Жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанның киелі нысандары

Кие тұнған Қазақстан
Солтүстік Қазақстанның киелі нысандары
24.06.2018 13:32 16911

Солтүстік Қазақстан жерінде де еліміздің киелі нысандарына кіретін бірлі-екілі ескерткіштер бар. Олардың бірі энолит дәуіріндегі тайпалар ғұмыр кешкен, сан мыңдық тарихы бар Ботай мәдениеті болса, келеcісі қазақ жерін жаудан қорғаған қос батыр Қарасай мен Ағынтайға арнап тұрғызылған ескерткіш. Тағы бірі Орта жүздің ханы – Абылай билік жүргізген резиденция.

Ботай мәдениеті

Бұл – энолит заманында солтүстікті мекен еткен тайпалардың мәдениеті. СҚО, Айыртау ауданындағы Никольское ауылынан сәл әрірек бір жарым шақырым жерде Ботай қоныстарына орай осындай атау алған. Ол жерге 1981-83 жылдар аралығында жергілікті оқу орнының археологиялық экспедициясының профессоры Виктор Зайберттің жетекшілігімен зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы ауданы он бес гектар жерден 160-қа жуық үйдің орны қазылып алынды. Зерттеушілерді қираған үйлерден қалған ойпатты жерлер қызықтырған еді. Бұрынғы тұрғын-жайларды қайта қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынып, доңғалақ, көпбұрышты болып келген қазан шұңқырлар қазылды. Олардың тереңдігі 60-80 см-ге жетсе, ауданы 30-70 м²-ты құрады. Қалыпқа келтірілген үй-жайлардың қабырғаларының ені 80 мен 120 см аралығында болып, ені 60 пен 100 см-ге жетті. Олардың қабырғасы мен еденін салу үшін жақындау жерден арнайы ор қазылып, қажетті топырақ алынды.

Арнайы топтың осында тұрғызған орын жайларының арқасында көптеген тың деректерге қол жеткізілді. Ол жайлар бұрынғы ботайлықтардың құрылымымен тұрғызылған еді. Бөренеден шатырлар жасалынып, орта тұсына түтін шығатын тесік қалдырылды. Бөренелердің ортасы сыланып, оның үстіне жануарлардың терісі тасталды. Ішкі биіктігі 300 см-ден сәл асырылды. Зерттеу көрсеткендей осындай үйлер жазды күндері салқын болып, қыста бір температураны қалыпты ұстап тұрған. Қолданған материалдың беріктігі шамамен жиырма жылға дейін қызмет ететін болады. Ботайлықтар жыл сайын шатырдың сыртқы бөлігін ауыстырып, ішкі қабырғаны және ошақты сылап отырған. Сондай-ақ, олардың жайлары бір-біріне жалғаса салынған. Ботайлықтардың үйлері туралы көптеген қызықты деректерді айта кетуге болады. Ол үйдің ортасына ошақ салып, шет-шетіне қажетті ұсақ-түйек заттарды қойған. Ал кіреберіске сәкілер қойып, арнайы жануарлардың терісін жерге төсеген.

Тағы бір ерекше айта кетер тұс, ол – шұңқыр-консервілер. Ол үшін бір метрге жететін шұңқыр қазып, ішіне жылқы етін салып, бетін тері және сазбен жапқан. Оның үстіне от жаққанда, шұңқыр ішіндегі оттегі толығымен сыртқа шығып кетеді. Ал оттегісіз жерде ет көпке дейін бұзылмай сақталады. Сол сияқты ботайлықтар қолөнерге өте жақын болған сыңайлы. Себебі, олар ағаш, тас, сүйек, теріні өңдеп өздеріне керек заттарын жасап, киім де тіккен. Қыш ыдыстарды әзірлеген. Тастан жебе, қанжар, пышақ ұштарын дайындап, аңшылықпен айналысқан. 

Жылқы сүйегінен жасалған шаруашылықта қолданылған не түрлі заттардың табылуы да ботайлықтардың епті болғандығын көрсетеді. Мәселен, олар ине мен жуалдызды құс сүйегінен әзірлеген. Ботай мәдениетін зерттеген ғалымдарды, бәрінен бұрын ат сүйегінің көптеп кездесуі ойлантып тастаған еді. Сол үшін ғалым-остеологтар арнайы шақыртылып, лабораториялық жұмыстар жүргізілді. Соның арқасында осынан табылған 130 мыңдай жылқы сүйегі зерттеуден өтті. Белгілі болғандай, ботайлық жылқылар өзге жылқылардан ерекше болып шықты. Себебі, олар қолға үйретілген екен. Мұндағы тайпалар жылқы малын үй шаруашылығына, аң аулауға пайдаланған. Бұл күнге дейін жылқылар қолға кейінірек үйретілген деген пікір қалыптасқан еді. Ботайда жасалған бұл ғылыми жаңалық әлем назарын Қазақстанға аудартты. Мұндағы жылқылардың сүйегін зерттеу үшін Новсібір, Мәскеу қалаларынан, Ұлыбритания мен Германиядан арнайы ғалымдар келді. Олар Ботайдың Еуразиядағы мал шаруашылығының нағыз орталығы болған деген пікірге тоқталды. Алғаш келіп экспедиция жүргізген Виктор Зайберт Англиядағы белді университет Кембриджге барып, дәріс оқыды. Ботай мәдениетін зерттеу 28 жылға созылды. Ондаған мақалалар жазылды, бірнеше кітаптар шықты. Ботай мәдениеті Ертіс пен Жайықтың ортасын мекендеген тайпаларға жатқызылады. Қаншама жылдар зерттеу жүргізілсе де, бұл өңірде әлі де ашылмаған тарихи жаңалықтар жетерлік. Мұнда табылған адамдардың бас сүйегінің қаңқалары тағы да зерттеуге мұқтаж екендіктерін көрсетті. Ботайлықтардың жерлеу рәсімі толық зерттеле қоймады. Сол себептен де бүгінге дейін бұл орында қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Ботай мәдениеті арнайы қорғауға алынып, Қазақстанның киелі нысандарының тізіміне еніп отыр.

Абылай ханның резиденциясы

Елизавета патшайымның жеке жарлығымен тұрғызылған екі қабаттан тұратын үйдің аты – Абылай хан резиденциясы. Бұл кірпіштен салынған үй туралы небір қызықты әңгімелерді естуге болады. Расымен де «Абылай хан осында тұрып, билік жасаған ба, жоқ па?»деген сұрақ қойылғанда, зерттеушілердің пікірі сан-саққа кетеді. Ресейдің Қазақстан мен Орта Азияны жаулаудағы негізгі мақсаты – Үндістан арқылы мұхит жолдарымен жасалатын халықаралық сауда-саттыққа ат салысу болған. Дегенмен, казактар жерін отарлауға қарсы шыққан қазақтардан қорғану үшін бекіністер салып, қорғанысқа көп көңіл бөле бастайды. Міне, осындай ниетпен салынған ғимараттың бірі – Абылайхан резиденциясы.

Қытай мен Ресейдің арасындағы сыртқы қарым-қатынасты сауатты түрде жүргізген, қос алыптың ортасында бодан болмаудан қашқан Абылайға сый жасау үшін осындай ғимарат салғызу керек болғандай. Ресей билігі қазақтардың ең ықпалды деген топтарының күш жинап, мықты болып кетпеуі үшін арнайы «сыйлықтар» жасап, оларды әрдайым «астына көпшік қойып» отырған. Сонау Түркістанда ордасы тіккен Абылайдың резиденциясы Солтүстік өңірден бір-ақ шығуының басты себебі осында жатыр.

Кейбір деректерде келтірілген ақпаратқа сүйенсек, Абылай бұл резиденцияның Есілдің жоғары жағында болуын қалайды. Нақтырақ, Еңқыстау тауындағы, Әулие Петр бекінісінің жанында салынады. Ол 1765 жылы еді. Сәл кейінірек ХІХ ғасырдың бас кезінде ол ағаш үй өртке оранып, орнына кірпіштен екі қабаттан тұратын бүгінгі дейін жетіп отырған ғимараттың іргетасы қаланды. Бұл резиденцияға Орта жүз ханы келіп-кетіп қана қоймай, шекара бойынша туындаған көптеген мәселелерді шешу үшін ат басын тіреген. Ғимаратта көптеген тарихи шешімдер шыққанына күмән келтірмейміз.

Десек те, кей тарихи мәліметтерде Абылайдың Петропавловскте ешқашан тұрамағаны айтылады. Тек қана Түркістан мен Қызылжарға дейін келіп жеткен сауда жолы жайында деректер кездеседі. Тарихта ол жол «Абылайдың жолы» деген атаумен қалған. Ол уақыттағы Қазақ хандығының соңғы шекара тұсы осы Қызылжарға келіп тірелсе керек. Яғни, Абылай хан тек сауда ісі арқылы ғана еліміздің солтүстігінде болған, ал жалпы ондағы резиденцияға келіп, билік құрып, тарихи шешімдер шығарды делінген ақпараттар жалған болуы ықтимал дейді кей зерттеушілер. Ол заманда Абылайды өздері салған үйде билік құрып отыр деген ақпарат беріп, сонда «тұрғызуы» Ресей үшін тиімді тұстары болған шығар. Бірақ, бұл резиденция қазан ревалюциясынан кейін әскерилердің госпиталі болып кеткен еді. Жөндеу жұмыстарын біраз уақыт көрмеген ғимарат тіптен қаңтарылып тұрды. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, мәдени мұраларымызды қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынған кезде ғана «Абылай хан резиденциясы» көзге ілінді. Қабырғалары мен едендері мүжілген резиденцияны жөндеу барысында бұрынғы қалпы басты назарда болды.

Жалпы, ғимарат төрт бөліктен тұрады. Алғашқы қабатта әкімшілік, ал жоғарғы қабатта тарихи залдар бар. Ол залдың бірінші бөлімінде – Абылай ханның бала кезінен хан сайланғанға дейінгі өмір дерегінен мәліметтер беріледі. Екінші бөлім хандық құрған уақытына арналса, үшіншісі – Тақ залы. Сол орында отырып Абылай хан тарихи шешімдер шығарып, ел билігін жүргізген деген мәліметтер бар. Соңғы бөлімде Абылай хан жайындағы көптеген материалдар мен суреттер ілінген. Бұл резиденцияны 2008 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың өзі келіп, ресми ашылуын өткізді. Содан бері ғимарат мұражай ретінде көпшілік келетін орынға айналған.

Қарасай мен Ағынтай батырлар ескерткіші

Өшпес ерліктерімен есімдері ел есінде қалған қос батыр СҚО, Айыртау ауданына қарасты, Мәдениет ауылындағы Құлшынбай төбесінде жер қойнына тапсырылған. Қос батыр ХVІІ ғасырда Есім ханның тұсында қазақ жерін сыртқы дұшпандардан қорғауға белсене ат салысқан. Жоңғарлардың үздіксіз шапқыншылықтары кезінде Қарасай батыр небәрі 17 жасында әскер бастаса, оның досы Ағынтай батыр көмекшісі болған екен. Осы қос батыр елу жыл ішінде шамамен екі жүз рет басқыншыларға қарсы күресіп, елі мен жерін қорғауда ерен ерлік көрсеткен. Жоңғарлардың 1635 жылғы шапқыншылығы кезінде дұшпандардың қолына түсіп қалған Жәңгір ханды қос батыр құтқарып келеді.

Жоңғарлардың қоңтайшысы 1643 жылы қазақтарды жаулап алу мақсатында 50 мың қолмен қазақ жеріне ентелеп жетеді. Ал қазақтар мұндай күтпеген «қонаққа» бар-жоғы 600 әскермен қарсы тұрады. Бірақ, ол 600-і кілең «сен тұр, мен атайын» деген батырлар болды. Қарақұрым жауды жеңген батырлардың ішінде осы Қарасай мен Ағынтай да бар еді.  Сол жоңғарларға қарсы екі алып еуропалық соғысу тәсілдерімен көзге түсіп, кейінгі өскелең ұрпаққа үлгі бола білді. Ағынтай батыр мен Қарасай батыр 1644 жылы екі мыңға жуық жау әскерін жер жастандырып, жеңіске жеткен соңғы шайқасы болыпты. Аңыздарға сенсек, Ағынтай батыр алып күштің иесі болған екен. Оның жұдырығының жойқындылығы соншалық, тиген адам бірден есінен тана құлайды екен. Сондықтан да ел арасында «Ағынтайдың жұдырығы» деген тіркес қалыптасып кеткен. Осы батырлардың басына 1999 жылдың 15 қазанында арнайы ескерткіш тұрғызылды.

Биіктеу келген төбеде ескерткіштер әскери құрылыс секілді орнатылып, маңында мешіт тұрғызылған. Ол жерде сол сияқты батырлықтың белгісі ретінде найза қойылған. Күмбездердің айналасында сол дәуірде жауға қарсы тұрған бірнеше жауынгерлердің жерленген орындары жайғасқан. Бұл кешен сәндік тұрғысынан көне түрік дәстүрінен сыр шертеді. Орталықтағы есігі Меккеге қарай бағытталып тұр. Кірпіштен қаланған қабырғамен қорғалған шеңберге кіру және сәл әрірек намаз оқитын арнайы орын бар.  Ал шеңбердің ортасында қос батырдың кесенелері орналасқан. Тағы бір назарға ілетін жайт – кесенелердің кескіндемелері жергілікті дәстүрмен байланыстырылып салынуы. Бұл мұнаралардың алдында конус тәріздес кішкене ғана мешіт бар. Қарасай мен Ағынтай батырлардың аруағына арналып тұрғызылған мемориалдық кешен СҚО-дағы басты тарихи орындардың қатарына кіреді. Әрине, Қазақстанның киелі нысандарының тізімінен де табасыз.

Әр жыл сайын осы аталған тарихи орынға республикамыздан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы келіп көрушілер жетерлік. Мұнда ел Президенті Назарбаевтың өзі екі рет келген екен. Осындай батырларымызды құрметтеп, басына ескерткіш орнатып, ұрпақтан-ұрпаққа өшпес ерліктерін жеткізіп отыру біздің басты міндетіміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға