Жаңалықтар

Шетелде доп тебетін қазақ футболшыларын білесіз бе?

Олардың саны саусақпен санарлықтай...
Шетелде доп тебетін қазақ футболшыларын білесіз бе?
11.10.2017 16:04 6350

Қазақстан ұлттық құрамасындағы барлық футболшылар жергілікті премьер-лигада тер төгеді. Олар шетелдік тәжірибеден, осындағы жоғары жалақыны артық көретіндері жасырын емес. Елімізде спортқа бөлінетін қаржының 80 %-ы футболға тиесілі екен. Cондықтан болар, клубтарымыздың бюджеті Еуропадағы біраз елді артқа тастайды. Десек те, халықаралық тәжірибені әлеуметтік мәселеден жоғары қоятын аяқдопшыларымыз бар болып шықты. Олардың саны саусақпен санарлықтай ғана. Шет елдің клубымен жүргізген келіссөздері аз дегенде жарты маусым, көп дегенде бір жылдан аспайды. Ол аралықта өздерін көрсете алмай, қаншасы елге оралды.

Қазірде қарағандылық «Шахтерде» тер төгіп жүрген  Сергей Хижниченко жарты маусымды Беларусь чемпионатындағы «Шахтердің» сапында өткізді (8 ойында 2 гол). Ал Қасымхан Таласбаев Эстониядағы «Тулевикте» 15 ойын өткізіп, 2 гол соқты, сондай-ақ, бұған дейін Абылайхан Дүйсен латвиялық «Спартактың» жастар командасының жейдесін киді. Ал Германияда түрлі жастағы құрамада өнер көрсеткен біздің футбол мектептерінің түлегі боп саналмайтын бірнеше ойыншылар бар. Олар: Александр Меркель, Константин Энгель, Иван Саханенко және басқалары. Әзірге олардан құрамаға тиер пайда болмай тұр.

Керісінше, біздің футбол мектептерінен дәріс алған бірнеше теңбіл доп шеберлері қазір басқа елдің атынан өнер көрсетуде. Бірінші кезекте Беларусь елінің намысын қорғап жүрген Михаил Гордейчукты айтуға болады. Ол сондай-ақ, БАТЭ клубының үздік ойыншыларының бірі. Мәскеулік «Спартакқа» тиесілі Александр Зуев Ресей чемпионатында «Ростов» клубы үшін маңызды голдар соғып, Ростов-на-Донулықтарды өрге сүйреп келеді. ФНЛ-дің (Ресейдегі екінші лига) үздік футболшыларының бірі Марат Быстров та өз таңдауын басқа елдің атына жасады. Осы секілді тізімді жалғастыратын спортшылар жетерлік.

Енді, басқа елдің чемпионатында бағын сынап жүрген бірнеше отандық футболшыларды тізіп шығалық.

Еркебұлан Нұрғалиев (1993 жылы туған, «Верея», Болгария – 8 ойын, 3 голдық пас берген)

Семей футбол мектебінің түлегі Болгарияның жоғарғы лигасына жаздық трансферде ойламаған жерден ауысып кетті. Ол көкшетаулық «Оқжетпестің» негізгі құрамынан орын ала алмаған соң, осындай шешім шығарса керек. Еркебұлан жаңа лигада бірден-ақ өзін көрсетіп үлгерді, ал қазірде басты құрамның сапынан табылып жүр. Елімізде шеберлігін көрсете алмай, қапыда қалған ол, бар күшін жаңа командасына салып жатыр. «Верея» осы маусымда үздік үштіктен көрінуді мақсат етіп отыр. Болгарлық клубқа біздің ойыншының септігі тиеді деген ойдамыз.

Кирилл Пасичник (1993 жылы туған,  «Бұхара», Өзбекстан – 12 ойын, 1 гол)

Қазақстанның жастар құрамасында тер төккен ойыншы өз күшін өзбек лигасында сынап жүр. Кирилл жауапты шептердің бірі орталық қорғаушы болып ойнайды. Ол премьер-лиганың бірнеше маусымында сұрмергендер көшін бастаған Ұлықбек Бақаев баптайтын командамен медаль үшін таласып бағады.

Мидат Галбаев (1997 жылы туған,  «Зимбру», Молдова)

Футболдағы алғашқы қадамын Алматы қаласында бастаған Мидат Болгарияның белді футбол клубтары «Берое» мен «Левскидің» жасөспірімдер командасында ойнаған еді. Осы жылы Молдованың үздік клубтарының бірі «Зимбрудің» жейдесін киді. Әзірге Галбаев өзін көрсететін сәтті тағатсыздана күтіп жүр. Спорттық бабы келісіп тұрған орталық қорғаушымыз жақын арада жасыл алаңға шығып қалады деп үміттенеміз.

Акиф Гасанов (1996 жылы туған,  «Гардабани»,  Грузия – 6 ойын, 2 гол, 2 голдық пас)

Қарағанды футбол мектебінің түлегі, ұлттық біріншілігі реформаға ұшыраған Грузияның үшінші дивизионында өнер көрсетеді. Ол «Гардабани» сапына қосыла сала, бірден шеберлігімен көзге түсіп, гол+голдық пастық есебін түгендей бастаған еді. Бірақ, жарақат оның ашылып ойнауына кедергі келтірді. Акиф айыға сала, командасы үшін маңызды ұпайлар алуға бар күшін салады деген ойдамыз.

Нұрсұлтан Байғазы (1998 жылы туған, «Свети Юр», Словакия – 7 ойын)

Ақсұлтан Ассаинов (1998 жылы туған, «Свети Юр», Словакия – 5 ойын, 1 гол)

Қазақстанның қос өрені Словакия чемпионатында тер төгетінін ешкім біле бермейді. Олар осы елдің үшінші дивизионында бақ сынап жатқан «Свети Юр» клубының намысын қорғайды. Ақсұлтан мен Нұрсұлтан өткен жылы «Астана» командасымен бірге УЕФА-ның жасөспірімдер лигасында жасындай жарқылдаған. Үстіміздегі жылдың ақпан айында екеуі Словакиядағы жоғарғы лигада ойнайтын «Нитру» командасына ауысты. Ол клубтың жастар құрамында жасыл алаңға шыққан соң, «Свери Юрға» жалға берілді. Қазірде қос ұланымыз өздерін көрсетуге барынша тырысып бағуда.

Арген Жұматаев (1994 жылы туған, «Дордой», Қырғызстан)

«Қайраттың» түлегі ауыр жарақаттан енді ғана айығып, үлкен футболға қайта оралды. Ол бұған дейін алматылық «Цесна», ЦСКА, «Қайраттың» сапында өнер көрсетіп, Қазақстан Кубогын, Қазақстан біріншілігінің қола медалін жеңіп алған. Ал қазірде Қырғызстанның үздік клубтарының бірінде доп тебеді. Аргеннің жаңа клубы биыл Ұлттық Кубокты жеңіп алды. 

Илья Фомичев (1982 жылы туған, ОЛС, Финляндия)

Илья Финляндия мемлекетінде өз отбасымен тұрып жатыр және ол 35-ке келгеніне қарамай «Оулун Луистинсеура» клубымен бірге Колмонен турнирінде жеңіске жетті (Финляндиядағы төртінші дивизион). Енді Коккенен турнирінде бақ сынайды. Илья бұған дейін финдік екі клбутың, өзбекстандық «Машъал» клубының намысын қорғаған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға