Жаңалықтар

Адамзаттың тал бесігі – Қазығұрт тауы

Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?
Адамзаттың тал бесігі – Қазығұрт тауы
21.09.2017 10:54 43640

Дүниенің төрт бұрышын шарлап, табиғаттың талай таңғажайыптарына куә болып жүрген саяхатшының кез келген көрікті өлкеге қызыға қоймасы анық. Мұндай жандарға сол мекеннің тарихымен қоса, құпия аңыздарын айту арқылы ғана құштарлығын оятуға болады. Дүниенің тұтқасына айналған Қазығұрт тауы – міне дәл сондай, қиял-ғажайып аңыздарға толы қасиетті мекен. «Қазығұрттың басында кеме қалған, Ол әулие болмаса неге қалған?!», - деген өлең жолдары баршамызға таныс. Қазығұрт десе көз алдымызға бірден шыңында кемесі бар тау елестейтіні де рас. Адамзаттың алтын бесігі болған бұл киелі мекенге табан тіремес бұрын оның тарихымен сусындап алған жөн. 

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Қазығұрт тауы Тянь-Шань тауларының сілемдері болып табылады. Өркениеттен бар-жоғы 40 шақырым қашықтықта, инфрақұрылымы дамыған Ташкент – Шымкент – Самара тас жолының бойындағы Қазығұрт тауын көрген жан ертегі әлеміне енгендей күй кешеді.

Әлемнің кез келген мемлекеті мұндай жердің туристік әлеуетін барынша пайдаланар еді. Дүниенің түкпір-түкпірінен сан түрлі саяхатшылар келіп, қазір құлазып тұрған бұл мекенде ине шаншар жер таппас едік. Өкінішке орай, біз өзімізде бар мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз. Әйтпесе,  Пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрттай қасиетті тау әлемде санаулы ғана.  Палестинада - Синай тауы, Араб Әмірлігінде – Аль-Жуди, Арменияда – Арарат және түркі әлеміне ортақ киелі Қазығұрт тауы. Бүгінде осы аталғандардың ішінде Синай мен Арарат тауы әлемдік деңгейде туризмнің орталығына айналып, атағы алты қырдан ары асып отыр. Ал біздің Қазығұрт болса әлемдік туристердің назарынан тыс қалуда. Тек жергілікті тұрғындар мен бауырлас көрші мемлекеттерден келетін бірлі-жарым адамдар болмаса, адамзаттың түп-тамыры тараған киелі тау қаңырап бос тұрады.

                                       Қазығұрт аңызы

Жер жүзін топан судың басуына байланысты аңыздың сан түрлі нұсқасы бар. Соның ішінде бізге белгілісі: Нұх пайғамбар апат басталған кезде кемесіне мініп жеті ай, жеті күн, жеті сағат жүріп Қазығұрт тауының басына келіп тоқтайды. Пайғамбар кемесіне балалары мен жақын туыстарын және түрлі аң-құстарды отырғызған. Кеме таудың басына келіп аялдаған кезде адамдар тіршілік белгісі бар ма, жоқ па білу үшін ең бірінші құстарды жіберген екен. Сол сәтте босатылған құстардың барлығы ұшып кетіп, қайта оралмапты. Тек қарлығаш қана бұтақтың жасыл жапырағын тістеген күйі ұшып келген екен. Міне осы кезеңнен бастап, қарлығаш қазақ халқы үшін адалдық пен молшылықтың, бірлік-берекенің символы болып қалған. Сондықтан да халқымыз қарлығаштың ұясын бұзбайды және бұл құс ұя салған жерге бақ қонады деп білген. Міне осылайша, Қазығұрт тауында адамдар жаңа өмір бастап, ұрпақ таратқан.

Аңыз бойынша кемеге мінген халықтың ішінен тек Нұх пайғамбардың үш ұлы мен үш келіні ғана аман қалған екен. Бүгінгі адамзат солардан таралады. Бар әлемді топан су басқаннан кейінгі өмірдің бесігіне айналған тауға әділдікті ту еткен қасқырдың есімі берілген деседі. Ежелгі аңыз бойынша топан судан кейін аштық кезеңі болады. Міне осы тұста «тірі жандыны өлтіруге болмайды» деген тиымға қарамастан қасқырдың ұрғашысы жыртқыштығына басады. Бұған ашуланған қасқырдың еркегі оны жазалайды. Бұл оқиғадан кейін тау тұрғындары оны «әділ қасқыр», яғни «Қазығұрт» деп атап кеткен екен.  

                                      Кемеқалған шыңы

Бүгінде Нұх пайғамбардың ағаш пен металдан жасалған кемесінің макетін Қазығұрт тауларының бір шыңынан байқауға болады. Тас жолда көлікпен кетіп бара жатқан жолаушыға Пайғамбар кемесі алыстан «мен мұндалап» тұрады. Әсіресе түнде жарықпен көмкерілген сәттегі кеменің жұмбаққа толы көрінісі ерекше әсер қалдырады. Тау биігіндегі кемеге арнайы жасалған баспалдақ арқылы көтерілетін көпшілік, шыңдарын қар басқан Тянь-Шань тауларының ғажап көрінісіне куә болады. Дегенмен, Пайғамбар кемесіне айлақ болған тау бүгінгі "Кемеқалған" шыңынан жырақта орналасқан.

Киелі таудың сыртқы пішінінде ауыз толтырып айтарлықтай, өзгешелік жоқ, тек алыстан қарағанда екі өркешті түйеге ұқсайды. Қазығұрт шынына шыққан адам алыстан Ташкент, Шымкент, Сырдария, Түркістан және Тараз сынды қалалардың сұлбасын көре алады. Қазығұрттың басындағы кемеден бөлек бұл тарихи өлкеде келушілердің назарын өзіне аударар көптеген архитектуралық мәдени ескерткіштер бар. Қасиетті таудың биік шыңы да, бөктері мен баурайы да ежелгі тарихтан сыр шертеді. Мұнда  Ақ бура, Тамшы бастау, Қазығұрт ата мазары сынды киелі орындар көп. Бұл жерге саяхаттап келетін туристер міндетті түрде үңгірдегі мешітті көріп, Шелтір ата мен Әңгір ата және Оспан ата мазарларына барып құран бағыштайды. Өз заманында еліне сыйлы қария, данышпан тұлға болған Қошқар атаның бейіті де осы маңда. 

                         Адам ата мен Хауа ана жартасы

Тау басына шыққан сәтте айналаңа көз жіберсең, ортасынан қақ бөлінген жартасты бірден байқайсың. Бұл – Адам ата мен Хауа ананың жартасы. Мұнда келушілер үшін ең қызығы – осы қос жартастың ортасынан өту. Ал бұл екі кәрі тастың арасынан кез келген адам өте алмайды. Тек жүрегі таза, денсаулығы мықты жандар ғана кедергісіз өтіп кете алады екен. Жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша, жартас жүрегінде қорқынышы бар адамдарды өткізбеуі мүмкін. Және қуыстан өткен кезде ең алғаш оң иықтан бастау керек. Бұл аралықтан тек 13 жастан асқан жандарға ғана өтуге рұқсат етіледі. Көпшіліктің айтуы бойынша, Қазығұрт тауына жасаған сапарда ең ерекше әсерді осы жартас қуысында тұрып сезінесің. Ені 14 см, ұзындығы 30 метрлік бұл қуыста ең бастысы – тоқтап қалуға болмайды. Үнсіздікте, тек жүрегінің дүрсілін ғана сезініп бір демде жүріп өтесің.

Қазығұрт тауының адам жанын сынаққа салатын бұдан да бөлек жерлері көп. Тау биігіне көтерілген сайын жұмбаққа толы тылсым табиғаттың қыр-сырына тереңірек үңіле түскің келеді. Бірақ биікке көтерілу барысында өте сақ болған жөн. Мұнда жыландар тым көп. Әсіресе, „ана құрсағы„ деп аталатын тау бөлігінде бауырмен жорғалаушылар жиі кездеседі. Ертеректе ата-бабаларымыз тіл-көзден сақтайды деп бұл кішігірім қуысқа балаларын кіргізген екен. 

Қазығұрттың қойнауына жасырған таңғажайып құбылыстары мұнымен аяқталмайды. Тау етегіндегі көк шалғында жұп болып құрылған түрлі жануарлардың мүсінін байқауға болады. Мұнда пілден бастап тасбақаға дейін жануардың барлық түрі бар. Бір таң қалдырары - бұл мүсіндердің барлығын табиғаттың өзі жасаған, яғни адамның қолы тимеген.

Жалпы, Қазығұрт тауларының адам сенгісіз тылсым сырларын айтып тауысу мүмкін емес. Сондықтан да бұл өлке жайлы аңыз-әңгімелер ғасырдан-ғасырға жетіп, ел аузында жатталып қалған. Орталық Азия халықтары үшін киелі  атанған Қазығұрт тауының бізге беймәлім тұстары, ашылмаған сырлары әлі де көп. Сондықтан да, адамзаттың тал бесігі атанған бұл мекен Оңтүстік өңірдің туризм орталығына айналуы тиіс.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға