Карина Роот: Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы

16.01.2020 451

Қай халықтың болмасын өсіп-өркендеуі, ақыл-ойы мен санасының, әдебиеті мен мәдениетінің, өнері мен білімінің – қысқасы, бүкіл рухани жан дүниесінің дамуы, жалпы адамзаттық өркениетке ұмтылысы сол халықтың өміріне, ұлт ретінде адами болмысы мен рухына іргелі бетбұрыс жасаушы ұлы дарындардың тарихи еңбегімен, қайталанбас қайраткерлік тұлғасымен тығыз байланысты болады.

Қазақ халқы үшін сондай дара тұлға, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, философ Абай. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзінің қаламгерлік қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген, жақсылыққа жол сілтеуші ұлы қайраткер, адалдықты, шындықты ту етіп көтерген нағыз халық қамқоршысы болды. Cондықтан да болар қазақ халқының біртуар азаматы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде жариялаған «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек», - деген түйін айтады.

Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Себебі дүниежүзілік ауқымға сай қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған адам – Абай. Қазақ даласында небір үлкен тұлғалар өмір сүрген, бірақ та дәл Абайдай өз заманына дейінгі дала данышпандарының даналық мәйегін меңгерген, бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көреген ойының мүмкіндіктерін танытқан, сол арқылы бүкіл адамзат санасының дамуына айрықша үлес қосқан дара тұлға болған емес.

Ақын мұрасының өзінен кейінгі ұрпаққа берер пайдасы туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалып­тастырамыз десек, Абайдың шығар­маларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы», деген пікірін келтіреді.

Абай халықты бақытты бола­шаққа бастар жолды іздеді. Жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады. Атап айтқанда, ол өзінің бір сөзінде: «Балаларды ата-аналарынан алып, мектепке беру керек, олардың біразын мамандықтың бір түрін, біразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек», - деп атап өтті.

Ұлы ақын өз шығармаларында халықты ғылым мен белсене айналысуға үндеді. Әркімді өзінің өткен әр күніне міндетті түрде есеп беріп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды.

Қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол — оқу-білім екенін көзі қарақты жастарға түсіндірді. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы болып саналады. Абай – халықтың үлгі тұтар қайраткер тұлғасы, данышпандық пен парасаттылықтың қайнар көзі.

2020 жылы аталып өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы – күллі адамзат баласына ортақ мейрам. Атаулы күнді барынша кең ауқымда атап өту мақсатында көптеген іс-шаралар жоспарланып отыр. Жас шамасына қарамай, әрбіріміз ұлы ақынның мерейтойлық жылын жоғары деңгейде өткізуге үлесімізді қосуымыз қажет.

Карина Роот,

Ақмола облыстық ҚХА мүшесі,

Ж. Мусин атындағы қазақ

педагогикалық колледжінің студенті

Ұқсас материалдар