Жаңалықтар

«Охотзоопром» инспекторы: Алты адамға бір бронежилет беріледі

Киік қорғаушылар өз қызметтерінің артықшылықтары туралы айтып берді 
 «Охотзоопром» инспекторы: Алты адамға бір бронежилет беріледі
11.12.2019 17:49 4624

Ақмолада болған киік қорғаушы инспектор Қаныш Нұртазиновтың қазасы елді дүрліктіргені белгілі. Табиғат жанашыры киелі аңды қынадай қырғандарды ауыздықтаймын деп ажал құшқан болатын. Десе де, қыршыннан қиылған инспектор өлімі ешкімге сабақ болмай тұр. El.kz сайтының тілшісі қорықшы қаза тапқан жерге барып, әріптестерімен тілдесіп, инспектор қызметінің қиындықтарымен танысып қайтты.

Қорықшылардың тағдыры қауіпке толы

Ажалмен күн сайын бетпе-бет келетін сала мамандары таңсәріде үйінен шығып, кешке отбасына оралмай жатады. Өз аяғымен сүйікті қызметіне кетіп, табыты келген талай азаматтың артында қаншама баланың көз жасы қалды. Алайда біздің елде қызметтік антына адалдық танытып, қаскөйлер қолынан қаза тапқандардың отбасына бір реттік көмек көрсетуден басқа ешбір жеңілдік жоқ. Ол ол ма? Біздегі заң жобаларының өзі де қорықшыларды қорғай алмай отыр. Ал олардың әлеуметтік мәселесі өз алдына бөлек әңгіме.

Балық үшін бақилық бола жаздаған! Елімізде бір жылдың ішінде бірнеше инспектор қазасы тіркелді. Ал оларға қару кезеп, қорқытып-үркіту фактісі мыңдап саналады. Айталық, қазан айының 23-де Түркістан облысының полицейлері су қорғау инспекторларына оқ атты деген күдікпен ер адамды ұстаған еді. Елдің құтын қашырған оқиға түнде орын алған. Шардара су қоймасынан заңсыз балық аулаумен айналысқан үш адамды су инспекторлары байқап қалады. Ізін ала жасырынуға көшкен балықшылар 17 шақырымнан соң қайықтары тоқтап қалған. Инспекторлар заң бұзушыларды қолға түсіреміз деп оқтала бергенде жағажайдан бір топ адам шығып, оларға оқ жаудырған. Тіпті, қарумен қорқытып, олардың ұялы телефондарын тартып алыпты. Әлгі балықшылар осы азаматтардың сыбайласы болып шыққан. Абырой болғанда кісі өлімі тіркелмейді.

Браконьерлер екі қорықшыны ажал құштырған. Бұл сұмдық оқиға осы жылдың 13 қаңтарында орын алды. Киік атқандарды қуып жеткен табиғат қорғау инспекторлары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкті қылмыскерлер аяусыз соққыға жыққан. Тепкінің астында қалған Нұрғалиев үш тәуліктен соң бақилық болды. Оның жанындағы серігі Петр Ницык та өте ауыр жарақаттанған. Күн райының қолайсыздығынан жараланған азаматтар бірнеше сағат іздестірілген болатын. Арада жарты жыл уақыт өткенде дәл осындай оқиға қайталанды. Тағы бір инспектор қызмет барысында бұл дүниемен қоштасты. Оқиға 23 шілдеде орын алған-тын. Ақмола облысында браконьерлер инспекторларға оқ атып, бір қорықшы қаза тапса, екіншісі Самат Оспановтың сол иығынан оқ тиіп, жарақат алды. Көз жұмған Қаныш Нұртазиновтің артында әйелі мен төрт баласы қалды. Әріптестері ол күнді былай еске алады:

– Әдеттегідей, күн сайынғы тексеріске шықтық. Жаз кезі болса да аспан бұлттанып тұрды. Екі экипаж болып аумақтарды қарап жүрдік. Қаныштар біздің алдымызда болды. Бір кезде «ақ нива автокөлігін байқадық» деп дабыл берілді. Біз жылдамдықты көбейттік. Олардың артынан келе жаттық. Жолсыз жер болғандықтан, ойлы-қырлы болады ғой. Бір кезде біздің автокөлік алдынан аяғы жараланған киік жүгіріп өтті. Міне, осы кезде біз кілт тоқтадық та, бағытты жалғастыра бердік. Бірақ алдағы экипажды таппай қалдық. Себебі, еңіске түсіп қалай бағыт алғандарын білмей қалдық. Оның үстіне, далада жаңбыр болды. Құрығанда автокөліктің шаңынан немесе ізінен байқауға болар еді. Нөсерлеткен жаңбырдан із деген қалмаған. Бірақ олар бізді соңына дейін бағыттап отырды. Алайда айдалада, еш нәрсені бағыт ете алмайсың. Оңға, солға деп қана айтып келе жатты. Бір кезде Самат «Қаныш ауыр жарақат алды» деп жанұшырып рациядан хабар берді, - дейді инспектор Нұрлан Кеулімжаев.

Бұдан соң Нұрлан екінші экипажды таппайтынын түсініп, Бірсуат ауылына қарай бағыт алу керектігін айтады. Өзі сонда ертерек жетіп, алдарынан ауылдық медбикені алып шығады. Медицина қызметкері ауыр жарақат алған азаматтарға алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Бұл кезде Қаныш ес-түссіз жатқан екен. Жедел-жәрдем қызметін жолдан күтіп алған Нұрлан қос әріптесін оларға сеніп тапсырғанын айтады.

– Көз алдыңда таңда ғана шайды бірге ішкен, әзілі жарасқан әріптесіңнің өліп бара жатқанын көру өте қиын. Маған әлемнің бәрі қан болып жатқандай көрінді. Жүрегің жылап тұрса да есімімді, уақытты жоғалтпауды ғана ойладым. Жедел-жәрдем көлігіне Қанышты мінгізген кезде бойымнан үлкен жүк түскендей болды. Себебі, олар оның өмірін аман алып қалады деп ойладым, - деді ол.

(Суретте: Киік қорғаушылардың жол талғамайтын автокөлігі)

Мұнан соң жараланғандар Державинск қаласының аудандық ауруханасына жеткізіледі. Алайда көкірек тұсына оқ тиген Қаныш ауыр жарақатты көтере алмай, жантәсілім етеді. Қазір заң бұзушылар Қостанай облысына тиесілі ақ түсті «Нива» маркалы автокөлігінен оқ атқаны белгілі болып отыр. Ал ертең осы жағдайға қатысты сот отырысы өтеді. Бүгінде Қанышпен бірге жарақаттанған Самат Оспанов қызметінен уақытша босатылып, сотқа қатысып жүр.

– Қазір бізге қасақана оқ атқан екі азаматқа қатысты сот үкімі шыққан жоқ. Сондықтан олар жайында қандай да бір ақпарат бере алмаймын. Бірақ ешқандай соттан қалғаным жоқ,- дейді.

Сонымен бірге, сол қолынан жарақат алған Самат Оспанов екі браконьерге тоқтау қажеттігін неше рет ескертсе де талаптарын өткізе алмағанын алға тартты.

– Біздің қызмет барысымызда мұндай жағдай жиі қайталанады. Браконьерлер «атамыз, мылтығымыз» бар деп қорқытады. Бірақ соңында қару кеземейді, атпайтын. Сондықтан оларды оқ жаудырмайды деп сендік. Дегенмен, бұл ойымыз қате болып шықты. Олар қашып, жазадан сытылғысы келсе дөңгелектен немесе машинаға атар еді. Олардың басты миссиясы бізді өлтіру болды. Терезеден көздеп атты, - дейді жараланған инспектор.

Бұл – осы өңірге арнайы шақыртумен келген Қаныш Нұртазиновтың «Охотзоопром» РМҚК қарамағындағы Ақмола аумағындағы киіктерді қорғауға шыққан алғашқы вахтасы болыпты. Бұрын ол Жезқазған қаласында қызмет атқарған.

– Қанышпен бір ғана вахта жұмыс істедік. Бұрын таныстығымыз жоқ. Өзіміз сияқты қарапайым азамат болған. Өзі жақында ауысып келгендіктен ол жайында толығырақ білмейді екенмін. Бірақ бала-шағасы бар екенін білетінбіз. Қаныш өз саласына берілген адал азамат болды деп айта аламын. Қызметтік антына адалдық танытты. Қылмыскерлерді ұстап, киік атқандарға тойтарыс беруге тырысты, - дейді жанындағы серігі Самат.

Солқылдақ заң

Ал жыл басында жұдырығы жуан қаскөйлердің қолынан жан тәсілім еткен Ерлан Нұрғалиевтің туыстары инспекторлардың ажал құшуын олардың заңдық тұрғыда қорғалмауынан деп біледі. Өйткені, табиғат қорғаушыларын қорғайтын заңның солқылдақ тұсы көп. Ал Ақмола облысындағы жантүршігерлік екінші өлімнен соң аң-құсты қорғайтын өзге де ұйымдар заңдағы кейбір тармақтарды өзгерту қажеттігін айтып дабыл қаққаны көптің есінде. Себебі, браконьерлермен күресте жазаны күшейту аталған түйткілді біржақты ете алмайды деген пікірлер айтылуда. Әңгіме табиғат жанашырларының өздерін қорғайтын заңның жоқтығынан болып тұр.

(Суретте: Инспекторлар қолданатын қару)

Ерлан Нұрғалиевтің жолдасы Үкіметтің қарауынан 2012 жылы өткен арнайы қаулыда инспекторлардың қаруды қолдану тәртібін бекітіліп, ондағы бірнеше тармақтарға келіспейтіндігін жеткізген. Ғалымжан Тәуекелов БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында:

– Қаулының 9-шы тармағында былай дейді: өзге тұлғалар өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей қарулы шабуыл жасаған жағдайда ғана инспектор оларға қарсы қару қолдану керек. Ал 10-шы тармағында инспектор қару қолдануға мәжбүр болған жағдайда барынша ұстамды болуы керек дейді. Егер қару қолдануға мәжбүр болса, ол қалай төзіп тұруы керек, - деп сауалын төтесінен жолдаған болатын.

Жалғыз бронежилет

Ең сорақысы, Ақмола облысында болған инспекторлар өлімі ешкімді алаңдатпаған сияқты. Өйткені, қазірдің өзінде киелі жануарды қорғаушылар ұрыс кезінде киетін бронежилет тек – біреу. Ал 15 күн дала кезіп, киелі жануарды күзететін инспекторлар бір ауысымда 7 адамды құрайды. Олардың біреуі жүргізуші болса, қалғаны инспектор. Сонда браконьерлермен күресте тек бір ғана адам арнайы оқ өткізбейтін кеудешені кисе, қалғандарына қайтпек керек?

– Бізде бір ғана бронежилет бар. Ал экипаж құрамы 3-3 тен бөлінгенде 6 адамды құрайды. Кешегідей жағдайда барлығында болғаны дұрыс, - дейді Нұрлан Кеулімжаев.

Инспектордың сөзінің жаны бар. Қос бірдей инспектордың өлімінен кейін «Охотзоопром» РМҚК басшылығы бұл мәселеге назар аудармаған. Қазірдің өзінде 6 бірдей инспектор бір кеудешеге тығылуға мәжбүр.

– Бізге қызметтік киімдерімізді де өзіміз сатып аламыз. Ал ондай кеудешені неге бермейтінін білмедім. Мүмкін қажет емес деп санайтын шығар. Бізге ол ашық айтылмайды. Бірақ бұл жайында басшылық тарапына бірнеше рет ескертілген, - дейді инспекторлардың бірі (аты-жөнін атамауды өтінді).

(Суретте: Нұрлан Кеулімжай)

«58 мыңға қызмет жасайтындар бар»

Қызметтің қауіптілігі жалақыға сай болса, қанекей? Инспекторлар өздерінің әлеуметтік мәселелерін де айтып өтті. Себебі, тапқан-таянғандары үй мен тамақтан артылмайтын көрінеді. Бір жылдан бері «Охотзоопром» РМҚК қарамағында қызмет істейтін қызылордалық Нұрлан Кеулімжай отбасынын асырау қиындап кеткенін айтады. Өйткені, небәрі 70 мың теңгеге қызмет істейтін ол жалақысының тұтастай жалға алған пәтеріне жаратады екен. Ал 15 күн инспектордың азығы үшін берілетін 75 мыңның жартысын жұмысқа кетерде жұбайының қолына ұстатып бір ай шыдауын тапсыратын көрінеді.

– Жасым 28-де. Өзім Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дың аң шаруашылығы бойынша магистрімін. Өз салам бойынша қызмет іздеп, оқуды бітіріп елорадаға келгенмін. Сосын осында орналастым. Қазір бір қызым бар отбасылы адаммын. Оларды асырап-бағу міндетім. Жалақының аздығынан басқа қызметке ауысуды да ойлап қоямыз. Бірақ бұл сала менің бала күнгі арманым. Сондықтан оны қиып кету де қиын. Шыны керек, мемлекет әрбір инспекторға тамаққа 75 мыңдай 15 күн үшін бөледі. Оның 35 мыңын келіншегіме беріп кетем. Әйтеуір жеткізуін ескертем. Былайынша айтқанда 35 мың теңге біздің бір айлық азығымыз. Әлі күнге ата-анамыздан ақы сұрауға мәжбүрміз. Бірақ арамызда 58 мыңға қызмет жасайтындар бар. Олардың жанында жақсымыз ғой деп қоямыз, - дейді ол.

 

(Суретте: Инспекторлардың жатын жайы)

«15 күн КАМАЗ-да ұйықтаймыз»

Инспекторлар ауыр жұмыс күнінен соң осы КАМАЗ ішінде ұйықтайды. Қуықтай бөлмеде 6 адамға төсек-жай қарастырылған. Құдды поезд ішінде жүргендей әсер қалдырады.

– Жатын жайымыз ыңғайлы. 15 күн әупірімдеп шыдаймыз. Ішінде кішкене газ пешіміз бар. Соған ас істеп ішеміз. Ал бөлмені пеш арқылы жылытамыз. Су ең басты - мәселе. Жақын ауылдардағы тұрғындардан сатып алып ішеміз. Өйткені, олар да сатып алады. Көбінесе, бұқтырылған кансервілердегі еттерді аламыз. Олар біршама шыдамды. Жалпы, азық-түлікті осындағы бір аусымдағы инспектор жігіттермен келісе отырып қаладан сатып әкелеміз, - дейді Нұрлан. 

Киік мүйіздеріне сұраныс көбейген тұста инспекторлар қызметін де қауіп күшейеді. Бұл факт. Ал үйден жырақ жүріп, табиғаттағы киелі аң-құсты күзететін олардың жалақыға жарымай жүруі де бірталай мәселенің туындауына түрткі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға