Жаңалықтар

Хан Тәңірі – Құдайлар тауы

Тәңір тауы, Аспан таулары, Қанды тау деген кереғар атауларға ие осы мекенде қандай сыр жасырылған
Хан Тәңірі – Құдайлар тауы
14.09.2017 09:45 58126

Хан Тәңірі – Тянь – Шань сілемдерінің ең биік нүктесі. Жергілікті халық «Қанды тау» атап кеткен, қып-қызыл мрамордан өрілген шың таудың етегіне барғанда бірден көзге түседі. Бір жағынан адамның санасын баурап, табиғаттың үстемдігіне тамсандырса, екінші жағынан алқызыл тас үрей де шақырады. Етегіндегі ит тұмсығы батпайтын ну орман, тек тауешкі мекен ететін жылтыр жартас, басына киген әппақ тәж бір барған адамның жүрегін жаулап алып, қайта-қайта келуге мәжбүр етеді.

Гипсометрикалық өлшем бойынша Хан Тәңірінің биіктігі 20 000 фут болып саналады. Яғни бертінге дейін теңіз биіктігінен 6995 метр жоғары деп айтылып келген. Бірақ соңғы мәлімтеттер бойынша бұл сан 7010 метр болып өзгерді. Ғалымдар мұны бұрынғы зерттеулерден кеткен қателік десе, біреулер Орталық Азиядағы 7000 метрді бағындырған шыңдардың санын беске жеткізу үшін болуы мүмкін деген күдікпен қарайды.

«Хан Тәңірінің теріскейіндегі мәңгі ерімейтін қарлы алқап 3 500 метрден соң басталады. Ал мұздықтар одан да төмен жатыр, шамамен 2 800 метрге дейін түседі» деп жазады саяхатшы, ғалым Шыңғыс Уәлиханов.  Тянь – Шань қытай тілінен аударғанда «Аспан асты таулары» деген мағына береді, ал көрші жатқан Памир – «Аспан шатыры» деген мағына дейді. Хан Тәңірінің ежелгі түркіше атауы «Тәңір тағы» деп аталды. Екі атаудың қайсы бірінші пайда болғаны беймәлім, бірақ Тянь-Шанның күнгейі мен теріскейін жайлайтын екі халық әлі күнге дейін өздерінше атай береді.

Қазақстанның бұл өңірдегі таулы аймағында 6000 метрден асатын 12 шың бар, соның ішіндегі ең биігі – Хан тәңірі, Аспан билеушісі, Құдайлар патшасы, Тау Құдайы. Көне грек мифологиясында айтылатын Олимп – «Құдайлар мекені» деген мағынаны береді. Хан Тәңірі де көне түркілер нанымындағы Олимп деп айтсақ қателеспейтін болармыз. Тіпті орта ғасырларда буддизмге бет бұрған моңғолдардың өзі әлі күнге Тәңіріні ұмтпайды, Хан Тәңгіріне тау етеді. Бірақ Тәңір тек түркі-моңғолдардың ғана Құдайы емес. Ежелгі мәдениетті зерттеуші, ағылшын ғалымы Э.Б. Тайлор «Тәңірдің бейнесінде біз адамдардың аспанға табынуын емес, Аспан Құдайына табынуын көреміз. Осы арқылы олар Құдай мен оған  табыну жолдарын тапты.  Көне түркілердің Аспанға табынуы, артынан Аспан Құдайын іздеп табу жолдарын қарап отырсақ олардың түсінігі мен угро-финндердің «Аспандағы баба» түсінігіндегі Құдайымен тікелей байланысты көре аламыз»  деп жазады. ХІХ ғасырда өмір сүрген финн ғалымы Кастрена «Тәңір түсінігі тек Аспан Құдайына ғана тән емес, олар барлық құдайлардан жоғары тұратын беймәлім бір күшті сипаттайды. Бұл түсінік Еуропаға да таралып, кейіннен уақыт өте келе хистиандық түсінікпен байланысып, сіңісіп кеткен» деп нық сеніммен жазады.

«Тәңір» сөзі орталық Азия елдерінің ежелгі мифологиясына тікелей қатысты. Тіпті кейбір ғалымдар оны біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда өмір сүрген ғұндармен де байланыстырады. Ғұндар өздері табынатын құдайларын «ченли» (аудармасы «аспан» деген мағына береді) деп атаған. Ол ежелгі шумерлердің  «дингир», яғни аспан, Құдай сөздерімен тікелей байланысы болуы да мүмкін. Тәңгір сөзі сол замандағы көшпелі халықтың Аспан қожайыны – Аспан Құдайы туралы түсінігінен туған. Ежелгі түркі мифологиясында Тәңір адамның, халықтың, мемлекеттердің, жалпы табиғаттың барлық болмысын анықтап, тағдырларын шешетін үлкен күш ұғымында беріледі. Тіпті түркілер дәуіріне дейін де Тәңір бейнесі моңғоларда «Монхе Тәңір» («мәңгі аспан», қазақшасы Мәңгі Тәңір) атпен белгілі. Кейіннен ислам мен буддизм моңғол империясының екі жағынан келгенше бұл бейне ұзақ уақыт сақталады. Түркілер өз құдайын Тәңгір хан деп атаған. Хан атағы Тәңірге басқа құдайлардың ішіндегі ең бастысы деген сенім береді.

Тәңгіршілдік аңызына сенсек, бастапқыда жер де, аспан да болмаған, тек қиырсыз теңіз болған. Бір күні теңіздің ортасынан Ақ Жарық пайда болады да, оның ішінен жарқыраған алтын жұмыртқа шығады. Жұмыртқаның ішінде болашақта бүкіл әлемнің жаратушысы Тәңір ұйықтап жатқан екен-мыс. Ол миллиондаған жыл ұйықтайды. Күндердің күнінде оянып, жұмыртқаны жарып шыққан Тәңір қабығының үстіңгі бөлігінен аспанды, астынғы бөлігінен жерді жасайды. Аспан айналып жерге түспеуі үшін арасына Темірқазықты қояды.  Ал жұлдыздар болса Темірқазыққа байланған Тәңірдің пырақтары екен. Ары қарай жер бетіне ұрпақтарын тарату үшін ол екіге бөлініп, әйел құдай Ұмай ана пайда болады да, ол қасиетті тау Мұзтаудың басына қоныстанады. Мұзтаудың жотасынан ағып барып құлайтын Құс жолы Ұмай ананың сүті деп есептейді және ол Мұзтау етегіндегі Сүткөлге барып құяды.  Тәңірдің демі – жел мен бұлт, дауысы – күркіреу, оң көзі – Күн, сол көзі – Ай. Қара ниетті күштер адамзат баласына қауіп төндіргенде  Тәңір өзінің ұрпақтарын қорғап,  аспаннан найзағай жарқылдап, қаһарын қара түнекке қарсы жұмсайды. Тәңгір – Аспан құдайы, басқа құдайлар (түркілер сеніміндегі От құдайы, Бөрі құдайы және т.б.) тек соның айтқанын орындайды. Бұл ежелгі грек мифологиясындағы Зевстің бейнесіне көбірек келеді. Және де Тәңірі жердегі адамдарға оң жолын тауып, өзінің бар екенін ұмыттырмас үшін арнайы елшілерін – пайғамбарларды жіберіп отырады. Аңыздың бұл тұсының пайда болуына исламның ықпалы да болуы мүмкін екенін зерттеушілер теріске шығармайды.  Тәңірдің үш баласы бар: Ғасыр, Шыңғыс және Ерен-Сайын. Олардың үшеуі үнемі біртұтас болып сипатталады. Атаулары да әртүрлі: Үш Құрбы, Үш Хан, ал оларды біріктіріп Телегей деп атайды. Тәңірге табынудың бұл тұсы христиан дінінде кездесетін Үштік (Троица): Әкей, Баласы және Қасиетті әруақ түсінігі осы Тәңіршілдіктен бастау алуы да ықтимал.  Үлкен ұлы Ғасыр Тәңірді әкесі түрлі ерліктер жасау үшін адамдар арасына жібереді, екінші ұлы Шыңғыс (көне түркі мифологиясында Теңіз деп те кездеседі) су құдайы іспеттес, ал Еран Сайын о дүние мен бұ дүниені байланыстырады.  Тәңірге табыну әлі күнге ескі дін ұстаушылар арасында кездеседі, олар  Хан Тәңірі тауын Тәңірдің соңғы мекені деп есептейді және тәу етеді.

 Хан Тәңірі табиғаттың ерекше жаратылысы ретінде көптеген уақыт бойы ғалымдардың қызығушылығын тудырып келеді. Таудың екі жағында қытай-қазақ шекарасы орналасқан. Бұрындары ғылымда Хан Тәңір мен Жеңіс шыңын көп шатастыратын болған. 1857 жылы алғаш келгенде Семенов-Тянь-Шаньский Хан Тәңіріне шығатын жолды ұзақ іздеп, шатастырып Жеңіс шыңын Хан Тәңірі деп картаға түсіріп жібереді. Кейіннен шыңның басынан әлемді көруге талпынған бірнеше экспедиция құрылғанымен барлығы сәтсіз аяқталады. Хан Тәңірдің басына шығу мүмкіндігі бес пайызға тең деп есептеліп, қол жеткен биіктіктен ғана зерттеуге мәжбүр болады. 1912 жылы ұйымдастырылған орыс топографиялық экспедициясы шыңды айнала өтіп маңайын картаға түсірумен ғана шектеледі. 1929 жылы Кеңес үкіметі ұйымдастырған алғашқы экспедиция да сәтсіз аяқталады.  Тек 1931 жылы ғана Готтфрит Мерцбахер ғана Еңілшек мұздығы арқылы көтерілуге болатын маршрут табады.  Бұл жол 33 жыл бойы Хан Тәңірінің тәжіне апаратын жалғыз жол болып есептеліп келді. Бүгінде шыңға шығатын оншақты танымал маршурт бар. Хан Тәңіріне екінші рет 1939 жылы Памирдегі Коммунизм шыңын тұңғыш болып бағындырған Амбұлақов бастаған топ шықпақшы болады. Бес адамнан құралған экспедиция сәтті басталған сияқты көрінгенімен түсу кезінде бір альпинист қаза тауып, екеуі жарақаттанады. Осыдан кейін 18 жыл бойы Хан Тәңірін ешкім мазаламаған.  

Жергілікті халық Хан Тәңірін «Қан Тау» деп атайды. Бұл күнмен шағылысқанда алқызыл болып көрінетін шыңның гранит тастарына байланысты ма, әлде таудың қатал климаты талай адамның өмірін алып қалғаны үшін қойылған ба, нақты ешкім айта алмайды. Себебі әрбір альпинизм маусымы адам өлімінсіз аяқталып көрмеген. 2004 жылы шілдеде поляк альпинисті қаза тапса, бір айдан соң 50 адам қар көшкінінің құрсауында қалып, оның он бірі тауда мәңгілік орнын тапқан. Тұрғындар мұны Тәңірі өзінің мазасын алған адамдарға ашулы деп түсіндіреді. Олардың айтуынша адам тауға бармас бұрын алдымен рухани тазаруы керек.

Хан Тәңірінің ұшар басында шыңына шыққан альпинистер кейін келетіндерге арнап жазған хаты бар капсула орнатылған. Шыңды бағындырған әрбір адам капсуланы қазып алып өз тілегін қарындашпен жазып қалдырады. Автоқаламмен жазу мүмкін емес, қысым тым төмен. Альпинистер арасында өзінің аты-жөнін, шыққан күнін жазып қалдыру дәстүрге айналған. Хан Тәңірінің Қан тау атанғанына қарамастан Құдайлар мекенін көргісі келетіндер өте көп. Сондықтан тау етегіне аралық лагерьлер, құтқару станциялары орнатылған.    Егер Сіз де бұл ғажайыпты өз көзіңізбен көргіңіз келсе ең алдымен шекаралық аймақ қызметінен арнайы рұқсат қағаз алуыңыз қажет. 1989 жылға дейін шетел азаматтарына кіруге мүлдем тиым салынған болса, қазір арнайы рұқсат режимі бар. Шыңға шықпас бұрын пирамида тәріздес гарнит беттеріне қармен салынған тау Иесін суретке түсіруді ұмытпаңыз. Хан Тәңірі барған жанға бұрын-соңы сезініп көрмеген табиғаттың құдіреттілігін сездіретіні анық. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға