Жаңалықтар

Елбасы Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысты

Елбасы Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысты
24.10.2019 17:04 2529

Елбасы Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэнің шақыруымен император Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысты. Императорлық тақ мұрагерін ұлықтау рәсіміне 175-тен астам елдің өкілі келген болатын.

Елбасы Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысты

Сондай-ақ, Елбасы Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэмен кездесті. Кездесу барысында Синдзо Абэге император Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты. Және келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық және сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мәселелерін талқылады. 

Елбасы Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысты

Синдзо Абэ Қазақстанның антиядролық бастамаларына және жаппай қырып-жою қаруының таратылуына қарсы қабылдаған шараларына қолдау білдірді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті мен Жапонияның Премьер-Министрі Корей түбегіндегі жағдай туралы пікір алмасты. Аймақтағы және әлемдегі басқа да қақтығыстарды бейбіт жолмен шешудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Жапония Парламентінің Қазақстан Республикасымен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен де кездесу өткізді. Кездесу барысында Жапония парламенттік достық лигасының екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қызметінің нәтижелері айтылды.

Елбасы Жапония императоры Нарухитоның таққа отыру рәсіміне қатысты

- Премьер-Министр Синдзо Абэнің Қазақстанға соңғы сапары кезінде біз стратегиялық серіктестігімізді едәуір нығайттық. Біздің экономикалық ынтымақтастықта біраз өзгеріс бар, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Жапония халықтарының өркендеуі жолында парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытудың ерекше маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде Такео Кавамура тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президенттің басшылығымен қол жеткен Қазақстанның өсу қарқынын оң бағалады.

Бөлісу:
elbasy.kz сайтынан алынған материалдар бойынша әзірленді.  Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға