Оқ пен оттың арасында болған жауынгерлер

Он жылға ұласқан Ауған соғысы – ел есінде

7 мамыр – еліміздегі әскери азаматтардың мейрамы. Бұл күн Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен қоса, батылдық пен ерліктің өлшеусіз үлгісін көрсеткен, бүкіл ауған аймағындағы қызыл жалын шарпыған отты жолдарымен жүріп өткен қайтпас қайсар сарбаздардың мерекесі. Осы мерекені осыдан сегіз жыл бұрын ҚР Қарулы Күштерінің жиырма жылдығына орай тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекеттік мерекелер қатарына қосқан еді. Мінеки, сол күннен бастап күнтізбеден ерекше орын алған бұл елеулі дата жыл сайын дәстүрлі түрде тойланып келеді. Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 28 жыл және Ауған соғысының аяқталғанына 31 жыл толып отыр. Әскери қауымның мәртебесін асыратын бұл мемлекеттік мейрам өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін оятуға септігін тигізетіні рас... Осындай мереке қарсаңында «El.KZ» порталының тілшісі Ауған соғысындағы қанмайданға қатысып, оқ пен оттың арасында болған қазақстандық жауынгерлермен әңгімелескен болатын. 

 

Он жылға жалғасқан Ауған соғысы – Кеңес Одағы кезіндегі тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. Осыдан 41 жыл бұрын яғни 1979 жылы желтоқсан айының 27-сінде КСРО әскерлері Ауғанстан аймағынан өтіп, 1989 жылдың ақпан айының 15-іне дейін соғыс қимылдарын жүргізген болатын. Оған Кеңес әскерінен 620 мыңға жуық жауынгер қатысты. Олардың арасында 14 мыңға жуық солдат майдан даласында қайтыс болды. Көптеген адамдар із-түссіз жоғалып кетті. Ал 50 мыңнан аса адам түрлі жарақат алса, 1000-ға жуығы түрлі топтағы мүгедек болып оралған еді. Сол соғысты өз көзімен көрген жандардың бірі Ғалым Қожабеков бастан өткергенін былай баяндайды:

– Мен бұрынғы ортақ Отанымыз - Кеңес Одағы кезіндегі солдатпын. Мыңдаған тұстастарым сияқты мен де 1981 жылы Жалманқұлақ деген ауылымнан әскерге аттандым. Әкем Ақмолаға дейін шығарып салып, одан әрі пойызбен Ташкент арқылы Ашхабат қаласына түстім. Осында 6 айдай «учебкада» болып, сержант атанып, артиллерист болып шықтым. Ал, осы жылдың 1 қараша күні Ауғанстанға бір-ақ ұштым. Бәрі тез болды... Рота командирі кешке жинады да бірнеше жауынгердің атын атап «Таңертең Ауғанстанға ұшасыңдар, дайындалыңдар. Енді сіздерге турасын айтуға болады, сіздер еліміздің оңтүстік шекарасын қорғауға, сонымен қатар бізге дос Ауғанстан елінің сұрауы бойынша сондағы Апрель революциясының мүддесін жақтасуға барасыздар» деп басшылықтың тиісті бұйрығын оқып берді. Содан Кеңес әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамына қосылдым. Бұл кезде 18 жаста едім. 181 полктың артдивизионына түстім. Сол уақытта әскерден босату да болып жатқан, мені сержант болғанымнан болар бірден бөлімше командирі етіп қойды, - дейді Ғалым Қожабеков.

7c2f68d7-70f0-4487-8dd9-e3ac898e95f7.jpg

Жігіттік өмірінің қызығында жүрген бозбалалардың тағдырын шешкен бұйрықтан соң олардың күнделікті өмірі түбегейлі өзгереді. Бұрын үйлерінен ұзап шыға қоймаған он сегіз жастағы жап-жас жігіттердің бөтен елге, оның үстіне майданға барғанда бойын үрей мен қорқыныш билейтіні рас...

– Қорқыныш пен үрей әр адамда болады деп ойлаймын. Соғысқа барып тұрып, қорыққан жоқпын деп кеудесін соғатындарға өз басым сенбеймін. Мен бұйрықпен келген соң, оны орындау керек екенін жақсы түйсіндім. Менің екі атам, Жабай мен Балтабек Ұлы Отан соғысының майдангерлері болған. Сондықтан соғыс дегеннің, оның ауырлығын, жауынгерлік ант болатынын бала кезімнен түйсініп өскенмін десем болады. Мақтанды деп ойлап қалмаңыз, өз басым Ауғанстанда жүргенде, қандай операция болса да алда жүретінмін. Бірде Джелалабад жақтағы бір атыста тау ішінен оқ жаудырған душмандарға қарсы ашық алаңға шығып атыса жөнелгенім бар. Сонда үлкен жігіттердің «Сен өз ажалыңмен өлетін жігіт емессің, нең бар осынша атысып, зулаған бір оқ іліп кетсе, кеттің ғой мыс табытпен ауылыңа...» деп айқайлағанын ұмытпаймын. Бұл енді қызбалығымнан болуы керек. Ал өзім негізінен артиллерия дивизионында болдым. Нақтырақ айтқанда 122 милиметрлік гаубица орудиясы бөлімшесінің командирі болдым. Кейіннен взвод командирінің орынбасары, старшина міндетін атқардым. Менімен бірге орыс, өзбек, грузин, украин, беларусь, татар жігіттері болды. Бір үйдің баласындай болып жүрдік қой. Жерлестерімнен Қайрат Жакупов деген жігіт бірге болды. Ташкенттің өзбегі Фурхадпен достығымыз әлі күнге дейін жалғасып келеді.

ff69ed85-7081-4f74-a733-61fca88f4727.jpg

Ғалым Қожабеков майданнан әке-шешесі мен ағайын-туысына көптеген хаттар жолдаған. Бірақ олардың ешбірінде «көздеріне жас алмасын әрі мен жайында тек жақсы ойлар ойласы» деген оймен қанды қырғынның қиындығын ашып айтпапты.

– Сол себепті бастан кешіп жатқанның бәрін жазбадым. Әсіресе әке-шешемді уайымға салғым келмеді. Хатты, негізінен, бәрі жақсы, амандық болса келемін дегендей көңіл-күймен жазатынмын. Хат демекші, бірде Кабулдағы полктан колоннамен келе жатқан біздің машинамыз душмандар ұйымдастырған атыстың астында қалып, жарылып, сондағы қару-жарақ, азық-түлікпен бірге хаттар да жанып кеткені есімде. Сондағы жаны аман қалған шопырымыз Асатур Ханахян досымның «Ғалым саған 7 хат бар еді, жалпы бәріңе 29 хат бар еді...» деген сөзі де ұмытылмайды. Осы жағдайға байланысты «Жетпей қалған жеті хат» деген өлең де жазғаным бар, - деп еске алды.

3c6e9516-3248-4a51-8dd6-c64f809d60fc.jpg

Біздің елімізден 22 мыңнан аса жауынгер Ауғанстан алапатын бастан кешті. 21-ге жуық қазақстандық із-түзсіз жоғалғандар қатарында болса, 1000-ға жуығы қайтыс болды. Ал көптеген азаматтарымыз осы соғыстың салдарынан мүгедек болып қалды немесе ауыр сырқаттарға шалдықты.

– Соғыстың зардабын тартып жүргендер әлі де бар. Қазір құдайға шүкір, мемлекеттің қолдауымен ем-дом алып тұруға жағдай жасалған. Дегенмен, соңғы жылдары Ауғанстанда болған азаматтардың қатары да сейіліп барады. Осының бәрі сол соғыстың жарасынан ба деп ойлаймын?!

Жауынгер қан майданда ажал аузынан сан рет аман қалған. Бастысы ауғандықтардың қарша бораған оқтарынан құтылып, аман-есен оралған Ғалым Қожабеков «бір адамның басына жететіндей бейнетті де, қасіретті де көргенін» айтады.

– Менің ойымша, Ауғанстанда болған әрбір жігіттің жүрек түпкірінде сол соғыстың ізі бар шығар. Өзіме келсем, өмір мен өлім арасында болған үш шайқасты басымнан өткердім. Соның бірі Суруби провинциясында өткен шайқастан кейін «За отвагу» медалімен марапатталдым. Бұл оқиғалар жайындағы естеліктерімді әр жылдарда баспасөз бетінде, өзімнің кітабымда да жаздым. Ең бастысы – аман-есен оралғаным ғой.

c93aeb1c-83f5-4a1c-95a1-33707958b8bd.jpg

Соңғы кездері Ауған соғысы туралы түрлі пікірлер айтатындар табылып жүр.

– Өткен жылы бір жас азамат фейсбук желісінде «Ауғанстанда болған Кеңес әскерінің жауынгерлері басқыншылар болды, елдің тыныштығын бұзып, бейбіт халқын оққа ұшырды» дегендей бірнеше мәрте жазбаларын жариялапты. Мен ойланып отырып, оған «Айналайын, саған өз мемлекетің бұйрық берсе, сен Отан алдында оны қорғаймын деп ант берсең не істер едің? Жоқ, мен бармаймын деп айта аласың ба?» дегендей қарымта жауап бердім. Содан кейін сап тиылды. «Біз жіберген жоқпыз сендерді Ауғанстанға...» деп айтатындарға менің айтарым сол, Отан алдында берген антқа адалдық таныту, мемлекеттің мүддесін қорғау үшін берілетін бұйрықты орындау әрбір азаматтың борышы, міндеті деп білемін. Ал сонда біз сол кездегі біртұтас еліміз, мемлекетіміз - Кеңес Одағында туғанымыз үшін кінәліміз бе?! Мен үшін Ауғанстанда болған әрбір жауынгердің ары таза, мәртебесі биік. Ауғанстан алапатында шарпылған сол майдандас достарымның қазір тәуелсіз еліміз үшін қажеттілік туындаса қандай бұйрықты болса да орындай алатынына бек сенімдімін.

Бүгінде бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымыздың қадірін білу үшін соғыстын қаншалықты қасіретті болғанын өскелең ұрпақ ұғыну керек шығар...

– Мен өмір бойы айтып келемін,соғыстың үлкені немесе кішісі болмайды. Оқ атылып, снаряд жарылып, соның салдарынан адамның қаны төгілген, әке мен ананы қайғы құштырған, баланы жетім қалдырған, жарды жесір қылған қарулы қақтығыстың бәрі соғыс. Әрине, соғысты көрген адам бейбіт өмірге басқаша қарайды деп ойлаймын. Өйткені ол осындай бейбіт өмір үшін қаншама адамдардың оққа ұшып, қан төккенін біледі. Сондықтан бейбітшіліктің, тыныштықтың, тұрақтылықтың қадірін барлық адамдар бағалай білу керек. Ол үшін міндетті түрде соғыстың қасіретін, қан төгісті көру міндет емес. Алайда, ешкім соғысқа өз еркімен бармайды, өйткені соғыс деген – соғыс.

Осылайша жауынгер 1981-1983 жылдары әскери міндетін Ауғанстанда атқарды. Бұл кісіні көпшілік қауым қаруын қаламға айырбастаған шығармашылық адамы ретінде біледі. Өйткені қазіргі таңда Ғалым Қожабеков елорданың күнделікті тыныс-тірлігінен хабар беретін «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінде бас редактордың орынбасары болып қызмет етеді.

– Әскерден келген соң Қарағанды мемлекеттік университетіне түсемін деген талабым ақталмады. Содан ауылға оралып, комбаинға отырып, егін оруға қатыстым. 1983 жылдың желтоқсан айында Целиноград мемлекеттік педагогика институтының даярлық бөліміне қабылдандым. Бес жылдай студенттік өмірдің қызығына кенеліп, дипломды алған соң ауылға оралып бір жылдай мектепте мұғалім болдым. Үйленген соң қалаға қайтып, үй алу үшін құрылысқа кірдім. 1990 жылы облыстық «Арқа ажары» газетінен шақыру алдым. Алдында бір-екі мақаламды жіберген едім, соның әсері болар, осы уақыттан бері газет деген «шаруашылықта» байланып қалдым. 1995 жылы «Ақмола ақиқаты» қалалық газетіне ауыстым. Осылайша, бүгінгі күнге дейін осы «Астана ақшамы» газетінде қызмет етіп келемін, - дейді «Құрмет» орденінің иегері.

Ғалым Қожабеков күнделікті қызметімен қоса, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысуды дәстүрге айналдырған. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған іс-шараларға үзбей қатысып тұрады.

– Мұнда негізінен соғыс мүгедектеріне және қаза тапқан жерлестеріміздің отбасыларына көмек көрсету жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, жақында осы ұйымның мүшелері, яғни жауынгер-интернационалистер пандемия жағдайына байланысты мұқтаж адамдарға дәрі-дәрмек және азық-түлік жеткізіп беруді ұйымдастырды. Сондай-ақ «Жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрахманов атындағы Қор» қоғамдық ұйымының жетекшісімін. Балалар мен жастарға спорттық-патриоттық тәрбие беру мақсатымен түрлі жарыстар, қайырымдылық іс-шаралар, «Отан қорғау – қасиетті борышым!» атты шығармашылық байқау өткізіп тұрамыз.

Бір айта кетерлігі, Ауғанстан соғысының ардагері әрі журналисттің былтыр сұрапыл соғыс жайында сырлары мен естеліктері жазылған «Қанды көйлек қарулас» атты кітабы жарыққа шықты.

– Бұл кітабымның кіріспесінде «Құрметті оқырманым! Осы кітапта Ауғанстан болған алапат соғыс жайлы көңілімнің сыры, жүрегімнің мұңы бар. Біздің жауынгерлердің бастан кешкен қасіретін балаларымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз көрмесе екен... Осы еңбегімді Ауғанстанда жүргенде менің амандығымды тілеп, жандарын шүберекке түйіп, алаңдап-елеңдеп жүрген аяулы анашым Қияш пен асқар таудай әкем Қосымжанның рухына арнадым» деп жазған едім. Осыдан-ақ мазмұны түсінікті болар деп ойлаймын. Ал, нақтырақ айтатын болсам, бұл кітаптың бірінші тарауында Ауғанстан соғысы туралы, оның дерек-дәйегін қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазып көрсеттім. Келесі тарауларда қаза тапқан және бүгін ортамызда жүрген майдандас достардың ерліктерін, өмір жолдарын баян еттім.

Бұл кітаптан бөлек, журналист «Астана саңлақтары», «Сайыпқыран» атты кітаптардың авторы.

– Отан қорғаушы күні – бұл өте маңызды мереке. Еліміздің қорғаны болып жүрген барлық отандастарымды төл мерекелерімен құттықтаймын. Бұл мерекеге жасөспірімдер мен жастар да мән беруі керек. Олай дейтінім, елдің келешегі солардың қолында болады. Сондықтан олар қазірден бастап Отан қорғаушының қасиетті мамандық екенін біліп, әскерилерге құрметпен қараулары керек. Сонымен қатар, барша қазақстандықтарды өзім өте жақсы көретін Жеңіс күні мерекесімен де құттықтағым келеді. Майдангер ұрпақтың алдында бас иіп, тағзым ету парызымыз, - деп сөзін түйіндеді Ғалым Қожабеков.

Ғалым Қожабеков елге оралған жылы қостанайлық Токен Сүндетбаев әскер қатарына шақырылыпты. Күз айында Арқалық қаласынан Қиыр Шығыс әскери округіндегі оқу бөлімінде оқыған екен.

– 1984 жылдың жаз айында бізді яғни полктағы 20 адамды Ауғанстанға жіберді. Жартымыз Кабул қаласына, жартымыз Герат провинциясына қарайтын Шинданд қаласына аттандық. Мұнда 1984-1985 жылдары Герат, Фарах, Гильменд провинцияларында үкіметке қарсы бандалық топтарды жою ұрыс-қимылдарына қатыстым. 1985 жылы көктем кезінде мені Гур провинциясынан Чагчаран қаласындағы мотоатқыштар батальонының артиллериялық қолдау бөліміне ауыстырды. Мұнда біздің басты міндетіміз қаланы шабуылдаушылардан қорғау болды, - дейді Токен Сүндетбаев.

9ba4ab0b-e9dc-48d5-92e9-1cd393d44e58.jpg

Жауынгер кейде айналасындағы елдімекендерге ұрыс-қимылдарын жүргізуге шығып тұрғанын айтады

– Жалпы жауынгерлік әскери операцияның кез келгені өте қауіпті ғой... «Учебкада» бірге болған әрі Ауғанстанда бірге қызмет еткен бірнеше қызметтестерім минаға түсіп қаза тапты. Ендібіреулерін снайпер атып өлтірген болатын. Өкінішке қарай, көптеген достарымнан айырылдым. Мен елге 1986 жылдың наурыз айында оралдым.

Жауынгер алғашында көздеуші-оқтаушы болған. Одан бөлек біраз уақыт командалық штаб машинасында аға телефон байланысшысы болып та қызмет атқарған. Токен Сүндетбаев қанды қырғын болып жатқан аймақта жүргендіктен іштей қорқыныш сезімі болғанын айтады.

– Әлбетте, қорықпадым деп айту шындыққа жанаспас... Күндіз көппен бірге жүргендіктен аса қатты білінбейді. Ал қас қарайған кезде түн жарымда қорқыныштылау болғаны рас... Өйткені шабуылдар, ұрыстар көбінесе түн кезінде болып тұрды. Ал тікұшақтар болса, тек күндіз ғана ұшатын еді. Сол себепті ұрыста душмандықтардан өз күшімізбен қорғануға тура келді.

0038bd23-a2a5-4a42-90b8-94fcca6255af.jpg

Майдан даласында жүрген барлық жауынгерлер секілді Токен Сүндетбаев та үй-ішіне қолы тигенде хат жазып тұрған.

– 1984 жылдың күзінде күтпеген жерден ауырып, Шинданд қаласындағы дала госпиталіне түстім. Тура бір жетіден соң Өзбекстанның Карши қаласындағы әскери госпиталге ауыстырды. Үйдегілер уайымдамас үшін сол жерден де хат жазып жүрдім. Ауылдан келген хаттардың бірінде әкем: «Сен бұрын Қиыр Шығыста едің. Өзбекстанда қайдан жүрсің» деп жазған болатын. Кейін емделіп шыққан соң Ауғанстанға қайта кетіп барамын деп сол жақтан хат та жібердім. Жалпы шамам келгенше үйдегілермен байланыста болуға тырыстым.

Осынша уақыт өтсе де, қанды қырғын салған жара жазылар еместігі айқын. Кейіпкеріміз кейде соғыс кезінде тапқан қызметтестері түсіне кіретіндігін айтады. Токен Сүндетбаев өзі секілді Ауғанстаннан аман-есен оралған әскери қызметтестерімен осы күнге дейін үзбей хабарласып тұрады екен. Өзгелер сынды кеудесі төсбелгілерге толмаса да, Токен Сүндетбаев соғыстан аман-есен оралғанын «тағдырдың басты сыйы» ретінде санайды. Соғыстан оралған соң, елде ауылшаруашылығы саласында қызмет еткен. Кейіннен елордада біраз уақыт құрылыс аумағында жұмыс істепті. Ал қазіргі кезде денсаулығына байланысты демалыста екен.

– Қазіргі жастардың көбісі Ауған соғысы жайында біле бермейді, Кезінде біздер «Соғысқа барамыз!» деп кеткен жоқпыз. Керісінше Отан алдындағы әскери борышымызды өтеуге барамыз деп аттандық. Сол кездегі яғни 1979 жылдың 12 желтоқсанындағы Қаулысы бойынша Кеңес Одағы коммунистік партиясының орталығының комитеті Ауғанстанға Кеңес Әскерін кіргізу туралы қабылданған шешімі бойынша бекітілген бұйрықты орындадық. Қазіргі жастар туған жеріміз Қазақстанды қажет болса қорғайтынына сенімдімін, - дейді Токен Сүндетбаев.

Токен Сүндетбаев елге оралған жылы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Қайрат Елубаев әскери борышын өтеуге осы қауіпті аймаққа аттанған. 

– Мен 1985 жылы орта мектепті бітірген соң бұрынғы Целиноград қаласындағы Инженерлік-құрылыс институтына оқуға түстім. Алайда бірінші курсты тәмамдағаннан кейін яғни 1986 жылы әскери қызметті атқаруға шақырту келді. Содан Жамбыл облысының Қордай ауданы Отар ауылдық округінің құрамындағы Гвардейский әскери кентінде 3 ай дайындықтан өткен соң, бізді Ауғанстанға жіберді. Сол жаққа баратынымды военкоматқа кететін күні келгенде бір-ақ түсіндім. Өйткені біздің тобымыз 20А болған. Ал мұндай белгісі бар топтардың 90% тура сол жаққа тартатын. Бірақ та сол мезетте үй-ішіме ештеңе айтпадым, - дейді Қайрат Елубаев.

2018-12-16 002.JPG

Қайрат Елубаев сынды 18 жастағы 300-дей бозбала сол уақыттағы Целиноград қаласынан әскерге Ауған жеріне бет бұрған.

– Алғаш барған уақытта қорқыныш сезімі болған жоқ. Керісінше 18 жастағы біздерге барлығы қызық болды. Бірақ та қорқыныш, үрей бізге бірінші оқпен, бірінші ұрыспен, бірінші қаза болған бауырлармен келді. Мен үшін сол кездегі ең қатты қорқыныш, «Кенеттен майданда қайтыс болып кетсем, жанұяммен қоштасу бұйыра ма әлде бұйырмайды ма?» ...Бастысы сол болды...

Арада отыз жылдан аса уақыт өтсе де, жауынгер әлі күнге дейін майдандағы шайқастар, жоғарыдан атылған жау снарядтары есінде екенін айтады. «Сол дыбыстар құлағымнан кетпейді. Уақыт барлығын емдейді деп айтылғанымен бастан өткерген соғысты ұмыту мүмкін емес. Ол адаммен өмір бойы қалады екен» дейді ол.

2019-07-04 001.JPG

Соғыстың ащы дәмін татқан Қайрат Елубаев бүгінде құрылыс саласында қызмет етеді. Одан бөлек, «Қаһармен ұрпақ» қоғамдық қорының президенті әрі Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының бірінші орынбасары ретінде де жұмыстар атқарып келеді.

– Осы уақытқа дейін 20-дан аса қалалық, республикалық деңгейлерде түрлі қоғамдық іс-шараларды атқардым 2009 жылы Ауған соғысы ардагерлерінің республикалық авто шеруін ұйымдастырдық. Ал елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің бір топ профессорларымен бірігіп, түрлі әлеуметтік конференциялар мен акциялар өткіздік, - дейді ол.

2019-07-01 002.JPG

«Соғыстың бір қасіреті – қарапайым қара халықтың соры» деген кейіпкеріміз сөз соңында өскелең ұрпаққа айтар өзінің жылы лебізін білдірді.

– Қаншама қиыншылықты бастан кешірген халықпыз. Күллі әлемге паш ететін әрі мақтан тұтатын батыр-бабаларымыз бар. Ешқашан тіземізді жау алдында бұққан емеспіз. Менің ойымша, мұның барлығы Отанымызға деген құрмет деп есептеймін. Біз Отанымыздың алдында берген антымызға әрқашан беріп болуымыз қажет. Бастысы біз көрген қантөгісті, соғысты келешек ұрпақ көрмесе екен деген тілегіміз бар, - деп сөзін аяқтады Қайрат Елубаев.

Иә, расымен де, қазақ жауынгерлері Ауғанстан аумағында болған соғыста мемлекет үшін кеудесін оққа тосып, ерекше ерлік көрсете білді. Мемлекет бекіткен бұйрықты орындау әрі Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында Ауған соғысындағы қан майданда жаулармен ұрысқан оларды ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы.

Елін, жерін, Отанын қорғаушылар, сіздерді бүгінгі мейрамдарыңызбен шын жүректен құттықтаймыз.

(Суреттер сұхбат берушілердің жеке мұрағатынан алынды)

Ұқсас материалдар