Жаңалықтар

Шәкәрім Сейсенбай: "Білім саласы – мен таңдаған жол"

"100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы өз қызметінің қызығымен бөлісті
Шәкәрім Сейсенбай: "Білім саласы – мен таңдаған жол"
27.01.2020 15:16 4809

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен құрған сұқбатымызды жариялауды жалғастырамыз. Шәкәрім Сейсанбай – Назарбаев Университеті білім беру факультетінің мемлекеттік мектепті басқаратын жалғыз өкілі, Нұр-Сұлтан қаласы №54 мектеп-лицейінің директоры, «100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарының бірі. 

– Жас директор ретінде осы уақытқа дейін мектепке не бере алдыңыз және болашаққа нендей жоспарыңыз бар?

– Мұғалімдер мен оқушылар арасындағы коммуникация ретке келтірілді. 2 жыл ішінде оқушыларымыз бен ұстаздарымыз өздерін ашық сезініп, мәселелерін қорықпай айта бастады. Бұл жас болғанымның пайдасы шығар?.. Жас болған соң тіл табысу оңайға түседі. Мектеп басшылығы мен мұғалімдердің, оқушылардың арасында кедергілер болады. Ол мектептің алға қарай дамуына кері әсерін тигізеді. Келгеннен бастап сол қаумалды сындыруға тырыстық. Оны қарапайым байланыс арқылы жүзеге асырады. Мысалы: оқушылармен қоңырауда сөйлесу, жиналыс форматында емес, еркін тілдесу. Мұғалімдермен де тура солай. Әлбетте, бұл қарым-қатынас орнатумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар басқа да жұмыстар жүргізілді: директордың бұрынғы кабинетін мұғалімдерге бердік. Себебі – мұғалімдердің жұмыс істейтін, отырып, сөйлесетін бөлмелері болған жоқ әрі ол кабинет кең еді. Сосын ұстаздарға арналған қағаз жазып, шығаратын және шай ішетін шағын Сoffee Boom секілді бөлме бар. Осының барлығын көрген мұғалімдер істеліп жатқан жұмыс өздеріне бағытталғанын көріп, жұмысқа құлшынысы жақсара береді. Сондай-ақ мен келгелі ер мұғалімдердің саны артты. Дегенмен түпкі ниетіміз ондай болмаған. Ер мұғалімдерді мақсатты түрде іздесең де таба алмайсың. Қазақстанда олардың саны аз. Меніңше, бұған мектепке ер кісі директор болып тағайындалғаны әсер етіп, содан көбіне ер мұғалімдер тартылды.

 Назарбаев университетінің түлегі бола тұра неліктен қарапайым ұстаздық жолын таңдадыңыз?

– Назарбаев университетіне түсуіме себепші болғаны – білім саласында жүруім. Онда мен магистратураны бітірдім. Себебі мен университетте оқып жүрген кезден-ақ білім саласында жұмыс істеуді бастадым: тәрбиеші, мұғалім болдым. Жоғары оқу орнын ғылыми биология бағытында тәмәмдадым. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің молекулярлық биология және генетика факультетіне оқуға тапсырдым. Қосымша мектепте сабақ бердім. Менде екі түрлі таңдау болды: мұғалімдікті жалғастыра беремін немесе ғылымға кетемін. Оқушылар мен мұғалімдердің аудиториясы ұнаған соң білім саласын таңдадым. Жарайды, білім саласын таңдадым, бірақ алдағы уақытта дамуым үшін не істеуім керек? Бұл сұраққа жауап іздей бастаған кезде Назарбаев университетінде жақсы бағдарлама барын білдім. Содан екінші магистратурамды да білім саласы бойынша тәмамдадым. Еліміздегі бренд мектептерде жұмыс істедім: Назарбаев зияткерлік мектебі, Республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейі. Назарбаев университетін аяқтаған соң мынадай ой туды: «Неге осы жинаған тәжірибемді жалпы ортақ білім беретін мектептермен бөліспеске, сол мектептердің оқыту форматын өзгертуге тырыспасқа?». Аты аталған мектептерде барлық жағдай жасалған. Көп мәселе жалпы ортақ білім беретін мектептерде кездеседі. Сондай мәселелерді шешу үшін не істесем болады деген ниетпен ауыстым.

– Еліміздегі ең жас мектеп директорысыз. Бұл тұрғыда басқару ісі оңайға соға ма?

– Мен үшін айтарлықтай қиынға соқпады. Істеп жүрген жұмысымды өмірім ретінде көремін. Себебі: білім саласын өзім таңдадым. Әрине, кей-кейде ауырпалықтары да болып тұрады: ата-аналармен, мұғалімдермен.

– Еріктілер жылынан мектебіңіз қандай жаңалықтар күтеді?

– Еріктілердің жұмысын дәріптеу мақсатында оқушылар арасында көптеген жоспар құрудамыз. Еріктілік балалардың жоғары оқу орындарына түсуіне де әсерін тигізеді. Қазақстанның ЖОО-дары арнайы критерийлерге қарайды. Шетелде емтихан тапсырып, портфолио өткізесің. Қоғам үшін не істей алғандығыңа мән береді. Еріктілер жылында осы мәселені қолға алмақшымыз. Әсіресе жоғары сынып оқушылары арасында. Қазақстандық балалардың көбі шетелге оқуға түсуді армандайды. Онда жақсы гранттар бөлінеді, бірақ тек конкурс арқылы қабылдайды. Сол үшін мұндай портфолио маңызды. Еріктілікке қатысты бір-екі жобамыз бар. Оқушыларымыздың тарапынан «осындай іс-шаралар өткізіп, ұйым құрсақ» деген ұсыныстар түсуде. Олармен жұмыс істеудемін. Бұл әлі толыққанды басталған жоқ. Тек бір жылдық емес, үш-төрт жылға дейін мектептің дәстүрі болып қалатын жоба жасағымыз келеді. 

 Сіз үшін «100 жаңа есім» қандай жоба, несімен ерекше, сіздің анкетаңызды кім ұсынды? 

– «100 жаңа есім» – істеп жүрген жұмысымды қоғам ішіне таратуға үлкен мүмкіндік беретін жоба. Жобаға мені әріптестерім ұсынған екен. Қатысқан кезде, әрине, ұтып қалармын деген үміт болды. Сонда бізде: «100 жаңа есім» жобасы бізге қандай мүмкіндік береді, егер жеңімпаз атансақ, қоғамның білім саласына көзқарасы өзгеретін шығар?..» деген ой туды. Жобаның арқасында жастарымыз білім саласына тартылып, көмегіміз тиеді деген ниеттеміз.

Жеңімпаз екенімді естігенде жақсы сезімде болдым. Неге? Себебі: адамдардың білім саласына бей-жай қарамайтындығына көзім жетті. Мыңдаған адамның ішінде қарапайым ұстазға, мектеп басшысына дауыс бергені қуантты. Қоғам үшін білім саласының маңызы болмаса, мүмкін, жеңімпаз атанбаған болар ма едім?..

Автор: Аружан Мырзатай, Ruh.kz

Фото: Джамиля Мурзабекова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға