Жаңалықтар

Болашақ чемпиондарға лайықты спорт секциялары

5-6 жасар балаңызға қандай спорт үйірмелері сай келеді?
Болашақ чемпиондарға лайықты спорт секциялары
28.01.2019 15:55 7699

ҚР дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында саланың проблемаларының ішінде  балалар-жасөспірімдер спортымен жүйелі айналысатын балалардың төмен қамтылуы туралы сөз қозғалады. Бұл мәселені шешу әрбір ата-ананың өз қолында.

Сонымен, балаңыз 5-6 жасқа келгенде, оны қандай спорттық секцияға беру туралы сұраққа бас қатыратын боларсыз. Әр түрлі нұсқалардың ішінен қайсысы бала денсаулығына зиян келтірмей, керісінше оның мықты боп өсуіне ықпал ететіндігін ажырата алмай жүрсіз бе? Ол үшін төмендегі біз беретін кеңестерге көз жүгіртіп шығыңыз.

Денсаулыққа пайдасы бар балалар спорты

Балаңызды спорттық секцияға апармас бұрын, арнайы маманның алдынан өтіңіздер. Мұндай сәтте жергілікті педиатрдан гөрі, спорттық клубтың дәрігеріне барған абзал. Себебі, терапевт әртүрлі жүктемелердің спецификасын білмеуі мүмкін. Содан соң, дәрігер белгілеп берген нұсқалық бойынша күнделікті жаттығулар тізімін жасап шығу керек.

1. Дем алу немесе қан жүретін жүйедегі кез келген проблема белсенді спорт түрлерімен айналысуға болмайтындығынан хабар береді. Егер қан қысымы жоғары, жүрек ырғағында бұзылысы, тыныс демікпесі бар болса, емдік дене шынықтырумен шұғылданғаны жақсы.  

2. Спорт таңдау кезінде баланың созылмалы ауруының бар-жоғына мән беру керек. Егер оның көру кемшілігі болса, жекпе-жек спорт түрлерімен қатар, қимыл-қозғалысқа негізделген волейбол, баскетбол мен футбол да сай келмейді.

3. Егер бүлдіршініңізге тез суық тиіп, тыныс алу жолдарындағы аурулардың кетуі қиын болса, суық ауа-райына арналған шаңғы, коньки, хоккей секілді спорт түрлеріне апармаңыз. Сонымен қатар, созылмалы тонзиллит пен синуситі болса, бассейндегі жүзу оған арналмаған. Қуық жүйесінде дерті бар балаларды су спортынан алыс ұстаңыз.

4. 5-6 жасар баланы бұлшықеттердің қалыптасуына кері ықпал ететін қате жаттығулар жүктеуі мүмкін спорт түрлерінен сақтаңыз. Ондай спорт қатарына, бадминтон, велоспорт пен үлкен теннис кіреді.

Мектепке дейінгі балаларды қарқынды жаттығу жасауға итермелемеу керек. Әлі қатаймаған, жетілу процесіндегі организм сырттан келетін жүктемені дұрыс түсінбей, істі насырға шаптыруы мүмкін. Егер бала тез шаршап, себепсіз сылтау іздеп, басқа нәрсеге жеңіл көңіл аударғыш болып, ұйқысы қанбай жүрсе, спорттық жүктемені азайтып, жаттықтырушы ауыстыру керектігіне назар аударыңыз.

Қимыл-қозғалысқа негізделген кез келген спорт түрін таза ауада өткізсе пайдалы бола түседі. Сол сияқты бассейндегі жүзу де иммунитеттің бекуіне оң ықпал етеді. Ал арнайы кешендегі жаттығулар сол орынның жиі-жиі желдетілуіне тікелей байланысты.

Спорттық секцияны таңдау барысында неге мән берген дұрыс?

– Біріншіден, балада спортпен айналысуға деген ынтасы болуы керек. Оған қандай спорттық секция дәл келетінін болжау қиындық туғызуы мүмкін. Бұл орайда, оған түрлі спортты көрсетіп, олардың қағидалары мен артықшылықтарын айтып беріңіз. Бұл баланың таңдауына өз көмегін тигізеді.

– Екіншіден, ұлыңыздың не қызыңыздың психологиялық ерекшеліктері мен физикалық мүмкіндігін ескеріңіз. Егер оның бойы биік болмаса, волейбол мен баскетболға беріп әуреленбеңіз. Ал салмағы өз қатарластарынан басым келетін баланы көркем гимнастика немесе жеңіл атлетикаға беріп жүрмеңіз. Бұндай жайт оның басқа қатарластарынан өзін кем ұстауына әкеп соқтырады.

– Сәтті спорттық секцияны таңдау баланың мінез-құлқына да байланысты. Басқалармен тез тіл табысатын, әңгімешіл бала командалық спорт түрлерінде өзін жақсы сезінеді. Ал өзіне назар аудартқанды ұнататындар үшін жеңіл атлетика сай келмек, себебі, онда жеңісті ешкіммен бөлісудің қажеті жоқ. Ал сөзге жоқ, ұялшақ балаларға суда жүзу, теннис, гимнастика секілді спорт түрлері дұрыс болады.

– Секция таңдауда тағы бір маңызды нәрсе – жақсы жаттықтырушының болуы. Ол тек өз ісінің маманы ғана емес, бала психологиясын жақсы меңгерген болуы керек. Аты мәшһүр, жұртқа танымал кез келген спортшы баламен тез тіл табысып кететіне кепілдік жоқ. Балаңызды үйірмеге жазбас бұрын, сол  бапкердің сабақтарына қатысып көріңіз. Сонымен қатар, сонда жаттығып жүрген басқа балалардың ата-анасымен де тілдескен дұрыс.

– Спорттық мектептің алыс-жақындығына да мән беретіндер бар. Жаттығудан кейін үйге тез жете алатындардың көңіл-күйінде жақсы өзгерістер болады. Бір жағынан жақын маңдағы спорттық секция балаңызға сай келмесе, мекен-жайлық артықшылығы үшін балаңызды «құрбан» етпеңіз.  

– Кейбір спорт түрлерінің қаржылық шығыны барын есте ұстаңыз. Мәселен, қызыңыз би байқауына қатысқалы жатса, оған көйлек пен туфли алып беруіңіз керек. Егер мұндай артық шығындарға дайын болмасаңыз, арнайы экипировканы талап етпейтін спорт үйірмелерін таңдаңыз.

5-6 жастағы балаға қандай спорттық секция сай келеді?

• Жүзу – бала денсаулығына пайдасы көп спорт түрлерінің бірі. Балалар дүние есігін аша сала, суда жүзіп, оны 5-6 жасқа келгенде бассейнге бару арқылы кәсіби түрде жалғастыра алады. Бассейн таңдағанда әкімшіліктің медициналық анықтамаға қалай қарайтындығына назар аударыңыз. Абонемент сатып алмай тұрып, спорт кешеннің жағдайына, су температурасы мен оны тазалау сапасына мән беріңіз. 

• Белсенді ұлдарға футбол, баскетбол, хоккей немесе волейболмен айналысқанның пайдасы көп болмақ. Бұл спорттың барлығы дерлік, өсіп келе жатқан организмнің беки түсуіне, тыныс алу мен жүрек қан-тамыр жүйесіне оң ықпал етіп, ептілік пен реакция жылдамдығын арттырады. Командалық ойындар жаңа ортаға бейімделуіне жақсы әсер етеді. Бір жағынан командалық ойындарда жарақат алу қаупі жоғары және спорттық экипировкалар қаржы талап етеді. 

• Жекпе-жек түрлері баланың энергиясының оң жұмсалуына септігін тигізіп қана қоймай, өзін-өзі қорғаудың айла-тәсілдерін игеруге көмектеседі. Қазіргі уақытта бұл спорт түрлеріне тек ұлдар ғана емес қыз балалары да қарқынды қатысып жүр. Жекпе-жек спорт түрлері ептілік пен координацияға үйретіп, реакция жылдамдығын жақсартады. Шығыс жекпе-жектеріндегі тыныс алуға жасалатын тәжірибесі суық тию ауруларынан сақтандырып, жүйке жүйені тыныштандырады. Кері әсері ретінде жарақат алу қаупінің жоғарлылығын айтса болады. 

• Көркем және спорттық гимнастика иілгіштік пен икемділікті жақсартып, әдемі мүсін қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай спорт түрлері әртістік қабілетке ие, қимыл-әрекеттері арқылы жұртты өзіне қаратуға тырысатын бүлдіршіндерге лайықталған. Жарақат алу қаупі төмен спорт ретінде спорттық немесе бал биін таңдаса дұрыс. 

• Жеңіл атлетика баланың бұлшықет пен сүйектеріне оң ықпал етіп, икемділік пен жылдамдығының артуына жақсы әсерін береді. Алайда, күн сайын қайталана беретін жаттығулар баланы мезі етіп, тез жалықтыруға алып келу қаупі бар. Сол себепті, бұл спорт түрлері алға мақсат қоя білетін, шыдамды балаларға арналған. 

• Мәнерлеп сырғанау, шаңғы секілді спорт түрлері иммунитетті күшейтіп, шыдамдылықты арттырады. Мұндай спорт суыққа төзімді балаларға дәл келеді. Кемшілігі ретінде жарақатқа бір табан жақындығын және көбірек қаржылық салымды талап ететіндігін айтуға болады. 

• Үлкен теннис әрқашан жеңіске жетуді ұнататындар үшін ыңғайлы спорт түрі. Онымен шұғылдану координация мен икемділікке үйретіп, қимыл-тірек аппаратының бекуіне, тыныс алу жүйесіне жақсы әсер етеді. Өкінішке қарай, онымен шұылдану көп қаржылық шығынды талап етеді. 

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға