар алдында белгілі бір «рәсімді» орындауды қажет етпесе, жеке жатқызар алдында сондай тәсілдерді ойлап табыңыз. Мүмкін, түнге қарай ертегі айтып берерсіз немесе тыныштандыратын массаж жасарсыз.

Егер бастапқы кезде бала ата-анасының төсегіне келіп жатып алса, оны қайтадан кері апармаңыз. Кейбір балалар қараңғылықтан қорқады, ата-аналар баласын қолдап, оның үрейден арылуына көмектесуі керек. Кейде баланы тыныштандырып, бөлмесіне апару жеткілікті, ал кейде таң атқанша анасының қасында қалғаны дұрыс.

Баланың сүйікті ойыншығы бар болса, оны төсегіне бірге алып жатуға рұқсат етіңіз, сонда ол алаңсыз ұйқыға кетеді.

Балаңыз сіздің алаңдап тұрғаныңызды байқап, соны пайдалануға тырысса, шыдамдылық танытыңыз. Балаға сабырмен, мейіріммен жеке ұйықтау қажеттігін түсіндіріңіз.

Күндізгі уақытта баланың мауқын басып, құшақтап, еркелетіп, түнгі ажыраудың орнын толтыруға тырысыңыз.

Анасы сәбиімен бірге ұйықтаған дұрыс па?

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға