Жаңалықтар

Легионерлер легі таусыла ма?

Қазақстан спортындағы легионерлер
Легионерлер легі таусыла ма?
28.11.2018 16:05 5771

Ұлан байтақ қазақ даласында дүниеге келген мықты спортшылар жетіп артылады. Бірақ, кей спорт түрлерінен біздің ту астындағы азаматтардың осалдығынан, әлде бар шеберлігін көрсете алмауынан ба өзге елде дүниеге келгендердің көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Олардың біршамасы Қазақстан атын әлемдік аренада абыроймен қорғаса, кейбірі тіпті елеусіз қалып жатады. Олимпиада ойындарда еліміздің қоржынына әртүрлі медальдар салған Геннадий Лалиев, Мурад Муталимов, Таймураз, Тигиев, Гузель Манюрова, Даниэль Гаджиев, Елена Хрусталева, Ниджат Рахимов, Галбадрах Отгонцэцэг секілді спортшылар баршылық. Ал бұл күндері қандай спорт түрлерінде легионерлер жүр екен?

Футбол

Қазақстан құрамасының сапында бүгінге дейін бірнеше сырттан келген теңбілдопшылар өнер көрсеткен еді. Олардың қатарында Марат Хайруллин, Казбек Гетериев, Алексей Попов, Виктор Дмитренко, Андрей Сидельников секілді отыздан аса футболшылар болған. Бүгінгі күні де құрама жейдесін Ненад Эрич, Дмитрий Непогодов, Сергей Малый, Евгений Постниковтер киеді.

Ненад Эрич (Сербия – Қазақстан)

Ненад 1982 жылы бұрыңғы Югославия мемлекетінде дүниеге келген. Оның Қазақстанға келуі 2010 жылы «Қайрат» футбол клубымен келісімшартқа отыруымен байланысты. Алматылық клуб қақпасын бір жыл қорғаған кипер 2011 жылы «Астана» сапына ауысады. Содан бері Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанды, екі рет Кубок иеленді. Ал еліміздің азаматтығын 2014 жылы 13 маусымында алып, сол кездегі бас бапкер Юрий Красножанның шақыруымен Молдаваға қарсы жолдастық кездесуге қатысты. Бүгінде Ненад Эрич ел құрамасының бас қақпашысына айналған.

Дмитрий Непогодов (Украина – Қазақстан)

Қазақстан қақпашыларының шеберлігі сырттан келгендерден кемшін тартып тұрғандай. Себебі, Эричтен бөлек еліміздің негізгі командасында Дмитрий Непогодов өнер көрсетеді. Ол Украина жерінде туған. Тіпті, сол елдің 17,19, 21 жастағы құрамаларының жейдесін киген. Дмитрий 2017 жылы қостанайлық «Тобылмен» келісімшартқа отырып, Қазақстан азаматтығын алады. Бас құраманың коучы Станимир Стоилов осы жылы Неогодовты құрама сапына шақыртқан еді. Осылайша, Дмитрий  Ұлттар лигасының соңғы кездесуінде алаңға шығып, өз қақпасына екі гол жіберіп алды. 

Евгений Постников (Ресей – Қазақстан)

«Астана» командасы мен Қазақстан құрамасының негізгі қорғаушыларының бірі Евгений Постников Ресейдің Старый Оскол қаласында өмірге келген. 2003-2014 жылдар аралығында футболшы Ресей, Латвия, Беларусь чемпионаттарында тер төкті. 2014 жылы «Астана» сапына ауысып, бірден Қазақстан азаматтығын алған.

Сергей Малый (Украина – Қазақстан)

Тағы бір елордалық клубтың қорғаушысы Украина жерінде туғанымен, осыдан төрт жыл бұрын біздің елдің азаматы атануды жөн деп табады. 2013 жылы украиналық «Арсенал» клубынан қарағандылық «Шахтерге» ауысып, легионер болудан бас тартқан. 2014 жылы Юрий Красножанның шақыртуымен, Қазақстан мен Латвия арасында өткен матчқа қатысты. Содан бері, Сергей бас команданың маңызды кездесулерінде жасыл алаңға шығып жүр.

Футзал

Кіші футболдан Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингтің үздік бестігіне кіреді. Осыдан екі жыл бұрын еуропалық сында ел футзалшылары қола медальға қол жеткізіп, көпшілікті таң-тамаша еткен-тін. Соңғы әлем чемпионаты мен Еуропа біріншілігінде біздің жігіттер жүлдегерлер қатарынан көрінбесе де, жақын жерден тоқтап жүр. Бұл жетістіктердің артында сырттан келіп қосылған бірнеше ойыншылар барын жасырмаймыз.

Игита (Бразилия – Қазақстан)

Көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген бразил-қазақстандық қақпашы әлемдегі үздік үш кипердің қатарына кіреді. Ол алғаш қазақ жеріне 2009 жылы келді. Қырағы қақпашы қарағандылық «Тұлпар» командасының сапында бір жылын өткізген соң, Португалия біріншілігінде ойнап келген еді. 2011 жылы Игитаны алматылық «Қайрат» өз сапына қосады. Ал араға екі жыл салып Леонардо де Мело Виейра Лейте Қазақстан азаматтығын алған болатын. Қазақстан құрамасының сапында 2016 жылы Еуропаның қола жүлдегері атанды. Бүгінде кіші футболдан еліміздің құрамасын осы киперсіз елестету мүмкін емес.

Лео (Бразилия – Қазақстан)

Тағы бір бразилдық ойыншы Лео 2009 жылы «Қайраттың» қатарына алынған болатын. Ішкі біріншілікте ұзақ жыл тер төккен ойыншы ел азаматтығын алып, құраманың бас жұлдыздарының біріне айналды. Бірақ, өткен жылы ауыр жарақат алған Лео әлі сапқа қосылған жоқ. 6-нөмерде өнер көрсететін футзалшыны болашақта да Қазақстан құрамасынан көреміз деген үміт бар. Лео футзал жанкүйерлерін  гол салса, жейдесіндегі Қазақстан эмблемасын сүйетінімен баурап алған-тын.

Дуглас (Бразилия – Қазақстан)

Футболшыларға бай Бразилия елінің тағы бір ойыншысы 2015 жылы алматылық команданың жейдесін киіп, ел азаматтығын алды. Дуглас Жуниор сол жылдың 15-қыркүйегінде Босния мен Герцеговинаға қарсы өткізген дебютты кездесуінде дубль авторы атанды.  Ол бүгінге дейін бас команданың сапында 30 ойын өткізіп, 27 гол салып үлгерді. 30 жастағы теңбіл доп шебері өткен жылы ауыр жарақат алып, емделу үстінде.

Тайнан (Бразилия – Қазақстан)

25 жастағы Тайнан өткен жылы ғана «Қайрат» сапын толықтырған еді. Осы жылы оған Қазақстан азаматтығы беріліп, Еуропа чемпионатына ел атынан қатысу бақыты бұйырды.

Хоккей

Бұл спорт түрінен еліміздің бас командасында Ресейден келіп қосылған спортшылар жетіп артылады. Олардың қатарында Михаил Паньшин, Владимир Меркелов, Максим Семенов, Вячаслав Трясунов, Павел Полуэктов және тағы басқалары бар. Бұл аты аталғандардан бөлек, АҚШ пен Канада елінің бұрынғы азаматтарын тізбектеуге болады.

Хенрик Карлссон (Швеция – Қазақстан)

Құрлықтық хоккей лигасында бақ сынайтын астаналық «Барыс» 2016 жылы швед қақпашысы Карлссонмен келісімшартқа отырды. Ол Швеция құрамасының жолдастық кездесулеріне шақырылғанымен, IIHF матчтарына бірде-бір рет шыққан жоқ. 2018 жылы Халықаралық хоккей федерациясы Хенриктің Қазақстан азаматтығын алғандығын жариялады.  Осылайша, 2018 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында еліміздің қақпасын қорғады.

Брэндон Боченски (АҚШ – Қазақстан)

Брэндонның арғы аталары 2-дүниежүзілік соғыста Польшадан мұхит асып кеткен екен. АҚШ атынан әлем чемпионатына қатысқан хоккейші 2010 жылы Ұлттық хоккей лигасындағы тұрақсыз ойынынан соң, «Барыс» сапына ауысты. Бес жыл бойы астаналық команданың жұлдызына айналған ойыншы 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алып, еліміздің бас командасына көмек көрсетіп келеді.

Кевин Дэлман (Канада – Қазақстан)

Канадалық және америкалық бірнеше командалардың сапында тер төккен Кевин 2008 жылы «Барысқа» шақырылды. Ол табысты өткізген төрт жылынан соң, ресейлік СКА клубының жейдесін киюді жөн санайды. Алайда, 2014 жылы қайта астаналық команданың сапына оралып, күні бүгінге дейін тер төгіп келеді. Дэлман Қазақстан азаматтығын осыдан бес жыл бұрын қабылдаған. Содан бері, құраманың бақ сынаған барлық ірі турнирлердің қатысушысы болып келеді.

Дастин Бойд (Канада – Қазақстан)

Бір қызығы, Дастин Канада атынан 2006 жылы өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, алтын медаль жеңіп алған. 2011 жылы Бойдер лақап атына ие хоккейші «Барыс» қатарына қосылады. 7 жыл бойы атақты ББД үштігінің сапында тер төгіп, құрлықты хоккей лигасының сұрмергендігінен түскен жоқ. 2016 жылы Қазақстан азаматтығын алып, Мәскеуде өткен әлем біріншілігінде көк жейдемен өнер көрсетті.

Ауыр атлетика

Қазақстанның ауыр атлетикасын әлемге танытқан спортшылар қазақ даласынан тыс жерде дүниеге келгендер. Алғашқы сырттан келген ауыр атлетші  Ибрагим Самадов болып есептеледі. Ол 1992 жылы Барселонада өткен олимпиаданың қола жүлдегері. Одан кейін төрт жылда бір келетін сында Анна Важенина, Светлана Подобедова, Мая Манеза мен Зульфия Чиншанло сынды спортшылар еліміздің туын биіктен желбіреткен еді. Араға бірнеше жыл салып,  соңғы қос зілтеміршілердің медальдары қайтарылғанын дүйім жұрт жақсы біледі. Бірақ, «жазасын» өтеген Зульфия қайта жаттығу залына оралып, әлі де биік белесті бағындыруды көздейді.

Ниджат Рахимов (Әзербайжан – Қазақстан)

Ниджат Баку қаласында дүниеге келген. Ол спорттағы алғашқы қадамын Әзербайжан атынан бастады. Бірақ, 2014 жылы зілтемірші Қазақстан азаматтарының қатарын толықтырған еді. Оған себеп – Әзербайжан құрамасына болгар бапкерінің келуі. Әкесі жаттығу кезінде арнайы дисциплина болмағанын алға тартқан. Бапкер тек болгар-легионерлерге көңіл бөліп, жергілікті спортшыларды көзге де ілмеген. Соның кесірінен Ниджат 2013 жылы Қазан қаласында өткен Универсиадада сәтсіз өнер көрсетеді. Қазақстанға келгеннен кейін араға бір жыл салып спортшы әлем чемпионатында үздік көрсеткішке қол жеткізіп, чемпион атанды. Ал 2016 жылы Рио Олимпиадасында алтыннан алқа тақты. Өкінішке қарай, осы жылғы әлемдік сында Рахимов үздік үштіктің қатарынан көрінбей қалды.

Фархад Харки (Қытай – Қазақстан)

Фархадтың туған жері ретінде Қырғызстан мемлекеті көрсетіледі. Бірақ, ол Қытай ауыр атлетика мектебінің түлегі. Харки 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алып, біздің елде жаттыға бастайды. Ақтөбе облысының атынан сынға түсетін спортшы Риода өткен Оимпиадада қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, оның еншісінде Азия чемпионаты мен жазғы универсиаданың алтындары бар.

Үлкен теннис

2007 жылдан бері Қазақстан азаматтығын алған теннисшілер саны 15-тен асып жығылады. Олардың көбісі экс-рейселіктер: Ярослава Шведова, Евгений Королев, Галина Воскобоева, Ксения Первак, Андрей Голубев, Юлия Путинцева, Михаил Кукушкин және тағы басқалары. Сырттан келген теннисшілердің арқасында Қазақстанның ерлер құрамасы соңғы тоғыз жылда 8 рет Кубок Дэвистің әлемдік топтық кезеңінде өнер көрсетіп келеді. Ал қыздар құрамасы Федерация кубогының әлемдік тобына өтуге жақын.

Ярослава Шведова (Ресей – Қазақстан)

Шведова сырттан келген теннисшілердің ішіндегі ең атақтысы деуге болады. Ол Үлкен шлем турнирін екі рет жұптық бәсекеде жеңіп алған.  4 рет осы турнирдің ақтық бәсекесінде бақ сынаған. Сол сияқты Ролан Гаррос-2010 микс түрінен финалына жолдама алған. Жұптық дәрежеде әлемдік рейтингтің үштігіне кірген спортшы. Мәскеуде дүниеге келген Шведова 2008 жылдан бастап, үлкен жарыстарға біздің елдің атынан шығуға бел байлаған. 

Юлия Путинцева (Ресей – Қазақстан)

Тағы бір Ресейдің бұрынғы азаматы бүгінде Қазақстан атынан тер төгіп жүр. Юлия ITF турнирінде алты рет топ жарған. Жасөспірімдер арасындағы Үлкен шлем бәсекесінің екі рет финалына шыққан. 2016 жылы әлемдік рейтингтің 33 сатысына дейін жеткен. Юлия Қазақстан азаматтығын 2012 жылы қабылдаған. Ресейден кетуіне түрткі болған жалақысы өзі қалағандай болмағаны дейді бұқаралық ақпарат өкілдері.

Дзюдо

Галбадрах Отгонцэцэг (Моңғолия – Қазақстан)

Моңғолияның бұрыңғы дзюдошысы Галбадрах Отгонцэцэг аз уақыттың ішінде қазақстандықтардың сүйікті спортшысына айналып үлгерді. Ол өз елінде 48 келідегі басты қарсыласы Мунхбатын Уранцэцэгтен жиі жеңіліс тауып, көптеген халықарылқ бәсекелерден шет қалып жүрген соң, 2015 жылдың 1-қаңтарынан бастап, Қазақстан азаматтығын қабылдады. Ең қызығы, Рио Олимпиадасында Галбадрах қола медаль жеңіп алса, моңғол қызы Мунхбатын 4-орында қалып қойған еді. Сонымен қатар, Отгонцэцэг әлем чемпионатында екі рет үшінші орыннан көрінсе, Азия чемпионатында алтын мен күміс жеңіп алды. Ол өткен жылы 48 келідегі әлемдік рейтингтің көшбасшысы болды.

Біздің бұл тізімімізге ілінбей қалған спортшылар қаншама. Сырттан келгендердің Қазақстан намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүргені жергілікті спортшыларды шабыттандыруы тиіс деп түсінеміз.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға