Жаңалықтар

«Торда төбелесетін» қазақ қызы

Аян Тұрсын: «Бахрейнге өз алтынымды алуға бара жатырмын»
«Торда төбелесетін» қазақ қызы
07.11.2019 11:34 8330

2019 жыл 10-16 қараша аралығында Бахрейнде ММА бойынша Әлем чемпионаты өтеді. Бұл турнирге әлемнің 50 елінен 500-ге жуық спортшылары қатысады деп күтілуде. Ал ҚР ММА аралас жекпе-жек федерациясы 48 үздік отандасымызды өз бақтарын сынап көру үшін байрақты бәсекеге аттандырып отыр.

Біздің құрамамыздағы спортшылар арасынан алтынға үміткері – Аян Тұрсын. 23 жастағы Аян жеңіл салмақтағы (45 келі) спортшылар арасында алдыңғы орында тұр. Нәзікжанды спортшымыз таэквондо, ушу-саньда және джиу-джитсу өнерін жетік меңгерген.

Аян, Бахрейндегі чемпионаттан не күтесіз?

– Бұл чемпионатты екі жыл күттім. Әр түні ұйықтар алдында «Сен 2017 жылы жол берген қателіктеріңді осы жолы түзеуге тиіссің!» – деген оймен көз іліп келдім.  Сол кезде жаттықтырушым (ММА бойынша ҚР әйелдер командасының жетекшісі Нұрлан Мамыралиев-авт.): «Өз алтыныңды алып, басқа біреуге сыйлап жібергенің не?», – деп қатты ұрысқаны бар. Иә, мен ол кезде өз қатемнен жеңіліс таптым. Бұл жолы олай болмайды деген үміттемін. Өзіме артылған жүктің салмағын жақсы білемін, алтын күтіп отырғандардың сенімінен шығу үшін барымды салмақпын. Сол сияқты бұл жолғы дайындығым екі жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұйырса, осы әлем чемпионатында алтынымды қайтарып алу үшін аттанып барам. Барымды салып, қалайда көк туды биікте желбіретуім керек!

– Осы жолғы қарсыластарыңыздың қайсысын қауіпті деп санайсыз?

– Әлем чемпионатында әлсіз қарсылас болмайды. Төрткүл дүниенің ең мықты деген спортшылары жиналатындықтан, ешқайсысы оңай беріле салмақ емес. Олар өз елдерінің бірнеше дүркін чемпиондары. Сонымен қатар, Еуропа, Америка, Азия біріншіліктерінде атой салып жүрген жүлдегерлер бар. Олардың барлығымен жекпе-жек өткізуге тас-түйін дайынмын. Дайындық барысында швед елінің өкілдеріне және көрші ресейлік спортшыларға қарсы жоспар құрдық. Оған себеп, өткен чемпионатта Швеция аруына ұтылғаным болып отыр. Ал Ресей спортшылары кез-келген спорт түрінде біздің басты бәсекелесіміз екені айтпаса да түсінікті.

– Барлығын қызықтыратын сұрақ шығар, неге осы спорт түрін таңдадыңыз? Қыз баласына бұл қиын емес пе?

– Бала кезімнен ұлдармен өстім. Көшеде де тек ұл балалармен ойнайтынмын. Алматыдағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Олимпиадалық резревтегі спорт мектебінде оқыған да, аралас-құраласатын достарым тек ұлдар еді. Осыдан кейін мұндай жаужүрек жандарға арналған спорттан үрікпей, тез бой үйреткен шығармын.

Жаттықтырушы Нұрлан Мамыралиевтің пікірі:  Қазақстанның ММА құрамасы Азия дивизионының аралас жекпе-жектен көшбасшысы болып табылады. Оған дәлел Таиландта өткен Азия Чемпионатында сәтті өнер көрсетуіміз.  Бұл біріншілікте де спортшылар намысты қолдан бермей, ел абыройын асқақтатады деп ойлаймын. Аяннан алтын күтеміз! Ол қысқа мерзім ішінде бұл спортқа жаңа келгеніне қарамай, көшбасшылық деңгейге дейін көтеріле білді.  Сол сияқты оның жекпе-жектің төрт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы барын айта кетейін. Аян «Нағыз жеңіс өзгені емес, өзіңді жеңу!» деген Қазақстан аралас жекпе-жек біріккен федерациясының ұранының айқын көрінісі бола білетін нағыз талант.

– Спорттық жолыңызды таэквандодан бастағаныңызды білеміз...

– Иә, бірақ ол спорт түріне электронды жүйе енгелі менің қызығушылығым су сепкендей басылды. Себебі, соққы адам денесіне тисе болды, ұпай беріледі. Шынайы  спорттық эмоция жоғалып кеткен соң, бағымды ММА-дан сынап көрейін деп шештім.

– Өмірде, спортта ең үлкен мотиваторыңыз кім?

Өмірдің өзі тұнған мотивация.  Себебі, қиын сәттермен күресе жүріп, алға ұмтыласың. Сол кезде ғана жақсы марапаттарға лайықты болуымыз мүмкін. Еңбектенген адамға Алла да көмек қолын созады емес пе? Жалпы, жеңіске жетсем де, жеңіліс тапсам да ойлайтыным – анам. Ол кісі бір күні маған «Әлем чемпионының анасы» болуды армандайтынын айтты. Бұдан асқан қандай мотивация керек?  

– Сіз бапкеріңіз Нұрлан Мамыралиевті «екінші әкем» деп атайды екенсіз...

Бапкерім тек жаттығу не жарыс кезінде ғана емес, өмірдің қиын тұстарында да, қуанышты сәттерінде де қасымнан табылатын жанашырым.  Жақсы-жаманды айыруға, ойымдағы сан сауалдың жауабын табуға жөн сілтер, жол бағыттар ақылшым. Кез-келген сәтте барлық сырымды да ақтара аламын. Алғаш жаттығуға келіп жүргенімде қаржының жоқтығынан үйге жаяу қайтатын кездер де болған. Сол бір қиын шақтарда демеу болып, көмек қолын созды. Ол-ол ма, кейде қалтасындағы ақшасын екіге бөліп, көбін маған бере салатын, соның кесірінен өзі де үйіне жаяу тартыпты. Ол кісі жаттығу кезінде қатаңдық танытқанымен, өмірде ең мейірімді жан. Маған жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаспын. Еңбегін тек жетістіктерім арқылы ақтайтынымды түсінемін.

– Жалпы, жекпе-жек алдында жасайтын ырымыңыз бар ма? Өзіңізді қалай сабырға шақырасыз?

Ең алдымен, Жаратушы иемізге жалбарынып, демеу сұраймын. Жекпе-жек алдында көп сөйлегенді ұнатпаймын, тып-тыныш патриоттық музыкалар тыңдап отырамын.

– Сіз жігіттермен спарринг жасауға қарсы емессіз дейді. Егер бұл рас болса, неге?

Иә, бұл рас. Бала кезімнен ұлдармен ойнадым дедім ғой... Сондай ойын кезінде төбелестің де оты тұтанып кететін (күліп). Қыздарға ешқашан жұдырық сілтеп көрмеппін. Өздері нәзік болған соң ба, жаным қатты ашитын.

– Соған қарағанда бұзық болған сияқтысыз...

– Қатты бұзық болдым деуге келмейді енді. Тек «басыңа күн туғанда» қорғанысты ұмытпау керек (күліп)... Алдыңғы сұраққа жауабымды жалғастырайын... Таэквондомен айналысып жүрген кезде де, қыздар арасындағы жарыста бірінші қарсыласымның мені ұрғанын күтетінмін. Ол бірінші бастағанда барып өзім іске кірісемін. ММА-да да солай. Ал жігіттермен жекпе-жек өткізген бөлек. Олармен «қатты ұрып қоямын, бір жерін зақымдаймын-ау» деген қорқынышсыз шын жүрегіңмен, бар күшіңді сала «шайқасасың». Ұлдар да солай жауап қайтарады. Шынын айтқанда, жігіттермен жаттыққан жақсырақ. Себебі, қыздармен бәсекеге түскенде әлдеқайда жеңіл өткенін байқайсың...

– Күн тәртібіңіз қандай? Тамақтану кестеңіз де бөлек болар...

Күн тәртібім өте қарапайым. Таңертең тұрып, таңғы астан соң, жаттығуға барамын. Түскі үзілісте қайта келіп, кешкі жаттығуға дейін тынығып аламын. Ал тәбетім бапкерім айтпақшы «өте керемет». Сүйікті тағамдарым анам дайындаған манты, лағман және  бешбармақ. Тамақ таңдамайтын жақсы әдетім бар, ең бастысы еті көп болса болғаны. Ал салмақ түсіруге кіріскенде рационнан ұн мен тәтті тағамдарды алып тастаймын.

Өзіңіз үй шаруасына қалайсыз?

Бір үйдің шаруасын дөңгелетерлік пысықтығым бар(күліп). Тамақ та пісіремін, басқасын да істеймін.

– Жүрген жеріңізде спортты насихаттауды ұмытпайды екенсіз...

Әрине. Барлық адамдар спортпен айналысып, ең болмағанда азын-аулақ физикалық жүктемеге мән берсе деймін. Спорт – әрқашан сәнде! Бұл өмірді жақсартудың ең жақсы тәсілі. Сол сияқты адам жақсы өмір сүргісі келсе, өз мақсаттарына қол жеткізгісі келсе еңбектенуі тиіс.

– Әңгімеңізге көп рахмет, жеңіспен оралуыңызға тілектеспіз!

(Фото: Қазақстанның ММА федерациясының баспасөз қызметінен)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға