Жаңалықтар

Бэкпак туристер: олар кімдер?

Бэкпак туристер кімдер? Қонақ үйлердің қандай түрлері бар?
Бэкпак туристер: олар кімдер?
Фото: фото: pixabay.com 20.05.2019 10:18 6572

Туризм – табыс көзі

Туризм қазіргі таңда тұрақтылығымен әлемдік экономиканың тірегіне айналып отыр. Сол себепті көптеген мемлекеттер өз экономикасының басым бағыты ретінде туризмға ден қоя бастады. Бұл қатарда көршілес Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттерінің сәтті қадамдарын атауға болады. Қырғызстан да сервис сапасын жақсартып, саяхат кәсібі арқылы бюджет түсімін арттыруға қам қылуда.

Туризмді қолдау – еліміздің мемлекеттік бағдарламаларының да негізгі мазмұны. Бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, шет елдерде иммидждік шаралар атқарғанның арқасында отанымызды көруге ниет білдірген туристер саны жыл өткен сайын көбеюде. Соның арқасында бұынғыдай тек іскерлік мақсатпен келетін қонақтардан гөрі жергілікті мәдениетпен танысуды қалаған қарапайым туристер қатары да молайды.

Gap year және бэкпак туризм

Бір айта кетерлігі, қарапайым туристердің ішінде шоғырлысы – бэкпак туристер. Арқаларына боқшасын (бэкпагін) асынып, қаладан-қалаға шұбырып жүретін мұндай туристер, әдетте, қымбат қонақ үйлерге қонақтай бермейді. Өйткені бір жағынан қолындағы қаржысын тиімді пайдаланып, тарихи орындар мен мәдени ескерткіштерді, көркі көз тартарлық табиғат тамашасын көптеп көруге тырысса; екінші жағынан, жергілікті халықпен етене сөйлесіп, олардың тұрмыс салтымен ішкерлей танысуды қалайды. Сондықтан жалғыз жатып, оңаша қалатын қымбат қонақ үйлерден гөрі мұндай саяхатшылар қала халқы тығыз орналасқан думанды аудандарды таңдайды. Бүгінгі таңда бейресми санақ бойынша әлемде жыл сайын миллиардтан астам адам шет елде сапарда болады екен.Ал бэкпак туристер осы көлемнің жартысына жуығын құрап отыр. Сол себепті туризм тілінде боқшалы саяхатшылар деген арнайы ұғым да қалыптасып үлгерді. Сонымен бірге мұндай туристік түр трэнддке де еніпкеледі.

Бэкпак саяхатын сәнге айналдырып келе жатқандар негізінен – Еуропа, Америка жастары.Еуропа оқу жүйесінде Gap year аталатын арнайы кезең бар. Мектепті тамамдап, университетке қабылданар алдындағы бір жыл – бітіруші түлектер үшін алтын уақыт. Мұнда біреулер мамандығының бағытын анықтап, тиісті дайындықтарын жасаса, басым көп санды жастар әртүрлі елдерді аралайды. Осы сапары арқылы танымдарын кеңейтіп, көкжиектерін ұлғайтады. Орталық Азияға, онда да біздің Қазақстанға көп келіп жатқан туристер легін осы Gap year-ліктер құрайды екен. Англия білім саласында бұрыннан қолданылып келе жатқан бұл жүйе белгілі тұрғыда ағылшын жастарының болашақ бағытын айқындап, келешегін жоспарлауда игі әсер етуде. Өйткені әртүрлі мәдениет пен сан алуан әлеуметтік топты көзімен көрген, бай мен кедей елдердің парқын шынайы түйсінген жастың гуманистік рухы қалыптасып, ой-санасы да едәуір биікке көтерілмек.

Түрленген түселжайлар

Отандық туризм саласын сөз еткенде, әрине, қонақ үй жайын айтпай өте алмаймыз. Саяхат, туризм ұғымының мазмұны байып, арнасы кеңейген сайын қонақ үйлер де ілесе дамуда. Бұл даму тек сан тұрғысынан ғана емес, сапа, түр ретінен де көбеюде. Жолаушының талабы мен қаржылық жағдайына қарай түрлі деңгейдегі түнемелі орындар нарықта қызмет атқарады.Хотель – қонақ үйлердің ішінде ең көп аталатыны. Сондай-ақ біздің дәстүрлі қонақ үй ұғымымызға да дөп келетіні осы. Көбіне қаржылық жағдайы толық жар беретін, комфортты қалайтын туристер осы мейманханы лайық көреді. Бұлардан басқа мотель, ботель, хостель деген де түрлері бар. Егер көлік тізгіндеп, бір қаладан тағы бір қалаға сапарға шықсаңыз немесе ауыр жүктерді қалааралық тасымалдайтын жүкші болсаңыз онда сізді трасса бойында мотель күтіп тұр.

Мотел күре жолдың бойында немесе жолға жақын маңайда орналасқан шағын қонақ үй. Мұнда туристерден гөрі, көбіне, бір түнеп шығып, ертесі әрмен қарай сапарын жалғастыратын жолаушылар қонақтайды. Ал ботель – су бойында орналасқан немесе арнайы қонақтардың түнеуіне, қонуына ыңғайланып жасақталған кемедегі қонақжай. Ботельдің ірісі де, кішісі де болады. Тек өзен-көлдер мен теңіз-мұхит жағалауында орналасқаны оны ерекшелендіреді. Осылардың ішінде біздің елімізде айтарлықтай дамып, қонақ үй бизнесінде тұрақты орын тауып үлгергені – хостель. Дегенмен хостелдердің қанат жайып, күн санап санының артуында өзіндік себептері де жоқ емес.

Хостел – жаңа мәдениет

Еліміздің жақсы иммиджінің қалыптасуының арқасында сырттан келетін қонақтар көбейді. Бұрындары Қазақстан бөтел ел, бөгде жұрттың есебінде болса, соңғы он жылдықта арнайы қызығушылықпен келетіндер көп. Келген туриспен бірге мейман тоқтайтын қонақ үйлердің де көптеп ашылғанын жоғарыда айттық. Әсіресе, бұқаралық туризмнің дамуына сай зәулім-зәулім хотельдерден бөлек, ықшам, шағын хостельдердің саны тым көп өсіпті. Айталық, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында бейресми дерек бойынша 400-ден аса хостелдер бар екен. Бұған әр облыс орталықтарында да ашылып жатқан хостелдерді қоссақ, сан біразға жетеді.

Хостелді кәнігі қазақ тілімен түсінгенде жатақхана деген ұғым береді. Жатақханалардың әуелгі артықшылығы, әрине, бағасының арзандығы. Хотелдердің қымбат нөмірлеріне қарағанда хостелде бір түеп шығудың құны әлдеқайда төмен. Алайда шет елдік қонақтар үшін мұның бағасынан бөлек бір тартымды тұсы – адамдармен қарым-қатынас жасаудың, қызықты танысулармен көңілді оқиғалардың ортасы. Шет елдік туристердің ішкі жан дүниесіндегі мұндай сұранысты дөп таныған көптеген хостель иелері туристерді қызықтыратын бағдарламаларын да қоса әзірлеп ұсынды. Яғни келген қонақтар хостелде шағын концерттер тамашалап, кездесулер мен әңгіме-сұхбаттар құра алады. Ал қымбат қонақ үйде хостелдегідей жергілікті мәдениетпен танысу мүмкіндігі жоқ. Тіпті нарықта өзіндік қолтаңбасын қалдырып, даралығымен ерекшеленуді ойлаған кейбір хостелдер ресторан бизнесі сияқты жеке тақырыптық бағытқа қарай ойысты. Өйткені отандық хостел иелері сәтті шыққан шет елдік тәжірибелерді көріп-біліп отыр. Мысалы, Эстониядағы бұрынғы түрме ғимаратында жасақталған хостель, Ұлы Британиядағы ортағасырлық сарайды өзгертіп жасаған жатақхана осы айтылғанның жақсы мысалы. Сондықтан хостел бүгінгі таңда тек түнеп шығатын түселхана сипатынан асып, халықтық мәдени келбетін де қалыптастырып отыр. Хостелдердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбеюінің бір себебі осында жатса керек.

Турист көптеп келсін десек

Туризмнің түйткілді мәселелерін одан әрі тереңдей тани түсу үшін алматыдағы хостелдің менеджері Әлібек Сейділдаев мырзаның пікірін білдік. Әлібектің айтуынша, Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті зор. Оның мысалын өзі жұмыс жасайтын хостельде орташа есеппен тек бір айдың өзінде 60-қа тарта шет елдік саяхатшылар келетінімен түсіндіреді. Бұл туристердіңбасым көп сандысы батыс Еуропа, Америка елдерінен келетін көрінеді. Сондай-ақ шығыс Азия мен Африкадан да ат ізін салатындар бар. Шет елдік туристерден не үшін хостелге қонақтайтынын сұрағанымызда Әлібек мырза жауабын төмендегідей сабақтады. Оның ойынша, туристер көбіне бағасы нақты фиксирленген, чек беретін, интернет арқылы төлем жүргізетін мүмкіндікке ие қонақ үйлерді таңдайды. Әрине, баға жағынан әрі арзан, әрі сапалы сервис ұсынатындығымен хостелдер олар шін жақсы таңдау. Онда да Booking сияқты халықаралық қонақ үй іздеу жүйесінде тіркелген, сенімге ие хостелдер негізгі нысанда. Көбіне таңдаған кезде өздеріне дейінгі келген қонақтардың комментарийлері мен пікіріне құлақ асады. Алайда тәуліктік пәтер беретін жабайы сауда иелері мен кейбір тек көзалдағысын ойлайтын хостелдер шет елдіктерден артық ақша талап етіп немесе чек бермеу секілді кәсіби емес пасық әрекеттерімен елдің атына кір келетін істерге баратындарыбар көрінеді. Ат төбеліндей осындай аз топтың іс-әрекетінен секем алатындықтан тұтас елдің туристік иммиджіне нұқсан келіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта мұны да заңдық негізде реттелсе дұрыс болар еді дегенді айтты Ә. Сейділдаев.

Әлібектің ойынша, туризм дамуы үшін тек материалдық құрылғылар жеткіліксіз. Оған жалпыхалықтық психология, тұтас менталитет дайын болуы керек. Мысалы, Түркияның, Тайландтың халқы туристерге бейімделген. Қажетті көмек көрсетуге дайын тұрады. Тіпті еш болмағанда күлімсіреуімен туриске деген ыстық ықыласын аңдата алады. Туристер жат жерде сезімтал келетіндіктен мұндай қарапайым әрекеттердің өзі олардың жүрегін жылытып, көңіліндегі тоңды жібітуі мүмкін. Бірақ бізде көбіне осы жағы ақсап жататындықтан әзірге түсіміздің «суықтығы» икемге келмей жатыр. Бұл мәселені жақында құрылған туристік полиция өкілі де атап өткен болатын.

Қоғамдық зерттеулер шет елдік туристердің көбіне Алтын емел, Таңбалы тас, Қайыңды көлі, Шарын, Көлсай қатарлы таңдаулы табиғат қорықтары мен мекендерге ниет етіп келетіндігін айғақтап отыр. Алайда мұнда да шешімін күткен бірқанша кілтең мәселелер көңілді қынжылтады. Оның ең бастысы –жүйелі сервистің жолға қойылмағандығы. Көбіне ағылшын тілінде қызмет көрсететін сапалы гидтің кемдігі, туристерді жол-көлік тасымалмен қамтамасыз ететін автокомпаниялар жетерсіздігі әлі де болса туризм саласына бейімсіздігімізді байқатып отыр. Сондықтан осы мәселелердің түбегейлі шешіліп, бірізге түсуі туристік әлеуетіміз одан әрі кемелденуінің тікелей мұрындығы болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға