Жаңалықтар

Киелі Маңғыстаудағы жер асты мешіттері

Шопан ата, Қараман ата, Масат ата 
Киелі Маңғыстаудағы жер асты мешіттері
29.08.2017 09:42 21439

«Қазақстанның киелі 100 нысанының» қатарына Маңғыстау өңірінде орналасқан бірнеше көнеден келе жатқан мәдени ескерткіштер кіреді. Олардың бірі осы аймақтағы ірі және сәулеті жағынан ежелгісі саналатын – Шопан ата қорымы.

Шопан ата 

Қорым – Батыс Қазақстан жеріндегі көне (XII-XX ғасырларға) сәулет өнеріне жататындардың ең үлкені. Ол Қазіргі Маңғыстау облысынағы Сенек деп аталатын ауылдың солтүстік-шығысынан әрі 25 шақырымдай жерде жатыр. Шопан ата аңыз бойынша Қожа Ахмет Яссауидің шәкіртті болған екен. Бір күні ұстаз Яссауи барлық оқушыларын шақырып алып, садақ тартқызады. «Садақ оғы қайда түссе, сол маңға мешіт салыңдар» деп тапсырады шәкірттеріне. Содан Шопан ата оғын таудың етегінде орналасқан малға бай ауылдың маңынан табады да, сол ауылға бақташы болып жалданады. Ақыры осы жерден ұстазының айтуы бойынша жер асты мешітін салдырады. Мешіттің жанында қыстаулар мен құдықтар, сол секілді Ұлы Жібек жолының бірі Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі керуен өтеді. Бұл қасиетті нысан тек қазақтардың емес, қарақалпақ пен түрікмен халықтарының аса құрметтеген жері болған.

Шопан ата қорымы осында тұратын халықтардың салт-дәстүрін көрсететін діни сәулетті құрылыс ретінде тұрғызылған. Қорым Орал-Каспий аймағындағы жер көлемі жағынан ең ірісі, сондай-ақ мұнда екі мыңнан астам ескерткіштер бар. Олар қазақ және түрікмен қорымдары деп екіге бөлінеді.

Оның орталығында әк тастан қашалып тұрғызылған бірнеше бөлмелі мешіт тұр. Ал мешіттің ауласында киелі саналатын тұт ағашы мен жуынатын тас суат орналасқан. Шопан ата қорымының солтүстік-шығысына қарай михраб, құжыралар мен намаз оқуға арналған жайлар, шығысында күмбезді кесене, қойтастар мен сандықтастар, сол сияқты алыстан көзге ұрылатын сағанатамдар бар. Бұл ескерткіштер әктас пен құмтастардан қашалып, әр түрлі өрнектермен сәнделген.

Мешіт осы өңірдегі Шақпақ ата, Бекет ата мешіттері секілді жер асты деп атауға лайық. Себебі, үстіңгі бөлігі осында орналасқан ескерткіштердің табанына барып тіреледі.

Мешіттің солтүстік-батысына қарай барлық аумақты негізінен түрікмендердің қойтас түріндегі өңделген тас тақталар, көне қабырғалар, стелалар алып жатыр. Бұлардың арасынан құмтастардан тұрғызылған қабырғалалар мен саркофактар көне сәулетімен дараланып тұр. Ал батыс бөлігінде қазақ руларының таңбалары салынған стелалар мен бекіре пішіндес құлпытастарды жиі ұшыратасыз.

Мұндағы жерлеу құрылыстары сәулеттік пішіні жағынан сан түрлі болып келеді. Олар көлемі, тегістігі жағынан, ою-өрнегімен ерекшеленіп тұрады. Бұлардың арасынан оңтүстікке қаратып кесенелер секілді салынған сағанатамдар басымырақ және олар басқалардан ерекше салынған.

Шопан ата қорымын 1952 жылы Малбағар Мендіқұловтың басқаруымен сәулет экпседициясы кезінде зерттеле бастады. Ал 1977-78 жылдары бұл нысанды Қазақ КСР мәдениет министрлігі, 1982 жылы тарих пен мәдениет ескерткіштерін қлрғайтын республикалық қоғам арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сол жылы қорым мемлекеттік қорғауға алынып, бүгінде Қазақстанның 100 киелі нысандарының қатарынан табылып отыр.

Қорымға сыйнып келетіндер мен қатар, саяхатшылар да жетерлік.

Қараман ата

Қазақстанның киелі 100 нысандарының ішіндегі Маңғыстау өлкесінде орналасқан Қараман атаның жер асты мешітін ерекше айтып кетуге болады. Себебі, бұл қасиетті орын таудың төменгі бөлігіндегі үңгірлерді пайдалана отырып, ойып жасалынған. Қазіргі орналасқан орны Маңғыстау өңіріндегі, Шетпе аталатын кенттің оңтүстік-батысына қарай 35 шақырымдық жер.

Қараман ата мешіті жалпы үш бөлмеден тұрады. Олар: кіреберіс бөлме, намаз оқуға арналған бөлме және атаның өзі жер қойынына тапсырылған дөңгелек бөлме. Ортада тұрған көлемі үлкендеу бөлменің төбесі тастан қашалынған бағаналармен бекітіліп, төбесінен жарық кіруге ыңғайландырылып терезелер жасалынған.

Бұл қорымның жалпы аумағы шамамен төрт гектар жерді алып жатыр. Ал өзі XIII ғасырда тұрғызылған делінеді. Қараман ата жайында бірнеше аңыздар бар. Оның бірінде Шопан ата інісі ретінде айтылса, кей ғалымдардың дерегінде Балқан түбегінен түрікмендерді Маңғыстауға бастап келген ірі бекетрдің бірі болған делінеді. Жалпы, Қараман ата ислам дінінің суфизм бағытын таратушысы ретінде танылған діндар. Десек те, кей авторлар атаны жағымсыз кейіпкер ретінде көрсеткен аңыздарды таратады. Мәселен, М.Мирзаевтың кітабында қарақалпақтың мынандай бір әңгімесі жазылған. Қараман атты адам жегіш, жалғыз көзді алып болыпты. Ол Есім батырдың жолын кесіп, алдап, ажал апанына түсіріпті. Осы халықтың арасында Қараман «Шық бермес, Шығайбай» секілді сараң бай болғаны жайында тағы бір аңыз бар.

Түрікмен аңыздарынан да Қараман есімді адамды жолықтырасыз. Ел ішінде абыройы асқақ, сый-құрметке ие Ақман және Қараман атты екі ағайынды ғұмыр кешкен екен. Олар ұстазы болған Қожа Ахмет Яссауимен келісе алмай, батысқа қарай бет түзепті. Содан бір күндері екі бауырдың бірі дүниеден озып, оның құрметіне қорым тұрғызылып, мешіт салынған.

Сол секілді қазақтардың арасында, соның ішінде адайлықтарда Қараман ата қасиеті жайында бірнеше нақты дәйектер айтылады. Оның Есета ата баласы, Шопан атаның немересі екені, атасы жанынан жер асты мешітін салдырғаны туралы әңгіме бар. Дүниеден өткенде Қараман атаны сол мешіттің маңына жерлейді. Ол жерленген орын дау-дамайды шешетін киелі жер болған. Мысалы, бір аңызда осы маңда мекен ететін екі ру өкілдері бір іске келісе алмай, Қараман ата басына келіп, ант су ішуге уағдаласады. Қос тарап ант берген кезде, бір рудың адамдарын түгелімен ажал құшқан екен. Себебі, олар жалған уәде беріп, әлгі руды алдамақ болыпты. Сол секілді Пір Бекетке тағы да өзара дауларын шеше алмаған рулар келіп көмек сұрайды. Сонда Бекет тұрып, «Қараман ата басына барып бұл кикілжіңге нүкте қойыңдар» деп жіберіпті. Осыдан-ақ, Қaрaмaн aтa қасиеті біраз елге таралған, беделді, ақ пен қараны тез ажырататын киесі бар адам болғанын аңғаруға болады. Сондай-ақ, тірі кезінде жастарды дұрыс жолға жөн сілтеп, ақыл-кеңесін айтып отырған.

Бүгінде Қараман ата қорымының негізгі бөлігі қоршалып, 1982 жылдан бері мемлекеттік қорғауға алынған. Қорымның оңтүстік-батыс аумағында VIII-IX ғасырларда белгі қойылған қабір үстіндегі қырықтан аса ескерткіштер бар. Сол секілді мұнда адай рунынан шыққан елге аты мәшһүр болған бірнеше адамдар жерленген. Ол ескерткіштермен қосқандағы жер көлемі шамамен жеті гектар. Қараман ата ескерткіші қазірге кезде тарихи жәдігер, мәдени құндылық ретінде заңмен қорғалып, міне, Қазақстанның киелі 100 нысанының қатарына жатқызылып отыр. Маңғыстау өңірінде орналасқан киелі мекенге саяхатшалар жан-жақтан келіп жатады.

Масат ата

Осы өлкеде тағы бір еліміздің киелі 100 нысанының қатарынан табылып отырған жeр aсты мешіті бар. Ол – Мaсaт ата мешіті.

Киелі орын Маңғыстау ауданында орналасқан Үштаған атты ауылдың оңтүстік-шығысынан әрірек 15 шақырымдай жерде. Мұндағы қорымда бес жүзден аса ескерткіштер бар. Олар орта ғасырдағы түрікмендердің қойтастары, тастан жасалған қоршаулары және тастан қашалған белгілері, олар шамамен XIV- XVIII ғасырларға жатқызылады. Ал қорымның солтүстік күншығысынан сәл берірек XVIII-XIX ғасырларға жататын қазақ руларының ескерткіштері қойылған. Бұл қорымдағы ерекше орын оңтүстік-батыс бағытындағы жартастан ойылып салынған жер астындағы мешіт. Киелі орынның іші қазақтың киіз үйі тәріздес, төбесі шаңырақ секілді ойылған. Кіреберістің оң жағында михраб, сөрелер жасалынған, ал осындағы дәліздің бағыты қасиетті Меккеге қаратылып тұр. Мешіттің батысында үш метрдей қазылған орын жатыр, ғалымдар мұны мешіттің екінші бөлігі ретінде қазылған болуы мүмкін дейді. Масат ата жер асты мешіті 1982 жылы мемлекет қорғауына алынған. Кей деректерге сүйенсек, Масат ата Маңғыстау өлкесіне сонау Хорасандағы Мешхед атты қаладан келген екен.

Бұрынырақ елін жаудан қорғаған, батырлығы рудан-руға таралған, өте білімді, діндар Масат атты адам ғұмыр кешіпті. Оның ерекше қасиеті – атқан оқ денесіне өтпейтіндігі, шапса қылыш кеспейтіндігі. Басын алмаққа келген барлық дұшпандарының сағы сынып, діттегендері болмай, тістерін қайрап кері қайтады екен. Әбден әбігер болған жаудың бір жансызы Масат батырдың осал тұсын табу үшін жас әйелін алдап, қолға түсіреді. Онымен жақындасып, барлық сырын сұрап алады.

Батыр тек таң намазы кеізнде адами қалыпқа түсіп, барлық тамыры иіп, бусап кетеді екен. Тіпті жайнамаздың астындағы тас та жібіп, былқылдап тұратын көрінеді. Жау жансызы осы бір сәтті тағатсыздана тосып отырып, намаз үстінде бaсын шауып алады. Шабылған басын етегіне салған күйі Масат орынан тұрып, ары қарай жүгіре жөнеледі. Бір жамандықты сезген биесі де кісінеп, құлынын ерте иесінің артынан шабады. Сонда құдіретті күштің арқасында жер өздігінен екіге жарылып, оның ортасына кесілген басын қысып ұстап алған Масат пен биесі түсіп, көзден ғайып болыпты. Бұл аңыз бүгін болғандай тас бетінде Масат ата мен биесінің ізі әлі сайрап жатыр. Тіпті шашыраған қан іздері де қазір төгілгендей жауын-шашынға жуылмай тұр. Ел осы оқиғадан кейін бұл жерді Масат ата деп атап кетіпті.

Батырлығы мен даналығы ауыздан-ауызға аңыз боп жеткен Масат атаның жер асты мешітіне келушілердің саны азайған емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға