Жаңалықтар

Ш. Пулатов: Медиация - қоғамдық сана-сезімге әсер ететін маңызды әлеуметтік құрал

Ш. Пулатов: Медиация - қоғамдық сана-сезімге әсер ететін маңызды әлеуметтік құрал
05.08.2019 19:14 3835

Бірыңғай медиация күніне орай Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Азаматтық қоғамның жаңғыруындағы медиацияның рөлі» республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Аталмыш шара аясында ҚХА Төрағасының қоғамдық орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығының төрағасы әрі АҚШ-тың Нью-Йорк «Peace» институтында «Planning Change» дайындау орталығында Медиация курсынан өткен кәсіби медиатор - Шерзод Пулатов еліміздегі медиация жайында пікірін білдірді. 

Кәсіби медиатордың айтуынша, жыл сайын өткізілетін ғылыми-конференцияға еліміздің аумақтарынан әртүрлі деңгейдегі медиатор-мамандар жиналады. Олар ойларын ортаға салып, талқыдан өткізеді.

Ш. Пулатов: Медиация - қоғамдық сана-сезімге әсер ететін маңызды әлеуметтік құрал

«Бұл біріншіден, медиация саласын әрі қарай дамыту жолдарын қарастыруға, екіншіден, медиацияның мәртебесін көтеру үшін қандай әдістеме қолдануға болатынын анықтауға көмектеседі. Нәтижесінде үкіметке медиация заңына байланысты ұсыныс білдіретін боламыз.

Медиация саласы елімізде жақсы дамып келеді. Бірақ әлі де қызу жұмысты талап ететін тұстары бар. Тағы бір айта кетер жәйт, мекемелермен меморандумға қол қойып, бірлескен жұмыстарды жүзеге асыруды дұрыс жолға қойдық. Мысалы, сот, мектеп, медицина саласында кабинеттер ашылып жатыр. Осыдан медиация біздің қоғамға қажетті құрал болып саналатынына көз жеткізуге болады», – деді Ш. Пулатов.

Сонымен қатар, спикер медиаторлар бұған дейін «кәсіби» және «кәсіби емес» болып айтылып келгенін атап өтті. Республикалық кезекті жиында кеңес талқысынан соң, «кәсіби емес» деген атауды қоғамдық медиаторға ауыстыру келісілді. Қоғамдық медиатор ел арасында абыройлы, арнайы курстан өткен тұлға.

«Әкімшілікте медиаторлар тіркеліп тұрады әрі медиаторды сол тізім арқылы анықтауға болады. Қоғамдық медиатор сот орындарында ашылған кабинеттерде жұмыс істейді», – деп, түсіндіріп өтті ҚХА Төрағасының орынбасары.

Ш. Пулатов: Медиация - қоғамдық сана-сезімге әсер ететін маңызды әлеуметтік құрал

Бүгінгі таңда облыстық, қалалық Достық үйлерінде он жеті, аудандар мен ауылдарда сегіз жүзден астам ҚХА медиация кабинеті ашылған. ҚХА кәсіби медиаторлар саны жеті жүзден, қоғамдық медиаторлар саны үш мыңнан асады.

Ш. Пулатовтың айтуынша, жалпы қоғамдық медиатор тараптар арасындағы татуластырушы көпір іспеттес. Осы орайда мектептегі медиация туралы ол: «Мектептегі медиаторлар ата-аналардың, ұжымның және балалардың арасында туындаған дауларда көмек береді. Тіпті бала кезінен медиаторлықтың не екенін біліп өскен балаларымыз келешекте сотқа жүгінбей, туындаған мәселелерді медиатор арқылы шешуге дағдыланады», – деді.

Ш. Пулатов: Медиация - қоғамдық сана-сезімге әсер ететін маңызды әлеуметтік құрал


Бөлісу:

Нұргүл ШАТЕКОВА


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға