Жаңалықтар

Жанар Нұржақыпова: «Археологиялық парк құру жоспарымызда бар»

Сыр өңірінің тарихи орындарымен виртуалды түрде танысуға  мүмкіндік жасалды
Жанар Нұржақыпова: «Археологиялық парк құру жоспарымызда бар»
23.04.2019 17:02 4198

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Тарихи сананы жаңғырту мақсатында «...барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру маңызды. Ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырады» деп ерекше атап өткен болатын. Осы мақала аясында Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Жанар Нұржақыповамен әңгімеміз өңірдің тарихи-мәдени нысандары мен музей саласы жайлы тақырыптар төңірегінде өрбіді.

 

– Музей саласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында қандай жобаларды іске асырып жатырсыздар?

– Қызылорда облысы тарихи мәдени мұраларға бай өлке. Осы бай мұраларамызды қорғап, тауып, оны зерттеп-мәңгілендіруде музейлердің рөлі өте зор. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қызылорда облысындағы тарихи-өлкетану музейлерінде «Жас өлкетанушылар» ғылыми-білім жобасы жүзеге асырылуда. Бұл – жас ұрпаққа өңірдің бай мұраларын таныстырып, білуін ғана емес, оны өздері іздеп тауып, өз қолымен жасап, тарихымен танысып және ғылыми жобалар жасауына мүмкіндік беру деген сөз.

Сонымен қатар, мектеп туризмін дамыту мақсатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану  музейінде «Sacral Тур» және қазақтың салт-дәстүрін насихаттау бағытында «Village life» жобалары жүзеге асырылуда. Өңірде алғаш рет облыстық музей тарапынан арнайы тарихи-танымдық телеэкспедициялар ұйымдастырылып, қасиетті нысандардың маңыздылығы туралы телехабарлар түсіріліп, халық назарына ұсынылды.

Өткен жылдан бастап музей қызметкерлері «Сыр өңірінің киелі орындарына саяхат» атты жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба аясында облыстағы қасиетті нысандар аясында өңірдің Шығыс аймағы бойынша  Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің бойындағы Оқшы Ата кесенесі, ортағасырлық Сығанақ қалашығы, Хорасан ата кесенесі, Төлегетай-Қылышты кесенесіне және өңірдің Батыс аймағы бойынша Қалжан Ахун мешіт-медресесі, Жетіасар кешені, Марал, Қалқай ишан кесенелері, ортағасырлық Сортөбе қалашығы, Қорқыт кешені, Байқоңыр қаласындағы ғарыш тарихы музейі бағыттары бойынша туристік саяхаттар ұйымдастырылды.  

Қызылорда облысында бүгінгі күні тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, сақтау, қалпына келтіру бағытында біраз жұмыстар атқарылуда.   Мұны айтпай кетуге болмайды. Келесі бір жақсы жаңалық: 2018 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және облыстық жобалық кеңсе аясында қасиетті орындарды сандық форматқа көшіру және олар туралы әлеуметтік желі қолданушыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 150 ескерткіштің 3D форматтағы интерактивті картасы (virtualmap.xyz) қолданысқа енгізіліп, QR-код тақтайшалары орнатылды. Осылайша, Сыр өңірінің тарихи орындарымен виртуалды түрде танысуға  мүмкіндік жасалды.

– Өңіріңіздің мәдениет және архивтер саласындағы мұралардың зерттелуі мен олардың сақталуы қандай деңгейде?

– 2013 жылдан бері өңірдің мәдени мұраларын сақтау, қорғау бағытында Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес жұмыс жасап келеді. Кеңестің құрамында елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, археолог мамандар, реставраторлар бар.  

Кеңестің шешімімен облыстық бюджеттен алғаш рет археологиялық зерттеулерге қаржы қарастырылып, 2014-2018 жылдары аралығында Шірік Рабат, Сығанақ,  Жанкент,  Жент, Сортөбе, Бәбіш мола, Қышқала қалашықтарына және Аралдың кепкен табанындағы Кердері кесенесіне археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, музей қоры жаңа экспонаттармен толықтырылып келеді. Қазіргі уақытта қазба жұмыстарымен ғана шектелмей, аршылған нысандарды сақтау, қалпына келтіру шаралары қоса жүргізіліп, облыстық музей қорына 2327  жәдігерлер жинақталды.

Сонымен қатар, «Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулер тарихы» жобасы бойынша Ресей ғылым академиясының Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты, Шығыс халықтарының өнері мемлекеттік музейі, Ресей Федерациясының Мемлекеттік тарих музейлері мен архивтік қорларында сақталған Сыр өңірі тарихына арналған құжаттардың көшірмелерінен «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулерінің тарихы» атты  кітап-альбомын дайындау үстіндеміз.  

 

– Бауырлас Түркия елінде болып қайттыңыз. Ондағы тарихи-мәдени нысандар мен музейлер жайлы ой-пікіріңіз қандай?

– Керемет. Жақсы әсер алдым, көп тәжірибе жинақтадым десем де болады. Түркия елінде музей ісімен қатар, туризм саласының жақсы дамығанын көруге болады. Мұндағы музейлердегі бір жүйелілік қатты қызықтырды. Экспонаттардың қасындағы аудио-гид бар деген белгілері ұнады. Келушілерге барлық жағдай жасалған. Бізде де жасауға болады деп ойлаймын.

Түркия еліндегі сапарымда танысқан, докторантурада білім алып жүрген тарихшы-ғалымы Серхан мырзаның Қызылорда облысындағы ортағасырлық Жанкент қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысқаны мені қатты қуантты. Сондай-ақ, Түркияның озық музейлерімен танысып, тәжірибе алмасып қайтуға мұрындық болған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі және ТİKA Халықаралық ұйымына алғысымды білдіремін!

– Қызылорда облысы мұражайларындағы құнды жәдігерлердің ғылыми тұрғыдан зерттелу деңгейі қандай?

– Облыстық музей жанында ғылыми Кеңес жұмыс жасайды. Ғылыми кеңесте музейдің ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптары, экспозициялық-тақырыптық жоспарлары, көрмелік жұмыстар мен  музей ісін жүргізудегі инновациялық әдістер қаралады. Музей қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары музей қорында жинақталған экспонаттар коллекциясы негізінде және Сыр өңірінің тарихына, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты жүргізіледі. Әр жыл сайын музей қорындағы экспонаттар жан-жақты зерттеліп, нәтижесі мақала ретінде республикалық, облыстық конференция жинақтарына, жергілікті БАҚ-та жарияланып отырады. Бүгінгі күні зерттелген құнды экспонаттарымыз облыстық телеарнада арнайы «Бір жәдігер» жобасы бойынша халықтың назарына ұсынылып келеді.   

 

– Қызылорда облысы музей саласы қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

– Облыстық музей қызметкерлерінің кәсіби маман болуы заман талабы. Музей қызметкерлерінің жыл сайын кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында арнайы қаржы бөлініп, Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейі ұйымдастыратын музей ісін жетілдіру мақсатындағы семинарларға, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облыстық филиалында ұйымдастырылған  семинарларға қатысып келеді.

Жақында ғана 9 сәуірде ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен музей және кітапхана қызметкерлері үшін ашық кеңістік форматында музей ісін жетілдіру және музейдің электронды қоры «АС – музей» бағдарламасымен жұмыс жасау тәсілдерін игеру мақсатында  семинарлар өтіп, облыстық музей қызметкерлеріне арнайы сертификаттар табысталды.

 

– Соңғы жылдары елімізде тарихи-мәдени нысандар жайлы бірқатар жобалар атқарылып келеді. Осы басқарманың бөлім басшысы ретінде қандай қиындықтарға кез болдыңыз?

– Иә, дұрыс айтасыз. Өздеріңізге белгілі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңінің нәтижесімен, облыс бойынша 12 ескерткіш «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» және 35 нысан «Өңірлік қасиетті нысандар» кітаптарына енгізілді. Бүгінгі күні жобаның екінші кезеңі бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Осы жобалар аясында бізде тарихи нысандардың аңыз-әңгімелерінің жоқтығы, зерттеулердің аздығы біраз кедергілер келтіруде. 

 

– Қызылорда облысының мәдениет және музей саласы қандай елдермен байланыс орнатылған?

– Жалпы мәдениет саласының «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында облыстық филармония өнер ұжымдарының Ұлыбритания, Түркия елдерінде гастрольдік концерттері ұйымдастырылса,  облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Шотландияның астанасы Эдинбург қаласында өткен әлемдегі ең жоғары деңгейдегі өнер фестивальдерінің бірі – «Фриндж» халықаралық өнер фестиваліне қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» лиро-эпостық драмасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» спектаклімен қатысып, Еуропа көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді.

Осы фестиваль нәтижесі бойынша театр ұжымы жыл сайын өтетін «Фриндж» фестиваліне еркін кіру құжатына ие болды. Сонымен қатар, театрдың көркемдік жетекшісі Х.Әмір-Темір, артистер З.Төлепова, Қ.Архабаевтардың есімі Шотландияның «Алтын кітабына» енгізілді.

«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Бас хатшылығының арнайы шақыртуымен 2019 жылдың 16-27 ақпаны аралығында Балқан түбегіндегі Босния–Герцеговина мемлекетінде Түркітілдес елдердің өнерпаздарының қатысуымен өткен классикалық камералық оркестрлердің фестиваліне Қазақстан Республикасы атынан Қызылорда облыстық филармониясының камералық оркестрі қатысып, өнер көрсетті.

Ал, музей саласы бойынша, облыстық музей республикадағы музейлермен серіктестік қарым-қатынас орнату барысында ҚР Ұлттық музейі, ҚР Тұңғыш Президенті музейі, Отырар қорық-мұражайы, Түркістан қаласының тарихи-мәдени этнографиялық орталығы, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейлерімен серіктестік бағытта әртүрлі тақырыпта көрмелер ұйымдастырып, музей ісін жетілдіру тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

 

– Балаларыңызды қаншалықты мәдениетке, тарихқа баулып келесіз?

– Отбасымда 3 балам бар. Мен мәдениет саласында қызмет жасайтын болғандықтан, отбасым бұл саладан қашық емес. Облыстағы театр, музей, кітапхана, филармонияда өтетін іс-шараларды көріп, қатысып келеді. Үлкенім биыл 11 сыныпты бітіреді. Туған еліміздің тарихымен ғана емес, шет елдердің де тарихын білгенді жақсы көреді. Тарихқа жаны жақын. Негізі археолог болам деп қызығып жүрген. Оны алдағы уақыт көрсетеді деп ойлаймын. 

 

– Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысысыз. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Жоспарымыз көп. Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалық бағдарламалары аясында биылғы жылы Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Қышқала және Бәбіш мола қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстарын жалғастырамыз. Бұл жұмыстардың нәтижесімен келешекте қалашықтарда археологиялық парк құру жоспарымызда бар.

Сонымен қатар, музей қорларын бір жүйеге жинақтау мақсатында «АС – музей» бағдарламасымен енгізуді де жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға