Жаңалықтар

Кәсіпқой бокстағы қазақстандықтар: «Жолбарыс», «Мерген», GGG...

Кәсіпқой бокс және Қазақстан
Кәсіпқой бокстағы қазақстандықтар: «Жолбарыс», «Мерген», GGG...
14.01.2018 18:46 69505

Біздің ел кәсіпқой боксқа бірнеше талантты былғары қолғап шеберлерін шығарды. Бүгінде Жанқош Тұраров, Қанат Ислам, Али Ахмедов сынды боксшыларымыз жарқын жеңістерімен қуантып жүр. Тіпті әйелдер арасында да алғашқы әлем чемпионы шықты. Фирузаның өзі бірнеше қазақстандық қыздардың кәсіпқой боксқа өтуіне сеп болып жүр.

Тәуелсіздік жылдардан бері әлемдік бокста өз ізін қалдырған отандық кәсіпқой боксшыларды есімізге түсірейікші...

Александр Мирошниченко

39 жасында қайтыс болған. Рингтегі жылдары: 1990-1993 ж. Барлығы 22 кездесу (15 кездесуді уақытын бұрын аяқтаған) өткізіп, 1 рет жеңіліс тапқан

Әлем чемпионатының жүлдегері, Еуропа мен Олимпиада ойындарының жүлдегері, әуесқой рингте Риддик Боу мен Леннокс Льюисті жеңген, елімізден алғаш боп кәсіпқой рингте бағын сынаған боксшы. Мирошниченко қаншама жарқын кездесулер өткізсе де, дәрежелі жекпе-жекке жете алмай кетті. Оның өміріндегі соңғы бокс кеші 1993 жылы Тараз қаласында дебютант Олег Маскаевқа қарсы болды. Маскаев кейіннен ауыр салмақта WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Бұл кездесуде Александр 3 раунд техникалық нокаутқа түсіп, алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татқан еді. Ол 2003 жылдың мамыр айында абайсызда тоғызыншы қабаттың баспалдақ аралығынан құлап кетіп, 39 жасында көз жұмды.

Вадим Присяжнюк

48 жаста. Рингтегі жылдары: 1990-1996 ж. 18 кездесу өткізіп, 15 жеңіспен аяқтап (3 уақытынан бұрын), 3 рет жеңіліс тапқан

Вадим 1995 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында колумбиялық Гильермо Москеруді жеңіп, бірінші жартылай орта салмақта РАВА (Паназиялық бокс ассоциациясы) чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Бірақ та, жарты жыл өтпей жатып, осы белбеуді Алматы қаласында Бақыт Аманбаев тартып алған еді. Ал Бақыттың өзі бұл белбеуді үш ай өтпей жатып, Украина жеріндегі Фастов қаласында Сеул Олимпиадасының чемпионы беларусь Вячеслав Яновскийге беріп қойды.

Анатолий Александров

50 жаста. Рингтегі жылдары: 1990-2001 ж. 43 кездесу өткізіп, соның 37-де жеңіске жетіп (16 уақытынан бұрын), 6 жеңіліс (2 уақытынан бұрын) тапқан

Шахтинск қаласының тумасы ТМД елдерінің ішінен бірінші болып кәсіпқойлар арасында 1995 жылы Еуропа чемпионатын жеңіп алды. Ал үш жылдан соң, Париж қаласында француз Жюльен Лорсиден басым түсіп, екінші жартылай жеңіл салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды. Бірақ та, бұл белбеуді Александров бір-ақ рет қорғай алды. Профи-рингтегі алты жеңілісінің біреуін отандасы Вадим Присяжнюктен тапқан.

Серікжан Ешмағамбетов

45 жаста. Рингтегі жылдары: 1994-2008 ж. 33 кездесудің 20-да (10 уақытанан бұрын) жеңіске жетіп, 12 рет жеңілісе, 1 кездесуде тең есеп тіркелген

Спорттық мансабы қызыққа толы боксшы. Промоутерлер Ешмағамбетовты бес рет дәрежелі кездесуге шығарғанымен (үшеуі РАВА чемпиондық белбеуі үшін), ол барлығында сәтсіздіке ұшырап отырған. Серікжанның қарсыластарының ішіндегі ең атақтысы Мэнни Пакьяоны айтып кетуге болар. Отандасымыз бұл боксшымен 2003 жылдың наурыз айында кездесті. Пакьяо төртінші раундта нокдаунға түсіп қалғанына қарамастан, қалған раундтары Ешмағамбетовтың қадамын аштырмай, техникалық нокаутпен кездесуді аяқтай алды.

Василий Жиров – «Жолбарыс»

43 жаста. Рингтегі жылдары: 1997-2009 ж. 42 кездесу өткізіп, 38 рет (32 уақытынан бұрын) жеңіске жеткен, 3 жеңіліс пен 1 тең есеп бар

Головкин кәсіпқой боксқа келмес бұрын, отандастарымыздың арасында ең беделге ие боксшы дәл осы Жиров болатын. Ол ІВF тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақта чемпиондыққа қол жеткізді. Бұл белбеуді қорғау үшін Алматы қаласында пуэрторикандық Алекс Гонсалеске қарсы кездесу ұйымдастырылды. Жұдырығы жойқын Жиров қарсыласын бір жарым минуттан соң нокаутқа жіберді. 2003 жылы жерлесіміз американдық Джеймс Тоуниға жеңілген соң, өзінің бұрынғы дәрежесіне жету үшін барын салды. Тіпті ең ауыр салмаққа өтіп, бірнеше кездесулер өткізіп, жеңіске жете бастады. Бірақ, ешқандай промоутерлерді қызықтыра алмай, кәсіпқой бокстағы сүреңсіз жылдарын аяқтады.

Марат Мәзімбаев – «Мерген»

43 жаста. Рингтегі жылдары: 2000-2007 ж. 25 кездесу өткізіп, 20-да (14 уақытынан бұрын) жеңіске жетіп, 4 кездесуде жеңіліп қалған, 1 рет тең түскен

«Мерген» лақап атымен рингке шыққан Жамбыл облысының тумасы Жиров секілді жарқын жеңістерімен көзге түспесе де, ІВА нұсқасы бойынша чемпион атанды. Бұл кездесу 2005 жылы Алматы қаласында колумбиялық Луис Дорияға қарсы өткен болатын. Бірақ, бұл белбеуден Мәзімбаев 9 айдан соң айырылып қалды. WBO тұжырымы бойынша 2005 жылы құрлықаралық чемпиондыққа, 2007 жылы ІВF нұсқасы бойынша чемпиондыққа қол жеткізді.

Виталий Демьяненко – «Демьян»

34 жаста. Рингтегі жылдары: 2005-2012 ж. 22 кездесу өткізіп, соның барлығында жеңіске жеткен, оның 12-сі уақытынан бұрын аяқталған

Талантты боксшы рингте өзін барлық қырынан таныта алмай кетті деуге болады. 1980 жылғы Мәскеуде өткен Олимпиаданың вице-чемпионы Виктор Демьяненконың ұлы Шымкент қаласында РАВА тұжырымы бойынша чемпиондық таласта Таиландтан келген Джаккирта Сувунналиртаны жеңді. Кәсіқой бокстағы ең жарқын кездесуін Виталий ОҚО әкімшілік орталығында бразилиялық Андерсон Клейтонға қарсы өткізген еді. Кездесу барысында қатты жарақат алып, бір көзі көруден қалса да, осы тартысты кешті жеңіспен аяқтай алды. Осылайша, жеңіліп көрмеген кіші-Демьяненко денсаулығына байланысты спорттық мансабын аяқтауына тура келді.

Геннадий Головкин – GGG

35 жаста. Кәсіпқой боксқа 2006 жылы келді. Бүгінге дейін 38 кездесу өткізіп, 37-ін жеңіспен аяқтап, 1 рет тең түскен

Қазақстандық кәсіпқой боксшылар арасындағы ең атақты боксшы. Ол алғашқы WBO тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуін алыс 2010 жылы колумбиялық Милтон Нуньеске қарсы өткізген кездесуде иеленген еді. Бірінші ранудта-ақ қарсыласын нокаутқа түсірген Головкин бүгінгі күні кәсіпқой бокстағы төрт нұсқа бойынша IBF, IBO, WBC және WBA чемпионы болып табылады. Рингтегі алғашқы тең есеп өткен жылы қыркүйек айында мексиканлық Сауль Альвареске қарсы өткен ойында тіркелді. Бүгінде бұл «алынбас қамалдай» болған екі боксшы арасындағы қарымта кездесуді әлем жұртшылығы тағатсыздана күтіп отыр.

Бейбіт Шүменов

34 жаста. 2007 жылдан бері кәсіпқой бокста. Жалпы 19 кездесу өткізіп, 17-де жеңіске жеткен (оның 11-і уақытынан бұрын аяқталған), 2 жеңілісі бар

Шүменов алғашқы кәсіпқой рингтегі кездесуінен 5 ай өткен соң, РАВА тұжырымы бойынша чемпиондық сарапқа салынған кездесуге қатысты. Ал бір жыл өтер-өтпестен WBA нұсқасы бойынша Астана қаласында испандық Габриель Кампильоға қарсы кездесу ұйымдастырылды. Кәсіпқой бокста аз уақыттың ішінде дәрежелі кездесулер ұйымдастыру өте сирек кездеседі. Бұл жерде Бейбіттің промоутерін ерекше атап өтуге болар. Сонымен, испандыққа қарсы өткізілген кездесуде Шүменов ұпай санымен жеңіліс тапты. Десек те, жарты жылдан соң, Бейбіт дегенінен қайтпай, Кампильоны Лас-Вегаста ұтып кетті. Сол жылдан бастап, бес рет өз белбеуін сақтап қалған Бейбіт Бернард Хопкинстен айласын асыра алмай, 2014 жылы белбеуінен айырылып қалды. Бұл бокс кешінен кейін Шүменов бірінші ауыр салмаққа ауысып, американдық Би Джей Флореспен кездесіп, уақытша WBA нұсқасы бойынша чемпион атанды. 2017 жылы осы белбеуді кезекті қорғау бойынша маусым айына жоспарланған Юниер Дортикоспен  кездесу болмай қалды. Оған Шүменовтың алған жарақаты себеп болды. Осыған орай, Дортикосқа WBA тұжырымы бойынша белбеу табыс етілді. 19 маусымда Шүменов кәсіпқой бокстан кететіндігі жөнінде мәлімдеме таратқан. Десек те, шымкенттік спортшы сәтті өткен екі отадан соң, рингке қайта оралуы мүмкін екенін айтып қалды. Әзірге, ол нақты шешім шығарған жоқ.

Жанат Жақиянов – ZZ

34 жаста. Кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуін 2007 жылы өткізген, барлығы 29 кездесудің 27 жеңіспен аяқтап, 2-де жеңіліп қалған

Жанат 2008 жылы 4 қазанда алғашқы кәсіпқой рингтегі жеңілісін тапты. Ал 2009 жылы Өзбекстан чемпионы Бахыт Абдурахимовтен айласын асырып, WBC нұсқасының ваканттық титулы Asian Boxing Council Continental bantamweight title-ды иеленді.

2015 жылы 7 қарашада Монте-Карлода венесуэлалық Йонфрез Парехоны жеңіп WBO тұжырымы бойынша жеңіл салмақта уақытша әлем чемпионы болды. Ал 2017 жылдың 10 ақпанында Жақиянов WBA Super және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық титулы бар афроамерикандық Роши Уорренмен кездесу өткізіп, бірінші раундта екі рет нокдаунға түскеніне қарамай, Жанат соңғы мминутқа дейін аяғынан тұрып, қарсыласына жойқын жұдырықтар жаудырып, кездесуді өз пайдасына шеше алды. Осылайша, ол WBA Super және IBO нұсқалары бойынша чемпион атанды.

2017 жылы 21 қазанда Жақиянов Белфасте Райан Барнеттен жеңіліс тауып, өзінің белбеулерінен айырылып қалды. Осыдан кейін ол BoxRec-тің рейтингінде 13 орыннан 21 сатыға сырғып кетті. Бірақ та, Барнетт допинг-тесттен өте алмағандықтан, Жақияновтың командасы IBF мен WBA-ға наразылығын білдіріп, арыз қалдырды.

Иса Ақбербаев

29 жаста. Кәсіпқой рингке 2009 жылы шыққан, содан бері 21 кездесу өткізіп, 20-да жеңіске жеткен, 1 кездесу болмай қалған

Қостанай қаласының тумасы әзірге жеңіліс тауып көрмеді. Дегенмен, Акбербаевтың спорттық мансабында бір жеңіліс болды. Ол 2013 жылы қаңтар айында Нью-Йорк қаласында өзінің құрлықаралық ІВО нұсқасы бойынша чемпиондығын қорғау үшін американдық Энтони Феранте қарсы өткізген кездесу еді. Бірақ, кездесу өткен соң, американдық спортшының рұқсат етілмеген препаратты қолданғаны белгілі болып, бұл кездесудің нәтижесі жойылған еді. Десек те, Ақбербаевқа чемпиондық белбеуді қайтарып берген жоқ. 2015 жылы Иса Гамбургте бірінші раундта аргентиналық Рубен-Анхель Миньоны сұлатып, көпке таныс емес GBC нұсқасы бойынша чемпиондық титулға ие болды. Ал 2016 жылы Global Boxing Council нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуін 37 жастағы венгр Габор Халасты жеңіп сәтті қорғап қалды. Ал 2017 жылдың 16 желтоқсанында Иса Ақбербаев 20-сы жеңісіне қол жеткізіп, WBA нұсқасы бойынша Азия чемпионы атағын қорғай алды. Жерлесіміздің қарсыласы босниялық Мирнес Денадич болды, кездесу төртінші раундта техникалық нокаутпен аяқталған еді.

Қанат Ислам – «Қазақ»

33 жаста. Кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуін 2012 жылы өткізген, бүгінге дейін 25 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен (оның 20-сын уақытын бұрын аяқтаған)

Қанат 2012 жылы 19 желтоқсанда бірінші орта салмақта WBA Fedecaribe нұсқасы бойынша алғашқы чемпиондығына ие болды. 2013 жылы Алматы қаласында ганалық Патрик Аллотейді жеңіп, WBO Inter-Continental нұсқасы бойынша вакантты титулды жеңіп алды. 2017 жылдың 26 мамырында Флорида штатында мексикандық Норберто Гонсалесті жеңіп, WBA Inter-Continental мен WBO NABO нұсқалары бойынша вакантты титулға ие болды.

Ілгеріде аталған боксшылармен қатар қазіргі кезде Бекман Сойлыбаев, Жанқош Тұраров, Али Ахмедов, Бахтияр Эюбов, Батыр Жүкембаев, әйелдер арасында Фируза Шарипова сынды спортшыларымызды атап кетуге болады. Олар кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамдарын сәтті жасап келеді. Ендігісі, боксшыларымыздан негізгі төрт тұжырым бойынша чемпиондық кездесулер күтеміз.

Дереккөз: caravan.kz, sports.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға