Жаңалықтар

Әлем чемпионатындағы сәтсіздік пен сәттілік

Жастар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы элиталы топта қалды!
Әлем чемпионатындағы сәтсіздік пен сәттілік
08.01.2019 11:14 3677

2009 жылдың 5 қаңтарында хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Латвияға қарсы өнер көрсетіп сәтсіздікке ұшыраған. Оттава қаласынан Ванкувердегі дүбірлі додаға оралу үшін біздің жігіттерге тоғыз жыл уақыт керек болды. 27-желтоқсан мен 6-қаңтар аралығында өткен әлемдік сында Сергей Старыгин шәкірттеріне үлкен үміт артпасақ та, тартымды ойын өрнегін күттік.

Топтағы сәтсіздік

@abctv.kz

Расында, солай болды. Әр кездесуде жігіттер барын салып, жергілікті жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Беташар ойын болашақ чемпиондар Финляндияға қарсы өтіп, таблода 5:0 есебі тіркелді. Қазақстан құрамасының қақпашысы Демид Еремеев 56 соққының 51-ін қайтарып, ерлік жасады. Одан кейінгі ойында біздің жастар АҚШ хоккейшілерінен 2:8 есебімен ойсырай ұтылған. Келесі кездесуде бұдан да ірі есеп тіркеліп, Словакияның 11 шайбасына, тек екі тура соққымен жауап қаттық. Топтық сындағы соңғы кездесу В-дивизионының көшбасшысы Швецияға қарсы өтті. Бұл теке-тіресте де 4:1 есебімен есе жібердік. Біздің құраманың мүшкіл халін А-тобындағы даниялықтар да кешіп жатқан еді. Ендігі, Старыгин шәкірттері элиталы топта қалу үшін төрт ойында да бір де бір ұпайды қоржынға сала алмаған осы құрамамен жұбаныш ойындарын өткізу керек болды.

Жұбаныш ойындарындағы жетістік

@abctv.kz

Финалға бергісіз ойындар осы кезде орын алды. Алғашқы минуттан есеп ашып алған соң хоккейшілер басымдықты күшейтеміз деп жүріп, өз қақпаларына шайба жіберіп қойды. Алайда, намысқа тырысып, Мұсабаевтың көмегімен тағы таразы басын өзімізге бұрдық. Капитан Даниярдың арқасында есеп 3:1-ге жеткен. Осымен, сірә кездесуді өз ойлағанымыздай жүргіземіз дегендер қателесті. Дат ойыншылары ойынды қыздыра түсіп, екінші шайбы соқты. Бұл қызықты кездесудің нүктесін біздің сұрмерген Гатиятов пен қарсылас хоккейшісі Сетков қойды. Алғашқы жеңіс! Жалпы, элиталы дивизионда қалу үшін үш кездесу өткізу мүмкіндігі беріледі. Егер бір құрама екі рет жеңіске жетсе, соңғы ойын өткізілмейді. Қазақстан жігіттерін тағы бір ауыр сын күтіп тұр еді. Есе жіберген даниялықтар ендігі ойынды жоғары қарқынмен бастап, Еремеев қақпасына лап қояды деп күткенбіз.

Тағы да алғашқы минуттан-ақ есеп ашу бақыты бұйырып, капитан Данияр қақпашы Сегордан айласын асырып кетті. Ойынның 4-минутында шабуылшы Макуцкий қанжығасын майлап, құраманың басымдығын күшейте түсті. Осы қос шайбыға екінші раундта өзгеріс енбей, тек соңғы секундтары Гатиятов бос қақпаны екі рет көздеп, Қазақстанның сенімді жеңісіне жетеледі. Қақпашы Еремеев 25 соққыны торға дарытпай, тағы да жарқын өнерімен көзге түсті.  

Гатиятов – үздік ойыншылар тізімінде!

@abctv.kz

Бұл әлем чемпионатын ешкім күтпеген, фаворит саналмаған Финляндияның жеңісімен аяқталды. Еуропалықтар ақтық сында АҚШ хоккейшілерінен басым түсіп, чемпиондық тәжді киді. Ал жартылай финалда дәл осы АҚШ жігіттеріне есе жіберген көрші ресейліктер 3-орын үшін таласта Швецарияны 5:2 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстан құрамасының хоккейшілері Артур Гатиятов, Самат Данияр мен Валерий Ореховтер үздік ойыншылардың тізіміне кірді. «Снежный Барс» командасының шабуылшысы Гатиятов барлығы 8 (5+3) ұпай еншілеп, нәтижелі хоккейшілердің үштігін қортындылады. Оның алдында бір ойын артық өткізген Ресей мен Финляндия ойыншылары Григорий Денисенко мен Алекси Хепониеми тұр. Ал соққан шайбылар бойынша Гатиятов бестікке енді. Бес нәтижелі пас берген Самат Данияр мен Валерий Ореховтер үздік 5 ассистенттердің қатарына қосылған.

Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасының сапындағы ойыншылардың басым бөлігі  жастар құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» командасының қосалқы құрамы «Снежные Барсы»-да тер төгеді. Бір команда бір құраманың әлемдік додада жарқын өнер көрсетуіне жол аша ма? Белгісіз! Әйтеуір, тоғыз жыл күткен әлем чемпионаты тағы да жалғасатын болды...

Келесі жылы Қазақстан құрамасы А-тобында өнер көрсетеді.

@shaiba.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға