Жаңалықтар

Динара Маратқызы: «Ұлттық рухты сақтап қаламыз десек, салт-дəстүрімізге мығым болуымыз керек»

«Рухани жаңғыру» мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының айырмашылығы неде?
Динара Маратқызы: «Ұлттық рухты сақтап қаламыз десек, салт-дəстүрімізге мығым болуымыз керек»
14.05.2019 09:01 3643

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Тарихи сананы жаңғырту мақсатына ерекше тоқталған болатын. Осы орайда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тарих факультеті, Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, Тарих магистрі Динара Маратқызы пікірiн білдірді.

Елбасы Н.Ə. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жаңа кезеңге аяқ басқан Қазақстанның дəстүрлі бағыттағы қадамдарына тоқталады да, ұлттың бірегейлігін рухани тұрғыда жаңғыртудың қажеттілігін алға тартып, бірқатар бағыттарды ұсынады. 

Бұл жолда халқымыздың білімге, зияткерлікке жəне адам ресурсының сапасын арттыруға негізделген бəсекеге қабілеттілігі алдыңғы қатарда тұр. Бұл ретте, жаңа мыңжылдықтың уақыт талабына сай келетін компьютерлік  сауаттылық, шет тілдерін меңгеру жəне мəдени ашықтық, конфессияаралық келісім бəсекеге қабілетті болуға негіз болады.

Президент қолданатын тəсілдердің бірі ретінде прагматизмді қарастырып, қолданыстағы теориялар мен ілімдерді іс жүзіндегі қолданысына қарай бағалауға шақырады. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пікірі бойынша: «Прагматизм дегеніміз – өзіңнің ұлттық жəне жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемі пайдаланып, соған сəйкес болашағыңды жоспарлай алу, тиімділік, дәлдік, пайдалылық, нәтиже, кез-келген күрделі ахуалдан тез шығудың жолы, сөзден іске көшу, ысырапшылдық пен астамшылдыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу...». Қарап отырсақ, мұндай көзқарас халқымыздың өн бойына біткен қарапайымдылығына да сай келетін сыңайлы. 

 

Ұлттық рухты сақтап қаламыз десек, салт-дəстүрімізге мығым болуымыз керек

 

Тарих магистрі Динара Маратқызы рухани жаңғыру жолында салт-дәстүрімізді сақтауға байланысты мынадай ойымен бөлісті:

«Ұлттық рухты мəңгілікке сақтап қалу үшін біз ең алдымен өзіміздің салт-дəстүрімізге мығым болуымыз керек. Осы арқылы ұлттық бірегейлігіміз сипатталады. Сол себептен де, рухани жаңғыру жолында ескіден қалған əдеттерді қалдырып, ұлттық код, төл мəдениетті сақтай отырып, музыка, əдет-ғұрып, əдебиет пен жоралғыларды дəріптеу қажет».

Халыққа білім беру, білімнің культін қалыптастыруға ерекше басымдылық беріп, құндылығын арттыру керектігін айта келіп, Елбасы Н.Ə. Назарбаев білімді ұрпақ ұлттық құндылықты дəріптеп, санасына сіңіре алатынына сенім артады. Сондай-ақ, заман талабына, технологиялық революцияның беталысына сай келетін кəсіптерді игеруге шақырады. 

ХХ ғасыр бойына қазақ тарихында орын алған революциялардың тигізген қиыншылықтары мен зардаптары халықтың жадынан өшпек емес. Тарихтан сабақ ала отырып, Елбасы Н.Ә.Назарбаев ендігі ретте эволюциялық сипатта дамуды қарастырады. Эволюциялық даму халықтың рухани дүниетанымын өркендетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің айтуынша, сананың ашықтығы əлемдік сипаттағы ахуалға белгілі бір дəрежеде баға беруге мүмкіндік тудырады. Осы бағытта ол сананың ашықтығын зерделеудің ерекшеліктерін атап өтеді. Олар: əр адам өзінің айналасында болып жатқан оқиғаларды түсіну, жаңа технологиялардың салдарынан болатын өзгерістерді меңгеру, сонымен қатар дүниежүзіндегі алпауыт державалардың алдыңғы  қатарлы жетістіктерін игеру, бойымызға сіңіру болып саналады.

Ұлттық бірегейлікті жаңғырту жолында таяу жылдарға жоспарланған жобалардың қатарында қазақ тілін латын əліпбиіне көшіру қарастырылады. Бұл жобаны іске асыру арқылы заманауи технологияны, ХХІ ғасырдың ғылыми дамуы мен білім беру процесінің ерекшеліктерін қарастыру мүмкін болады. Себебі, бүгінде дүниежүзіндегі мемлекеттердің жартысынан астамы латын əліпбиін қолданады. Келесі кезекте гуманитарлық ғылымдардың дамуына үлкен үлес қосатын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100  жаңа оқулық» жобасын атап өткеніміз жөн. Бұл жоба əлеуметтану, саясаттану,  философия, психология, филология, мəдениеттану бағыттары бойынша білім беруді жетілдіру жолында жан-жақты жағдай жасауға мүмкіндік береді. 

Ұлттық патриотизм адамның өз еліне, туып-өскен жеріне деген құрметтен, шынайы сүйіспеншіліктен бастау алады. Н.Ə. Назарбаев ұсынған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы өлкетанушылық жұмыстарды ғылыми сипатта жүргізе отырып, еліміздің көрікті жерлерін қорғап, дүниежүзіне таныстыру қолға алынды. «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты екі бағытты қарастыратын бұл жоба туған жерге тағзым етудің ерекше көрінісі болып есептеледі.

Ертеден қазақ халқының мақтанышы, ұлттың абыройын асқақтатқан тұлғалар көп болғаны белгілі. Осы бабалардың мұрасын жалғастырушы есебінде Тəуелсіздік жылдары елінің беделін көтеру үшін өзінің еңбегін арнаған тұлғаларды халыққа таныту мақсатында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қолға алынды. Жобаның алға қойылған үш міндеті де айқын. Олар: біріншіден, ақылмен, дарынымен, қолымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту, екіншіден, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру, оларға ақпараттық қолдау жасау, үшіншіден, «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау болып отыр. Бұл жайлы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың айтуынша, Қазақстанның жаңғыру бағыты мен жаңа идеяларды ұсынуы арқылы жарқын болашаққа қол жеткізу жолындағы мүмкіндіктері зор. Соларды іске асыру үшін нақты əрекеттерді орындау керек.

Тарихы тереңнен қалыптасқан қазақ халқының мұрасын дəріптеу, жаңғырту, көпшілікке паш ету мақсатын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жүзеге асырады. Мақала өзінің өткенін бағалап, мақтан тұтатын ұрпақ үшін құнды бағыт береді. Бағдарламалық сипатта жарық көрген бұл мақала ұлттық рухты ерекше орынға қояды да, тамыры тереңде жатқан төл тарихымызды дұрыс түсінуге бет бұрады. 

Н.Ə.Назарбаевтың жоғарыда талдап өткен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының заңды жалғасы ретінде жарияланған бұл мақалада Ұлы даланың тарихындағы өркениеттіліктің бастауларына көңіл бөлінеді. Бұл ретте Елбасы Қазақстан тарихын бөлшектеп емес, тұтастай қарауды ұсынды. Мұндай контекстте ол Қазақстан жерінде қалыптасып, күллі əлемге таралған өркениеттер мен біздің жерімізде туып-өскен ғұламалардың қосқан үлесін ерекше атап өтеді. Қазіргі заманғы зерттеулер, археологиялық қазба жұмыстарының нəтижесінде ата-бабаларымыздың алдыңғы қатарлы технологиялық инновациялармен байланысының болғанын дəлелдейді. Сонымен қатар, Ұлы даланың дүниежүзі тарихында алатын орнын ерекшелейді. 

Елбасы Ұлы даланың жеті қырын: Түркі əлемінің бесігі, атқа міну мəдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, алтын адам, аңдық стиль, Ұлы Жібек жолы жəне алма мен қызғалдақтың отаны атты бағыттарды нақтылап көрсетеді, олардың отандық тарихтағы орнын бағдарлап береді. 

Сонымен қатар, мақаланың екінші бөлімінде Н.Ə.Назарбаев тарихи бірегейліктің жаңғыруын анықтап береді. Аталған бағытты орындау барысында отандық жəне шетелдік архивтерде жүргізілетін іргелі зерттеулерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «Архив-2025» жеті жылдық  бағдарламасын ерекше атап өтеді. Халқымыздың рухани-мəдени дамуына үлес қосып, бүгінде əлемдік өркениетке танымал əл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Күлтегін, Сұлтан Бейбарыс, Тəуке хан, Абылай хан, Кенесары хан, Хәкім Абай жəне көптеген тұлғалар жайында «Ұлы Дала тұлғалары» деген бөлімінде талдайды. Осы орайда Ұлы даланың əр аймағында атақты ойшылдардың бейнелік  галереясын құру қажеттілігіне мəн береді.

Ұлт көшбасшысы Түркі əлемінің қалыптасуы жайлы мəлімдей отырып, түркі жұртының ата-бабалық мекені ретінде Қазақстанда ​«Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны іске асыру керектігін алға тартты. Ұлы даланың ежелгі өнері мен техникасын жинақтауға арналған мұражайдың басты мақсаты ретінде қарастырылатын – туризмді жəне тарихи жəдігерлерді қайта өңдеуді дамыту жұмыстары қазақтың бірегейлігін жаңғыртудың маңызды аспектісі болатынына мəн берілген.

Дала фольклоры мен музыкасын жаңғырту бағытында ең басты мəселе заманауи қоғамды ғасырлар бойы жинақталған рухани жетістіктермен таныстыру жұмыстарын қолға алу болып саналады. Осы мақсатта қазіргі жағдайда өнердің жетістіктерін қалпына келтіру үшін отандық жəне шетелдік мамандардың қатысуымен арнайы жобалар дайындау қарастырылады.

Елбасының пікіріне сəйкес, Қазақстанның өркениеттілік тарихында фильмдер мен теледидардың да рөлі ерекше. Өткенге құрмет көрсету, бүгінгіні əділ бағалау жəне болашаққа сындарлы көзқарас қалыптастыру Қазақстанның қол жеткізер жетістіктері болып саналады. 

«Жалпылама қорытынды ретінде қарастыратын болсақ, екі мақала да ұлттық бірегейлікті жаңғырту бағытын толығымен қамтиды. Елбасының көпшілікке танымал «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты ​алғашқы мақаласында болашақтың құрылымдық сипаты бағдарланады. Ал, жоғарыда өзіміз талдап көрсеткеніміздей, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ата-бабамыздың сан ғасырлардан бері жинақталған мұрасын өзекті ете отырып, сандық өркениеттің жағдайында түсінікті əрі қолжетімді болуына қажетті мүмкіндіктер қарастырылады», - дейді аға оқытушы Динара Маратқызы.

Осы арқылы əр адамның тарихымызға деген мақтанышы мен патриотизмін қалыптастырып, барлық қазақстандықтардың бірлігін нығайтуға бағытталады. Себебі, халқымыздың танымал батырлары, ойшылдары мен билеушілері тек қана Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар күллі əлемге танымал əрі үлгі болуға лайықты тұлғалар екені сөзсіз.

(Cуpeт aшық ғaлaмтop көзiнeн aлынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға