Жаңалықтар

Наурыз - ұлт болмысын бөлектеп тұратын жалғыз мейрам

Наурыз – жаһанданудан қазақтың болмысын бөлектеп тұратын жалғыз мейрам
Наурыз - ұлт болмысын бөлектеп тұратын жалғыз мейрам
17.03.2017 12:15 7880

Наурыз сөзінің шығу төркініне қатысты пікірлер сан-саққа бөлінеді. Әсіресе бұл ұғым парсының жаңа күн деген сөзінің қосарлануынан пайда болды деген ұстанымдағы ғалымдар да бар. Сөздің қайдан шыққанын былай ысырғанда, осы мейрамда жасалатын жөн- жоралғылардың барлығы ертедегі Тәңірлік танымға тап келетінін біз жоққа шығара алмаймыз. Жыл басы болуға таласқан аңдар туралы аңыз есіңізде болар. Түйенің бойына сеніп, ұйықтап қалған кезі туралы айтып отырмын. Осы кезде неге аңдар  күнді көруге асығады? Қарап отырсақ бұл жыл басы болуға таласқан аңдардың тапқан амалы секілді ғана айтылып келе жатыр. Анығында күннің нұрын көруге таласудың арғы жағында ұлтымыздың үлкен мифтік танымы жатыр.

Тарихи өңірлердегі тау аңғарларына белгіленген таңбалардағы күн басты құдайды есіңізге түсіріп көріңізші. «Жер мен көк жаралып, қараңғы мен жарық, күндіз бен түн айырыларда, алдымен күн туып, күндізді иемденіпті де, артынан ай туып, түнге қалыпты» деп келетін аңыз бар. Демек барлығынан бұрын күн жаралған. Күнді бірінші көрген аңның да барлығынан бұрын тұруға хақысы бар деген сөз. Ұрпақ тәрбиесінде, түйенің бойына сеніп жыл басы бола алмай қалуын түсіндіргенде біз осы таным- түсінікті де айтып отыруымыз керек.

Жыл келіп, таң атқан кезде, күн шығыстан себезгілеп түсе бастаған тұста, үлкен әжелер себезгі сәулені алақанына тосып, Тәңірден тілек тілеп, балалардың маңдайына жағатын жөн-жоралғы болған екен. От – анасы  себезгі нұрдың жоралғысын жасап болған соң, жерге ақ тамызатын болған. Ақтың өзі төрт түлік арқылы жерден өндірілетін өнім болғандықтан, оған құрбан беріп отыру танымы болған.

Жыл келер тұста жылғаларды аршып, бұлақтардың көзін ашып, от-аналардың үй тазалығын жүргізуі де кие мотивіне байланысты. Бұл жайында ұлы ғалым Шоқан Уалиханов былай дейді:

«Шаман халқында, христиандық тұрғыдан алғанда, күнә болған жоқ, адам ар-ұятын таптап, теріс жүруден қорықты. Өйткені осыдан оның малы азайды: от басса, ол ауру табады. Бір сөзбен, шамандық наным-сенім өз соңынан кесір әкелді – бақытсыздық, мал өлімі, кесел. Салтты бұзған үшін жаза сол сәтінде орындалды. Өлген бойы ол барлық жазадан босатылып, рухы еркіндікте болды «Кесел, шамандардың пікірінше, физикалық себептерден болмайды, бірақ Құдайдың, немесе жын-шайтанның еркінен, немесе жалпы киелі нәрсені қадір тұтпаудан болады, сондықтан аурудан емдеуден жын-шайтанға жақын, сол себептен де белгілі салттармен, немесе қырғыздың өздері айтатындай еммен таныс адамдар-шамандар жүргізеді. Кейбір кеселдердің қожасы – ие, иесі бар  ауру, яғни өзінің рухы болады». Мұны неге айтып отырмын? Наурыз келіп, жыл басы басталған тұста бағзы бабаларымыз табиғат-ананың киесінен именіп, тазалық шараларын жүргізіп отыру керек. Демек, ислам дініне дейінгі мифтік танымда кие мотиві алғашқы орында тұрған. «Барлық заттың иесі мен киесі бар деп ұғатын халық «кие ұрады» деп қорыққан. Халық дүниетанымында киелі заттарды құрметтеу береке-бірлікті арттырып, құт әкеледі десе, керісінше жағдайда киесі ұрады деп есептеледі. Сондықтан киелі саналатын адамдарға тіл тигізбейді, жан-жануарларға зұлымдық жасамайды, киелі дүниелерге зор құрметпен қарайды. Ш. Уәлиханов қазақы ортадағы кие туралы наным-сенім жөнінде былай деген болатын: «Қазақтар киеге үлкен мән береді. ...құдіретті күші бар жан-жануарлардың киесі бар дейді, ал олардың өзін киелі деп атайды. Жан –жануарлардың киесін қадірлемеу-киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары-кесір деп аталады». Мұны неге тілге тиек етіп отырмын? Наурыз мейрамы кезінде жыл бойы кесірге ілікпеу, киені құрмет тұтуға арналған жоралығылар өте көп кездеседі. Отқа құрбан шалу, майға құрбан беру сынды жоралғылар әлі күнге дейін біздің танымымыздан алшақтаған жоқ. Мәселен жеті шелпек және бауырсақ пісірудің арғы танымында, майға құрбан беру жатыр. Ал келін түсірер кезде отқа май тамызудың да түп негізі отқа майды құрбан етумен сабақтасады. Наурыз көжеге қосылатын жеті түрлі дәм де кемеліне жеткізе құрбан беріп, Тәңір жарылқауына ие болуға негізделген. Жеті санының өзінің жеті, жетісу, толу танымынан шыққанын ескеруге тиіспіз. Наурзыдың қайта жаңғырып, жылдың басы болмаса да, ұлыстың ұлы күні ретінде тойланып жүргеніне де талай уақыт болды. Сол жылдардан бері біз ақ шаңқан үйлерді тігіп, сандықта жатқан ұлттық киімдерімізді киіп, наурыз көжеден дәм тату- жоралғыларын жасап келе жатырмыз. Ал майға нан салудың, күнге алақан тосып, жерге ақ тамызудың мәніне бойлай бермейтініміз анық. Ендігі кезекте әр нәрсенің байыбына баратын кезең жетті. Себебі алғашқы жылдардағыдай емес, менің сөздерімді қуаттайтын этнографиялық еңбектер молынан жазылды. Оны ғылыми тұрғыда ғана танып қоймай, өскелең ұрпақты мәнін түсінуге әрекет жасауымыз. Наурыз – біздің жаһандану кезеңінде өзгеден бөлектеп тұратын жалғыз мейрамымыз. Қазақ екенімізді, ұлы дала төсінде еркін көсілген көшпелі ел болғандығымызды бір кез санамызға сақ еткізіп түсіретін ұлық күннің Алаш баласы үшін ыстық болатыны содан.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға