Жаңалықтар

Жайық өзені жайында тарихи 7 дерек

Жайық өзенінің қазақ тарихындағы орны
Жайық өзені жайында тарихи 7 дерек
05.10.2017 09:50 63207

Жайық – Еуропа мен Азияны бөліп тұрған Орал тауы секілді қос құрлықтың ортасында орналасқан өзен. Атырау қаласы арқылы өтіп, Каспий теңізіне құятын өзеннің жалпы ұзындығы – 2428 шақырым болса, 1084 километрі Қазақстан аймағында орналасқан. Тарихқа көз салсақ, Жайық өзеніне қатысты қызықты деректерді аз кездестірмейсіз.

 Мәселен, халық ауыз әдебиетінен ойып тұрып орын алатын «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырында:

«Базарбайдың Төлеген,

Ерте туған көбеген.

Сексен жігіт қосшы алып,

Он бес жігіт басшы алып,

Ақжайыққа жөнеген», сондай-ақ:

«Мен Жайықтан қайтқанша,

Жүзіңді есен көргенше,

Ата-анамды, мал-жанды,

Тапсырым Алла, құдаға»,-деген жолдардан Төлеген батырдың сұлу Жібекті алғаш көруге Жайық арқылы барғанын білеміз.

Ақ Жайыққа қарап өскен ерлердің бірегейі Махамбет пен Исатай батырлар десек артық айтқанымыз емес. Азаттықты аңсап өткен ержүрек әрі сыршыл ақын Махамбет Өтемісұлы:

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда?

Еңсесі биік боз орда

Еңкеймей кірер күн қайда?-деп Ақ Жайықпен сырласса, «Мұңайма» өлеңінде:

Жайықтың бойы көк шалғын –

Күзерміз де жайлармыз.

Күлісті-сынды күреңді

Күдірейтіп күнде байлармыз.

Құдай істі оңдаса,

Ісім жөнге келгенде,

Қамалаған көп дұшпан

Әлі де болса, қойдай қылып айдармыз,

Жолдастарым, мұңайма!,-деп төңкерістен қажыған жолдастарына рух береді.

Күй атасы Құрманғазының да көп күйі Жайықтың жағасында шыққан. Патша Үкіметінің қуғын-сүргініне ұшыраған шағында Жайыққа түсіп, қамыс арқылы тыныстап солдаттардан қашқан деген дерек бар.

Италияның әйгілі саяхатшысы Марко Поло Жайықтан өтіп, күллі Еуропа жұртына Азия әлемін таныстырған.

Тарихи деректерге сүйенсек, Ақ Жайықтың мөлдір суымен Александр Македонский шөлін қандырса, өзеннің құмды аймағынан шығып жатқан қара майды көріп адамзаттың бірінші ұстазы Аристотель таңқалған. Бұл бағзы заманнан бері Атырау жерінде мұнай бұрқағының болғанына дәлел болса керек.

Еуропаны жаулаған Батый Хан да қыпшақ халқымен бірге осы өзеннен өткен. «Құл болып кетіп, көсем боп оралған» даңқты Сұлтан Бейбарыс туған мекені Ақ Жайықты өмірінің соңына дейін жүрегінде ұстағаны бәрімізге аян.

Жайықта туған жақсылардың қатарына Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерді де қосып қойыңыз. Ал, Жайықтың әсем табиғатынан қуат алған археолог-ғалым Әлкей Марғұлан көне қала Сарайшықты зерттеп, қазақ елін құнды жәдігерлермен қауыштырды.

Ұлтын сүйген Мұстафа Шоқай да Жайық арқылы шетел асқан. Бұл туралы шоқайтанушы Бақыт Садықова «М.Шоқай ең бірінші Ресейге Уфаға барып, татарлар және башқұрттармен кездеседі. Кавказда, Жайық бойында, Грузияда  жүріп өткен жолында кездесулерді өзінің майдандастарымен, сол кездегі ұлт-азаттық күрестің басшыларымен өткізді. Осының бәрін қуғын мен сүргіннің арасында жасады. Мысалы, Грузияға қызылдар басып кіргенде Мұстафа мен жұбайы Қаратеңізге жолға шыққан ең соңғы кемеге мініп үлгерді»-дейді

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға