Жаңалықтар

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші – дауыс беру кезеңі басталды

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының үшінші – дауыс беру кезеңі басталды
06.11.2018 05:24 1835

2 қарашада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына дауыс беру кезеңі басталды. Ол екі апта бойы – 15 қарашаға дейін жалғасады.

Биылғы жобаның жүзеге асырылуында ерекшеліктер бар. Бастысы – жеңімпаздар саны 100 емес, одан көп немесе аз болып, ауытқуы мүмкін. Яғни, үміткерлердің санына емес, сапасына ерекше назар аударылады.

Дауыс беру 100.esim.el.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін кез келген адам авторизация жасауы міндетті – поштаны пайдаланып, сайтта тіркеледі. Бұл жасанды түрде дауысты көбейтуге жол бермеу үшін жасалып отырған қарекет. Сайтта авторизация жасаған пайдаланушы әр категория бойынша 3 үміткерді таңдайды. Жалпы, 6 категория бойынша 18 қатысушыға дауыс беруге болады.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының дауыс беру кезеңіне 200 үміткер іріктелді. Олар 6 категорияға бөлінді: Спорт, Ғылым, Бизнес, Медицина, Қоғам, Мәдениет. Мәселен, бизнес бойынша – 27 адам, мәдениет саласынан – 26 адам, медицина қызметкерлері – 19, ғылым – 31, спортшылар – 28, қоғам – 69 адам.

Жобада Қазақстанның барлық өңірлері қамтылған. Гендерлік бөлінісі келесідей: Ерлер - 148, Әйелдер - 52 адам.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын жүзеге асыруға бірқатар себептер негіз болды. Біріншіден, ақылымен, қолымен, дарынымен еліміздің абыройын асқақтатқан отандастарымызды қоғамға таныту. Екіншіден, жеңімпаздардың тағдырлары негізінде бүгінгі Қазақстанның келбетін айқындау. Сонымен қоса, үлгілі азаматтардың өмірбаяндары арқылы өз тағдырларына өздері иелік ететін жастарды тәрбиелеу.

Аталмыш жоба биыл екінші рет өтуде. Осы жылы 100esim.el.kz сайтына 2 388 өтінім түсті. Тек 1111  жоба талаптарына сай келді. Олардың анкеталары сайтта жарияланды. Енді жүзден жүйрік озған 200 үміткерге халық дауыс беріп, жеңімпаздар анықталады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға