пЕРИЗАТ кӘРІМҚҰЛ

"Books to Auls":
Ауыл оқушыларына
арналған кітапкәде

"Үлкен өзгеріс кішігірім қадамдардан басталады".
Көктемнен бері Әйгерім Қаһарман бастаған астаналық жастар "Воокs to Auls" жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл жоба ауылдағы жоғарғы сынып оқушыларын іскерлік және кәсіби әдебиеттердің авторларымен таныстыруға бағытталған. Идея авторы Әйгерім жоба және ауылдағы жастар туралы өз ойымен бөліскен еді.
Жоба жайлы
Жоғарғы сыныпта оқып жүрген кезімде "Flex" бағдарламасы бойынша Америкада бір жыл оқу мүмкіндігіне ие болдым, бәлкім сол әсер еткен болар. Ол жақта бізге арнайы волонтерлік сағаттар бөлінетін, сол арқылы біз айналадағы адамдарға көмектесудің, пайдалы болудың маңызын түсіндік. Елге оралған соң осы бағыттағы жобаларға қызыға бастадым. Өзім тұратын Өскеменнен бастауды жөн көріп, достарыммен бірігіп, жағалауды қоқыстан тазартқан болатынбыз. Осылайша, айналаға пайдалы әрі қызықты жоба жасауға болады екен деген ой келді.
"Books to Auls":  Ауыл оқушыларына  арналған кітапкәде
"Біздің елдегі проблемалардың бірі - дамыған орталықтар, бірақ елеусіз елді-мекендер".
Ал "Books to Auls" жобасы туралы ой былтыр жазда келген сияқты. Мен волонтер ретінде Алматы облысында орналасқан Лепсі ауылына барып, мектеп оқушыларына ағылшын тілінен бір ай сабақ берген едім. Ағылшынмен қоса, оқушылармен түрлі кітаптарды талқылайтынбыз. Олар өз кезегінде менен қандай кітап оқитынымды сұрай бастады. Сол кезде ресурстың жеткіліксіз екенін байқадым. Ауылды жерлерде кітап дүкендері жоқтың қасы, жоқ деуге де болады. Ал қалаға күнде қатынай бермейсің. Оның үстіне кітаптардың бағасын қолжетімді деп айта алмаймын. Салалық кітаптар көбіне қалтаны қағады. Орташа есеппен бір кітаптың бағасы 3000 мен 5000-ның арасында.
Біздің елдегі проблемалардың бірі - дамыған орталықтар, бірақ елеусіз елді-мекендер. Айырмашылық қатты сезіледі. Ол білім беру, денсаулық сақтау саласы немесе басқасы болсын. Сол теңсіздікті түзелсе деймін. Реформа жасау біздің қолда емес. Сондықтан өзіме "Мен дәл қазір не істей аламын?" деген сұрақ қойдым. Меніңше, үлкен өзгеріс кішігірім қадамдардан басталады. Осындай қарапайым жоба арқылы ауыл жастарының дамуына азғантай болса да үлес қоссақ деген ойымды "Ladybook" кітап клубындағы қыздарға айттым. Олар бірден қолдай кетті.
Клуб жайлы
Клуб өткен жылдың қараша айында құрылды. Атауы айтып тұрғандай, клуб тек қыздарға арналған. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, барлық кітап клубтарына көбіне қыздар ғана барады. Екіншіден, жігіттер жоқ жерде қыздар өздерін еркін сезінетін сияқты. Ойларын ешкімнен қысылмай жеткізе алады. Сондай-ақ бұл жерде қыздарға қатысты мәселелерді талқылаймыз, өз тәжірибелерімізбен бөлісеміз. Бізді жан-жақты дамытып, жақсы жаққа өзгертетін кітаптарды таңдауға тырысамыз.Содан болар, әр кездесу ерекше өтеді.
Бірінші жөнелткен кітаптың көбін клуб мүшелері әкелген болатын. Кітапты сүйіп оқитындар біледі, біреуге өзің ұнататын кітапты беру жүрегіңді жұлып алумен бірдей. Бірақ ол кітапты басқалар да оқып, пайдаға асыратыны қуантады.
Қазір жобаға 20 шақты волонтер көмектеседі. Олардың көбі жұмыс жасайды, біразы студенттер. Арасында өз салаларында жетістікке жеткен жастар да аз емес. Алда олар мектеп оқушыларымен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөліссе, балалар өздеріне үлгі боларлық дос тапса екен дейміз. Иә, Цукерберг бар, Маск бар. Бірақ олар Қазақстанда емес. Оларға осы елде де өз ісін шексіз жақсы көретін, сол ісінен материалды және рухани пайда табатын адамдардың бар екенін көрсету қажет.
Қазақша кітаптар аз
"Books to Auls":  Ауыл оқушыларына  арналған кітапкәде
Бір мектепке 50 кітап апарамыз. Кітаптар әртүрлі болғанын қадағалаймыз. Жоғары сынып оқушыларын жиі мазалайтын сұрақ - "Қандай саланы таңдасам екен?". Таңдау жасауларына түрлі салалық кітаптар көмектесе алады деп ойлаймыз. Сондықтан жеке және кәсіби дамуға қатысты кітаптарды жинаймыз. Мысалы, іскерлік, психологиялық әдебиеттер, ұлы адамдардың биографиясы және ағылшын тілінен ILTS тестіне дайындық оқулықтары. Әсіресе ILTS-қа дайындық бойынша кітаптар жоғары сынып оқушылары аса қажет. Бұл тест Қазақстандағы және шетелдегі үздік университеттерге жолдама беретінін олар жақсы біледі.
Астанада емес немесе кітап оқымаса да жобаға көмектескісі келетін адамдар ақшалай қолдай алады. Біз ол ақшаға қазақтілді авторлардың кітаптарын сатып аламыз. Орыс тіліндегі салалық кітаптар көп, ал ауылды жерде көп адам қазақша сөйлейді. Менің ойымша, маңызды ақпаратты туған тіліңде алған дұрыс. Сондықтан қазақша кітаптарды көбірек апарсақ дейміз. Осы мақсатта краудфандинг платформасына қосылу ойда бар. Түскен қаражатты қазақтілді авторлардың кітаптарын сатып алуға жұмсайтын боламыз. Авторлардың өздеріне де хабарласып жатырмыз, олар да қолдау білдіреді деп үміттенеміз.
Кітапты қайда тапсыру керек?
Біз бұған дейін жинаған кітаптарды кофеханада сақтаған болатынбыз, олар уақытша жөндеуге жабылды. Қазір кинотеатрлармен келіссөздер жүріп жатыр. Сол жерде арнайы кітап сөрелерін орналастырсақ дейміз. Ал әзірше волонтерлер өз үйлерінде сақтайды. Кітап тапсырғысы келген адам, жобаның Инстаграмдағы парақшасына (@books_to_auls) жазса болады.
"Books to Auls":  Ауыл оқушыларына  арналған кітапкәде
Түсінбеушіліктер
"Оқушыларға ойын-сауық контенттің ішінен өздеріне не пайдалы, не пайдасыз екенін айыра алатын нұсқаушы керек. Біздіңше, ол - кітап".
Жобаны бастаған кезде "Қазір интернет бәрінде бар, олар электронды нұсқадан да оқи алады ғой" дейтіндер болды. Оқушылар өзіне не керек екенін білмесе, оны қалай іздеп табады? Айналасында жөн сілтейтін адам болмаса ше? Ауылдағы өмірді білесіз. Күні бойы жұмыстан, шаруашылықтан қолы босамайтын ата-аналарға балаларына глобальды ойлауды үйрету оңай емес. Ал балалардың көп уақыты әлеуметтік желіде өтеді. Ол жерде бәрі түсінікті - елітіп әкететін суреттер мен видеолар. Осындайда оқушыларға ойын-сауық контенттің ішінен өздеріне не пайдалы, не пайдасыз екенін айыра алатын нұсқаушы керек. Біздіңше, ол - кітап. Кітапты оқыған бала интернеттен жақсы сападағы сериалды емес, өзін қызықтырған сала туралы толығырақ білуге тырысатын болар. Оның үстіне ауылды жерлерде аяқ асты жарық болмай қалатын кездер көп болады. Біз де оған куә болдық.
Жиі қойылатын тағы бір сұрақ "Кітаптарды апардыңдар, әрі қарай не болады? Оны бәрібір ешкім оқымайды ғой. Оқыса да, ол не өзгертеді?". Білесіз бе, бәрі адамның өз қолында. Біз әкелген кітапты оқи ма, оқымай ма - оқушының өз еркі. Біздің мақсат - ресурс ұсыну. Қалада тұратындардың бәрі де бірдей кітап оқымайды. Бірақ кез-келген жерде ізденетін жастар бар. Мен сабақ берген мектептегі жастар біздің ойымызға кіріп-шықпайтын мәселелерді көтереді, ойлары да өзгеше. Оларды тек қолдау керек.
Бұл жоба адамдарды "мынау ауылдың адамы, мынау қаланың адамы" деп бөлмейді. Керісінше, біріктіреді. Бұл - кітап оқитын ауыл адамдары мен кітап оқитын қалалықтардың пайдалы білімге, пайдалы іске ұмтылысы. Ортақ қоғам болуға деген ұмтылыс.
Алғашқы ауыл
Біз барған алғашқы елді-мекен - Бозайғыр ауылы. Астанадан 40 километр қашықтықта орналасқанымен мен болған Лепсіден еш айырмашылығы жоқ. Мектеп мұғалімдері бізді қуана қарсы алды. Кездесуімізді кішігірім тренинг ретінде өткіздік. Бізбен бірге Назарбаев университетінің студенттері барған болатын. Олар тіл үйренудегі, оқуға түсудегі өз тәжірибелерімен бөлісті.
Оқушылардың бәрі кітаптарды алды. Әзірге кері байланыс жасаған жоқпыз. Қыркүйекке қарай олармен хабарласып, ойын білгіміз келеді. Бәрі бірдей оқымаса да, кездесудің өзі оларға әсер етті деп ойлаймыз.
"Books to Auls":  Ауыл оқушыларына  арналған кітапкәде
Біз балалар өте белсенді болатын шығар деп ойлаған едік. Бірақ олай болмай шықты. Балалар өте ұяң екен, қысылып отырды. Тек біраз уақыттан кейін бізге үйреніп, өздерін еркін ұстай бастады. Сондықтан келесі барғанда кездесулердің форматын өзгерткіміз келеді.
"Books to Auls"
Бұл өте қарапайым жоба. Қазақстанның кез-келген қаласында тұратын адам жақын орналасқан ауылдардың тізімін жасап, осы жобаны жалғастыра алады. Ол үлкен күшті немесе қаражатты қажет етпейді. Бар болғаны, сапалы кітаптарды жинау және тарату. Жоба өріс алып, үлкен қозғалысқа айналса дейміз.