Жаңалықтар

«Халық сенімі – полиция күшінде»

Учаскелік полиция инспекторының қызметі қандай?
«Халық сенімі – полиция күшінде»
06.03.2020 15:17 6373

Қоғамдық тыныштық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуге ықпал ететін тәртіп сақшыларының еңбегі қай кезде болмасын ерекше. Ішкі істер органдарындағы халықпен етене жақын жұмыс істейтін қызметкерлердің бірі – учаскелік полиция инспекторлары. Олардың күнделікті қызметі туралы біреу білсе, біреу білмес. Біз бүгінгі сұхбатымызда учаскелік полиция қызметкері халықпен қалай араласады? Оның негізгі қызметі қандай? Оларға қандай талап қойылады? Осы сұрақтарға жауап алу үшін учаскелік полиция инспекторының жұмысының бір күнімен танысып қайтқан болатынбыз.

Ол – өз ортасына сыйлы әріптес, адал дос, асыл жар, ата-анасының мақтанышы, халқының қорғаны, бір отбасының отағасы. Ел тыныштығы жолында 15 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан тәртіп сақшысы, полиция майоры – Рахымжан Аханұлы. Ол Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданына қарасты №16 полиция бөлімшесінің жауапты учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады.

image-04-03-20-03-29-1.jpeg

Мақсатқа айналған арман

Ол бала күнінен бірбеткей, ер мінезді болып өскен. Әкесі Ахан Шыршықтағы десанттық шабуылдау бригадасында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеді. Ол ұлдарын да ер мінезді, сертіне берік, отанына адал азамат етіп тәрбиеледі. Темірдей тәртіппен өскен Рахымжан әке бойындағы ержүректілік пен қайсарлықты бойын сіңіріп, бала күнінен ел қорғаны болуды армандады.

Тәртіп сақшысы болу – бала күнгі арманым. Ондағы басты себеп – халықпен етене байланысып жұмыс істеу, көмек көрсету болатын. Отбасымызда үш ұл, бір қыз болдық. Өзімнен үлкен ағам Бауыржан Аханұлынан үйренерім көп болды. Ол ел тыныштығы жолында 25 жыл еңбек етіп, полиция майоры шенінде зейнетке шықты. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Арнайы жасақ батальонында қызмет еткен. Арманымның мақсатқа айналуына сол ағамның үлкен септігі тиді. Інім де ел қорғау саласынан алыста емес. Президент күзетінде жұмыс істейді, – деді полиция майоры.

Құлжанов Рахымжан Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тумасы. Ішкі істер органдарында 2005 жылдан бері қызмет атқарып келеді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін құқықтану мамандығы бойынша аяқтаған. Нұр-Сұлтан қаласына келіп, елордамыздағы Алматы аудандық ПБ учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып қызметін бастайды. Одан әрі қарай учаскелік полиция инспекторы болады. Ол 2015 жылдан бері учаскелік полиция инспекторының жауапты қызметін атқарып келеді.

image-04-03-20-03-29-3.jpeg

Тәртіп бұзғандар жауапқа тартылады

Нұр-Сұлтан қаласы Полиция Департаментінің берген мәліметінше, жыл басына бері профилактикалық тіркеуге тұрған азаматтар саны – 1620, оның ішіндегі үш адам әкімшілік бақылауға алынған. Алкогольді ішімдік бойынша 55 азамат, есірткі заттарын пайдаланған 30 азамат тіркелген. Арнайы емдік профилактикалық мекемелерге орналастырылғандар саны – 52 болса, пәтер мәелесі бойынша көп шағым түскен 11 пәтер иесі профилактикалық тіркеуге енгізілді. Бұл көрсеткіштердің барлығы учаскелік полиция инспекторларының жұмыстарының көрсеткіші болып табылады.

Учаскелік полиция инспектораларының жұмысы өзінің әкімшілік аумағындағы халықпен тығыз байланысты қажет етеді. Мен бүгінде басқарып отырған Байқоңыр ауданына қарасты №16 полиция бөлімшесінде 7 учаскелік полиция инспекторы бар. Оның ішінде полицияның көмекшісі және жауапты инспектор бар.

image-04-03-20-03-31-9.jpeg

Инспектор әкімшілік аумағында, жалпы қызмет барысында орын алатын құқық бұзушылық пен қылмыстардың көп екенін айтады.

Бір күні аумағымызда кісі өлтіру фактісі тіркелді. Басты мәселе отбасындағы жанжал мен қызғаныштан туындаған екен. Ақыры соңында ойраны шыққан отбасының күйеуі әйелінің жұмыс орнына келіп, сол жерде өлтіріп кетеді. Кейін қылмыскер ұсталып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әрине мұндай қылмыстрды ашу, іздестіру оңай емес. Оған біліктілік пен қырағылық қажет.

Одан шамамен 5-6 жыл бұрын әкімшілік аумағымыздың бірінде жалғызбасты әйел кәмелетке толмаған жасөспірім қызымен пәтер жалдап тұратын. Сол ауданда қылмыс орын алғаны туралы хабар келіп түсті. Әлгі әйел бір күні өзінің араласып жүрген азматымен сөзге келіспей қалып, екеуінің арасы үлкен жанжалға айналады. Қызуқанды ер азамат ұрыстан кейін әйелмен үйден шығып кетеді. Кейін қаладан алыс аумақта әлгі әйелдің денесі табылғаны туралы хабар келіп түседі. Анасының сол ер азаматпен кеткенін көрген 5 сыныпта оқитын қызын да әлі қанішер үйіне келіп өлтіреді. Кейін ол ер азаматты сол жердегі куәгерлер мен бейнежазбалардың арқасында ұстадық. Күдіктінің ісін осылай сотқа жіберген болатынбыз, – деді инспектор.

Расында да, толыққанды отбасында тәрбиеленбеген балалар кей кезде ата-аналарынан кеткен қателіктен жапа жегіп жатады.

Учаскелік инспектор өз аумағын, ондағы тұрғындарды, әкімшілік аумағында болып жатқан құқық бұзушылықтарды үнемі бақылап отырады. Сондықтан да, қылмыс орын алған жағдайда тергеушілер мен анықтаушыларға, криминалистерге қылмыстың ізін суытпай ашуына учаскелік инспекторлардың берер көмегі үлкен.

image-04-03-20-03-29-3 (1).jpeg

Учаскелік инспектордың айтуынша, қылмыс әртүрлі деңгейде орын алуы мүмкін. Соған байланысты, оның ашылу мерзімдері де бар. Полиция майоры басшылық ететін №16 учаскелік полиция пунктінің аумағында 24500 халық тұрады. Жалпы, қарапайым халықтың ішінде сотты болғандар, жағдайы төмен отбасылар, тіркеуде тұратын азаматтар да бар екен. Өз аумағын жақсы білетін инспектор бізге олармен қалай жұмыс істеп жатқанын айтып берді.

Біздің негізі әкімшілік аумағымызда Алаш көшесінің сол жағалауы, заводтар мен Шарын, Алай, Орталық базар мен жатақханалар орналасқан. Мұнда көпшілік жүретін орын болғандықтан, ұрлық пен алаяқтық қылмыстар жиі тіркеліп отырады. Біз қылмысты жедел ашуға тырысамыз. Кей кездері сатушылардан немесе сатып алушылардан шағым келіп түседі. Бірі қытай телефондарын «оригинал» деп алдап сатса, екіншісі ішік, тондарды арзан бағаға өткізуге тырысып, алаяқтық жасап жатады.

Рахымжан Аханұлы жыл сайын аумақта жедел іс-шаралар өткізілетінін айтты. Сонымен қатар, олар үнемі профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, қылмысты болдыртпау, құқық-бүзушылықтың алдын алу жолында жұмыс істеп келеді.

Бөлімшеге күніне 8-10 шағым келіп түседі. Біз ол шағымдармен де арнайы жұмыс жасаймыз. Басым бөлігі отбасылық жанжал мен автокөліктер бойынша келіп түседі. Қар тазалау кезінде автокөліктерді дұрыс орынға қоймау, соған орай көлік иелерін тауып беру де жиі тіркеледі.

Қызмет барысы

Рахымжанның жұмыс уақыты таңертең ұл-қыздарын бала-бақшаға апарып тастаумен басталады. Мейірімді әке таңнан кешке дейін қызметте болса да, бала тәрбиесіне де уақыт табуға тырысады. Оған бірге тұратын ата-анасы мен жарының қолдауы дем береді.

image-04-03-20-03-29-4.jpeg

Тәртіп сақшысының Полиция басқармасындағы таңғы жиналысы, басшылықтан алған тапсырмалары мен нұсқаулықтың барлығын жеке құрамға жеткізіп түсіндірумен жұмыс істейді. Өз қарамағындағы учаскелік инспекторлардың жұмысын үнемі бақылап, қадағалуда ұстайтын Рахымжан Аханұлы бір мезгіл инспекторлармен бірге әкімшілік аумақты аралап, халықтан келіп түскен арыз-шағымдарын қарайды. Сонымен бірге дүкендердегі учаскелік полиция инспекторлары туралы ақпараттардың бар-жоғын да бақылайды. Одан түскі мезгіл, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысып, кешкі жиынға дайындық жүргізеді.

image-04-03-20-03-29 (1).jpeg

Күні бойы жұмыста болатын халықтан кейде шағымдар түнгі уақытта келіп түседі. Неге десеңіз, біз түнгі уақытта да учаскедегі тәртіпті, тыныштықты бақылаймыз. Соған орай біздің жұмысымыз кешкі уақытта қыза түседі. Тек бұл емес, рейдтік іс-шаралар да жүргіземіз. Мысалы, «Борышкер», «Участок», «Қару». «Борышкер» профилактикалық іс-шарасын жүргізгенде азаматтардың айыппұлдары болса, соларды өндіру шараларымен айналысамыз. «Қару» профилактикалық іс-шарасы өткенде қару иелерін тексереміз. Сотты болған, шартты түрген азаматтарды да үнемі қадағалап, бақылап отырамыз. Учаскелік пунктің жанында өмірлік қиын жағдайға түскен азаматтарға арналған адаптациялық орталық бар. Ол жермен де тығыз байланыста жұмыс істейміз.

№16 учаскелік пунктінде Рахымжан Аханұлының берген мәліметтері бойынша жыл басынан бері 8 орта дәрежелі қылмыс тіркеліпті. Оның 5-еуі ашылып, 3-еуі ашылмапты. Басым бөлігі ұрлық пен алаяқтық екен.

Бізді халық көбіне түсінбей жатады. Біздің мақсат – айыппұл салу емес, заңды түсіндіру, келешекте сол құқық бұзушылықтың орын алмауын, қайталанбауын қадағалау.

Полиция майорының айтуынша, полицейлерге жұмыс жасау үшін барлық жағдайлар жасалған. 2019 жылдың желтоқсан айында Тәуелсіздік күніне орай, Рахымжан Аханұлы басқарып отыған №16 учаскелік пункті ашылыпты. Ғимарат барлық техникалық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Қызметкерлерге арнайы қызметтік көлік те қарастырылыған.

Отбасым – тірегім!

Кейіпкеріміз қызметтен тыс уақытта, еңбек демалысында аңға шығып, балық аулаумен айналысады. Одан бөлек отбасымен туған жеріне барып демалғанды ұнатады. Достарының арасында ән айтады. Сүйікті ісі – тәртіп сақшыларына қатысты кинофильмдерді көру.

image-04-03-20-03-28-7.jpeg 

Екі қыз бен бір ұлды тәрбиелеп отырған қамқор әкенің үйіне барып, ата-анасымен, жарымен танысып сұхбаттасып та қайттық. Әкесі мен анасы ұлдарын мақтаныш тұтады. Жары үнемі Рахымжанның қызметіне түсіністікпен қарауға тырысады. «Бала тілі – бал» демекші, кішкентай қызы өскенде әкесінің жолын жалғап, полиция қызметкері болатын да айтты.

image-04-03-20-03-28 (1).jpeg

Отбасым – тірегім. Олар мені үнемі демеп, қолдап отырады. Менің абыройымның асқақтауына, алаңсыз халық тыныштығы жолында қызмет етуіме олардың көп көмегі болды. Сондықтан отбасыма, ата-анама, бауырларыма алғысымды білдіремін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға