Жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев: бірліктің арқасында Тәуелсіз Қазақстан құрдық, ата-бабаларымыздың аманатын орындадық

Нұрсұлтан Назарбаев: бірліктің арқасында Тәуелсіз Қазақстан құрдық, ата-бабаларымыздың аманатын орындадық
01.05.2019 00:00 4379

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақ елі» монументі алаңында «Ынтымағы елімнің – Елбасының еңбегі!» мерекелік концерті өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен іс-шараны қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.

Жиылған қауымды құттықтаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандықтарға ел бірлігі мерекесінің ұғымы қасиетті екенін айта келе, еліміздің барлық өңірлерінде мереке тойланып жатқанын жеткізді.

«Елімізде ата-бабамыздан «Бірлік болса, тірлік болады», «Төртеу түгел болса – төбедегіні аласың, алтау ала болса – ауыздағыдан айырыласың» деген ақиқат қалған.

Еліміз нешетүрлі қиын-қыстау жағдайлардан кең байтақ даламызды сақтап қалып, бізге аманат етті. Осы бірліктің арқасында біз Тәуелсіз Қазақстан құрдық, ата-бабаларымыздың аңсаған аманатын орындадық», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті.

Сонымен қатар Елбасы осы ұғымның арқасында «Қазақ елі» монументі тұрғызылып, «Мәңгілік ел» атауы пайда болғанына тоқталып өтті.

«Осы жылдардың ішіндегі жеткен жетістіктеріміздің барлығы елдің бірлігі, халықтың арасындағы тыныштықтың арқасы. Біздің тарихымызда осындай көпэтносты, көпұлтты болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ. Біздің де жазығымыз жоқ. Тарих солай болды. Өмір солай болды. Сондықтан біз басқа елге қамқор болып, қазақ халқы көптеген халықтардың ұйытқысы болды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.     

Түрлі елдің тілін, мәдениетін ортақтастырған мемлекетіміз жаймашуақ өмір сүріп жатыр.

«Біз – бақытты елміз! Осы бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз керек», – деп Елбасы халықты бірлікке, татулыққа, достастыққа шақырды.

Сонымен қатар Елбасы күні кеше өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында бірлігі жарасқан ұлты бар мемлекеттің мәселелері талқыланғанын атап өтті.  

Тұңғыш Президент Нұр-Сұлтан қаласының этномәдени орталықтары ұйымдастырған мерекелік дастарқаннан дәм татып, өнерін тамашалады.   

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға