Жаңалықтар

Робототехникамен айналысудың пайдасы қандай?

 Кеше фантастика болған роботтар бүгінде «ақылды» құрылғылар болып шыға келді
Робототехникамен айналысудың пайдасы қандай?
13.05.2019 20:28 28814

Қазіргі таңда әлем  көз ілеспес  жылдамдықпен  өзгеріп жатыр. Кеше фантастика болған робот, робототехника осы жаһандану дәуірінде «ақылды» құрылғылар ретінде өмірімізге дендеп ене бастады. Бүгінде түрлі салада адамдар осы роботтардың көмегіне жүгінеді. Сол себепті бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғам  техниканың қыр-сырын білуді қажет етіп отыр. Өйткені, XXI ғасыр – робототехниканың заманы. Ең бастысы бұл қазіргі кезде трендтегі салалардың бірі.  Күнделікті өмірде барлық салада қолданылатын робототехниканың көмегімен келешекте жарқын өмір сүруге үлкен мүмкіндіктер туып отыр. Мамандардың пікірінше, таяу уақытта адам істейтін жұмыстың тең жартысын  роботтар атқаруы мүмкін. Сондықтан, қазіргі кезде ата-аналар балаларын 1 сыныптан бастап робототехника үйірмелеріне беруге асық. Нәтижесінде балалардың кішкентай кезінен бастап креативтілігі, логикасы  мен жан-жақты ойлау қабілеті дамиды. Бастысы болашақта мамандық таңдауда да өз пайдасын тигізетіні анық.

Робототехника қай елдерде дамыған?

Дүние жүзінде сұранысқа ие бұл сала елімізде ақырындап дамып келеді. Елдегі қазақстандық балғындар робототехника үйірмелеріне алдымен шетелдік мультфильмдерден көрген түрлі робот кейіпкерлеріне қызығып келеді екен. Мамандар мұнымен айналысу арқылы баланың ойлау қабілеті  біртіндеп өзгере бастайтынын алға тартады. Әр түрлі деңгейдегі роботтарды құрастыру кезінде жеткіншектер жастайынан қолға алған әр ісін  төзімділік пен соңына дейін жеткізуді мақсат ете бастайды. Бірақ бұл сала біз үшін әлі де құпияға толы сыр сандық секілді. Өйткені, бұл сала елімізде қанатын енді ғана біртіндеп кеңге жайып келе жатқанын айта кетейік.  

Шынтуайтында, Қазақстан үшін бұл өте жас сала болып саналады. Өйткені робототехника АҚШ, Германия, Жапония, Корея  секілді елдерде ондаған жыл бойы тынымсыз еңбектің арқасында бір жолға қойылған. Қазіргі таңда аталмыш елдерде робототехника ғылымда және өндірісте кеңінен қолданылып, жоғары деңгейде дамыған. Бұған немістің «Kuka» мен жапондардың «Kawasaki Robotics», «Fanuc», «Panasonic»,  ағылшындардың «Tritin Manufacturing», «Kaman Corporation» секілді өндірістік роботтарды шығаратын әлемдік көшбасшы компаниялары дәлел бола алады. Бұл сала бойынша олар біздің елден шамамен 15-20 жылға озып тұр.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында, «..Заманның ағымынан қалмай алға қарай ілесе беру керек» деген сөздерінің астарында қаншама мағына жатыр. Ал қазіргі заманғы трендтегі робототехника – елімізде соңғы жылдардан бері қарқынды дамып келе жатқан инновациялық сала.

Мамандар не дейді?

Елордалық роботтар құрастыру  мектебінің өкілі Рамазан Тлектесов  соңғы 2  жылдан бері жас жеткіншектерге робототехниканың қыр-сырын үйретіп келе жатыр. Оның айтуынша, бұл сала балаларды болашақта  сұранысқа сай маман болуға дайындайды.

Фотода: Рамазан Тлектесов өзінің шәкірттерімен

– Менің робототехника саласын таңдауыма бірнеше себеп бар. Әуелі мені балалардың болашағы алаңдатты. Яғни келешекте олардың алдарында қандай мүмкіндіктер ашылады? Олар  бәсекеге қабілетті мамандар бола ала ма? Өйткені, бізге техниканың заманы біртіндеп еніп жатыр. Балаларды соған дайындауымыз қажет. Ал, олар мектеп  кезінен бастап  хобби ретінде робототехникамен  айналысып, кейін  технологиялардан ақырындап хабары бола бастайды. Тіпті, болашақта оларға өзінің таңдаған мамандықтарына  қажет болуы да мүмкін – дейді нұр-сұлтандық роботтар құрастыру маманы  Рамазан Тлектесов.

Рамазанның айтуынша,  үйірмеде  5-16 жас аралығындағы балалар роботтардың түр-түрін құрастырумен айналысады. 2 тілде жүргізілетін курс 4 айға созылған. Мұнда олар  роботтардың жеңілінен бастап күрделісіне дейінгі 16 деңгейін жасап шығуы қажет. Осылайша, олар тек мультфильмдерден көрген роботтарды шынайы өмірде өздері жасап, оны құрастырудың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгереді.

Балаға қандай пайдасы бар?

Робототехника – XXI  ғасырда трендтегі салалардың бірі. Өйткені, қазіргі кезде технологиялар әрбір қазақстандық үшін қолжетімді әрі барлық жерде өзімен бірге алып жүруге ыңғайлы пішінде жасалған дейді мамандар. Ең бастысы олар тәулік бойы жұмыс істеуге қауқарлы. Бұл өз кезегінде инженерлерге әр түрлі қажеттіліктерге қарай түрлі роботтарды құрастыруға мүмкіндіктер ашып отыр.

– Бұл  баланың бағдарламалау  мен алгоритмдік ойлау қабілетін, техникалық қиялын дамытады. Мұнымен үздіксіз айналысу нәтижесінде балада инженерлік қабілеттер де пайда болады, - дейді Рамазан Тлектесов.

Қазіргі кезде нарықта сұранысқа ие болып тұрған  робототехника жайында тақырып қозғасақ, бірден ойымызға роботтарды құрастыру түсетіні айдан анық. Алайда бұл саланың қызметі  мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Бұған қоса, оған қызығатындар роботтың құрылысымен, жұмысымен, қолдануымен айналысады. Сондай-ақ, бағдарламалау, дизайнерлік білім, физика және математиканы жетік меңгеруді талап етеді. Әр түрлі пішіндегі роботтарды құрастыру кезінде олар өмірде математиканың қаншалықты қажет екенін түсіне бастайды. Мәселен, робот қандай да бір істі өз бетімен тыңдыру үшін оған әуелі нақты дұрыс жазылған математикалық алгоритм қажет. Ал роботтың дұрыс қозғалуына физикалық білім керек. Осындай ғылым салаларының есептерін шешіп, өзі қалаған нәтижеге қолжеткізген баланың одан сайын бұған қызығушылығы артып отырады дейді мамандар. Осылайша жеткіншектер жан-жақты ізденіп, білімдерің кеңейтеді.

– Егер де балаңызда конструкторларға деген қызығушылық болса, онда робототехника үйірмесіне берген жөн. Бізде  негізінен конструкторларды құрастыруды ұнататын балалар дайындалады. Менің ойымша, мұндай балалар креативті ойлау қабілетін жетілдіреді және өзін шығармашылыққа арнайды. Ал роботтарды алғашқы сабақтарда-ақ құрастыруға болады және сол кезде баланың бұған қызығушылығы бар не жоқ екені де байқалады – дейді роботтарды құрастырушы маман.

  Болашақ роботтарды қалай құрастырады?

Балалар таңғажайып  роботтарды дайын үлгі бойынша емес, толықтай өздері сызып, сол бойынша құрастыру жоспарын дайындайды. Оның пішінін, атқаратын қызметін өздері бекітеді. Яғни конструктор  робототехниктің бір басына бірнеше функцияларды енгізеді. Осылайша құрастырушы өз қиялын шарықтатып, ойындағы роботын  жасап шығарады.

Негізі роботты бір адам өзі де құрастыра алады екен. Алайда оған біраз уақыт кетеді. Сондықтан тиімдісі команда болып атқарса, шаруа да біршама жеңілдейді және уақытты да үнемдейді. Өйткені бұл – әмбебап өнер. Себебі мұнда біреу роботтың дизайнын ойластырса, енді біреуі компьютерлік бағдарламасын әзірлейді.  

Робототехника бірнеше пәнді бір арнаға тоғыстыратынын жоғары да айтып кеттік. Математика, физика, информатикамен қоса, тіпті билологияның заңдылықтарын да жетік білуіңіз қажет. Бұған қоса, құрастыру кезінде күнделікті өмірде алып жатқан білімді де тәжірибеде қолдануға тура келеді. Жалпы, робототехника саласы мұнымен айналысқан кез-келген адамды жан-жақты дамытады.

–Бізде робототехникамен әр түрлі жастағы балалар айналысады. Жас ерекшелігі маңызды емес. Бастысы  балада қызығушылық болғаны дұрыс. Әр деңгейден өткен  сайын роботтарды құрастыру да қиындай түседі, - дейді маман Р.Тлектес.

Фотода: Рамазан Тлектесов оқушыларымен былтыр Таиландта өткен  халықаралық жарыста

Болашақта, Рамазан еліміздегі робототехника саласына қызығушылығы бар жастардың саны артқанын қалайды.

Таңғажайып роботтардың әлемдің топтамасы

Адамзат қамы үшін аянбай тер төгу процесін белсенді түрде атқарып жүрген әлемдік роботтардың топтамасын ұсынамыз.

Футболист-роботтар

Дүниежүзінде танымалдылыққа ие спорттың бірі – футбол. Роботтардың легі бұл спортты да айналып өтпеді. Сол себепті жыл сайын шетелде «Robot Soccer World Cup – RoboCup» деп аталатын әлемдік чемпионат ұйымдастыру дәстүрлі үрдіске айналған. Іс-шараның басты мақсаты – жасанды интеллекттің дамуына үлес қосу.

MAARS роботы

Мейлінше қаруландырып жетілдірілген  модульді робот,  әрі кішігірім  әскери гаджеттің қызметін атқарады. Аталмыш роботтың міндеті – қауіпті аймақтарға барлау жүргізіп отыру.

PR 2 роботы

Фотода: PR 2 роботы

«Willow Garage» үй тірлігіне толығымен көмекші бола алатын роботты жасап шығарды. Бұл гаджеттің қызмет көрсету тізімінде құймақ пісіру, көкөніс турап,  шаң сүрту, кір жуу секілді қызметтер бар.

Шабандоз-роботтар

Таң қалудан аулақ болыңыз! Түйе атаулысына да шабандоздар қажет. Егер де бұл жануарды бұрын балалар мен жеткіншектер тізгіндеген болса, қазіргі таңда ол қызметке роботтар кіріскен. Дегенмен бұл гаджеттерді басқару – адамдардың құзырында екенін айта кетейік. Дистанционды құрылғымен мұндай дүниелер таңсық емес.

Робот көлік

Фотода: Робот көлік 

Басқару құрылғыларынсыз жасалған кішігірм автокөлік. Мұның ішінде екі орындықпен жол бағдары көрсетілетін монитор ғана бар. Сонымен қатар, гаджеттің іске қосылып, сөндірілуіне жауап беретін «ON»  және «OFF» тетіктері де қарастырылған.

«Wall-Ye» - бақташы робот

«Wall-Ye» тәріздес кішкентай робот-бақташы сіздің бақшаңыздағы жұмысыңызды жеңілдетуге әзір. Ондағы өсімдіктерді қырқып, бау-бақшаңыздағы жағдайды маусым бойы қадағалайды.

Елбасы халыққа  жолдаған жолдауларының бірінде Қазақстан әлемнің ең дамыған елдердің қатарына ену үшін өскелең ұрпақтың заманауи технологияларды уақытында меңгеріп,  әр  салада кеңінен қолдана білуі өте маңызды екенін баса айтқан еді. Соған орай елдің түкпір-түкпіріндегі мектептерде робототехника кабинеттері ашылып, онда оқушылар техникалық таным көкжиектерін кеңейтіп жатыр. Оған қоса, сабақтан тыс уақытта үйірмелерге барып, өз мүмкіндіктерін шыңдауда. Мұнда балалар қолдың икемділігін дамытады және жастайынан зерттеу жұмыстарын өткізуді үйренеді. Сонымен қоса, логикасын да дамытып, өз қолдарымен түрлі динамикалық ойыншықтарды да құрастыруды меңгереді.

Барлық адамның жұмысын жеңілдетуге арналған роботтарды күнделікті өмірде қолдану уақыты жақындап келе жатқаны белгілі. Болашақта техникалық мамандықтарды таңдайтындардың саны қазіргіден де бірнеше есеге артуы әбден мүмкін. Нәтижесінде келешекте елімізден робототехника саласын жетік меңгерген ғалымдар шығып жатса, таңғалуға болмайды. Өйткені, бүгінде қазақстандық жеткіншектер біршама белесті бағындырып үлгерді.

(Суреттер Рамазан Тлектесовтың  жеке мұрағатынан және

ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға