Жаңалықтар

Ассамблея өкілдігі барлық деңгейдегі қоғамдық кеңесте болуы керек!

Ассамблея өкілдігі барлық деңгейдегі қоғамдық кеңесте болуы керек!
27.09.2019 16:13 1939

Жолдау негізінде кәсіпкерлік пен ауыл тұрмысын арттыру бағытында беріліп отырған мүмкіндікті тиімді пайдаланып қана қоймай, оның жүзеге асырылуын қоғамдық бақылауды күшейту керек деді Алматы қаласында өткен "Қоғамдық келісім кеңесінің қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартудағы рөлі" республикалық форумында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев.

Форумда келтірілген деректер мен дәйектерді негізге алар болсақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында мемлекет қазынасынан үш жылға 90 млрд теңге қаржы бөлінуде, және оның 30 млрд теңге көлеміндегі бөлігі осы жылы ұзын саны 700 000-ға жуық тұрғыны бар 53 ауылдық елді мекенге бағытталды.  

Осы мақсатта барлығы 452 жоба, оның ішінде 233 жоба көлік инфрақұрылымы, 153 жоба әлеуметтік, 66 жоба тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы салаларында жүзеге асырылады. Және 90 млрд теңге 3477 ауылдың инфрақұрылымын жаңғыртып, аймақтық стандарт деңгейіне жеткізуге бағытталып отыр. Болашағы үміт күттірген бұл ауылдарда жалпы ауыл халқының 85 пайызы, яғни 6,6 млн адам тұрады екен. Осы мәселелерді  сараптай келе, Жансейіт Түймебаев қоғамдық келісім кеңестеріне жергілікті жерлерде қоғамдық бақылауды күшейту жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ,  Ассамблеяның Президент Жолдауынан туындайтын 5 тапсырманы орындауға атсалысатынын тілге тиек еткен Жансейіт Қансейітұлы, әсіресе, мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне көтеру мәселесіне тоқталды. Және ұлттың ұлы тұлғалары Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойларын атап өтуге байланысты Ассамблеяға жүктелген ұйымдастыру жұмыстарын атап өтті.

«Алайда, Ассамблеяның Жолдауды жүзеге асыруға байланысты жауапкершілігі мен міндеті мұнымен ғана шектелмейді. Қоғамдық келісім кеңестері жолдауға сәйкес, кәсіпкерлікті дамытуда әлеуметтік мәселелерге басымдық берілуіне, көпбалалы отбасылардың шағын кәсіпкерлік негіздерін игеруіне ықпал етуі керек. Сондай-ақ, өнімді жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша  ауылшаруашылығында бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін  ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несиелер берілетін болады. Барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестері осы мемлекеттік бағдарламалардың мақсатты жүзеге асырылуына бақылау жасайтын болады», - деген Жансейіт Қансейітұлы Қазақстан халқы Ассамблеясына «Nur Otan» партиясымен бірге қоғамдық бақылау ұйымдары институтының рөлін күшейту жөніндегі жалпы жоспарды жүзеге асыру тапсырылғанын айтты.

Бүгінде ел аумағында барлығы 231 қоғамдық кеңес жұмыс жасайды. Алайда, Жансейіт Қансейітұлының айтуынша, олардың құрамына Ассамблея өкілдігі жеткілікті көлемде қатыстырылмаған. Орталық мемлекеттік органдардың қоғамдық кеңестерінің мүшелігіне бірде-бір Ассамблея өкілі енгізілмеген. Ал, өңірлік деңгейде Батыс Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының қоғамдық кеңестерінде ғана Ассамблея өкілдері бар.  Сол секілді аудандық қоғамдық кеңестерінде де ассамблеялықтардың саны аз. Осы мәселеге қынжылыс білдірген Жансейіт Түймебаев: «Қазақстан халқы Ассамблеясының, және оның құрылымдарының мүшелері барлық деңгейдегі қоғамдық кеңеске өкілдік алуы керек. Олар азаматтық қоғамды жалпылама қолдау және оны жүзеге асыру мақсатында қоғамдық кеңестер мен Ассамблея құрылымының өзара бірлесіп жұмыс жасауын ұйымдастыруы керек», - деді. Және қоғамдық бақылау аясында бұл мәселені «Nur Otan» партиясымен, ҚР ақпарат және  қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп отырып шешуді ұсынды.  

Сондай-ақ, Ж.Түймебаев халықтың басым бөлігі қолданатын әлеуметтік желі мүмкіндіктерін пайдаланып, насихат жұмыстарына өңірлердегі блогерлерді де тартуды тапсырды.

  

Бөлісу:

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша none;text-underline:none">ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға