«Мәміле» клубына алғашқы болып өзге ұлт өкілдері келді

Елордалық Достық үйінде «Мәміле» қазақ тілі клубының жұмысы қорытындыланды.


Дөңгелек үстел басында өткен кеңеске қалалық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Л.Құсайыныова, «Мәміле» жобасының жетекшісі, «Ситуативті қазақша» әдістемесінің авторы Қ.Тасыбеков, «Тен» лингвоорталығының басшысы В.Тен және этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.


Аталмыш клубтың бір ерекшелігі, мұнда қазақ тілі ауызекі сөйлесу арқылы үйретіледі. «Жағалауда тұрып, жүзуді үйренбейсің» деген ұстанымдағы клуб мүшелері қазақ тілін үйрену үшін достық пиғылдағы жайлы орта қалыптастыру керек дейді. Сондай-ақ, қазақтілділер мен орыстілділер арасында өзара түсінік пен келісім қалыптастыру да клуб жетекшілері маңыздығына мән артып отырған мәселенің бірі.


Клуб отырыстарына қазақ тілін үйренуге ниет білдірушілер ғана емес, мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар да шақырылады. Айта кету керек, клуб өз жұмысында әдістеме ретінде Қанат Тасыбековтың «Ситуативті қазақша» үш томдығына сүйенеді. Бұл әдістемелік материал арнайы курс оқуға мүмкіндігі мен уақыты жоқ орыстілді ересек адамдар үшін қазақ тілін өз бетінше оқып үйренудің тәсілі болып табылады. Клубқа адамдар мемлекеттік тілді білу деңгейін тәжірибеден өткізу үшін де келеді. Клубтың және бір ерекшелігі, оқу барысында грамматика мен фонетиканы оқытуға басымдық берілмейді, оқу күнделікті тұрмыста қажеттілігі жоғары әңгімелесу, өз ойын жетукізуге құрылады. Әр тақырыпқа байланысты елге белгілі тұлғалар сарапшы ретінде шақырылады.


Ассамблеяның еліміздің 3 басты қаласы мен 17 өңірінен дискуссиялық клубтар ашу туралы жобасына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау танытқан болатын. Бүгінде Қазақстанның барлық аумағында Достық үйлерінің негізінде аталмыш клубтар құрылып, жұмыс жасауда. Лингвистика саласының сараптамалары тілді үйрету, сол тілде сөйлейтін халықтың этномәдени ерекшеліктерімен байланысты материалдарды пайдалану арқылы нәтижелі жүзеге асырылатынын дәлелдеді. Сондықтан қазақ тілін үйрету қазақ халқының құндылықтар жүйесін, менталитетін, салт-дәстүрін тану арқылы жүзеге асырылуда.


«Әрине, жобаның мақсаты Қазақстан халқын біртұтас ағзаға айналдыруды көздейді. Азаматтардің бір тілде сөйлеуі - бұл елдің күштілігін, тұтастығын көрсетеді. Қазақстандықтар біртұтас саяси ұлт ретінде қалыптасуы керек. Және бір қуантатыны, клубқа алғашқы болып келгендер түрлі этномәдени бірлестіктердің мүшелері болды», -дейді «Мәміле» жобасының жетекшісі Қанат Тасыбеков.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Ұқсас материалдар