Жаңалықтар

Алексей – Азиаданың екі дүркін чемпионы

Велошабандоз Алексей Луценко алтын алды
Алексей – Азиаданың екі дүркін чемпионы
23.08.2018 15:05 3429

Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарының кезекті күнінде Қазақстан қоржыны екінші алтынмен толықты. Велоспортшы Алексей Луценко топтық жарыста барлығынан оза шауып, өз титулын қорғап қалды. 150 шақырымға созылған сайыста СҚО өкілі жапон Фумиюки Беппу (күміс) мен тайлық Навути Лифонганы (қола) қапы қалдырып, алтыннан алқа тақты.

Алексейдің көрсеткен уақыты – 3 сағат, 25 минут, 25 секунд. Финишке жақын қалғанда бес велошабандозшының арасындағы тартыс қыза түскен еді. Соңғы сәтке дейін жерлесіміз өз екпінін бәсеңдетпей, бірінші болып келді.

Ал басқа қазақстандықтар: Евгений Гидич – 40-орында, Жандос Бижігітов – 42-орында, Даниил Фоминых – 43-орында жарысты аяқтады.

Жарқын жеңісінен соң, Алексей Луценко olympic.kz сайтына берген сұхбатында:

– Қазір қандай сезімді бастан кешіріп тұрғанымды сөзбен жеткізу қиын. Мені қолдап, тақымын қысқан барлығына алғысым шексіз. Алтын медаль - біз көрсеткен максимум нәтиже. Бастысы, Қазақстан қоржынын жүлдемен толықтырдық. Ертең де жарыс күні, сондықтан бізге жанкүйер болыңыздар. Біздің командада сынға түскен жігіттерге де жеке-жеке рахмет. Күні бойы жарысты қадағалап, менің жақсы жұмыс жасауыма жағдай жасады. Мен олардың атқарған еңбегін, осы медальмен ақтай алдым деп ойлаймын. Алға, Қазақстан! – деді.

Қысқа ақпарат:

Алексей Луценко 1992 жылдың 7-қыркүйегінде СҚО, Қызылжар ауданы, Үлкен Малышка ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винокуров та осы Қызылжар ауданының тумасы және қос спортшының ауылдары бір-біріне көрші жатыр.

Алғаш рет Луценко 2012 жылы 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында  жеңімпаз атанып, өз есімін велоспортқа енгізген еді. 2014 жылы өткен Азия ойындарында Қырғызтан мен Иран елдерінің өкілдерін артта қалдырып, алғаш рет чемпион атанған болатын. Осы жетістігін араға төрт жыл салып қайталап отыр. Алексей 2017 жылы велоспорттан Азия чемпионатында да жасындай жарқылдап, бірінші боп мәре сызығын кескен еді. Сол жылы Вуэльта көпкүндігінің бірінші кезеңінде жеңіске жетті. Халықаралық дәрежедегі ҚР спорт шебері. Велошабандозшы 2013 жылдан бері Astana Pro Team командасының мүшесі.

2018 жылдың ақпан айында Луценко Оман турында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық болды. Жалпы есепте Astana Pro Team командасы бірінші рет осы турда 1-орын алды. Ал шілде айның 1-де Алексей өз спорттық мансабында Қазақстан чемпионатының топтық кезеңінде (174 км) чемпион атанды.

Еске сала кетейік, Алексей Луценкоға дейін семсерлесу спорт түрінен Дмитрий Алексанин алтын алған болатын. Ал күміс алған қазақстандықтар мыналар: еркін күрестен Данияр Қайсанов, қыздар арасындағы күрестен Жұлдыз Ешімова, таэквондо спортынан Жансель Дениз, грек-рим күресінен Алмат Кебіспаев пен Нұрмахан Тыналиев және су спортынан Қазақстанның қыздар құрамасы.

Қазірге дейін Қазақстан қоржынына 17 қола жүлде келіп түсті. Олар: Саятбек Оқасов (екркін күрес), Әділет Давлумбаев (еркін күрес), Фариза Алдоңғарова  (таэквандо), Кирилл Казанцев (велоспорт, маунтинбайк, кросс-кантри), Руслан Жапаров (таэквандо), Эльмира Сыздықова (қыздар күресі), Мейрамбек Айнағұлов (грек-рим күресі), Нұрлан Мырзабаев (таэквандо), Дмитрий Баландин (жүзу), Азамат Құстыбаев (грек-рим күресі), Ерұлан Ысқақов (грек-рим күресі), Александра Опачанова (академиялық есу), Ербол Қайырбек (таэквандо), Мария Дмитриенконың (стенд ату) еншісінде. Сондай-ақ, семсерлесуден қыздар мен ерлер құрамасы үшінші сатыдан көрінді.

Әзірге Қазақстан құрамасы 25 медльмен жалпы есепте 12-орында келеді.

(Фотосуреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға