Жаңалықтар

Жамбылдық күрдтер бабалар рухына тағзым етті

Жамбылдық күрдтер бабалар рухына тағзым етті
13.12.2018 06:26 2321

Жамбыл облысының Гродеково елді-мекеніндегі мәдениет үйінде Қазақстан республикасы «Барбанг» күрділер ассоциациясының Жамбыл облысындағы республикалық филиалы» этномәдени бірлестігі этнос күніне орай саяси репрессияның құрбандарын еске алу шарасын өткізді.

Аталмыш шараның шымылдығы Жамбыл облыстық Күрділер ассоциациясының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ибрагим Асанұлы Алиевтың алғы сөзімен ашылды. Ибрагим Асанұлы ел болашағын ойлайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ата-баба рухына тағзым ететін жастардың барына қуанатынын және күрді этносының Қазақстанға қалай келгендігі жайлы айтып, этнос күнімен құттықтады:

«Осыдан 82 жыл бұрын саяси репрессияның қуғын-сүргініне ұшыраған Күрді халқы Қазақстанға жер аударды. Қиын кезеңдерді бастан өткергенімізге қарамастан, өзіміздің тілімізді, ділімізді, мәдениет, әдет-ғұрыптарымызды  жоғалтқан емеспіз. Қазір Қазақстан жерінде, Елбасымыздың көреген саясатының, жалпы қазақ халқының кеңдігінің арқасында қанатымызды кең жая тұрақтап қалдық. Ендігі біздің басты мақсатымыз – этносаралық келісім мен бірлікті сақтай отырып, Қазақстанның әр салада дамуына аянбай өз үлесімізді қосу», – деді И. Асанұлы.   

Ары қарай Градеково Мәдениет үйінің көгілдір экранынан жиналған жұртшылыққа репрессия кезінде депортацияланған өңірлік күрділердің  хал-ахуалы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарына қатысты тарихи деректермен қуатталған бейне роликтер көрсетілді.

Шара барысында Күрді ассоциациясының төрағасы Хано Абдуллаұлы күрді этносына қосқан үлестері, Қазақстан халқы ассамблеясына сіңірген еңбектері және қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысқаны үшін Жамбыл облысы және Тараз қаласының белсенділерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Ата-баба  рухына тағзым етуге арналған кеш ары қарай күрділер қоғамдық бірлестігі жастарының қатысуымен этникалық «дав-зурна» концертімен жалғасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға