Жаңалықтар

Еліміздегі ерекше зауыттар

"Жасыл экономика" Қазақстанда
Еліміздегі ерекше зауыттар
15.08.2018 15:15 14847

Диодты жарық шамдар мен Led құрылғыларын шығаратын зауыттар

Мұндай ерекше, әрі қауіпсіз өнімді шығаратын зауыт 2013 жылы Астана қаласында іске қосылған еді. «Led System Media» кәсіпорны жылына 100 000 жарықтандыру құрылғыларын өндіріп келеді. Ол құрылғылар электр қуатын 3,5 есеге үнемдеуге мүмкіндік береді. Компанияның өнімдері бірнеше деңгейге бөлінген: бірі – жарық диодтарды өндіріп, дайын өнімдерді тақтаға орнататын технологиялық бөлім болса, келесісі нанофосфорды қолданатын қоймаларға лайықталған жарық диодты шамдар жасауға арналған бөлім. Соңғысы өсімдіктерді өсіруге керемет жағдай жасайды. Сол шамдардың арқасында бір жылдың көлемінде мол өнім түсіруге әбден болады. Зауыт 5 жылдың ішінде табысты жұмыс жасап келеді.

Электр қуатын 70-90%-ға дейін үнемдейтін Smart технологиялар жасауға лайықталған өндіріс орны үш жылдан соң, Алматыда да іске қосылды. 2016 жылы Оңтүстік Кореяның «Ds multimedia» компаниясының тікелей қолдауымен салынған зауыттың бір күнде мың жарым диодты шам шығара алатын шамасы бар. «Tecata» сауда белгісін алған өнімдердің денсаулыққа ешқандай зияны жоқ. Ішінде сынабы жоқ жабдықтарды оңтүстіккореялық технологиямен өндіріп отыр. Өндіріс орны жылына 400 000 жуық жарық диодты шам, 25 000 LED экран шығарып келеді. Сол секілді зауыт «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аумағының екінші кезеңінде іске асырылған жоба. Бұл паркке шамамен 150-ден аса компания тіркелген және олар Қазақстан бюджетіне миллиардтаған қаржы құйып келеді.  

Ескі көліктерді кәдеге жарату зауыты

Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аумағында орналасқан «Recycling Company» зауыты Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы ескі автомобильдерді кәдеге жарататын жалғыз өндіріс орны. Ол 2017 жылдың 26-шілдесінде іске қосылды. Зауыттың жылына елу мыңнан аса темір тұлпарды өңдеуге қауқары жетеді. Жалпы, автокөлік қалдықтарын қабылдайтын 16 бекет арнайы жұмыс атқарады. Кәсіпорын жеңіл көліктермен қатар, үлкен жүк машиналарын, сол секілді ауыл шаруашылығына пайдаланатын техникаларды өңдей алады.

Кез келген көлік иесі оның жағдайына қарамай, арнайы пунктке өткізе алады. Оларға сыйақы да қарастырылған. Қолма-қол сыйақы алам деген көлік иесіне 150 мың теңге берілсе, елімізде өндірілген жаңа көлік алам деушілерге жеңілдік ретінде 350 мың теңге көлемінде сертификат тапсырылады. Зауыт италиялық заманауи қондырғылармен жасақталған. Мұнда әр сағат сайын жиырмадан аса машинаны, бір ауысымда 150 көлікті өңдеуге болады. Кәсіпорынның жұмысы екі кезеңнен тұрады, оның бірі – престеп, авто бөліктерді бөлу, келесісі – техникалық сұйықтықты ағызып, қорапты тығыздап, қосалқы шикізаттарды жіберу. Қайта өңдеу шамамен 90%-ға дейін жетеді. Бұл зауыт 2016 жылы шыққан Қазақстанда ескі көліктерді кәдеге жаратуды жеңілдететін арнайы бағдарлама негізінде салынған болатын.

Отқа төзімді материалдар өндіретін кәсіпорын

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аумағында орналасқан тағы бар теңдессіз зауыт – «SevenRefractoriesAsia». Отқа төзімді жоғары сапалы материалдарды өндіретін тұңғыш өндіріс орнының өнімдеріне «Қазақмыс», «Қазцинк» және тағы басқа ірі компаниялар тәуелді болып отыр. Олар бұған дейін мұндай материалдарды арнайы шет елдерден алдыратын еді. Құрылыс алыс 2005 жылы басталған. Жылына 45 мың тонна отқа төзімді монолит  материалдарды шығаруға қауқарлы. Мұнда әртүрлі химиялық, физикалық, механикалық зақымдардан бетті қорғауға арналған қаптама, яғни футеровка шығарылады. Сол секілді ол ауыр металлургия, тау-кен өндірісі, мұнай-газ саласында түрлі материалдарды артығынан тиеген кезде жабдықтарды қорғауға таптырмас материал.

Бұл зауыттың құрал-жабдықтары Словения елінен алдырылған. Зауыт елуден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ, шығарып жатқан өнімдері халықаралық стандартқа сай келеді. Жалпы, «Seven Refractories» холдингі отыз жылдан бері жұмыс жасап келеді. Оның бөлімдері Еуропадағы Германия, Аустрия, Италия сынды мемлекеттерде, көрші Ресей мен Украинда бар. Енді міне, елімізде де сапалы отқа төзімді материалдар шығарылып отыр.

Пенетрон зауыты

Пенетрон зауыты 2014 жылы Астана қаласында іске қосылды. Ол алғаш АҚШ-та ойлап табылып, 30 жылы бойы құпия сақталған. Пенетрон құрғақ ұнтақтары қосылған цемент ғасырлар бойы өз қасиетін жоғалтпайды екен. Оның 5 түрін шығаратын зауытта 70% отандық шикізаттар қолданылады. Сол себепті де, құны анағұрлым арзан. Пенетрон гидрооқшаулау құрғақ қоспалары туралы ел мамандары бірнеше жыл бұрын естігенмен, ондай зауыт салуға бірден кірісе қоймады. Соның кесірінен, көрші Ресейден ол екі есе қымбат бағада импортталатын еді.

Жалпы, пенетрон құрғақ қоспасы арнайы цементпен гранулометриялық кварцтық құнынан патенттелген белсенді химиялық компоненттерден тұрады. Бетоннан өтетін судың фильтрлеуін болдырмас үшін пайдаланылады. Химиялық қоспалар құрамы күрделі болғандықтан, әрбір өнім топтамасы зауыт зертханасында жіті зерттеуден өтеді. Бетонның жерасты суларымен қатар, жаңбырға да төтеп бергенін қаласаңыз, пенетрон құрғақ қоспаларын қолдану қажет.

Орталық Азиядағы алғашқы биогаз зауыты

2017 жылдың қараша айында Шымкент қаласында Орталық Азиядағы теңдессіз зауыт «Биогаз қондырғылар кешені» іске қосылды. Бұл өндіріс орны Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен қабылданған еліміздегі бірегей жоба «Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасы» бойынша салынған.  Зауыт чехиялық компанияның технологияларымен жабдықталған. Биогаз зауытының басты ерекшелігі – қаланың сарқынды суларды тазалау кешенінен шыққан шөгінділерді өңдеп, биогаз алып, одан жылумен электр энергиясын өндіру. Бұл арқылы қоршаған ортаның ластануын біршама төмендетіп, экологияның жақсаруына елеулі үлес қосады. Өндіріс орнында әр күн сайын қалдықтарды өңдеудің арқасында 300м3 метанды газды өндіреді. Зауытта 20 адам тұрақты жұмыс жасайды. Биогаз жергілікті халықтың жылу энергиясына деген сұранысын толық орындаса, электр энергиясының қажеттілігін жартылай қанағаттандырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға