Жаңалықтар

Түркілердің монументтік өнеріндегі әйелдер бейнесі

Ортағасырлық түркілердің көшпелі қоғамында әйелдер маңызды рөл атқарды
Түркілердің монументтік өнеріндегі әйелдер бейнесі
14.03.2018 15:50 10531

Зерттеушілер тас мүсіндерде жауынгер де батыр бабалар кейпіндегі еркектің бейнесі бедерленген деп көрсетеді. Еуразиялық далалы аймағында, алғашында қазақстандық бөлікте, кейіндері оңтүстік орыс далаларында таралған половецтердің монументтік скульптурасындағы әйел бейнесінің тастағы бейнесі түркілердің батыс қанаты мәдениетінің, ал тұтас алғанда бірыңғай орталық-азиялық аралдағы ортағасырлық түркілер мәдениетінің ерекшелігін байқатады. Бұл батыс түркілеріне тән мемориалдық ескерткіштердің ерекшелігін, қолында ұстаған құсы бар басқа типтегі тас мүсіндерді Я.А. Шер баса көрсеткен болатын.

Жазба деректерде, сонымен бірге археологиялық мәліметтерде Күлтегін мемориалдық комплексінде қаған мүсінімен қатар оның әйелінің мүсіні тұрғандығы айтылады. Семей облысындағы Тансық ауылына жақын орналасқан Қозы Көрпеш – Баян Сұлуға арналған ескерткіш ғимараты ішіндегі төрт тас мүсіннің үшеуінде әйел бейнеленгендігін А. Левшин сипаттап жазған. ІХ – ХІ ғғ. негізі қаланған бұл культтік табыну орнына қазақтар ХІХ ғасырда да тәу ететін. С.А. Плетневаның айтуынша «Тас мүсіндер құдіретіне сену күні бүгінге дейін сақталған». Зерттеу жұмысын жүргізу барысында автор әрбір мерекелер алдында мүсіндерді жуып-тазалау ғұрпымен аз кездеспеген, тіпті XVIII – XIX ғғ.  тас мүсіндерге шағын құрбандықтар әкелінген – Чертомлык қорғанындағы тас мүсіндер етегінде XVIII – XIX ғғ. ұсақ теңгелердің көптеген бөлігі табылған. Низамидің суреттеуінше, түркілерде әйел құдай болған, оның құрметіне қойылған тас идолдар тұрғызылды және кейіндері оған табынған. Оңтүстік орыс даласында тас мүсіндердің көбінің әйелдердікі болуы әйел құдайға сенушіліктен шыққан деп көрсеткен Г. Феодоров-Давыдов. Половец әйелдері мүсіні иконографиясына талдау жасаған С. Плетнева былай деп жазды: «әдейі айшықталып көрсетілген әйелдік белгілер, әсіресе үлкен, жалаңаш кеуде, мүсіндер ру мен отбасының қамқоршысы, қорғаушысы мағынасында ұғым берген деп топшылауға жетелейді». Қазақстан мен Қырғызстанның мұражайларындағы мүсіндердің коллекциясын зерттеген А.Шер әйел тас мүсіндер мен алғашқы қыз-ана культі арасында өзара байланыс бар деп түйіндеген.

Семей, Өскемен, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайларында екі қолымен ыдыс ұстаған әйел мүсіндері сақтаулы. Мұражайлар коллекциясында қолына құс ұстаған әйел мүсіндері де бар. Алыс Жайсан деген жерде өте қызық үйлесім байқалған. Қорғандық ғимараттан табылған екі тас мүсінде сол қолға құс, ал оң қолға ыдыс ұстатылған.

Соңғы уақытта Қазақстан территориясында қорғандарға қойылған тас мүсіндері бар бірнеше ғұрыптық ескерткіштер зерттелген. Ғибадатханалар ерекшелігін қолына ыдыс ұстаған әйел мүсіндері де бар қорған ортасына екіден бес мүсінге дейін қойылған қорғанды конструкциялар құрайды. Орталық Қазақстандағы Абылай, Мыржық ескерткіштері және Жіңішке өзенінің оң жағалауындағы ғибадатханалардан үйінді обаларға орнатылған мүсіндер, ішінде әйелдердікі де бар, ашылып, зерттелген. Меркедегі ғибадатхана картасындағы 64 тас мүсіннің 31-інде әйелдер бейнеленген. Мүсіні бар ғұрыптық әрбір ескерткіш алыстан байқалады, қорғанның арасы 0,4 – 0,6 километрдей болады. Қорғандардың бұзылған іздері байқалса, ал тас мүсіндердің бәрі дін аман. Сандық 2 қорғанындағы әйелдің құрметті жаста екендігі аңғарылады, кимешек тәрізді бас киімі in situ болып тұр және жүзі шығысқа қаратылған. Сүйіндік 1 және 2 ас беру комплексінде және Шайсандық комплексінде, 1 Қорғанның ортасында, екіншіде қорған жанынан екіден әйел мүсіндері табылған. Ғибадатхана ескерткіштері арасында және еркектің қос мүсіні кездеседі, олар үйінді ортасында орналасқан. Әйелдер мүсіні қорғандардың ортасына орналастырылған және бет-жүзі шығысқа қаратылған, бір ескерткіштерде 4-5 мүсіндер қойылған, оның 1-і еркектікі де, қалғаны екі-үш әйел мүсіні. Белсаз 2 және Шольсай 3 ғұрыптық қорғандар комплексін археологиялық зерттеу әйел мен ер мүсіндерінің бір-біріне қатар беттестіре, тіке қойғанын байқатқан. Ерлер мүсіні екі ескерткіште де оңтүстік шығысқа, ал әйел мүсіні солтүстік-батысқа қаратылған. Барлық зерттелген мүсіндер граниттен барельеф техникасымен орындалған. Әйел мүсінінің иконографиясы Меркедегі ғибадатханалардың бәріне тән бірыңғай үлгіде жасалған. Таста адамдар бейнесіне жалпы тән белгі – мұрынның тік және танаусыз көрсетілуі. Орталық Азияның барлық территориясына таралған көне түріктік мүсіндер типіне жататын жауынгер еркекті бейнелейтін тас мүсіндерде мұрын танауы ерекше бедерленіп көрсетілген. Мерке ғибадатханасында ерлер мұрыны секілді әйелдер мұрыны да мүсіндерге танаусыз, созылыңқы қасқа жалғаса тік түсе бейнеленген. Бәлкім, жоғарыда көрсетілген түркілер әдісінен өзгешелігі Мерке ғибадатханасы ескерткіштерін қалдырғандар Орталық Азиядағы өзге түркілер арасынан өз руы мен тайпасының этникалық немесе басқа да ерекшелігін баса көрсеткісі келсе керек.

Меркелік барлық тас мүсіндердің, соның ішінде әйелдер мүсінің де, негізгі ерекшелігі – қолында ыдыс болуы. Ыдыс формасына қарамастан бәрі қарын тұсына ұсталып, екі қолмен ұсталады. Бұл этнографиялық сипаты бар белгі кейін половец-қыпшақ мүсіндері өлшеміне айналады, иконографиядағы өзге де аксессуарлармен қатар бейнеленеді, ал ыдыс әрқашан екі қолмен, бел тұсында ұсталады. Әйелдердің портреттік сипаты әрбір жағдайда инвидуалды. Ортағасырлық тас өндеу өнеріне сай басты назар торс, басқа аударылып, мойыннан терең ойық арқылы бөліне көрсетіледі. Қас созыңқы тіке сызықпен берілсе, көз бен ерін сопақша етіп беріледі. Алайда бұл жалпы сипат мүсін иконография сынды дәстүрлі болғанмен жеке портреттік сипатты ашуға кедергі келтірмейді. Әйел портретін жасаушы этникалық, әлеуметтік, жас ерекшелігін және жеке бас сипатын беретін нақты образды сомдай біледі. Әйелдің әлеуметтік жағдайы оның әшекейлері арқылы көрсетіледі. Бір тас мүсінге екі қатар әшекей суреті түскен және беті, бас киімі, құлағы мен кеудесі баса өңделе берілген. Мүсін қолына ыдыс ұстатылған, қолындағы саусақтары да айшықтала көрсетілген. Барлық мүсіндегі бас киім әйелдің жасын және әлеуметтік статусын көрсетеді, түркі әйелдері гардеробындағы дәстүрлі аксессуарлар: сәукелеге ұқсас шошақ бөрікті бас киім, кимешек, тақия және чалма типтес бас киімдер кездеседі. Сәукеле – келіннің тойда киер бас киімі және жас келіншектің де мерекелік бас киімі сәукеле, қарақалпақ сәукеле, қырғызша – шоукеле, түркмен – чоудор тобында да осыған ұқсас шовкеле деген бас киім бар. Кимешек – қазақ, қарақалпақ, өзбек – қыпшақ және өзге дешті қыпшақтан шыққан өзбектердің тұрмыстағы әйелдері киетін бас киім.
Оның үстіне кимешек пен чалма кең таралуы және «түркі тілді халықтардың бетін жасырмай жүретін әйелдері» киді. Этнографиялық байқаулар бұл бас киімдердің өте ертеден келе жатқанын байқатады. Мысалы, А.Х. Халиковтің пікірінше, «бас киімнің тақия секілді көнетүріктік типке жататын түрі Удмуртия территориясындағы қабірден табылған».

Мерке ғибадатханасы мүсіндерінде бас киімдердің барлық типі кездеседі, қазіргі заман басталғанға дейін бұл бас киімдерді қазақ әйелдері гардеробынан кездестіруге  болатын еді, ал бұл күндері олар тарихи өлкетану мұражайлары коллекциясына айналған.
Әйелдің әлеуметтік статусын көрсететін тағы бір белгілер – кеудеге тағатын әшекейлер, олар мүсіндерде бір, кейде екі қатар болып берілген. VII ғ. ортасына жататын соғды теңгелеріндегі «қатын» суреті тас мүсіндегі әйел бейнесіне ұқсайды. Қағанмен қатар ел билеуші әйелдің атрибуты – шошақ келген бас киім және әшекей болған. Половец әйелдері мүсіндерін зерттеуші О.Плетнева «половец әйелдерінің сүйікті әшекейлері болды және ... половец мүсіндері дамуының барлық кезеңінде пайдаланылды» дейді. Ал половец әйелдерінің мүсіндегі портреттік сипаты туралы автор былайша түйіндейді: әйел мүсіндерін жасауда отбасы мен рудың қамқоршысы болған нақты әйел бейнесі негізге алынды. Сандық 3 қорғанынан табылған бас киімдегі сақина тәріздес салпылдақтар өте жиі кездеседі. VIII-IX ғғ. олар жоғарғы Кама, Чепцы өзендері бассейнінде кездеседі. Х – ХІ ғғ. Дөңгелек формалары салпылдақтар Саркел – Белая Вежа қабірінен табылған. Жалпы, Мерке ғибадатханасының әйел мүсіндеріне талдау жасағанда, ортағасырлық түркілердің көшпелі қоғамында әйелдер маңызды рөл атқарды деуге болады. Сонымен бірге сипатталып отырған ескерткіштер типі діни-наным объектісі ретінде пайдаланылды, енді олардың генезисі туралы мәселе қалған. Көшпелілердің мүсін өнеріндегі әйел образының алғашқы қалыптасу кезеңінен, гүлденген половецтер мүсіндеріне дейінгісі – бәрі Қазақстан территориясынан табылған. Бұл жерде де әйел мүсінінің барынша жетілген формасымен жұмыс жасаған. Мерке ғибадатханасының материалдары, ерлермен қатар әйелдер мүсіні ортағасырлық көшпелілердің идеологиялық танымын түсінуге жәрдемдеседі. Түркілердің еркектік бастаумен қатар әйелдік бастауға сенуінің терең темірі бар. Жерлеу және ас беру ғұрыптарының тығыз астасуы, қатарда жоқ адамдар әлемімен байланысуға ұмтылуды көрсетеді, көшпелілердің дәстүрлі мәдениеті түркілердің ғибадатханасындағы тас мүсіндер де кіретін материалдық мәдениеті ескерткіштерінде де айшықталған.

Қазіргі кезде түркілердің монументтік өнері және олардың ғұрыптық ғимараттарымен байланысы жайлы әдебиеттің молдығына қарамастан, олардың генезисі туралы мәселе әлі басы ашық қалпында қалып келеді. Тас мүсіндері бар храмдар тұрғызған түркілердің мәдени дәстүрінің бастау көздерін түсінуге ұмтылу, ортағасырлық дәуір көшпелілерінің идеологиялық түсініктерінің терең синкретизмі жайлы ойға жетелеген.
Алтайдағы Кокэль ерлер қабірінен табылған әйелдердің антроморфтың мүсіндерінің мерзімі б.э.д. І мыңжылдықтың соңы – б.э. І мыңжылдығының бірінші жартысы деп белгіленген. «Көнетүріктік мезгілдегі тас мүсіндерге стилистикалық жағынан өте жақын» әйел статуэткаларын ерлер қабіріне бірге көму, әйел образымен байланысты культтің болғандығын аңғартады. Қабірлердегі ғұрыптық атрибуттар, мүмкін, арасында өмір сыйлаушы әйел бейнесі бар түркі құдайлары пантеонындағы мүсіндік бейнелердің идеологиялық бастауының сипатына куә болатын шығар. Мүмкін, культтің алғашқы бастауын «... Тау құдай-анасы, еркектің ұрықтың иесі Ардвисура – Анахитпен, бәрін Алтаймен байланыстыру қажет» деген Д.А. Мачинский тура айтар, ал әйел статуэтикаларының бірге көмілуі, алғашында көшпелі ортада туып, кейіндері орталық Азияның оңтүстік аудандарындағы халық қабылдап алған дәстүрдің бастауын көрсетеді. Сонымен бірге Анахитаның иконографиясы Хорезм, Соғды отырықшы халқының ескерткіштері материалдары бойынша толық анықталған. Керамикадан жасалған, ерлердікі және әйелдердің антроморфтық бейнелері хорезмдік, зороастрлік жерлеу ескерткіштерінің материалдары бойынша барынша танымал жас әйелді бейнелейтін Қой Қырылған-қала мүсіндік оссуарий-астоданы Ю.А. Рапорттың пікірінше, қандай да бір құдайдың бейнесін береді. Және де «... әйелдік мүсін оссуарий Ардвисура Анахита образында өлгендерді бейнелейді деген ойға әкеледі». Зороастрлік пантеондағы ұлы құдай-ананың бұл «таққа айбынды отырған» иконографиялық келбеті ахеменидтік дәуірдегі патшалар мөріндегі бейнелер бойынша белгілі. Зороастрлік жерлеу ғұрыптарында пайдаланылған әйел бейнесіндегі мүсіндер сипаттап отырған ескерткіштердің Орталық Азияның көшпелі қоғамына б.э.д. І мыңжылдық – б.э. І мыңжылдығы шегінде таныс болған әйел құдай культімен байланысты деген ойға қайшы келмейді. М.Г. Воробьеваның пікірінше, ежелгі Хорезмде су тасқынының құдайы Анахитаның иконографиялық бейнесі ассиро-вавилондық өнер ескерткіштері прототипі болатын әйел терракоталарында бейнеленген. Б.э.д. ІІ аяғында Ферғана жерінде «антроморфтық бейнелер жерлеу ғұрыптары үлкен орын алған». Алебастрдан жасалған антропоморфтық кескіндер Кайрагач ғибадатханасынан табылған. Дерек көздерін талдау арқылы Г.А. Брыкина идолға табыну халық арасында кең тараған және бабалар культімен тығыз байланысты болған деген ой қорыту жасады. Автор «Орта Азия мен Шығыстағы ортағасырлық өнерде аспан шырақтарын мүсіндеу жиі кездеседі, мысалы, әйел құдай «Selena» немесе «Махо», яғни «Ай» деген ұғым беретін жазулары қатар түсетін кушан теңгелерінде кездеседі. Ал Бұхара базарларында «Мах» «Ай» деген атпен кішкене мүсіндер сатылған.

Ю.А. Зуев Талас өзені бойындағы манихейлік түркі ескерткіштерін талдауға арналған мақаласында: «Пұтқа табыну Соғдыда да, сондай-ақ Бұхарада да діннің жазбаша тіркелген бірінші түрі болды, - деп жазған. Идолдар антроморфты, адам кейпінде болған. Пұтқа табыну манихей дінінің маңызды бөлігі болды. Адам кейпіндегі идолдар соңғы саты жарық-жұмаққа апарар жолдағы құдайланған шырақтар – Күн мен Айдың белгісі ретінде саналды». Зерттеуші, Бируниге сүйене отырып былай дейді: «Өзге діндегі адамдар бізді Күнге және Айға табынғанымыз үшін және оларды мүсіндегеніміз үшін ұялтады, олар мұның шын мағынасын, біздің көк – жер әлемімізге апарар жол мен қақпа екендігін түсінбейді». Жоғарыда келтірілген манихейлік діндегі пұтқа табынушылық жөніндегі сюжеттерге қоса Шығыс Түркістаннан да Х. Климкайт талдаған жаңа текстер табылған. Автор көрсеткен мақалада талдаған гимнде идолға табыну орны «құдайлар үйі» деп аталған «Дінге сенуші адамдар қайда барады деген сауалға олар былай деп жауап береді: «құдайлар үйіне тағзым ету және құрбандық шалу үшін барамыз», - дейді. Ал құдайлар бейнесі қабырғалардан жоғары жерде, идолдар формасында бейнеленген. «... Бұхара базарларынан Мах сатып алған тұрғындар... идолдардан отбасы ошағының перісін, «нманьяны» көрді, олар авесталық фраваш – пері қорғаушы және бүкіл тіршіліктің жаны ретінде көрінеді», - деп пікір білдірді В.А. Лившиц. Фраваши ретінде ұғынылатын әйелдер бейнесіндегі терракоталық мүсіндер Оңтүстік Қазақстан ескерткіш материалдары бойынша да белгілі. Құйрықтөбеде табылған терракотоның Қостөбе қалашығынан қабірінен шыққан қола статуэткамен және ортағасырлық Тараз зиратынан шыққан оссуарий қабырғаларындағы барельефті бейнелермен ұқсас келеді. Авеста бойынша, «фраваши – әйел жынысты, мейірімді данышпан, фраваши алғашқыда құдайланған бабалар рухы болды, кейін оны ұрпақтар құрмет тұтты, оған құрбандық шалды, өз кезегінде ол да ұрпақтарға дұшпанмен күрес кезінде жәрдем берген. Олар үндемейтін елде, жердің астында, бұрынғы үйінің жанында өмір сүреді. Онымен қоса, әйел бейнелі мүсін Румыниядан, Петроссы селосынан 1837 жылы қоймадан, тостаған ішінен де табылды және ол еуразиялық әлемді мекендеген көшпелілер өнеріндегі идеялардың өзара байланысын білдіруімен барынша қызықты. Тостағандағы суреттер мен әйел мүсінін толық сипаттаған Н. Веселовскийдің түсініктемесі сыйлауға тұрарлықтай. Алайда, автор мақаласында қолына ыдыс ұстаған статуэткадағы әйел бейнесінің половецтік мүсіндермен ұқсастығына қарсылық білдірді және осындай пікірді ұсынған Г.Д. Филимонованың Парижде жариялаған мақаласы «үлкен зиян әкелді» деп қарсылық білдірген. Егер де иконографиядағы бейнедегі кейбір бөлшекті алып тастасақ және суретші ойын түсінуге тырыссақ (тостаған алтыннан жасалған және оның ішінде қолына белі тұсында ыдыс ұстап отырған әйел мүсіні бар), онда идеяның өзегі тостағанның өзі және ыдыс ұстаған әйел мүсіні бар), онда идеяның өзегі тостағанның өзі және ыдыс ұстаған әйел мүсіні болып шыққан. Ыдысты ұстау үлгісі, саусақтың ыдыс ұстағанда бүгілуі және қарын тұсына ұстауы – бәрі қыпшақ – половец мүсініндегі иконографияға ұқсас. Тұтас алғанда қыпшақ-половец типті тас мүсіндер таралған аймақтың мүсіндерінлегі негізгі бөлігі, басқа аксессуарларға қарамастан, қолына қарын тұсында ұстаған ыдыс деседі. Көшпелілердің дүниетанымдық көзқарасын қалпына келтіруде, қолына қарын тұсында ыдыс ұстаған тастағы құдай бейнелері, дәл осы атрибут негізгі мазмұнды береді. Мыңдаған жылдар бойы қоршаған әлемді интеллектуалды-рухани меңгеруде көшпелілер көзқарасындағы ерекшеліктерін айқындауда сак-скиф өнері әртүрлі культтік заттарда бейнеленген атрибуттарын, ескерткіштерін зерттеп талдауға ыдыс бейнесі көрсетілген тас мүсіндерді тарту маңызды. Д.С. Раевский пікірінше сақ-скиф тайпаларының өнеріндегі ыдыс «жерлеу ғұрпы кезіндегі... абыздық символ болып табылады». Раевскийдің сөзін араб жазба ескерткіштері мәліметтері де растайды. Араб деректерінде түркілердің дәстүрлі ант беру ғұрпы жайлы былай делінеді: «... егер түрік қандай да бір ер адамнан ант алғысы келсе, онда мыс мүсінді әкеледі, сосын ағаш ыдысқа су құяды, оны идол қолы арасына қояды. Бұдан соң ант беріп,  оны ішеді».

Түркілердің «аяқ» деген сөзі ыдысты, дәлірек айтқанда «ант ішу» кезінде қолға ұстайтын ыдысты білдіреді. Жалпы, Мерке мүсіндері ортағасырлық Жетісу түркілерінің мифологиялық дүниетанымының бір үлгісінің көрінісі болып табылады. Әйел образының скифтер мифологиясында көрініс табуын талдаған ғалым Д.С. Раевскийдің айтуынша «құдай әйел – Апи, аспан мен жердің некелесуінен туған алғашқы батыр адам Тарғытайдың анасы, кейде әйелі ретінде көрініс тапқан.
Скиф – сақ аңыздарында осы сюжетпен Күлтегін мен Білге қаған құлыптасындағы Жер мен Аспанның бірлесуі нәтижесінде түркі қағаны мен түркі елінің шығуы туралы эпизод өзара ұқсас келеді. Көшпелілер әлемінің әртүрлі даму сатысы кезіндегі аңыздар өзара ұқсас болып келетіндігін айтумен қатар, скифтерге жоғарыдан сыйға тартылған заттар символикасына да көңіл бөлуге болады. Д.С. Раевскийдің пікірінше «әрбір сословиеге, кастаға аңыздарда айтылатын қасиетті заттар мен құралдар сай келеді, олардың жаратылған әлемдегі өзіндік орны болады». Айбалта, әлеуметтік тұрғыда жауынгерлерге, космологиялық тұрғыда топ басшысына қатысты. Скиф аңыздарында Күн Колаксаймен теңестірілсе, айбалта мен тостаған жауынгерлік және абыздық функциялармен байланыстырылған. 
Скифтердің шығу тегі туралы әйгілі аңыздардағы қасиетті символикалар көне түркі тас мүсіндерінде бейнеленген заттардың семантикалық мәніне дәл келмесе де, оны ұғынуға белгілі дәрежеде өз септігін тигізеді. Тас мүсіндердегі көне түркі жауынгері оң қолында тостаған, сол қолында қару ұстатыла бейнеленуі Орталық Азия көшпелілерінің мифологиялық концепцияларында ұқсастық бар екендігін, әрі олардың дүниетанымдық көзқарастарындағы басты белгілер мыңдаған жылдар бойы сақталғандығын айғақтайды. Қару мен тостағанның «бір кейіпкердің, аңыздық бірінші патша Колаксайдың қолында болуы әскери аритократияның, әсіресе патшаның басқа әлеуметтік топқа қарағанда жетекшілік рөл атқарғандығын көрсетеді», деп жазады – Раевский. Меркедегі ғибадатханалардағы әйел бейнесіндегі тас мүсіндердің Жетісудағы көне түріктердің мифологиялық дүниетанымын аша түсуде маңызы зор. Шольсай 3 кешені, өзі аттас қыратта орналасқан. Биік тау шыңы оған фон қызметін атқарып тұрған іспетті. Диаметрі 8,5 м болатын тас үйінділері арасынан ұзындығы 1,5 м келетін ер адам және әйел бейнесіндегі тас мүсіндер табылған. Ер адам мүсінінің беті оңтүстік-шығысқа әйел бейнесіндегі мүсінге, ал әйел мүсінінің беті солтүстік-батысқа, ер адам мүсініне қаратылып қойылған. Бұл мүсіндердің төменгі жағы шұқыр қазылып 0,9 – 1 м тереңдікке дейін көміліп қойылған. Көмілген шұқырға қалыңдығы 0,1 м болатын күл төгілген. Шұқырдың батыс жақтағы бұрышынан шіріген заттар табылған. Ол заттар кезінде киізге оралып қойылған. Екі мүсін де Мерке ғибадатханасындағы секілді дәстүрлі әдіспен, білегінің деңгейіне дейін жартылай иілдіре жасалған. Олардың қолдарына шұңғыл тостаған ұстатыла бейнеленген. Мүсіндердің түстік символикасы да ерекше. Әйел мүсіні қара граниттен, ал ер адам мүсіні болса қызыл түсті тастан қашалған. Шольсай 3 кешеніндеі тас мүсіндерінде ғұрыптық ритуалдың «ұсақ бөлшектеріне дейін ескерілуі оның семантикалық құрылымға сай келетіндігін көрсетеді» дейді Тэрнер. Дәстүрлі ғұрыптық ритуалда қолданылатын түстік символикаға байланысты қара түс түннің белгісі іспетті. Ер адамның тас мүсініндегі қызыл түс қанды, күшті білдіріп, күнмен теңестіріледі. Мүсіндердегі қызыл мен қара түс көшпелілердің космогондық көзқарасындағы дуализмнің белгісі, «құпия, белгісіз нәрсенің эмблемасы» болуы да ықтимал. Қытай деректерінде Цзиньшань деп аталатын алтын тауда храм бар екендігі, оған юечжилар Сиванму деген құдайға құрбандық жеткізу үшін баратындығы және ол құдайдың мүсіні қара тастан қашалып жасалғандығы жайында айтылады. Қара түстегі әйел тас мүсіндері сарматтар қоғамында да кең тараған. Мұндай тас мүсіндерді З. Самашев жетекшілік еткен экспедиция Батыс Қазақстан территориясынан тапқан-ды. Объ өзені жағасындағы угорлардың дәстүрлі киімдеріндегі нақыш символикаларын талдау барысы ол символдардың діни-нанымдармен етене байланысты екендігін көрсетеді. Қызыл түсті киімдерді олар өздері киелі санаған пұттарға арнап тігіп, өздері қызыл киім мен бөріктер киіп, қызыл орамалдар тағып, діни-нанымдық ритуалдарын өткізген, құрбандық шалатын болған. Қара киімді олар өлілер дүниесіне билік жүргізетін Куль-отыр, Кынь-ики, Пыхты-сакын секілді пұттарға арнап тіккен. Угорлардың түсінігінше бұл пұттар «қараңғылықпен және аурумен байланысты болып шығады».  Әркелкі түрлердің өз киімдерінде үйлесімділік тауына ерекше мән берген, оларда «ақ, қызыл, қара түсті киімдер құрбандық шалуға арналған деп, әрі мұндай киімдер әлемнің жоғарғы, төменгі және ортаңғы бөлігін білдіреді деп есептелінген», - деп жазады Богорадаева. Көне түрік тайпалары арасында пұтқа табынушылықтың болғаны жайлы мәліметтер сол тарихи кезеңде Орталық Азияда болып, өз көзімен көргендерін қағазға түсіріп қалдырған адамдардың жазбаларында кездеседі. Нанымның осы түрі жайында жазба деректерде көптеген мәліметтер келтірілген. Мұндай мәліметтер ортағасырдың соңғы дәуірінде Газан хан туралы жазылған (XV ғ. бас кезі) Рашид – ад-Диннің шығармасында да айтылады. Хулагидтер әулетінің өкілі Газан хан Иранда билік жүргізген кезінде ескі дінге соғыс жарияланған көрінеді. Сарай тарихшысы сол кезде Газан ханның былай деп айтқан сөзін де келтіреді: «Тасқа табынуға адамдар өздерінің қандай ақыл-ойымен барады? Бишара адамдар жабайылықтың құрсауына түскендіктен ғана пұттарға бас иеді... егер олар денесі секілді жаратылған нәрсеге сеніп, оның алдына барып жығылса, онда оның жаны бар екен деген сенімде болғаны... Пұт тек есік алдындағы табалдырықты жасауға ғана жарайтындығы, ол табалдырықты адамдар таптап басатындағы ескерілсе екен». Одан әрі шығарма авторы пұтқа табынушылардың қателесіп жүргенін аңғарған Газан хан өзінің бас иіп жүрген пұтын сындырғанын, пұтқа табынушылардың храмын қиратқанын да жазған.

Мерке ғибадатханасындағы нанымдық комплекстер басқа деректермен бірге тас мүсіндермен байланысты туындаған идеологияның ұзақ уақыт сақталып тұрғанын айғақтайды. Ата-бабалары бейнесіндегі тас мүсіндерге, пұтқа табынған көне түріктер ол жерлерде құрбандық шалған. Пұтқа табынушылықтың қанша мерзімге созылғанын, қанша кеңістікті қамтығанын анықтауға болады. Мұндай рухани мәдениетті жасаушылардың бірі, Орталық Азияның ортағасырлық тұрғындары екендігі анықтала түсуде. Бірақ, әзірге оның қандай әлемдік діндермен көбірек ұқсастығы бар деген мәселені анықтау қалып тұр. Шығыс Түркістаннан табылған манихейлік шығармалар мәтінінде, қабырғаларының жоғарғы жағында тастан және ағаштан жасалған пұттар ілініп тұратын храмдар жайында және ол храмдарға барып, онда өз құдайларына арнап құрбандық жасап, олардың шапағатына бөленуге ынтызар болған адамдар туралы айтылған. Сондай-ақ, ол шығармаларда пұтқа табынып жатқан адамдардың ерекше экстаттық жағдайға түсіп жатқан кезі де суреттелген. Кезінде пұтқа табынушылық «игілік берушінің мақтауына лайық» саналған. Мұның өзі тас мүсіндерге табынудың мәнін айғақтай түссе керек.

2001 жылы Мерке 8 деп аталатын жаңа діни-нанымдық кешен ашылған. Мерке өзенінің жоғарғы ағысында тас мүсіндері бар түркі ғибадатханасы территориясында және Ойтал өзенінің сол жағалауында, сондай-ақ Мерке ауылының шет жағындағы бөктерден петроглифтер, таңбалар және руникалық жазулар табылды. Бірнеше таңбалардан тұратын көне түркі руникалық жазуын профессор А.С. Аманжолов оқып, онда «Менің өлімім – қайғы» деп жазылған деген екен.
Осындай қысқа мазмұндағы руникалық жазулар Оңтүстік Сібірден де табылған. Жартастарға жазылған жазбаларды зерттеген И.Л. Кызласов «оларда ерте ортағасырлық Сібір үшін жаңа монотеистік дүниетаным ықпалы байқалады», дей отырып, бұл ықпалды таяу шығыстық христиандық пен манихейліктің нәтижесі деген пікір білдірген. Ғалымның пікірінше «жазбалардың авторы манихейліктер». Ол оған дәлел ретінде 42 енисейлік ескерткіштерді келтіре отырып, тек манихейліктер руникалық жазбаларды қолданғандығын айтқан. Мұны Ю.А. Зуевтің «Манихейлік діни ілімде басқа әлемдік діндердің (буддизм, зороастризм, христиандық) ең жақсы жақтары жинақталған, сондықтан ол жергілікті маңызды деген діни-нанымдарға төзімділік танытады. Манихейлікті теософистік синкретизм жүйесі ретінде де қарастыруға болады. Оның басты және тартымды ерекшелігі – демократияшылдығы, өзінің ұстанымдарын халыққа поэзия тілімен жеткізуге деген ұмтылушылығы. Сондықтан да бұл дін шығысқа, сондай-ақ түркілер арасына тез тарады», - деген тұжырымдарымен толықтыра түсуге болады.
Ортағасырлық Жетісу көшпелілерінің монументалды өнерінің ескерткіштерін Мерке ғибадатханасы материалдары негізінде зерттеу енді ғана қолға алынып отырғанын айта кеткен жөн. Әйел мүсіндерінің және басқа да мүсіндер иконографиясына талдау жасау осы өңір мәдениетінің қайнар көзін іздестіруге түрткі болған. Яғни мұндай жұмыстардың нәтижелері ортағасырлық Қазақстан көшпелілерінің дүние-танымдық көзқарасы өзіндік ерекшелікке ие және түркілер рухани мәдениеті көршілес отырықшы халықтармен тығыз қарым-қатынаста дамыды деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Мерке ғибадатханасының әйел бейнесіндегі тас мүсіндері және Шольсай 3, Белсаз 2 храмдарындағы секілді әйел мен ер адамдардың скульптурасы көне түркілердің өздеріне дейінгі мәдениеттер мен халықтардың рухани тәжірибесін игере отырып өздерінің киелі территориясын қалыптастыруға деген ұмтылысы болғанын аңғартады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға