Жаңалықтар

Спорттан ерте қол үзген үздіктер

Олар қазір қайда жүр?
Спорттан ерте қол үзген үздіктер
03.10.2019 09:43 12156

Спорт – еркелікті көтермейді. Спортта әрбір жетістік - тынбай жасалған жаттығу, дисциплина, қажыр-қайрат. Елімізде бір кездері жарқ етіп, қайта көрінбей кеткен спорт саңлақтары жетіп артылады. Бүгін біз солардың бірнешеуі туралы сөз қозғамақпыз.

Еркебұлан Шынәлиев – бокс

Туған жылы: 7 қазан, 1987 жыл

Жетістіктері: Әлем чемпионатының қола жүлдегері (Чикаго, 2007), Олимпиада ойындарының қола жүлдегері (Пекин, 2008)

Спорттық мансабы аяқталды: 21 жас

ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Олимпиада ойындарынан кейін бар-жоғы 21 жасында бокстан қол үзіп қалған. Баспасөздердің біріне берген сұхбатында Еркебұлан дүбірлі додадан кейін жарақат алып, емделу үшін біршама уақыт жұмсағанын айтады. Кейіннен отбасын құрып, басқа да шаруалармен жүріп, жаттығу залына аяқ баспай кетеді. Арадағы үзілістен кейін қайта боксқа оралғанда салмағы жүз келіден әрі асқан.

«Менің жағымнан спортқа оралуға талпыныстар болды. Бірақ, баяғы бабыма келе алмай, әбден әбігерге түстім. Сонымен қоса, бастапқыдай шын ынта-ықыласым да болмаған секілді», – дейді өзі. Олимпиададан кейін Шыналиевке Германиядан, АҚШ-тан кәсіпқой боксқа өту ұсыныстарын жасаған компаниялар болғанмен, келісімшарт жасауға дейін жете қоймапты.

Еркебұлан ұзақ уақыт бір жұмыста тұрақтай алмай, тек 2014 жылы Шымкент қаласындағы Жоғары спорт шеберлігі мектебіне директор орынбасары болып тағайындалады. Бір уақыттары балаларды боксқа баулыған.

Жасұлан Қыдырбаев – ауыр атлетші

Туған жылы: 28 қыркүйек, 1992 жыл

Жетістіктері: Әлем чемпионы (Алматы, 2014)

Спорттық мансабы аяқталды: 23 жас

Жасұлан 2015 жылы Хьюстонде өктен әлем чемпионатында қола медальға қол жеткізген еді. Алайда, допинг дауына ілініп, жүлдесінен айырылып қана қоймай, оны Халықаралық ауыр атлетика федерациясы сегіз жылға спорттан шеттетті. Бұл болашағы жарқын деп есептелген қазақ ауыр атлетшінің спорттық мансабына нүкте қойған еді.

Ж.Қыдырбаев: «Басқа спортпен айналысып көрсем бе?» деген ойдың болғаны рас. Бірақ ешкім ол жақта мені құшақ жайып қарсы алмайды ғой. Бәрін басынан бастауға тура келеді. Қазір екі шәкіртім бар. Солар жақсы спортшы болып өседі деп сенемін. Бірден олимпиада деу қиын ғой. Оларға жетістікке сатылап жетуді үйрете алсам, еңбегімнің далаға кетпегені. Әуелі Қазақстан чемпионы атануды мақсат етсін, сосын Азия чемпиондығына қол созсын. Өткенге тоқмейілсіп отырып алу табиғатымда жоқ», – деген еді.

Яғни, Жасұлан спорттан кеткенімен, сол саладан алыстай қоймаған. Қазір спорт мектептерінің бірінде жұмыс атқарып жүр. Болашақ әлем, олимпиада чемпиондарын дайындауды мақсат тұтады.

«Спорттан тыс өмірге соншалық жатырқап қараған емеспін», – дейді өзі.

Мерей Ақшалов – бокс

Туған жылы: 8 мамыр, 1988 жыл

Жетістіктері: Азия чемпионы (Амман, 2013), Әлем чемпионы (Алматы, 2013)

Спорттық мансабы аяқталды: 24 жас

Мерей 2004 жылы кадеттер арасында Қазақстан чемпионатында алтын алып, дәл осы жетістігін Азия біріншілігінде қайталай білді. Ал 2005 жылы жастар арасында Қазақстан чемпионы атанды. 2008 жылы Олимпиадаға жолдама алғанмен, Пекинде жолы болған жоқ. 2010 жылы әскери қызметкерлер арасында әлем чемпионы атанды. Ал келесі жылы «Astana Arlans» сапында WSB турнирінің финалына дейін жеткен еді. 2013 жыл Мерей үшін өте табысты болды. Ол Алматыда жалауы желбірегені әлемдік доданың финалында кубалық Ясниэль Толедодан басым түсіп, алтын жүлдені қоржынға басты. Азия бокс федерациясы оған сол жылдың «үздік боксшысы» атағын берді. Қазақстан бокс федерациясы да Мерейді «Үздік боксшы» деп таныды. Нағыз бабында тұрған шағында ол денсаулығына байланысты үлкен спорттан кетті. 2014 жылы Ақшаловқа «Құрмет» ордені табыс етілді.

Жақында БАҚ-қа берген сұхбатында: «Боксқа қайта келу туралы ойлар болғаны рас. Бірақ, қазір басқа мақсаттар бар, оның үстіне отбасыны асырау керек», – деген еді.

Мерей Ақшалов қазір Ұлттық Олимпиада комитетінде қызмет етеді.

Бауыржан Жолшиев – футболшы

Туған жылы: 8 мамыр, 1990 жыл

Жетістіктері: Қазақстанның үздік жас ойыншысы (2012 жыл), «Астана» командасының сапында екі рет Қазақстан чемпионы (2014,2015) болған, Қазақстанның Суперкубогының иегері (2015), «Атырау» командасының құрамында Қазақстан Кубогының иегері  атанды (2009)

Спорттық мансабы аяқталды: 25 жас

«Атырау» жейдесін бірнеше жыл киген футболшы «Тобыл» клубына ауысып, жарқын ойынымен көзге түсті. 2012 жылы сегіз голдың авторы атанған Жолшиев сол жылдың «ең жас футболшысы» атағын алған еді. Ал қостанайлық командадан соң, «Қайрат», «Шахтер» сапында жаттығу жүргізгенімен, елордалық клубпен келісімге келген. Сол маусымда Бауыржан барлығы 24 ойын өткізіп, алты голдың авторы атанып, командасының алғашқы чемпиондығына ерекше үлес қосты. Аяқдопшы келесі жылы Чемпиондар лигасында «Астанамен» бірге сәтті өнер көрсетті. Бауыржанның әзірге ресми соңғы ойыны 2015 жылдың желтоқсан айында Стамбул қаласында «Галатасарайға» қарсы болған еді. Содан кейін жаңа клуб іздеуге Еуропаға аттанған теңбілдопшының бағы жанбай, кері қайтуға тура келгендей. Бар-жоғы 25 жасында ол өзінің спорттық мансабын амалсыз аяқтаған секілді.

2016 жылдың күз айында мас күйінде көлікке отырған Бауыржан жол полицияларының назарына ілікті. Соның кесірінен, үш жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылған еді. 2017 жылдың сәуірінде тағы да аналогиялық құқық бұзышылықпен ұсталып, 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылу жазасын арқалады. Өткен жылдың қаңтарында «Астана» клубымен қысқы оқу-жаттығу жиындарына қатысқанмен, өзгерген ештеңе жоқ. Бауыржанның агентінің сөзіне сенсек, Грекия, Норвегия, Португалияда спорттық мансабын жалғастыруға жақсы мүмкіндіктер болғанымен, футболшы қаржылық жағынан келісе алмапты.

Өкінішке қарай, қазір Бауыржанның немен айналысып жүргені туралы ақпарат жоқ.

Бақтияр Артаев – боксшы

Туған жылы: 14 наурыз, 1983 жыл

Жетістіктері: Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері (Афины, 2004), әлем чемпионатының екі рет қола жүлдегері атанған (Мяньян, 2005, Чикаго, 2007), Азия ойындарының күміс жүлдегері (Доха, 2006)

Спорттық мансабы аяқталды: 25 жас

ҚР еңбек сіңірген спорт шебері 2004 жылы Афиныда өткен Олимпида ойындарында Қазақстан қоржынына жалғыз алтын салған спортшы болды. Сонымен қатар, сол додада ең үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын төбесіне көтерді. Төрт жылда бір келетін айтулы доданың жартылай финалында Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы ресейлік Олег Саитовтан басым түссе, ақтық сында әлемді екі рет мойындатқан кубалық Лоренцо Арагонды жеңіп кетті. Одан кейін де Бақтияр бірнеше халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып жүрді.

2008 жылғы Олимпиада ойындарының 1/8 финалында британдық Джеймс Ди Гейлге есе жіберіп, медальсіз қалды. 25 жасында үклен спорттан кеткен боксшы түрлі қызметтерде жүрді. 2009 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айшабибі ауылдық округының әкімі болды. Одан соң, Жамбыл облысы туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы болды. 2011 жылы Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасы қызметіне тағайындалды. 2012 жылдың 24 желтоқсанында «Astana Arlans» президенттік кәсіби спорт клубының президенті болды. Қазірде «Тарлан Батырлары» ЖШС директоры.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға