Жаңалықтар

Қазақстан Кубогы: ¼ финалға кімдер жолдама алды?

Келесі кезең ойындары 23-мамырда өтеді
Қазақстан Кубогы: ¼ финалға кімдер жолдама алды?
19.04.2018 17:47 3792

Күні кеше футболдан Қазақстан кубогының 1/8 финалдық кездесулері өткен болатын. Ол ойындардың әрқайсысы өзіндік драмаға толы болды. Келесі кезеңге Бірінші лигада сынға түсетін жалғыз команда жолдамаға қол жеткізсе, ал ел чемпионы «Астана» екінші жыл қатарынан ерте жарысты аяқтауға мәжбүр.

«Мақтааралдың» «Астананы» жеңгеніне таң қалудың қажеті жоқ. Себебі, оңтүстікке елордалық клубтың жастары жол тартқан еді. Өз алаңында Оңтүстік Қазақстан облысының командасы біліктілігін енді жетілдіріп келе жатқан жас аяқдопшыларды оңай жеңді. Оңай дегенде, ел чемпионының ізбасарлары бірінші таймның соңына дейін күресіп бақты. Қаншама төпелеп шабуылдаса да, «Мақтаарал» Атакенттегі стадионға жиылған жұртшылықты қуанта алмай әбігерге түсті. Тек 42-минутта Ғалымжан Елмұрзин әдемі соққымен Павловтан айласын асырды. Ал 56-минутта алаң ортасынан доптан айырылған астаналықтарды Асқар Әбутов жазалай алды. Тамаша шабуылға нүкте қоя білген футболшы бұл ойындағы бар мәселені шеше түскендей. Ал ойынның 80-минутында форвард Ельмар Набиев есепті 3:0-ге жеткізген. Тек ойынның аяқталуына 4 минут қалғанда 17 жасар Владислав Прокопенко «Астананы» ірі есеппен ұтылудан құтқарып қалды.

1/8 финалдық ойындардың ішіндегі ең тартыстысы – «Оқжетпес» пен «Қайрат» арасында өрбіген кездесу. Негізгі ойыншыларының басым бөлігін Алматыда қалдырып, көбінесе жастарына орын берген халық командасы бұл матчта 3:5 есебімен жеңіске жетті. Ойынның басты қаһарманы – Бауыржан Исламхан болды. Ол екі рет 11-метрліктен көзге түсіп, үшінші добын алыстан теуіп, қақпа торын тулатты.

Бұл кездесудегі беташар голды «Қайрат» капитаны салған соң, алаң иелері аянып қалмай, Артем Касьяновтың ықпалымен есепті теңестірген. Тіпті, ойынның бірінші бөлігі бітуге аз қалғанда Казбек Гетериев көкшетаулықтарды алға шығарды. Ал есепті «Қайрат» футболшысы Могамед Парагульгов қайта теңестіріп тастады. Одан соң, «Оқжетпес» қорғаушылары өз айып алаңында жас ойыншы Швыревты шалып жығып, тағы пенальти белгіленген болатын. Исламхан тепкен доп қақпадан табылды. Ойынның қалған бөлігінде алаң иелерінен қорғаушы Ренат Абдулин мергендігімен танылса, оңтүстік астаналықтардан Исламхан мен Швырев бұл кездесуге нүкте қойды.

Ал Шымкентте осы қаланың атынан бірінші мен үздік лигада өнер көрсететін «Қыран» мен «Ордабасы» кездесті. Бұл кездесу тек бір қақпа маңында өрбуімен есте қалатындай. Себебі, ойын 0:6 есебімен аяқталды. «Ордабасы» ойыншыларынан шабуылшы Виталий Ли 11 мен 69-минуттары көзге түссе, Мардан Төлебек екі рет айып добын тамаша орындап, 23, 51-минуттары Денис Төлебаевтан айласын асырды. Ал 48-минутта оң қапталдан Еркебұлан Тұңғышбаев қос бірдей қорғаушыны алдап өтіп, Қайрат Әшірбековтың аяғына тамаша доп салып берді. Өз кезегінде ардагер жартылай қорғаушы өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. 83-минутта грузиялық легионер Джамбули Джигауридің алыстан бағытталған тобы қақпа торынан табылды. Қос шымкенттік клубтың теке-тіресінде Дерменджиев шәкірттері оза шапты.

Тараз қаласында Бірінші лигада доп тебетін «Тараз» бен Премьер-лигада бақ сынайтын павлодарлық «Ертіс» командалары келесі кезеңге кім өтетінін анықтаған болатын. Төреші ысқырығы естіле сала, үстін-үстін шабуылдаса да «Ертіс» ойыншылары тараздық қақпашы Сейсен Мұхамеджаннан айласын асыра алмады. Бір Эрнандестің өзінде бірнеше мүмкіндік болған еді. Осылайша, негізгі ойын уақытында таблодағы есеп өзгеріссіз қалып, жанкүйерлер ойын соңындағы пенальтиге куә болды. Футбол лотереясында қонақтардың жолы болып, келесі кезеңге өту мүмкіндігіне ие болды. Ал «тараздықтар» ендігі күшін Бірінші лигадағы ойындарға салып, келесі жылы үздік лигаға жолдама алу үшін тырысып бағады.

Теміртауда қарағандылық «Шахтер» мен Петропавловсктен келген  «Қызыл-Жар» клубтары кездесті. Бұл матчта да есепке өзгеріс енбей, ойын тағдыры пенальти арқылы шешілді. Қос команданың аяқдопшылары аянбай тер төгіп, бір-біріне есе жібермеудің амалын қарастырып жүргенде белгіленген 90 минут аяқталып, қосымша овертаймға созылды. Ойынның бітуіне бірнеше минут қалғанда "Қызыл-Жар"-лық қорғаушы Георгий Попхадзе екінші рет сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Жалпы ойын соңында 16 соққы болып, қарағандылықтар бір рет, ал Петропавловсктен келген аяқдопшылар екі рет қателікке бой алдырып, «Шахтер» келесі кезеңге жолдама алды.

Затобольскте өткен кездесу тағдырын да 11-метрлік айыпдобы шешті. Бұл - ойын соңындағы лотерея емес, кездесу барысында орын алған жағдай болатын. «Тобыл» мен «Жетісу» арасындағы ойында да қос команда жан берісіп, жан алысты. Премьер-лигадағы сәтті ойынымен көзге түсіп жүрген қостанайлықтар бұл матчты еш қиындықсыз өз пайдасына аяқтайды деген болжамдарға өзгеріс енбеді. Тек талдықорғандық аяқдопшылар жеңісті оңай бере салмайтындықтарын танытты. Ойынның 65-минутында шабуылшы Бауыржан Тұрысбек 11-метрліктен мүлт кетпей, командасын жеңіске жетеледі.

Ілгерідегі ойынға ұқсас кездесу Ақсайда да орын алды. Бірақ, мұнда ойынның 66-минутында 11-метрлік айыпдобы қонақ командаға берілді. «Ақжайық» қақпашысы Евгений Боровик бірге-бір шыққан Марат Хайруллиннің аяғындағы допқа таласымын деп шалып жыққан еді. Төреші бұл сәтті қалт жібермей, «Атыраудың» пайдасына пенальти белгіледі. Ал оны серб жартылай қорғаушысы Новица Максимович сәтті орындап, өз командасын алға шығарды. Ойын соңына дейін қос команда да қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, таблоға өзгеріс енгізе алмады. Өткен жылы финалға дейін жетіп, ақтық сында алматылық «Қайраттан» жеңілген «Атырау» биыл қай жерге дейін шабар екен?

Келесі кезеңге жолдама алған тағы бір команда – қызылордалық «Қайсар». Олар өз алаңында ақтөбелік футболшыларды сенімді жеңіп, ¼ финалда өнер көрсетуге толық құқығы барын танытты. Ал өз кезегінде «Ақтөбе» фубол клубының ойыншылары кездесуді өте селсоқ өткізді. Олар үшін Қазақстан Кубогы аса маңызды емес секілді. Ойынның бірінші бөлігінде Валерий Коробкин (11-минутта) мен Тоқтар Жанқылышбай (34-минутта) гол соғып, «Қайсарға» кәдімгідей басымдық әперді. Бұл басымдық ойын соңына дейін жалғасып, қызылордалық «қасқырлар» келесі кезеңге өтіп, «ақтөбеліктерді» жарыс жолынан шығарып тастады.

Осылайша, келесі кезеңге алматылық «Қайрат», қарағандылық «Шахтер», шымкенттік «Ордабасы», қызылордалық «Қайсар», павлодарлық «Ертіс», «Атырау» және «Мақтаарал» жолдама алды. ¼ финалда да ойын тағдыры тек бір кездесуде шешілетін болады. Кездесулер 23-мамырға жоспарланған. Әзірге, жеребе тартылмады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға