Жаңалықтар

Жамбыл Жабаевтың музей-үйі

Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы
Жамбыл Жабаевтың музей-үйі
Фото: Жамбыл Жабаевтың музей-үйі қорынан алынды 29.08.2017 09:20 16269

Алматыдан 70 шақырым қашықтықта орналасқан Жамбыл ауылы — бір ғасыр өмір сүріп, қазақ жырының даңқын асқақтатқан жыр алыбы Жамбылдың жаны тыныштық тапқан жер. Ақынның атымен аталған бұл ауылда дара тұлғаның құрметіне ашылған мұражай кешені бар. Бұл киелі мекенге еліміздің әр аймағы мен қатар, көрші мемлекеттерден де келіп, тірісінде-ақ аты аңызға айналған Жамбылды танып-білуге ниет білдіретіндердің қатары көп.

1945 жылы Жамбыл Жабаев дүниеден өткеннен кейін араға екі жыл салып ақынның көзі тірісінде мекен еткен үйін әдеби-мемориалдық мұражай ретінде ашу жөнінде шешім қабылданды. Жазушылар Одағы Мәскеудегі Пушкиннің, Маяковскийдің белгілі мұражайлары осы ақындардың баспанасы болғандығын алға тартып, Жамбыл сынды халқымызға ортақ тұлғаның да баспасын мәдени кешенге айналдыру керектігін айтады. Нәтижесінде 1947 жылы Жамбыл Жабаевтың мұражай-үйі жыр алыбының өмірінен сыр шертетін киелі орын ретінде көпшілікке есігін ашады. Мәдени кешен ақын тұрған үй, әдемі гүлзар бақтар және әкімшілік ғимараттан тұрады. Сондай-ақ, бақтағы қалың ағаштардың ортасында Жамбыл Жабаевтың аппақ мәрмәрдан жасалған мавзолейі бар. Оның жобасын белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің салған үлгісі бойынша Александр Белоцерковский есімді сәулетші әзірлеген екен.

Ақын тұрған үйге ешқандай өзгеріс енгізілмеген. Үйдің қабырғаларынан бастап, ішіндегі бұйымдарына дейін сол бұрынғы күйінде.Мұндағы қызметкердердің ерекше күтімінің арқасында Жамбылдың көзі тірісінде қолданған заттарының көбі сол күйінде сақталған. Жалпы, мұражайдағы көрініс тек ақынның тұрмыс-тіршілігін ғана емес, Жамбыл өмір сүрген дәуірдің бет-бейнесін көз алдыңа елестетеді. Мұндағы әрбір экспонаттың ақын өміріне тікелей қатысы бар. Жыр алыбының 150 жылдық мерейтойының қарсаңында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ақынның мұражай-үйіне түгелдей жаңарту жұмыстары жасалды.

              

«Менің пірім - Сүйінбай...»

Сөз атасы Сүйінбайды ұстаз тұтқан Жамбыл Жабаев өзінің көптеген шоқтығы биік жырларында бұл кісінінің өмірі мен өлеңін үлгі етіп келді. Мінезі де, болмысы да ерекше болып өскен бала Жамбыл жастайынан ән мен күйге құмар, ойы ұшқыр, ұғымтал болып өседі. Жамбылды көзі көрген жандардың барлығы оның есте сақтау қабілетінің ерекше болғандығын айтып, таң қалып жатады екен. Міне осылай дара тұлғаның бойындағы сирек кездесетін қасиеттерді бірінші болып Сүйінбай Аронұлы байқапты. Шамамен 13-14 жасында әкесінің қарсылығына қарамастан, қолына домбырасын алып, атағы талай жұртқа жайылған Сүйінбайды іздеп тапқан бала Жамбыл өзінің алғашқы жырларын ұсынады. Жас жеткіншектің тапқырлығы мен талабына тәнті болған жырау өзінің ақ батасын беріп, ақылын айтыпты. Жамбылдай мөлдір бұлақтың көзін ашқан Сүйінбайды шәкірті әрдайым ән-жырларына қосып, ұлықтап жүрген. Міне осылайша, ұстаз бен шәкірттің арасындағы үлкен сыйластықтың бір белгісі болып мұражайдың төрінде Сүйінбайдың суреті тұр. Портретті Әбілхан Қастеевтің өзі салған.

                 

Жыр сүлейі - Жамбыл

Мұражайдағы құнды экспонаттардың бірі – ұлы ақынның киелі домбырасы.  Өзінің суырыпсалмалық өнерімен жалпақ жұртқа атағы жайылған Жамбыл – айтыс өнерінде үлкен із қалдырған тұлға. Ақынның Құлмамбетпен, Досмағанбет, Айкүміс сынды дүлдүл ақындармен жасаған айтысы қазақ ауыз әдебиетінің алтын қорынан орын алады. Мұражай қабырғаларына жыр сүлейінің өмірінің әр түрлі кезеңдерінде жасаған айтыстары да сурет арқылы бейнеленген. Жалпы, әрбір ақын өзі сүрген заманының айнасына айналып, қоғамдағы түйткілді мәселелерді өлең-жырға арқау етіп отырары анық. Жамбыл өз жырларының тең жартысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске арнаған. Сондықтан болар, мұражай қабырғасынан Амангелді Имановтай көтеріліс басшысының суретін көрдік.

Мұндағы экспонаттарға қарап, ақын өміріндегі тағы да бір үлкен кезеңді көруге болады. Ол – соғыс уақыты. Жамбыл екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан отан қорғаушыларға арнап жырдың небір үлгісін жазған. Бұл жырлар бір жинаққа топтастырылып, «Соғыс жылдарының өлеңдері» деген атпен мұражайда сақталып келеді. Ақынның «Ленинрадтық өрендерім» деген өлеңі соғыс жылдарында талай жауынгерді жігерлендіріп, қарапайым жұртқа күш-қуат берген еді.

Мұражайдың бір бұрышы ақынның иеленген мемлекеттік марапаттарына арналыпты. Олардың арасында депутаттық мандаттар, Ленин ордені және тағы да басқа төс белгілер қойылыпты. Жамбылдың жеке кабинетін аралап, тұрмыста қолданған бұйымдарымен танысу барысында көне сағатқа көзіміз түсті. Бұл сағаттың тілі 7:55 деген уақытты көрсетіп тұр. Дәл осы уақытта ұлы ақынның жүрегі тоқтап, тіршілікпен қош айтысқан екен.

Осылайша, 100 жасқа сәл ғана жетпей өмірден өткен ғасыр адамның жырға толы өміріне шолу жасап, ақын басқан ізбен жүргендей болдық.

Айтпақшы, бұл ауылда Жамбылмен қатар қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы – Нұрғиса Тілендиевтің де мазары бар. Композитордың өлер алдындағы соңғы тілегі – ұлы ақынның қасынан орын табу болған екен. Сондықтан да Жамбыл бабасының жырына шөлдеп келген жандардың Нұрғисадай дарынды тұлғаның мемориалына бас сұғып, құран бағыштауға мүмкіндігі болады.
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға