Жаңалықтар

Данышпандар шайқасы

Қырық кісі бір жақ, қыңыр ғалым бір жақ...
Данышпандар шайқасы
22.01.2018 11:03 7767

Әттең ол уақыттарда интернет болмады. Әйтпесе бірі бірімен ғылыми тұрғыда жаға жыртысқан ғалымдар өз айтыстарын қоғамның көзінше жүргізу мүмкіндігін құр жібермес еді. Сөйтіп қатардағы қолданушылар жаңа ғылыми жаңалықтың ашылуына өз көздерімен куә болып, әрі – қағытудың, кекетіп-мұқатудың мәдениетті формаларынан ләззат алар еді. Амал не, ғылыми жаңалықтардың алтын ғасырлары өтіп кеткенге ұқсайды. Ендеше, адамзатты алға сүйреп тастаған кейбір ғылыми жаңалықтардың қандай текетірестерден өткенін бір шолып шықсақ.

Викториандық карикатура.

Маймыл: - Мына кісі маған туысқаныңмын деп тиісе береді! Ұрпағыңмын дейді!

Мистер Берг: - Дарвин мырза, оны осылайша балағаттауға қалай дәтіңіз барды?

(Мистер Берг – Америка жануарларды қорғау қауымдастығының негізін қалаушы)

©sciencesource.com

Дарвин мен Гексли vs епископ Уилберфорс

Табиғи сұрыпталу, яғни дөрекі айтқанда - адамның маймылдан жаралуы туралы тұжырымның қандай жанжал тудыруға қабілетті екенін осы күні де әлеуметтік желіден көріп жүрсіздер. Ал 1860 жылдары мұны айту тіпті қорқынышты еді. Әлі де діни дүниетанымның құшағындағы Англияда мұндайды дауыстап айтсаң, әп-сәтте анталаған дұшпан тауып алуға кепілдік бар еді.

Жалпы Дарвин биязы, мамыражай адам болатын. Жаға жыртысуға жоқ-тын. Қанша біліп тұрса да, мәдениеттен аса алмайтын. Айтпақшы, адамның өзіне ұқсас түрлерден тарауы туралы әңгіме Дарвиннің алдында да айтылып жүрген. Тек Дарвин сол шашыранды әңгімелерді жүйелеп, нақты тұжырым жасаған алғашқы ғалым еді. Ал оның жақтасы Томас Гексли керісінше, қызба адам еді, әрі шешендіктен де құр алақан емес-ті.

«Қабырғадағы мылтық міндетті түрде атылады» дейді драматургтер, ендеше бірі-біріне тісін қайрап жүрген діндарлар мен натуралистер 1860 жылдың бір күнінде бетпе-бет кездесті. Епископ  Уилберфорс бұл кездесуді әдейі ойластырған болатын, дінге жат ілімді біржола құрту үшін ақырғы соққы беру оның арманы болатын. Сөйтіп, Британ ғылымды қолдау ассоциациясының жиналысында дарвинистер мен діндарлар қақтығысып тынды. Епископ  Уилберфорстың өкінішіне қарай, Дарвиннің өзі емес, оның жақтаушысы Гексли сөйледі. Тамаша полемист Гексли дін өкілдерінің сау тамтығын қалдырмай күйретті.

Әрине, одан Дарвин ілімін мойындап кеткен ешкім жоқ. Бәлкім, барлық тарап өз дегенінде қалған болар. Бірақ бұл ғасырлар бойы ғылымға құрсау боп келген клерикалдармен алғашқы ашық айтыс еді. Бұл көп адамдарға ой салды.

Дарвинизм қазірдің өзінде қызу айтыс тудырады. Бірақ зайырлы адамдар мен клерикалдар ашық тайталасқан сол бір дау екі тараптың бірі бірінің көзқарасын сыйлауды үйретті.


Эйнштейн мен Бор ©maddeningercegi.com

Бор vs Эйнштейн

 Бордың болжамдары Эйнштейнге ұнамады. Тіпті ұнамады. Себебі Бор қолда бар есеп-қисап әдістері мен қалыптасқан дүниетанымның күлін көкке ұшыратын нәрсе айтты. Адамның бірдеңені өлшеу, бақылау әрекеті – сол өлшеу, бақылау нәтижесіне әсер етеді деді ол. Ауыр ғылыми терминдерден аршып тастап, қарапайым тілмен айтсақ, Бор - «Ай тек оған қараған кезде жарық болады, ал қарамай тұрғанда – қандай екені белгісіз» деді. Бұл тұжырым Эйнштейнге жақпады. Себебі ол кез келген нәрсені есептеп шығарып, әрі қарайғы әрекетін болжауға болатынына қатты сенетін. Бордың квант әлемінде кездейсоқтық үстем құрып тұрғанына сенгісі келмеді. «Айдың, мен оған қарап тұрмасам да жарқырап тұрғанын қалаймын» деді ол.

Бор да айтқанынан қайта қоймады. Ол микроәлемде барлығы да кездейсоқтыққа бағынады дегенінде тұрып алды. Яғни, казинодағы ойын не, микроәлемдегі заңдар не – бәрі де бірдей деді. Мұндайда Эйнштейн «құдай құмар ойын ойнамайды!» дейтін. Бор оған жауап ретінде «құдайға не істеу керектігін нұсқағанды доғар!» деді. Эйнштейнге, өзінің көзқарасы үшін жаңа ғылыми тұыжырым жасаудан басқа амал қалған жоқ.

Осылайша, 1935 жылы Эйнштейн кванттық механиканың осал тұсын тапқандай болды. Ол «кванттық шатасу»* теориясын ұсынды. Ғалымдар бұл теорияның түсініксіздігін, ебедейсіздігін, шамадан тыс қиялдың жемісі екенін осы күнге дейін айтады. Сонымен, Эйнштейн кванттық бөлшектер бірі бірімен қандай да бір байланыста деп шықты.

Бор да қарап қалмады. Ол одан әрмен кетіп, қандай да бір байланыстағы екі бөлшектің бірін Жерде, бірін басқа планетаға апарып тастасаң да, екеуі ешқандай сымсыз, басқа да жалғаусыз - өзара қатынасын сақтай береді деген адам нанғысыз тұспал жасады. Эйнштейннің бұған сенгісі келмегені сондай, Бордың бұл тұспалын «тылсым құбылыс» деп, мойындамай қойды.

Айтыстың тоқетері – Бор кванттық байланыстағы екі бөлшектің арасында біз білмейтін тылсым байланыс бар деді, ал Эйнштейн оған сенбеді.

Бор мен Эйнштейннің айтысы олар дүниеден өткен соң ғана шешілді. 1967 жылы Колумбия университетінің аспиранты Джон Клаузер астрофизикадан емтиханға дайындалып жүрген-ді. Оған ғылым кандидаттығын алуға кедергі боп тұрған кванттық механика пәні болатын. Ол Эйнштейннің тұжырымының дұрыс-бұрыстығын зерттеп жүріп, университет кітапханасынан  бұрын ешкімге белгісіз боп келген ирланд математигінің кітабын тауып алды. Онда математик, Эйнштейннің тұжырымын тексеруге арналған машинаны сипаттаған екен. Клаузер дереу сол машинаны жасауға кірісіп кетті. Кейінірек фарнцуз физигі Ален Аспе де өз бетінше эксперимент жүргізді. Олар ақыры – бөлшектердің арасында Бор айтқандай – тылсым байланыс бар екенін дәлелдеді. Сөйтіп, микроәлемді ақылға бағындырмақ болған Эйнштейннің тұспалы жоққа шықты. Екі ұлы физиктің интеллектуалдық шайқасы осылайша Нильс Бордың жеңісімен аяқталды.


Джон Клаузер ©youtube.com

Аздап түсініксіздеу ме? Өкінетін ештеңе жоқ. Себебі Джон Клаузердің өзіне сөз берсек:

«Кванттық механиканы осы күнге өзім де әлі түсінбей келем».


Андромеда тұманы ©nasa.gov

Шелли vs Кертис

XX ғасырдың басында-ақ ғалам ғалымдардың қиялына таршылық ете бастады. Сөйтіп, әсіресе астрономдар арасында – Құс жолы бар ғалам ба, әлде ғалам одан да үлкен бе деген айтыс басталды. Америка астрономы Харлоу Шелли Құс жолын – бүкіл ғаламның шегі, ал одан сәлірек оғаштау тұрған Андромеда тұманы мен басқа да жұлдызды иірімдерді осы Құс жолының бөлшектері ғана деді.

Ал астроном Хебер Кертис болса, Андромеда тұманы мен басқа да жұлдыздарды өз алдына галактика деді.

Екеуінің де жақтастары болғаны мәселені тіпті ушықтырды. Сөйтіп, 1920 жылдың 26 сәуірінде Вашингтондағы Ұлттық Музейде айтыс болды. Екі тарап та көрген-білгендерін аянып қалған жоқ. Бірақ әрине, бір тараптың түбегейлі жеңісі мүмкін болмады.

Мәселе кейінірек, ұлы астроном Эдуин Хабблдың еңбектері жарық көргесін шешілді. Ол өзінің аспанды бақылау нәтижелеріне сүйеніп, Андромеда тұманы мен қасындағы Үшбұрыш тұманы Құс Жолының бөлшегі болуы үшін одан тым қашық орналасқанын дәлелдеді. Осылайша, көзбен көрінетін де, көрінбейтін де галактикалар бар болғаны – өздері сияқты жүздеген миллиард галактикалардың бірі ғана екені анықталды. Адамзаттың ғалам жөніндегі түсінігі әлдеқайда кеңейіп, Харлоу Шеллидің тұжырымына біржола соққы берілді.


Бағзы замандарда бір ғана құрлық болған ©britannica.com

Вегенер vs бүкіл әлем

Гренландияға жиі баратын неміс геофизигі Альфред Вегенер бұрыннан бірдеңені аңғарып жүр еді. Бақылау мен өлшеулер нәтижесі оған – құрлықтардың Жер бетімен жылжитынын көрсеткендей болды. 1912 жылы ол бұл тұспалы туралы баяндама жасады. Шынын айтқанда, сол кезде оны ешкім онша елей қойған жоқ.

Қызылкеңірдек айтыс тура 10 жылдан кейін басталды. Себебі Вегенердің «Құрлықтар мен мұхиттардың шығу тегі» атты кітабы 1922 жылы басқа тілдерде жарық көрген болатын. Еуропаның бүкіл ғалымдары Вегенерге лап қойды. Оның құрлықтардың жылжуы туралы ойын сандырақ, фантастика, ертегі десті. Бір жағынан мұның да жөні бар: кәсіби емес геолог Вегенер бүкіл геология ғылымын астан-кестенін шығарайын деп тұр еді.

Жер шарының картасына көз салыңызшы. Байқасаңыз, құрлықтарды ойша жинасаңыз – паззл сияқты бір үлкен құрлық боп шығады! Яғни бір құрлықтың кетігіне екінші құрлықтың ұшы кигізіле қалатындай сәйкестік бар. Вегенер өзі мұны 1910 жылдары-ақ байқапты. Сосын, әр құрлықтағы кейбір жануарлар мен өсімдіктер неге бірдей? Бұл – кезінде барлық өсімдіктер мен жануарлар бір үлкен бір құрлықта мекендегенін білдіруі мүмкін. Осындай  жәйттер алты құрлықтың ертеде үлкен бір құрлық болғанына күмән қалдырмады.

Бірақ кәсіби геологтар оңайлықпен беріле қоймады. Олар құрлықты жылжытатын күшті көрсетуді талап етті, ал жануарлар мен өсімдіктердің ұқсас болуын – ертеректе құрлықтар арасында соқпақ жол болған, кейін олар су астына кеткен десті.

Өкінішке қарай, Вегенер өз өмірі кезеңінде мойындалған жоқ. Ол Гренландияға келесі сапарларының бірінде 400 шақырымдық жолға шығып, үсіп өлді. Тек 1960 жылдары ғана Вегенердің құрлықтардың жылжуы туралы теориясы ғылыми тұрғыдан расталды. Ғылыми жанкештіліктің бір мысалы.

Барон Кельвин vs биологтар мен геологтар

Термодинамиканың негізін қалаушылардың бірі Уильям Томсон барон Кельвиннің тап осы – Жердің жасын анықтауға қыстырылатын жөні жоқ еді. Бірақ барон Кельвин діндар адам болатын. Сондықтан Дарвиннің эволюция туралы теориясын жек көретін. Ендеше тамаша математикалық қабілетке ие барон Кельвин эволюция теориясын жақтаушылардың аузын біржола жабу үшін, Жердің жасын ғылыми амалдармен анықтауға қойып кетті.

Барон Кельвин Жерді Күннің жарықшағы деген тұспалдан бастады. Яғни бір кездерде Күннен бөлініп шығып, сосын біртіндеп суи бастаған деп шешті. Ол бұл ойын жылу өткізгіштікке байланысты зерттеулермен бекітіп, ақыры 1862 жылы Жердің жасы 100 млн жыл деп жариялады.

Айта кету керек, барон Кельвин ғылыми қауымдастықта беделі мықты еді. Сондықтан оның бұл тұжырымын ғылыми орта дереу іліп әкетті. Университеттер мен академияларда Кельвиннің Жердің жасына байланысты бұл зерттеуі ақиқат ретінде оқытылды. Осылайша, Дарвиннің эволюция туралы теориясына күйрете соққы бергендей болды. Себебі тіршіліктің бүгінгідей деңгейіне жету үшін 100 млн жылдан әлдеқайда көп уақыт керек екені анық еді.

Барон Кельвиннің Жердің жасына байланысты үстемдігі радиоактивтілік құбылысы ашылғаннан кейін қирады. Себебі, радиоактивті элементтердің ыдырауынан Жердің де, көміртекті заттардың да жасын шамамен анықтау мүмкін болды. Ал бұл әдістер Жердің жасы 4,5 млрд жыл болатынын көрсетті. Дегенмен барон Кельвин өмірінің аяғына дейін мойындамай кетті.

Лейбниц vs Ньютон

 Бұл екі данышпанның бір күні «сүзісетіні» анық еді. Себебі, заманының ұлы математиктерінің бірі Лейбництің еңбектерімен Ньютон мұқият танысып отыратын. Ендеше Лейбництің кейбір еңбектері біртіндеп ... Ньютонның өзінің зерттеулеріне ұқсай бастады.

Ньютон жаратылыстануды түсінудің пәлсапалық пайымының жақтаушысы болатын. Ал Лейбниц болса, барлық сұрақтарды қатаң матемтаикалық есептерге әкеп тіреуге болады деді. Осылай жүргенде, дифференциалдық теңдеудің негізін қалады. Және онысын жариялай бастады.

Ньютон бірден Лейбницті плагиатор деп айыптады. Себебі өзі де осындай еңбек жазған еді, бірақ әлі жарияламай жүр еді. Лейбниц Ньютонмен хат алысып тұратын. Ендеше Ньютон оны хат-хабар алмасу кезінде өзінің идеясын ұрлап алды деп шешті.

Бұл ақыры неміс және ағылшын ғылыми мектептерінің айтысына ұласты. Кейінірекке дейін «кім бірінші болды?» деген сұрақ өліспей беріспейтін жанжалдар болып жүрді. Бірақ ақыры, Лейбництің дифференциалдық теңдеуді өз бетінше ашқаны толық және нақты дәлелденді. Алайда Ньютон ғылыми мектеп қалыптасытрған болатын, сондықтан оның жақтастары кейінге дейін плагиат туралы ойларынан қайтқан жоқ.

Бірақ бұл текетірестің қайыры болды деуге болады. Екі ғұламаның осы айтысының арқасында – қазіргі ғылыми публикацияның негіздері қалыптасты. Сондықтан, қазірде «кім бірінші айтты?» деген ғылыми даулар әлдеқайда аз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға