Жаңалықтар

М. Мағауин: «Жұртыңның жүз тілегін орында, жүз біріншіде мың батпан жүгіңді көтереді»

Талайсыз әңгімелер
М. Мағауин: «Жұртыңның жүз тілегін орында, жүз біріншіде мың батпан жүгіңді көтереді»
24.12.2016 15:19 5254

 

Әдеби тілдің бар мүмкіндігін өз кәдесіне жарата білген жазушы Мұхтар Мағауин көркемдік канондардың аясында көсіле жазады. Суреткер шығармаларының өн бойынан пайым-парасат, ерік-жігер лебі аңқиды. Жазушының стилін, сөз саптауын әйгілейтін тілдік категориядағы бейне семантикалық жағынан да,  тұлғалық жағынан да  түрліше. Қаламгердің таңдамалы шығармаларынан алынған оралымды ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

 

  • Киелі қара ләйлек мәңгілікпен бірге жасап келеді екен. Енді жоғалса, обалы адамға ғана. Ал, қайран қазақ...Обалы кімге дейміз. Әрі ойлап, бері ойлап, ақыры таптым. Қатерден сақтанып, ұясын алыс аймақ, онда да қолжетпес тас қияға салатын қара ләйлек құрлы түйсігі болмаса...бұл қазақтың бар обалы өзіне. Аңдап тұрсаңыз, қалауы да, тілеуі де өзіне қарсы. Бүгінгі бар ісі – ертеңгі тірлігіне қайшы.

 

  • Алғырлық – қашан да аздық етеді, қайрат – әманда жетімсіздік көрсетеді, екеуі де жалқы; алғырлыққа жігер, қайратқа төзім ұштасса ғана өнер өз мұратын таппақ. Ал кемелдік – жас жетіп, ақыл толысқан шақта ғана бағынар биік, болашақ – бейнеті инемен құдық қазғаннан да ауыр, тынымсыз еңбектен соң ғана келер алдағы күн үлесінде тұрған жаңа таң.
  • Ханға қатал билік, қалған жұртқа қалтқысыз береке-бірлік керек.

 

  • Совет өкіметі мен коммунистік партия 1991 жылы, Август бүлігінен соң бір-ақ күнде жоқ болып шықты. Мойыны бекір-бекіместен мұрны тесіліп, соқаға жегіліп үйренген, өзге тірлік білмейтін өгіз жануар, түрен тартылмаған жерде өз бетімен түзу жүре алмайды.

 

  • Әкесі ер деме – өзі ез шығар, жасы кіші деме – қара қанжар шығар.

 

  • Жорық мұраты – олжа салу ма, ұрыс мұраты – жан қалу ма.

 

  • Өнердің мәйегі – бейнелеу болса, ғылымның мәйегі – деректеу. Яғни, пәлен жерде қойма жатыр. Бір-ақ рет ашылады. Біреу іздеді, тапты. Біреудің соншама іздеп, қиындықпен тапқанын, екінші біреу оп-оңай иелене салуы мүмкін. Қиянат қана емес, обал. Ұрлықтың өзгеше түрі. Зорлықтың ең үлкені. Ұрланған малдың, айырылған дүниенің орнын толтыруға болады, басқа біреу иеленіп кеткен ғылыми жаңалықтың орны ешқашан толмайды.

 

  • Әсіресе «Мен»-сіз ғылым жасалмайды. Өнер де өрістемейді. Ұрлық көркем әдебиетте де бар. Асылдың бағасын байыптамау, барды мансұқ ету – бұл тарапта ғылымнан әлдеқайда асқын. Бірақ сіз жасаған дүниені көлденең ешкім иеленіп кете алмайды. Толстойды кім ұрлағысы келмейді. Мағжанды қаншама ұрлады, түбіне жете алмапты. Мағжан – Мағжан болып қала берді. Мұхтар Әуезов те солай – «Абай жолының» сыртына басқа жазушының есімін жаза алмайсыз. Ал біз шығарған «Алдаспанның» сырты тұтасымен сыпырылып, басқа бұралқы біреудің аты жапсырылғанын, екінші бір сұғанақ, қолдағы билігін пайдаланып, ұрлықты ақтап шыққанын, тағы қанша жандайшап некестің бізді дүниеде жоқ деп жариялағанын көзімізбен көрдік, құлағымызбен естідік.

 

  • Анда-санда құтырған жаман емес.

 

  • «Өлімнен ұят күшті!» – молшылық кезде айтылатын мақал екен.

 

  • Адамның жаны сірі, адам бәріне де шыдайды. Бұл ғажайып төзім, керемет шыдамға қорек беретін нәрсе – үміт сәулесі. Адам осы азапты күндердің аяқталатынына сенсін, жаңа, жарқын күндер туады деген үміттің, алдамшы болса да, азғана болса да жақсы үміттің сәулесі санасында тұрсын. Сонда ол тозаққа да шыдайды. Үміт үзілсін – ең қажырлы деген адамның өзі и болады, сынады, құрып бітеді.

 

  • Бабасы кетсе, – баласы тіріледі. Бауырыңа тарт, барын ал. Ол өлсе – сенің малыңа мал қосылмас, ол өнсе – сенің жаныңа жан қосылар. Кешегі дұшпан аңқасы құрып, ас сұрап келсе, қызметші қыл да, қасыңа ал. Кешегі дос атқа мініп, жаусырап келсе, қапысын тап та, басын ал!

 

  • Әбіл – өрісі тар, исалмас топас еді. Қабыл – еркін ойлы, қажырлы бекзат еді; топастық – құлдыққа түсірді, бекзаттық – күреске итермеледі. Парасат пен қайрат тар қапасты – ойға, ақылға, рухқа түрме болып отырған ескі түсінікті талқандауға тырысты, күрес құрбандықсыз болмайды.

 

  • Ежелгі достық ескірмес. Жақсы мұра – жас ұланға үлгі.

 

  • Біздің тарихшылар 300 жыл моңғолдар биледі дейді. Орыс тарихшыларының айтқанын қайталайды. Шыңғыс ханмен болған жойқын соғыста, кейбір ағайындар айтып жүргендей, біз Отырарды қорғағанымыз жоқ, жаудан бостан қылдық. Қыпшақ қауымына, яғни, бізге тиесілі Отырарды ілкіде Хорезм басып алған болатын. Ал біз Отырарды қайтарып алдық. Неге десеңіз, Шыңғыс ханның жеңімпаз әскерінің негізгі бөлігін құраған түрік тайпалары еді. Сол кезде аты шыққан – Керей, Найман, Жалайыр, Қатаған, Қоңырат.

 

  • Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбеттің шағын ғана бір толғауына менің кез келген романымды айырбастап жіберуге болар еді, өйткені, жыраулар мұрасы – халқымыздың неше ғасырлық рухының көрінісі, қайталанбас, тозбас байлық, ал біз сол қазынаға бірдеңе қостық па – ол әлі белгісіз нәрсе.

 

  • Өнерде қызғаныш жоқ, сүйініш қана болуы мен үшін табиғи нәрсе сияқты көрінеді. Жалпыға ортақ пендешілік тұрғыдан алсақ, әуелде, кім қалай жазса да, қайтіп шырқаса да, бәрібір мен озам деген өршіл талап болды. Кейінірек қатарындағы, не алдындағы жігіттер өндіріп, өрлеп бара жатса, саған тежеу емес, қамшылау – мен қайткенде де асыруым, артылуым керек дейсің; кім де кім қандай мәнді дүние тудырса да, бәрібір маған жетпейді, бәрібір мен артық жазам деген сенім болады. Соңынан сарабдал тартқан шақта анандай үлгі жасадым, мынандай биік тұрғыздым, қалған жұрт қанша тыпырласа да, соның бауырында, етегінде жүреді деген нанымға бекисің. Бұл – ішкі, пенделік байып, бәлкім, астамшылық, кемел өнерге қызғаныш жат екенін айғақтау үшін ғана айтып отырмын. Ал ақиқатында шын шебер – замандастарын өзімен салыстырмайды. Өзін де тұтас қауыммен өлшемейді. Биік өнер бар, мәңгілік мұралар бар. Адамзаттық өредегі үлкен сыннан өткен асқақ тұлғалар бар. Өлшем – сол. Шын мәнісіндегі биік тұрғыдан алғанда, әдебиет мерейі, ұлттық мұрат деген бар, оның бәрін жиып қойғанда, төңірегің тұтас мықты болса, сенің де өрісің ұзаратынын білу керек. Мықтылар мол болса, дүние тарылмайды, керісінше кеңи түседі. Өлшеусіз кеңиді.

 

  • Халық – бала, өзін кім жақсы көрсе, соған құлап түседі. Барын бағалай біл, кемісін қазбалама, қайткенде де жұрт өзіңдікі, жақсы көруге тырыс. Қараша бегің – қыран құс, жем үшін ұшады, қызылдан қақпасаң, қызыл шолақтың өзін алып береді. Жұртыңның жүз тілегін орында, жүз біріншіде мың батпан жүгіңді көтереді.

 

  • Қазақтың символы үш би емес – бір хан болуы керек. Ханның тұлғасын қасындағы қырық уәзір жасамайды. Қазіргі заманды алсаңыз да, елдің басында жалғыз адам отыр ғой.  Үш би деп жүрген қазақты үш жүзге бөлшектеп алудан сақтану керек. Қазақ халқы біртұтас болған. Барлық уақытта. Барлық кезеңде. Бүйректей бөлінбеген.

 

  • Ерліктің, тәуекелдің жөні бір басқа. Бітеу жартасты төбеңмен сүзіп, бұза алмайсың, теңізді тізелеп жалдай алмайсың. Сақтық – абайшылдық емес, жұпыны ғана ақыл ісі.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға