Жаңалықтар

«Балдәуренде» шетелдегі қазақ балаларының Құрылтайы өтеді

«Балдәуренде» шетелдегі қазақ балаларының Құрылтайы өтеді
15.07.2019 10:43 2466

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебінде» «Ұлы дала ұрпағы» атты жазғы мектеп жұмыстары аясында қазақ халқының дәстүрі мен рухани мәдениетіне арналған лекция өтті. 

Ұйымдастырылған шара барысында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» мен «Отандастар Қоры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының (КЕАҚ) өкілдері ұлттық дәстүрдің мән-мағынасы туралы, Қазақстанның бай мәдени мұрасы туралы танымдық тұрғыда әңгімелеп берді.

Қазақ әндері мен домбырасы туралы ҚР мәдениет қайраткері, Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі Меруеш Башай сыр шертті.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар Қоры» КЕАҚ көтерген шет елдердегі қазақтардың балаларына арналған «Ұлы дала ұрпағы» атты жазғы мектеп жобасы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» ұйымында алғаш рет іске асырылып отыр. Астанаға Ресей, Иран, Моңғолия, Түркменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы қазақ диаспораларының 150 баласы жиналды.

10 шілде күні жазғы мектептің салтанатты ашылуында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Назарбаевтың шет елдерде тұратын қазақ диаспорасы балаларының ана тілінде оқуына, білім алуына, тарихи отанымен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарын арттыруға берген тапсырмаларына сәйкес осы жоспарлардың іске асырылып жатқандығын мәлімдеді.

Сонымен қатар өткен айда «Отандастар Қорымен» бірлесіп өткізген Еуропа қазақтарының Кіші Құрылтайы, халықаралық өнер фестивалі және әлемнің оннан астам мемлекеттерінен шақырылған талантты қазақ жастарын қатыстырған «Қасиетті қазақ елі» дөңгелек үстелі туралы кеңінен тарқатып берді. Мұнымен қоса алдағы тамыз айында «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтетін балалар Құрылтайына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Иран және Германия елдеріндегі қазақ диаспораларының 288 баласы қатысады.

20190710102217_IMG_6527-01.jpeg

«Шет елдерде тұратын қандастарымыздың ана тілі мен қазақтың ұлттық дәстүрі, әсіресе жас ұрпақ арасында сақталуына барынша қамқорлық жасау Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басты міндеттерінің бірі болып саналады. Әлемдегі бар қазақты сақтау – ұлт идеясы болу керек!», - деп атап өтті Зауытбек Тұрысбеков.

Екі аптаға созылатын жазғы мектептің бағдарламасында ана тілін дамыту, Қазақстан тарихын оқыту, халықтың әдет-ғұрып дәстүрімен таныстыру қамтылған. Балаларды мұражайлар, тарихи орындармен таныстырып, елордадағы алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарын аралау, ұлттық аспаптарда ойнауды үйрету, қолданбалы және би өнеріне баулу, ұлттық тағамдарды дайындау сияқты шеберліктер сыныптары қарастырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға