Жаңалықтар

Кепебұлақтың тарихын білесіз бе?

Алайтаудың етегіндегі қай ауыл?
Кепебұлақтың тарихын білесіз бе?
11.05.2017 10:08 8327

Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Кетпен Алатауының етегіндегі Кепебұлақ ауылының тарихи атауының қайтарылғанына 8 мамырда 10 жыл толды.  Бұған дейін Бөдеті деп аталып келген бұл ауылдың  атауын өзгерту Алматы облыстық мәслихатының 2007 жылғы 29 наурыздағы N 37-276 шешімі және Алматы облысы әкімдігінің 2007 жылғы 29 наурыздағы N 66 қаулысы бойынша жүзеге асып, ол Алматы облыстық Әділет департаментінде 2007 жылғы 8 мамырда N 1983 тіркелген болатын.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін Кепебұлақ деп аталған бұл елдімекен 1920 жылдары селолық кеңестер құрылғанда Бөдеті аталып кеткен көрінеді. Аудандағы 25 елдімекеннің бірі саналатын бұл ауылдың Бөдеті аталуы туралы ел арасында түрлі аңыз әңгімелер бар. Біреуінде ел арасында Еренқабырға деп аталып кеткен әйгілі Тянь-шан тауларының Қытай елімен шектесетін тұсындағы Бөдеті деп аталатын көрікті мекеннің атауымен байланыстырылады. Табиғаты көркем, малшылыққа да,  егіншілікке де өте  қолайлы, сулы, нулы жердің  халыққа құтты-берекелі орын болғанынан елдімекен аты да Бөдеті деп аталғаны айтылады. Шынында да бастауы мен бұлағы көп бұл жердегі басты өзеннің атауы Кепебұлақ аталуы кездейсоқ болмаса керек. Көктемде күн күрт жылып, қар жылдам еріген кезде және жаңбыр мол жауғанда ғана арнасынан асып-тасып, өткел бермей асау мінезін көрсететін Кепебұлақ өзенінің суы жыл өткен азайып бара жатыр. Бір кездері мұнда балықтың көптігінен өзен суына салған әрбір шелек бос қайтпайтынын тамсана әңгімелейтін адамдар аз емес.

Бөдеті сөзінің атауы қатысты 2011 жылы «Өнер баспасынан жарық көрген Т.Жанұзақовтың «Жер-су атаулары» (этимологиялық анықтамалық) деген кітабында өзге нұсқалары да көрсетілген. Атап айтқанда, біріншісінде  суы мол, құрақты-қамысты және айналасы шилі боп келетін табиғаты керемет бұл жерде бұрын бөдене өте көп болғандықан Бөдеті аталған деп айтылады. Екіншісінде, бұл атау қалмақтың «құдай», «әулие» деген мағынаны білдіретін боғда-богде сөзінен шыққаны және Бөдеті аталған таудың жартастарында қашалып салынған, қалмақ боғдаларының суреттерінің көптігімен түсіндіріледі.

Қазір ауыл маңындағы жартастардағы қалмақ боғдалардың суреттері түгелдей  жойылған деуге болады. Тек жан-жануарлардың ғана  бірлі-жарым бейнелері сақталған. Олардың өзі жартастардың құлауынан және жаңбыр мен қар суынан мүжіліп, ұсақталуынан жыл өткен сайын азайып барады.   Ауыл адамдарының айтуынша, бұрын мұнда ежелгі сақ, үйсін, түркі дәуірдегі ата-бабаларымыздың көзіндей болған тастан қашалған балбалтастары да көп болған көрінеді. Олардың көпшілігі тың игеру науқаны кезінде трактордың жынжыр табанының астында қалып, қиратылған. Одан аман қалғандары 1990-жылдары түрлі құрылыс жұмыстарына жаратылып кетіпті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға